Айбын Бақытұлы. Қазақтілді «Балапан» қаз-қаз басты
Сүйінші! Өзіміздің өзегімізден шыққан және салт-дәстүр, тәлім-тәрбиемізбен өрілген арнайы хабарларымыздың жоқтығынан, таңнан кешке дейін Jetix, Niceledon секілді өзге арналардың түсініксіз мультсериалдарына телміріп, ресейлік «Теленяня» қызығына еліткен қазақ баласының ата-аналарынан сүйінші сұраймыз! Қыркүйектің 27-сінен бастап, елімізде кабельдік желіде қазақ тілінде ғана хабар тарататын, тек қана балаларға арналған «Балапан» атты телеарна іске қосылады.
Бұл - қазақ телевизиясының тарихындағы балаларға арналған тұңғыш жеке телеарна. Мұндай телеарнаны қазақ баласы көптен тосып, сарыла күткені анық. Бұл турасында талай айтылып, жазылды да. Осындай ел тілегі Елбасына да жетіп, Президент былтыр Үкіметке мемлекеттік тілде хабар тарататын үш телеарна ұйымдастыру турасында тапсырма бергені де мәлім. Соның бірі балаларға арналған «Балапан» болатын. Кеше астанада осы «Балапан» телеарнасының салтанатты түрде тұсауы кесіліп, оған «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшылығы мен Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев келіп, ақ жол тіледі. Осынау ел үшін маңызды шараға Үкімет Басшысы да келеді деп хабарланған еді. Алайда Үкімет ісінен қолы тимесе керек, Кәрім Мәсімов мырза келе алмады. Бірақ сәлемін жолдап, құтты болсын айтыпты.

Премьердің тілегі - «Балапанды» түлету
«Ұлттық телевизия тарихында тұңғыш рет ашылған бұл жоба - баласы бар әрбір отбасы үшін маңызды оқиға. Ежелгі шығыстың «Ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» деген қанатты сөзі бар.
«Балапан» телеарнасының алғашқы қадамы нұрлы болсын!» - деген Премьер-министр құттықтау сәлемінде «Балапан» телеарнасына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын, өйткені оның аудиториясы біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз екенін атап айтыпты.
«Балапанды» көріп, олардың тілі шығады, көзқарасы мен дүниетанымы қалыптасады. Тарихымызды ұғып, ұлттық мәдениет пен өнерді үйренеді. Салт-дәстүрімізді көріп өседі. Сондықтан телебағдарламалардың сапасы жоғары болуы тиіс. Мұның барлығы телеарна ұжымынан табандылықты, қажырлы еңбекті талап етеді. «Балапан» тек қазақ тілінде шығады. Енді біздің алдымызда «Балапанды» ғарыштық байланыс арқылы әр елді мекенге, әр ауылға тарату мақсаты тұр. Бұған тез арада қол жеткізу керек. Балапанды көру арқылы ауылдағы әрбір бала қаладағыдай білім, тәрбие алуы тиіс», - дейді жаңа телеарнаның ашылуына байланысты алдағы міндеттерді де айқындаған Кәрім Мәсімов.
«Балапанға» артар үміт зор
Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары:
- Бұл телеарнаның ашылуы - саяси-тәрбиелік мәні бар үлкен оқиға. Соңғы жылдары біз қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін, қазақ тілін қоғамдық қолданыста кеңейту үшін біраз жұмыс істеп жатырмыз. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін бағдарламалар бар. Бірақ көп нәрсе бала кезден басталады ғой, балаларды қазақ тіліне үйретсе, олар тап-таза қазақша сөйлеп тұрса, бұл тіліміздің болашағына жол ашатыны сөзсіз. Сондықтан «Балапан» телеарнасы басқа ұлттың балаларына қазақ тілін үйретуде үлкен рөл атқарады деп сенеміз. Екінші жағынан, «Балапан» телеарнасының балалардың бойына қазақтың құндылықтарын сіңіруде танымдық, тәрбиелік мәні зор болады деп ойлаймыз.
Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты:
- Бұл - Қазақстан балалары үшін аса қуанышты оқиға. Біз осы балалар арнасының ашылуын көптен күттік. Әзірге кабельдік желіде таралатын телеарна болып ашылғанымен, болашақта, 2015 жылға қарай еліміздегі тележүйе сандық жүйеге көшкенде бұл да дербес арна секілді эфирге шығады. Менің өз ойым, телеарнаны енді балалар қызығып көретін, қызғылықты әрі қажетті білім алатын, ұлттық дәстүрлерге тәрбиелейтін бағдарламаларға толтырса деймін. Бұл оңай жұмыс емес. Сондықтан бұл жұмысқа «Қазақстан» ұлттық арнасының шығармашылық ұжымын ғана емес, еліміздегі балалар жазушылары мен композиторларын, жалпы шығармашылық элитамыздың мүмкіндігін осы балалар телеарнасына әкеліп жұмылдыру керек. Сонда бала да, ата-ана да көретін сүйікті арнаға айналады деп ойлаймын. Ең бастысы, күткен телеарна ашылды, Құдайға шүкір. Енді соның сәтті жұмыс істеуіне бәріміз атсалысуымыз қажет.
Мақсат - балаларды ұйыту
Таныс болыңыздар, телеарнаның жетекшісі - қалың көрерменге «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сауықтық бағдарламасы арқылы таныс журналист Жанар Шәмел. Оның айтуынша, кабельдік желі арқылы хабар тарататын «Балапан» күні ертең қалың қазақ баласын қуантқалы отыр. Қазіргі мезгілде арнаның бағдарламалар жоспары дайын, шығармашылық мақсат айқындалды.
«Балапан» 3 пен 10 жас аралығындағы балаларға арналған тұңғыш телеарна болмақ. Оның басты ерекшелігі осы болса, екінші ерекшелігі, телеарна «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының базасында ертеңгі сағат 10-нан 22.00-ге дейін 12 сағат бойы тек қана мемлекеттік тілде хабар таратады. Ал енді оның мазмұнына келсек, «Балапан» өз көрермендеріне арнап «Алақай, балақай!» деп аталатын ертеңгілік спорттық жаттығу сипатындағы шоу-бағдарламасын, «Кел, ойнайық», «Шеберхана», «Әліппе», «Айжұлдыз» сынды оқу-танымдық және «Ән салайық!» атты отбасылық музыкалық хабарларын эфирге шығармақ.
Жанар Шәмел, «Балапан» телеарнасының жетекшісі:
- Телеарнаның «Ғажайыпстанға саяхат» деп аталатын төл мультсериалы да болады. «Балапанның» хабарларының бәрі де педагог-психолог мамандардың қатысуымен, балалардың жас ерекшеліктері мен мінез-құлықтарын ескере отырып жасалады. Мұның сыртында әлемдік балалар киносы мен анимациялық фильмдердің ең үздік туындыларын «Қазақстан» ұлттық арнасының дубляж бөлімінде қазақша дыбыстап, ұсынбақпыз.
Осылайша, түсі бөлек, ділі жат өзге жұрттың үйдегі «көк жәшігімізден» беріліп, балаларымыздың тәлім-тәрбиесі мен таным-түсінігіне әсер етіп жатқан хабарларына енді отандық балама тосқауыл қояр деген үміттеміз. Рас, байқап отырғанымыздай, әзірге «Балапан» барша қазақтың үйіне емін-еркін «бас сұға алмайды». Өйткені кабельдік желі ауылға әлі жеткен жоқ. Премьердің де меңзегені - осы. Бірақ Алдан Смайыл айтқандай, ең бастысы - тек қазақ тілінде хабар тарататын осындай телеарнаға қол жеткені. Ал енді оның қанатын қатайтып, мазмұнын байытып, ауыл баласына дейін жеткізу ардың ісі болуы тиіс. Премьердің сөзі пәрменді болар деген үміттеміз. Сондықтан «Балапанның» алғашқы қадамына «Алаш айнасы» атынан біз де сәттілік тілейміз!
«Алаш айнасы» газеті