Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 9984 2 пікір 9 Маусым, 2015 сағат 14:21

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ: КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ БАС СҮЙЕГІ ӘКЕЛІНБЕЙ ТОЛАЙЫМ ТОЙ БОЛМАЙДЫ

Өткен ғасырдың басындағы қазақ тарихынан ойып орын алатын Алаш қозғалысына қатысты ақтаңдақтар ақиқатын зерттеуге үлес қосып жүрген алаштанушы, әлихантанушы ғалым, «Алашорда» қоғамдық қорының директоры Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ «ДАТ!» айдарына берген сұхбатында ел-жұртқа беймәлім мәліметтердің бетін ашып берген еді. Мағлұматы мол деректерді оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 

Сұлтан Хан мырза, күні кеше ғана Саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өтті. Тарихтың бір кезеңінде қалың елдің осындай зұлматты бастан кешірген трагедиясына қатысты даталы күн «Валентин мерекесінен» кем аталып өткенін байқаған боларсыз?

Иә, республиканың түкпір-түкпірінде қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар өкілдері мен жекелеген азаматтар мамырдың 31 күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тағзым етті. Осы датаға орай бірнеше түйткілді ойды айта кеткім келеді. Жалпы, мамыр айының соңы бүкіл әлемде демесем де, ТМД кеңістігіндегі мемлекеттерде орта мектептегі білімін тәмамдап, жоғарғы оқу орындарында кезекті сессия басталатын және жоғары оқу орындарына түсуге үміткерлердің әуре-сарсаңы басталатын кез. Иек астында жазғы еңбек демалысы да жақындайды. Сол себепті жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қолайсыз уақытқа белгіленгенін анық байқаймыз.

Бұл қасиетті шараны қай күнге немесе мезгілге белгілеген дұрыс? Оған айтарым: 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Алты алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Мәскеуде нақақтан-нақақ айыппен бір күнде өлім жазасына кесіліп, атылған күні. 1925–1929 жылдары Қазақстан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болған Нығмет Нұрмақұлы да Алаш көсемімен бір күнде атылып, сүйектері Мәскеудегі Дон зиратының крематорийінде өртеліп, күлі – Сталин жендеттерінің тілімен айтсам, №1 «шұңқырға» шашылған. Сталин дәуірінде және одан кейін ресми құжаттарда ол «Яма №1» деп аталып келіпті (төмендегі суреттерде).

Неге десеңіз, ол шұңқырға советтік алғашқы бес маршалдың бірі Михаил Тухачевский, Сталиннің жақын үзеңгілесі Авель Енукидзе, Голощекиннің ізінше Қазақстанды билеп, қуғын-сүргінге «қомақты» үлес қосқан Левон Мирзоян, бас-аяғы 5 мыңнан астам адамның күлі жерленіпті. Міне ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемі Әлихан мен Нығмет Нұрмақұлы сынды советтік Қазақстан басшыларының бірі құрбан болған 27 қыркүйекті – қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, аруақтарына тағзым ететін күн етіп белгілесе, неге болмайды?! Ресей империясының құрамына тарыдай шашылып, бодан болып кіріп, жерінен де, мемлекеттігінен де айрылған қазақты ХХ ғасырдың басында Алаш туының астына біріктіріп, ұлттық мемлекетінің шаңғырағын қайта көтерген Алты алаш көсемі Әлихан Бөкейханды 15 жыл бойы – 1922 жылдың желтоқсанынан 1937 жылдың шілдесіне дейін Мәскеудегі 7 бөлмелі пәтердің бір бөлмесіне қамап, еліне жібермей ұстап, оны ешбір айыбын дәлелдеп әуре болмай-ақ өлім жазасына бұйырған 1937 жылдың 27 қыркүйегін – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп мойындауға әбден-ақ лайық емес пе?! Бұл – бір.

