Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5738 0 пікір 10 Маусым, 2015 сағат 12:44

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ АБАЙЛАРЫ

Біздің ауылдың Абайлары бір-біріне ұқсамайды. Бизнесмен Абайдан бастайын. Көрші ауылдардан бизнесмен жігіттер шығып, ауылдарына мешіт (жалпы мода) сала бастағанда, біздің ауылдың тұрғындары "еее, біздің ауылдан сондай азаматтың шықпағаны" деп түңіле бастаған-ды. Ешқайсысы тақуа емес. Бірақ елден қалмау керек. Кірмеседе жаңа мешіттің салынғаны абзал. Сонымен не керек бірінші курстан барсам, аспаннан сұрағанды құдай жерден беріпті. Ақтаудан бір жігіт келіпті. Елдің жартысы танымайды. Кезінде туып-өскен ауылым деп біраз жерді аралапты. Сосын мешіттерің көне екен, салып берейін деп ақша бөліпті.

Таңатар деген жездем жаңағы Абайға жақындау сыныптасы болса керек. Бар билік сонда. Елдің бәрі ауылға көріпкел келгендей тізіліп Таңатардың үй жағында тұр. Абайға кіріп баласын жұмысқа орналастырмақ. "Абайдың ұйқысын бұзасыңдар" деп Таңкы (Таңатарды Таңкы дейміз) жездем сырттағыларды сөйлетпейді. Расымен, мәрт жігіт екен. Ауылдың жүзге тарта жігітін компаниясына жұмысқа алды, балуандарға демеушілік етті, мешіт салғызды, ұялы байланыс орнатуға септігі тиді т.б.

Екінші Абайды ауылдағылар "орыс Абай" дейді. Ауылда қорасы жоқ, мал ұстамайтын жалғыз адам. Суретші. Мәскеуде білім алған. Ешқашан "бөлемнің тойы еді", "бала 11 бітірді", "бажам 40-қа келіп еді" деген темамен жүгіріп жүргенін көрмейсің. Сурет салады. Үйіне барсаң бәйек болмайды. Бірақ жақтырмаған кейіпте танытпайды. Ауылдағы жалғыз интернеті бар үй. Өткен жылы жазда бардым. Компьютерде кешке дейін отырдым. Тек кетерде сөндіріп кетуімді өтінді. Айтпақшы, маған поэзия мен суреттің егіздігі туралы әңгіме айта бастаған, есіл-дертім компьютерде болған соң кетіп қалды. Бір жолы Абайдың үйінің алдында хаммер тұр. Ішке кірсем «Жер-Ана Групп» ЖШС-нің директоры Аралбай Қозбақов екен. Миллионерді күтіп бәйек болып жүрген адамның қарасы көрінбейді. Абай үшін Аралбай мен Қуаныш тең. Үшінші курстан соң ауылға бардым. Абай намаз оқи бастапты. Кейбіреулер сияқты қамалып қалмаған. Бұрынғысы. Мешіттегі намаздан кейін жастардың үйлеріне звондап намаздан шыққаннан кейін насыбай атқандарын, намазда телефон алғандарын, молда уағыз айтқанда шығып кеткендерінің ерсі екенін айтады екен. Қызық. Абай балаларын қинап оқытпады. Бірақ далада қалған бала жоқ. Менімен жасты ұлы осы жердгеі ІТ мамандардың істей алмағандарын істейді. Қалған ұлдары да сол.

Үшінші Абайды "Ахаттың Абайы" дейді. "Әкесі жақсы адам" деп әкем айтып отырады. Сол Абайдың Ақылжан деген баласын "Абайдың Ақошы" дейді.

Төртінші Абайды "Щакал Абай" дейді. Құлағы қалқиып, көзі ойнақшып, мойны ырғайдай болған соң айтқаны шығар.

Бесінші "Жақсыбайдың Абайы" дейді. Менің көршім. Жылқышы. Жәндікке зияны жоқ. Әкемнің татымсыз әзілдеріне сол кісі ғана ішек-сілесі қата күледі. Көп уақыт отырып аз әңгіме айтады.

ФБ-да 200-ге тарта ауылдасым отырады екен. Сырттай бір көрсін деп жаздым. Біздің ауылдың Абайлары осылар)))

Қуаныш Қожабайұлы
(Жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды).

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371