Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 16764 0 пікір 11 Мамыр, 2015 сағат 09:44

МҰҒАЛІМ МҰҢЫН АЙТҚАН АЙМАН МЕКТЕПТЕН ШЫҒАРЫЛМАҚ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ А.СӘРІНЖІПОВ МЫРЗАНЫҢ НАЗАРЫНА! 

 

 Жуырда «Abai.kz» ақпараттық порталы бастаған сайттар мен «Қазақстан Заман» газетінде «Мұғалімдердің  мүшкіл халі. Оларды биліктің қолбаласы болудан қалай құтқарамыз?» атты мақала жарық көрді (http://abai.kz/post/view?id=3435) .  

Мақалада мұғалімдердің қызметке орналасуы үшін пара беруінен бастап, әкімшілік құрылым қызметкерлеріне тиісті жұмыстардың барлығы дерлік мұғалімдерге артылғаны, елімізде сайлау науқаны бола қалса, үгіт-насихат жұыстарына, үй-үйді аралап, мекен-жай бойынша адам түгендеуде, мектепке бала санын анықтауға, әскерге  шақыртуға, жылқы-сиыр, қой-ешкі, тауық-қазды, тіпті, қанша түп қияр-помидор егілгенін санауға, мылтығың бар ма, қанша үйің, көлігіңнің маркасы мен нөмірі қандай екенін түгендеуге жаппай мұғалімдер жегілетіні, мағынасыз, мәнсіз, қалтаның қамы ғана көзделетін қаптаған әншілердің концерттеріне билетін өткізу мұғалімдерге жүктелетіні, қарсы болса басшылықтың тағы да «жұмыстан кет» деп қорқытатыны көтерілген еді.

Сонымен қатар, Алматы облысы,  Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс орта мектебінің директоры – Лейла Кигизбаеваның өз қарамағындағы мұғалімдерді сәуірдің 4-нен 13-не дейін он күн бойы сенбілікке шығарғаны, оған наразылық білдірген Айман Сағидуллаеваға (СУРЕТТЕ) басшылық тарапынан кінә артылғаны жазылған болатын.

Алғаш рет мұғалім тарапынан ащы шындықтың баяндалғаны көпшілікті таңқалдырып, күрделілігі мен маңыздылығыына байланысты мақала көп оқылып, жан-жақты талқылауға түсті. Сайттардағы кейбір пікірлерге тоқталып өтсек:

«Бәкен жм, 24/04/2015

Айман қарындасым, рахмет айналайын! Аман бол, саулығыңды тілейміз! Жазып отырғандарыңның бәрі де рас! Енді естір құлақ, сезер жүрек болса, бас жақтағылардан...

Нұржан сб, 25/04/2015

Нағыз ұстаз, Айман! Көтерген мәселең орынды, қажетті. Өзіңдей талай ұстаздар қауымының өкілі «айтар сөзін, естір құлаққа» небір түсінікті-түсініксіз себептермен жеткізе алмауда. Алғашқы қадамың құтты болсын! Жеңіс, алда!

Ұят-ай! Сб, 25/04/2015

Дипломды қолға алып, 2012-2013 екі жыл мұғалім болдым... Қайыршы болып кетуге аз қалдым, «қой» дедім де сатушы болып кеттім, қазір бәрі жақсы – ақша бар, басымды да ауыртпаймын...

Жақсы  жм, 24/04/2015

Кешке дейін өтірік өзімізді алдамай осылай ащы болса да шындықты жазып тұрғанымыз дұрыс. Сын айтылмай, мін түзелмейді

 Жаңа оқырман жм, 24/04/2015

...Осылай, біреулер шығып, көптің көкейіндегі ащы шындықты сыртқа батыл шығарып, жарияламаса, жүре береміз ғой сүметіліп. Қайтеміз енді, бала-шағаны асырау керек, қызметтен айырылып қалмау керек сол үшін... Қорқуын қорқамыз... Бұл да шындық.

Назым дн, 27/04/2015

Айманды жұмыстан шығару мәселесі де көтеріліп жатқан шығар. Егер ондай амалдар жасалатын болса, дереу ақпарат құралдарына хабар беріңіз, Айман! Өйткені шындық айтқан адамнан тезірек құтылғысы келеді ғой қай жерде де. Сіздің мәселеңіз жеке бастың емес, мыңдаған мұғалімдердің жанайқайы. Халқымыздың саналы азаматтарының барлығы сіздің жағыңызда болатынына сенімді болыңыз! Сіздің бұл батыл әрекетіңіз көпке үлгі болды.

Реке дүйсенбі, 27/04/2015

Айтылғандардың бәрі шындық, бұл «індет» барлық жерде бар екен, тек біздің мектеп пе десем...»

 

Осылайша өз пікірін білдіруші жандар бұл жайттардың барлығы шындық екеніне қосылуда.

Біз кейіпкеріміз – Айман Сағидуллаеваның жұмысындағы жағдайдан хабардар болып отырдық. Президент сайлауы өткенге дейін, яғни 26 сәуірге дейін басшылықтан ешкім оның мазасын алған жоқ еді.

Бірақ, 2 мамыр күні, осылай боларына сезік білдірген оқырмандардың ойы да расқа айналып, Айман Сағидуллаеваны мектеп директоры Лейла Кигизбаева мен оның орынбасарлары шақырып алып, «Сенің жұмысыңда кемшіліктер көп, кезекті еңбек демалысына өтінішіңді жаз. Келісімшартқа бір жылға ғана отырғанбыз, мерзімі бітті, келесі оқу жылына дейін уақытың бар, басқа жерден жұмыс іздей бер» дегенді айтқан.

Айман мұғалімнің шындықты айтып, өзінің, қала берді барлық ұстаздар қауымының құқығы тапталмауына қарсы бас көтерген әрекеті мектеп ішінде осымен үшінші рет жиналыста сөз болғанға ұқсайды. Дегенмен, ол мектеп басшылығының ауыр сөздеріне де, өзгелердің өзінен бөлектенгеніне де шыдап, бойына біткен қайсар мінезімен «кәсіби білімім мен біліктілігім жетілген, ал қызмет өтілімнен қателік таба алмайсыздар. Мені жұмыстан кетіруге негіз жоқ» деп қарсы тұрып бағуда. Қалай болғанда да мұның бәрі жүйкеге тиетіні рас. Сағаттап созылған жиналыста өз атына айтылған небір ауыр сөздерді тыңдаудан бұрынғы жүрек дерті қайта асқынып, қан қысымынан ауырып қалған.

Егер аудандық әкімдік, білім басқармасындағылар, мектеп басшылығы Айман Сағидуллаеваны қызметінен кетіруге тағы да амал-айла жасайтын болса, онда бұл істі адам құқын қорғайтын қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, үлкен деңгейде көтеретінімізді ескерткіміз келеді. Қазірдің өзінде алғашқы мақала қоғамға қозғау салып, ұстаздарға үміт сыйлап, білім басқармасындағылардың ортасында дүрбелең тудырды.

Бұл жайт – тығырыққа тірелген, қоғамның назарын аударған мәселені шешудің басты амалы мұғалімдер құқығын қорғайтын арнайы заңның қабылдануын талап етіп отыр. Заңда мұғалімдер жалақысының өсуі, баспаналы болуы сияқты әлеуметтік жағдайларымен қоса, қызметтік міндеттемелері де анық көрсетілуі керек. Әйтпесе,  баяғы жартас сол жартас күйінде қала бермек.

 

Жанна ИМАНҚҰЛ,

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371