Екіншіден, әдетте саяси қуғын-сүргін құрбандары мен 1932–1933 жылғы жаппай ашаршылық құрбандарын бір күнде еске алу да тіпті орынсыз сияқты. Иә, тарихи қасіретті де коммунистік билік іске асырғанымен, екеуінің саяси орны екі бөлек. Саяси қуғын құрбандары күнін күзге – 27 қыркүйекке белгілесек, 1932-1933 жылдары қазаққа қарсы ұйымдастырылған этноцид-геноцидті, тарихи трагедияны басқа күні атап өткен жөн. Бір қазақ еліндегі ҚарЛаг, СтепЛаг, Алжир сынды өлім лагерьлерінің саны Гитлер тұсындағы нацистік Германия лагерьлерінен көп емес пе?! Гитлер өлім лагерьлерін салуды Сталин билеп-төстеген Совет Одағынан үлгі етіп алған жоқ па еді?!

Сұлтан Хан, газетімізде нәубет жылдарындағы қазақтың санына қатысты әртүрлі деректер айтылып келеді. Ал сіздің қолыңыздағы мәліметтер нені мегзейді?

Қысқаша ғана айтсам, егер 1924 жылы Қазақстанда 6 млн. 470 мың қазақ болса, мен бұл мәліметті ойдан шығарған жоқпын: бұрынғы «Еңбекші қазақ», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің 1924 жылғы қазан айында шыққан бір санынан алып отырмын. Ал арада сегіз жыл өткен 1932 жылы, яғни жаппай ашаршылықтың қақ алдында қазақ өзінің табиғи өсімімен ғана тағы шамамен 800 мыңға өсті. Бұл деректі Әлихан Бөкейхан сол мақалада келтіреді. Ол кезде қазақтың санын Әлиханнан – ұлт көсемінен артық білген ғалым болған емес. Әлихан – 1897 жылғы Ресей империясындағы тұңғыш халық санағына, 1907 жылғы Көкшетау өңіріндегі халық санағына тікелей атсалысқан еді. Ол кезеңде, яғни Ресей империясы тұсында да, Совет өкіметі кезінде де, қазақтың табиғи өсу коэффициенті 2,5-ке тең болған. Бұл бүкіл әлемдегі ең биік көрсеткіштің бірі болатын.

Демек, ашаршылықтың алдында қазақтың саны 7,2 миллионнан асқан. Ашаршылықтан 4 жыл өткен 1937 жылғы халық санағы бойынша қазақтың саны 2 миллионнан сәл-ақ асқан – 2,1 миллион болған. Яғни, аштықтан кейінгі 4 жылда қазақтың саны 2 миллионнан сәл ғана асқан болса, ашаршылық аяқталған 1933 жылы – одан бір жыл бұрын ғана 7 миллионнан асқан қазақ 2 миллионнан да кеміген.

Байқап отырсыз ба?! Демек, ұлы нәубетте исі қазақтың саны 5 миллионнан астам адамға кеміген. Бір миллиондай қазақ Қытай, Монғолия, Ауғанстанға, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанға ауып кетті десек, онда 4 миллионнан астам қазақ қырылған. Яғни, 1932–33 жылғы аштықта қазақ 70–80 пайызға қырылған. Бүкіл адамзат тарихынан бір халыққа қарсы жасалған мұндай қиянатты, зардапты таба алмайсыз. Бұл тек қазақтың маңдайына жазған қасірет!

Украина өз халқына қарсы ұйымдастырылған ашаршылыққа «Голодомор» деп ат беріп, халықаралық қауымдастыққа мойындату үшін бар жанын салып жатыр. Қазақстан осыны біле отырып, күні бүгінге дейін ашаршылықта қырылған қазақтың санына жете алмай отырмыз, тіпті осы мәліметті есептеуге биліктің де, ғалымдарымыздың да құлқы жоқ.

Атап өтетін тағы бір мәселе – кеңес дәуірінде де, Тәуелсіздік таңында да қазақ ғалымдарының басым көпшілігі сол жылдарда қанша қазақтың қырылғаны жөнінде әртүрлі дерек айтады. Бірі 1 миллион десе, екіншілері – бұлтартпайтын дәлелі болмаса да, артып-тартып жүріп, 1,5–2 миллионға әрең жеткізеді. Сонда барлығының арқа сүйегені кеңес дәуіріндегі статистикалық мәліметтер.

1932–33 жылы қанша қазақ қырылды дегенге келгенде, ең алдымен, Алаш қайраткерлерінің мұраларына назар аударсақ, нақты жауап таба аламыз. Мысалы, 1924 жылдың қазан айында Қазақстан үкіметінің ресми үнқағазы болған «Еңбекші қазақта» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») шыққан Әлихан Бөкейханның «Қазақ қанша?» атты мақаласында 1914 жылғы І Дүниежүзілік соғыс қарсаңында қазақтың саны 6 млн 470 мың дейді. Табиғи өсу коэффициенті 2,5-ке тең болған. Егер сол коэффициентті есептесек, 1924 жылғы қазақтың саны шамамен 7,5 миллионға жетуі керек еді. Бірақ 1916 жылғы қарулы көтеріліс, 1917–1920 жылдардағы азамат соғысы, оның ізінше елге тараған эпидемия, 1921–22 жылғы ашаршылық қазақтың 1914–1924 жылдар аралығындағы табиғи өсімін, яғни 980 мың жанды алып кеткен. Сөйтіп, Әлихан Бөкейхан қазақтың 1924 жылы одан 10 жыл бұрынғы санын, яғни 6,470 млн күйінде қалғанын жазған еді. Оның өзінде де Әлихан бұл есепке Хиуа мен Бұқара жеріндегі қазақты қоспай, тек Қазақстан аумағындағы қазақты есептеп отырғанын ескертеді.

Ал 1926 жылы Кеңес өкіметі Қазақстанда халық санағын өткізіп, қазақтың санын 4 миллионнан кем етіп көрсетті. Кеңес өкіметінің 1926 жылы қазақты осылайша 2,5 миллионға азайтып көрсетуі қазақты ата-баба жерінде қыруды алдын-ала жоспарлағанын айқын аңғартса керек.

1921–1922 жылы ашаршылықта қазақты қырғыннан қорғап қалған – Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеті болатын. Естеріңізге сала кетейін: Алаш көсемі Әлихан ашыққан өлкелерге қалың елден мал жинап жеткізіп беріп тұрған бейресми комитеттің құрметті төрағасы болды. Сол комитетте елі үшін аянбай, кіршіксіз қызмет еткен тағы бір Алаш ардақтысы болса, ол – Жүсіпбек Аймауытұлы еді. Халқына сіңірген еңбегі үшін үкіметтен алғыс алатын Жүсіпбектің Алаш ардақтыларының ішінен бірінші болып атылып кеткені – көп нәрсені аңғартуға тиіс еді.

Ол – ол ма?! Қазақ даласында ашаршылықтан үш жыл бұрын 1928–29 жылдарда ұлтын аштықтан сақтап қалған Алаш қайраткерлері түгел тұтқындалып, Мәскеуге жөнелтіліп, Бутырка түрмесінде сотталып, елінен алыс ГУЛАГ-тарға айдалды. Арада үш жыл өтпей жатып, елді ашаршылық жайпап өтті.

Ал енді бір «заңдылыққа» назар аударыңыз: Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің тобына ашаршылықтан кейін ғана «рақымшылық» жасалып, елге оралуға рұқсат берілді. Бұл құбылыс сізге ештеңені аңғартпай ма?

Әрине, ол рұқсат қанды зұлмат жүзеге асқан соң ғана берілген ғой... Ал өзіңіз Алашорда тарихын, жалпы Алаш тақырыбын жіті зерттеп жүрген ғалымдардың бірігейі ретінде танылып жүрсіз. Осы орайда Алашорда тақырыбын көтеруге билік неге құлықсыз деп ойлайсыз? Алашорда тақырыбы жекелеген ғалымдардың ғана мойнына жүктелген міндет пе?

Сұрағыңыздың жаны бар. Алайда бұл сұрағыңызға мен, өкінішке орай, қарсы сұрақтармен жауап беруге мәжбүрмін. Бірде Алаш тарихын біраз зерттеген жапон ғалымы профессор Томохико Уямамен әңгіме үстінде оның «бүгінгі Қазақстанда неше ғасыр бұрын өмір сүрген қайсыбір батыр, би, хан-сұлтандарын зерттеуге құмар, одан да осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш қозғалысының, Алаш автономиясының, Алаш қайраткерлерінің тарихын зерттеуден бүгінгі тәуелсіз Қазақстан әлдеқайда көп тағылым, сабақ, үлгі-өнеге алар еді» дегені бар. Бұл пікір мен үшін жаңалық емес. Бірақ сол пікірді шетелдік ғалым, жапон профессорының аузынан есту – бұрын естімеген жаңалық болды.

Алаш қозғалысы мен автономиясының көсемі болған, бүгінгі Қазақстанның негізін қалап кеткен Әлихан Бөкейханның сүйегі, сүйегі емес-ау, сүйегінің күлі Мәскеуде жатыр. Оның басына барып, тағзым етіп, ескерткіш болмаса да, ескерткіш тақта орнатқан билік бар ма?! Ал келесі 2016 жылы Алты Алаш көсемінің туғанына 150 жыл толып, мерейтойы халықаралық деңгейде тойланатын сыңай байқалады.

Одан бұрын 1841 жылы Үш жүздің өкілдері бас қосып, ақ киізге көтеріп, хан етіп сайлаған Кенесарының бас сүйегі Ресейдің «Гохранында» жатыр. Бұл жерде мәселе Ресейдің бермей отырғанында емес, қазақ жағының «жоқ» дегізбей, сұрамай отырғанында болып тұр. Басқа көп нәрсені айтпағанда, ширек ғасырға жетерлік тәуелсіздік тұсында өзіміздің ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алмағанымыздың өзі көп нәрсені аңғартса керек. Оның бар сырын дана қазақтың «Күшігінде таланған ит қасқыр алмайды» дегені – біздің бүгінгі кебіміз.

Иә, Ресейге жалтақтаудан әлі де жаңылған емеспіз. Бәлкім, Алаш тарихына қатысты мұрағат құжаттарын алуға, Әлиханның аруағына тағзым етуге, Кенесары ханның бас сүйегін талап етуге сол жалтақ мінезіміз мұрша бермей жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз?

Оны қалай жасырамыз? Өткен жылы Омбы облыстық мұрағатында, одан кейін желтоқсан айында КСРО «КГБ»-сының мұрагері болған «ФСБ» немесе Федералдық қауіпсіздік қызметінің мұрағатында жұмыс істедім. Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының «қылмыстық» істерін парақтап көрдім. Құжаттарды көшіріп алуға рұқсат бермегендіктен, екі істегі қажетті беттерінің көшірмелерін беруге тапсырыс беріп кеттім. Уәделескен бір айдың ішінде көшірмелер қолға тимеді. Осы мамыр айында ғана Мәскеуге барып, «ФСБ»-мен хабарласып, Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының істерінен көшерме бермегені былай тұрсын, бір ай бұрын ғана телефон арқылы Ораз Исаев пен Нәзір Төреқұлұлының істерін қарауға береміз деген уәделерінен де айнып қалды. Тағы 2-3 ай күтесіз деді.

Өткен жылы Омбы облыстық мұрағатын ақтарғанымда, Үш жүздің ханы болған 1841-1847 жылдардың аралығында Хан Кененің Қытай империясымен арада дипломотиялық қарым-қатынас орнатуға ұмтылған әрекеттеріне қатысты істерді бермей қойды. Ол істерге «қызметтік пайдалану үшін» деген таңба қойыпты. «Кенесары хан заманынан бері 168 жыл уақыт өтті ғой, құпия ұстаудың қажеттілігі қанша?» дегеніме олар «бастықтар шешеді» деген жауап айтты.

Газетіміздің өткен сандарының бірінде Курчатов қаласына Әлихан Бөкейхановтың атын беру жөнінде бастама көтерген автордың (abai.kz) мақаласы шыққан еді. Осыған орай Әлихантанушы ғалым ретінде қандай пікір айтасыз?

Мақаланы көрдім, оқыдым. Бірақ Курчатов қаласына Әлихан Бөкейханның есімін беруге үзілді-кесілді қарсымын!

Неге дейсіз бе? 2011 жылдың 13 қыркүйегінде Астанада Әлихан Бөкейханның туғанына 145 жыл толуына, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Сол жиында Семей қаласына «Алаш» атын берейік деген ұсыныс айтылды. Ұсыныс ғылыми форумның Қарарына кірді. Одан кейін де жекелеген ғалымдар, көсемсөзшілер осы ұсынысты қайта-қайта қақсап айтып келеді. Әрине, автордың бастама көтеріп, Алаш қайраткерінің атын әспеттегені дұрыс-ақ. Алайда Курчатов қаласының маңызы кеңес дәуірінде ерекше болған шығар – ол заман өтті-кетті. Бүгін Курчатов ұмыт қалған қаланың бірі, оған Алаш көсемінің есімін беру обал емес пе, қазақтығымызға сын ғой!

Семейге «Алаш» атын беру жөніндегі ұсыныс, аяқастынан көтерілген мәселе емес. Бұл 1917 жылы Орынбор қаласында ІІ Жалпықазақ құрылтайы (съезі) қабылдаған Қарарында, Алаш автономиясының астанасы уақытша Семей қаласына орналасады делінді. Бір сөзбен айтқанда, Семей қаласын «Алаш» деп атау – ІІ Жалпықазақ съезінің Қаулысы, шешімі болып табылады. Барша қазақтың тілегі осы, сондықтан Семейге «Алаш» атауын беру 1917 жылдың 12 желтоқсанында Жалпықазақ құрылтайында заңдастырылған. Съездің сол қарарын Әлиханның 150 жылдығы, Алаш автономиясының 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында жүзеге асырсақ – қазақтың бір тілегі жүзеге асқан болар еді.

Осы жерде тағы бір маңызды жәйтқа ерекше тоқталғым келеді. Қазақ газеттері, қазақ ғалымдары «Бөкейханов» деп, өзі байқамай, патшалық Ресей мен Совет өкіметінің орыстандыру саясатын жалғастырып келеді. Әлиханның патша заманында орыстың географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің құжаттарында, өзінің публицистикалық туындыларында, оның ішінде 1889-1900 жылдары «Дала уалаяты» газетінде аты-жөнін Әлихан Бөкейхан деп көрсеткен. Уақытша өкіметтің Торғай облысының комиссары деген құжаттарының көшірмесін жуырда ғана тауып алып келдім, Әлихан Бөкейхан деп қолын қойған (Фотокөшірмені қараңыз).

Әлиханның 1927 жылғы ең соңғы ғылыми еңбегі КСРО Ғылым Академиясының Ленинградтағы баспасынан шыққан «Адай оязының қазақтары» деген еңбегіне Букейхан деп орысша жазып берген. Осы күнге дейін Алаш қайраткерлеріне «ов» пен «ев» қосып, орыстандыру саясатын жалғастырып келеміз. Егер кімде кім 1917 жылы шыққан «Қазақ» газетінің беттерін ақтарып қарасаңыз, ол жерде Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезұлы деп жазылған. Тек 1917 жылы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау алдында ғана «Қазақ» газетінде былай деп жазылған: «аты-жөнімізді орыс транскрипциясы бойынша «-ов», «-ев»-ті қосып жаза тұрайық, сайлау құжаттарын шатастырып алмас үшін, орысша жаза тұрайық, сайланып, қазақтың Автономиясын құрып алайық, сонан кейін аты-жөнімізді жөндей жатармыз» деген уәжге келген. Сол себепті Алаш қайраткерлеріне «-ов»-ты қоспай жазуымыз керек. Отаршылдық сана-сезімнен құтыла алмай келе жатқанымызды осыдан-ақ көруімізге болады. 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде, орыстың «-ов», «-ев», «-ин» жұрнақтарынан құтылу туралы мәселе көтерілген. Бір ғасыр өтті, енді XXI ғасырда барша қазақ осы «ов»-тан құтылатын кезі жетті емес пе?!

Ал Әлиханның атын бір қалаға беру қажет болғанда, сіз қайсы қаланы лайықты санар едіңіз?

Әлиханның есімін бір қалаға берсін деген мақсатты көздемеймін. Ұрпағына қалдырған керемет мұрасы бар, құр сөзбен 16 том болады деп болжап жүрсек, соңғы бір жарым айдың ішінде Алматыдағы Орталық Мемлекеттік мұражайда, Президент мұрағатында, Мәскеу қаласындағы бірнеше мұрағаттарды ақтарып, Әлиханның тағы қаншама мұрасын таптым. Толық мұрасының көлемі 18 томнан асатын түрі бар. Егер сол шығармаларды оқырман үшін ғылыми еңбектерін қосып ұсынар болсақ, көп дүние болар еді. Көзі қарақты оқырман сол еңбектерімен танысып, тұщынар болса, Әлиханның атын қай қалаға, қандай елді мекенге беретінін өздері шешіп, ұсыныс жасар еді деп ойлаймын.

Егер Семей қаласына Әлихан бастаған Алаш қозғалысының және Алаш автономиясының «Алаш» атын берсек, Әлихан атамызға да, ол бастаған Алаш қозғалысы мен Алаш қайраткерлеріне арналған одан артық тарихи есткерткіш болмас еді. Әлихан десек – Алаш қозғалысы, Алаш десек, Әлиханның аты есімізге түседі. Семейге «Алаш» аты берілсе, көзімізге Әлиханның жарқын бейнесі елестейтіні анық. Оған қоса 1917 жылғы ІІ Жалпықазақ съезінің Қарарын іске асырған болар едік.

Келер жыл – Алашорда көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы. Осы дөңгелек датаға орай дайындық жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

Біріншіден, Алаш қозғалысы мен Алаш автономиясының бір-ақ көсемі болды. Ол – Әлихан. Екіншіден, мен 2013 жылы тамыз айында елге оралдым. Сол бір жарым жылдың ішінде екі Мәдениет министріне, үш Мемлекеттік хатшыға «Алашорда» қоғамдық қорының атынан бірнеше хат жазыппын. Сол хаттар енді нәтиже бере бастаған сияқты. Әлиханның 150 жылдығын халықаралық деңгейде – ЮНЕСКО аясында атап өтуге толық негіз бар. Қазақстанның өзі ішінде, менің байқауымша, Еуразиялық университеттің жанында Алаш ғылыми-зерттеу институтынан басқа ешбір мекемеде ешқандай дайындық жұмысы байқалмайды. Институт Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тіліндегі 16–18 томдық шығармаларының толық жинағын дайындап жатыр.

Алаш қайраткерлері туралы азды-көпті зерттеулер мен кітаптар шықты. Бір қызығы: Алаш қозғалысының атасы, бас идеологы әрі көсемі Әлихан туралы бірде-бір зерттеу немесе көркем шығарма жоқ. Осы күнге дейін! Алаш ардақтыларының ішінен ең соңғы сәтте «ақталған» да Әлихан еді. Бүгінгі таңда Әлекең туралы қазақ-орыс тілінде монография жазылып жатыр.1991 жылдан бері Әлиханның өмір жолы, туып-өскен ортасына қатысты қолымда көптеген тың деректер бар. Әлекең туралы менен артық білетін ешкім жоқ деп, мақтанып отыр демессіз! Монографияны осы жылдың соңына қарай жарыққа шығарамын деп тыраштанып жатырмын.

Сонымен бірге Әлиханның «КГБ» мен «ФСБ», Қазақстанның ҰҚК мұрағаттарынан, КСРО-ының мұрагері болған Ресейдің Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларындағы мұрағаттарда қайда қызмет етті, қай жерде айдауда болды, қандай ғылыми ұйым-басылымдармен тығыз байланыста болғаны туралы қаншама тарихи құжат жиналды. Соның бәрін Әлиханның туғаннан бастап, қайғылы қазаға ұшыраған күніне дейінгі өмірін сипаттайтын құжаттар мен фотосуреттердің жинағынан фотоальбом шығармақшымыз.

Бір сөзбен айтқанда, Әлекеңнің 150 жылдығын өзінің атына сай, қазақ мемлекеті мен тарихына қосқан теңдессіз үлесіне лайықты тойлау – елдігімізге сын дер едім.

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге орай сіздің жазған бір мақалаңыз интернет желісін «аралап» жүр. Сонда сіз Кенесары ханның басын Мәскеуден алдырмайынша, қазақ халқына бұл датаны атап өту олқы болады деген екенсіз...

Бұл ұсыныс кездейсоқ айтыла салған пікір емес. Әлиханды зерттеп жүріп, Кенесары ханның тағдырына қатысты құжаттарға тап болдым. Ташкентте 1923 жылы Кенесары ханның ақырғы күндеріне қатысты шағын кітапша жарық көрді. Авторы «К.Степняк» деп көрсетілген екен. Осы автордың артында Әлихан Бөкейхан тұр ма, әлде басқа бір адам жазған ба деген мәселе көтерілген кезде, Хан Кененің тағдырымен мен де айналыса бастадым. Өткен жылы Омбыға барған ғылыми сапарымда Кенесары ханның бас сүйегіне қатысты бірнеше дақпырт әңгімені теріске шығаратын мәліметтер табылды. Оның ішінде Ханның бас сүйегі 1940 жылдарға дейін Омбыда сақталыпты. Одан кейін ғана Кеңес Одағын кезіп кетіпті. Бас сүйегінің маңдай тұсына патша өкіметінің мөрі басылыпты. Бұл – Кенесарының бас сүйегінен күл салғыш жасапты деген алыпқашпа сөзді теріске шығарады. Бас сүйек Ресейдің Петербор, Мәскеуді, Воронеж қалаларын аралап келіп, 1992 жылы Кеңес Одағының «гохранасына» – тарихи құнды жәдігерлер сақталатын мемлекеттік қорына беріліпті. Ол жерде тек Кенесарының бас сүйегі ғана емес, хан әскерінің тулары, қанжары, қару жарақтары сияқты 300-ге жуық тарихи құнды жәдігер жатыр. Ресей тарапы Қазақстанға осы жәдігерлерді бергісі келмей отыр дегеннен гөрі, бар мәселе біздің талап етіп, сұрай алмай отырғанымызға келіп тіреледі. Қазақстаннның президенті бас сүйекті алдыртып, Кенесары ханды басын қатерге тіккен тәуелсіздікке қолы жеткен мемлекеттің астанасында сый-құрметпен жерлейтін болса, бұл символдық рәсім болар еді. Мемлекет басшысының да елдің алдындағы мәртебесі арта түсер еді. Мәселе Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті осы дәстүрді өзі бастап берсе, Тәуелсіздіктің туы желбірей түсіп, мемлекет құрушы қазақ халқының рухы көтерілер еді. Осы ұсынысты президентке жеткізуді бірнеше депутатқа да ұсындым.

Халық арасында Кенесары ханның бас сүйегі елге жеткізілетін болса, бүгінгі биліктің тағы шайқалып, оның арты жаман болады деген жорамалды бір көріпкел айтыпты деп, мистикалық әңгіме айтылып жүргенін білетін шығарсыз?

Мұндай әңгіме қай заманда да айтылады: егер сіз ел билеп отырып, осындай жел сөзге алаңдай берсеңіз, түріктер айтқан «керуен әрбір үрген итке бұрылып, тас лақтыра берсе, көздеген жеріне жете алмайды» дегеннің кері болады. Егер билік шынымен де мемлекет құрушы халықтың рухын көтерем десе, құлдық сана-сезімнен ажыратам десе, үш жүздің соңғы ханы Кенесарының бас сүйегін қайтарып алуы керек. Қазақ хандығының тарихы да Хан Кененің қазасымен үзілді. Осыны ұмытпаған жөн! Кенесары ханның бас сүйегі әкелінбей, Қазақ хандығының 550 жылдығы толыққанды тойланады деп айтуға болмайды. Кенесары ханның тағдыры қазақ тарихынан еш уақытта бөлінбейді.

Жалпы, осы датаны атап өту жөнінде 1994 жылы Қазақстан Жазушылар одағы үкіметтің алдына мәселе қойған кезде сол кездегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің қайтарған жауабы еске түседі: «Өзбек халқы бір қаласының 1500 жылдық тарихын атап жатқанда, біздің бір елдің мемлекеттік тарихы тым қысқа болғаны қалай, қазақ ғалымдары тарихқа неге тереңірек үңілмейді?» – деген еді. Қажыгелдиннің осы сұрағын сізге қойып көрейікші...

Қажыгелдиннің осындай сұрақ қоюы әбден орынды. Cебебі – кезінде бәріміз де кеңес заманында Қазақ тарихын жұп-жұқа кітапшадан оқыдық. Ол кітапша бойынша, қазақ тарихы большевиктерден бастау алатын. Менің өз басым оқу бітіріп, Ғылым академиясына жұмысқа келгенімде, Әлихан Бөкейханның есімін алғаш рет естідім. Сөйтіп, өзім ұлттық тарихымыздың шынайы бетін алғаш рет 1990 жылы аштым. Тоқсаныншы жылдардың ортасында тарихымызды терең білетіндер некен-саяқ еді ғой.

Естіген құлақта жазық жоқ: Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаудың аяқ астынан қолға алыну сырын да ел білмейді емес. Өткен жылы Ресей президенті Путин «қазақта мемлекттілік болған жоқ» деген сөзінен кейін осы датаны тойлау ойға келді.

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау жөніндегі ұсыныстың өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қолға алынған еді ғой деп, ғалымдардың есіне түсірдім. Бірақ ғалымдар оны еске алуға да қорқады. Ал Қазақ мемлекетінің тамыры әлдеқайда тереңде ғой. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау – Қазақ мемлекетінің тарихын кесу деп қабылдамауымыз керек. Бұл – Қазақ мемлекетілігіндегі хандық дәуіріне арналған мерейтой.

Еңбегіңіз жансын, Сұлтан Хан мырза, ашық айтылған әңгімеңізге рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Түпнұсқадағы тақырып: «КҮШІГІНДЕ ТАЛАНҒАН ИТ

қасқыр алмайды» деген –

БІЗДІҢ БҮГІНГІ КЕБІМІЗ...

Дерек көзі: «Общественная позиция»

(проект «DAT» №22 (293) от 04 июня 2015 г.

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303