СӘБИТКЕ ЖАУАП
«Еңбекші қазақтың» №15 нөмірінде «Әскерлік атауларында» орыс ұраны ура орнына қазақ ұраны «алаш» алынғанын жаратпай, Сәбит бірталай сөз қылыпты.
Сәбит сияқты түйрерлік, шаншарлық өткір қалам бізде қайдан болсын. Сондықтан сөзді көбейтпей, турасынан даулы мәселеге түсейік.
Қазақ әскеріне «алаш» ұранын қолдануға қолайсыз көрінгендегі Сәбиттің келтіретін дәлелі мынау: «ертең соғыс бола қалып, Алаш орда бас көтерсе, біз «ураның» орнына «Алаш» деп шабамыз ба? Алда, масқара-ай! Ұят-ай!» - деп ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды.
«Алаш» деп шабу Сәбитке масқара ұят нәрсе болып көрінетін себебі – «Алаш» қазақ ұраны болғанмен, ол соңғы кезде қазақтың байлары қолданған ұран емес пе еді? – дейді. Сүйтіп, жаратпағандағы бар болған дәлелдері осы.
Енді орыстың «ура» ұранына келейік. Оны да Сәбитше тексерейік. Сәбитше тексеру үшін Сәбитше болжамға салайық та, сұрайық. Ертең соғыс бола қалып, орыстың ақтары басын көтерсе, оларға қарсы орыс көменестері, қызыл әскері шапқанда, «ура» орыс байлары, жанаралдары, патшалары, солдаттары тұтынған, қолданған ұран еді деп «ураны» ұялап айтпай ма екен? Немесе қазақтың байлары «Алаш» ұранын қолданған кезде орыс байлары «ура» ұранын қолданбады ма екен?
Орыс байлары, патшалары қолданған «ураны» айтуға орыс көменестері ұялмағанда, қазақ байлары қолданған «алашты» айтуға ұялатын мәнісі немене екен? Әлде «ура» орыстың байлары, ақтары қолданбайтын, тек қана жарлылары, қызылдары қолданатаны интернационалдық ұран болған ба екен?
Оны Сәбит білмесе, біз білмедік. Сәбит не дейді? Көменес партиясы не дейді? «Ұлт мәдениетінің пормысы (қалыбы) ұлтша болсын, мазмұны пролетариатша болсын» дейді партия. Пормы деген нәрсенің тысқы қабығы сияқты жағы, мазмұн деген ішкі дәні, маңызы сияқты жағы. Партия қалауынша ұлт мәдениетіндегі істің мәні тысында емес, ішінде екендігі көрінеді.
«Алаш» та, «ура» да – ұлт сөздері. Ұлт сөздері болған соң әрқайсысы өз ұлтындағы бай-жарлыға бірдей ортақ сөз болады. Үйткені ұлт болатын 10% бойы ғана емес, 90% жарлы мен орташасы. Бұл – бір.
Екінші, сөз – тысқылық нәрсе. Тысқылық нәрсе екендігін «ураны» қызылдар да, ақтар да бірдей қолданатындығын көрсетеді. Жалғыз бұл сөз емес, басқа сөздер де көрсетеді. Мәселен, Сәбет, кемесер тағысын тағы сөздер. Сәбет атты мекемелер патша заманында да бар еді (Мемлекеттік Сәбет, Министрлер Сәбеті, қазақта хан ордасында депутат сәбеті бар еді). Кемесер атты лауазым пролетариат билеп отырған мемлекетте де бар. Солардың «Сәбет», «кемесер» деген аттары ғана бірдей, заттары бірдей емес. Сөз тысқылық нәрсе болмай, ішкілік нәрсе болса, былай бола алмас еді.
«Ертең алаштаб шапсақ, Алаш орда болып кетеміз» деген – түкке тұрмайтын, дәлелсіз сөз. Уралап шапқаннан орыс қызыл әскері ақтар солдаты болып шықпайтын болса, алаштап шапқаннан Сәбит алаш орданың адамы болмайды.
Пролетариатша тәрбие алған қызыл әскер болсын, Сәбит болсын, уралап шаба ма, алаштап шаба ма, пролетариат жағында болады. Егерде байлар да олар байларша тәрбие алса, уралап шаба ма, алаштап шаба ма – байлар жағында болады.
Олай болса, көп сөзде емес, тәрбиеде. Партияның айтып отырғаны да осы. Осылай болмаса, әр ұлтты пролетариатша тәрбиелегенде өз тілімен тәрбиелемей, бір-ақ тілде тәрбиелер еді ғой.
Тіл демекші, бұ жағынан да Сәбит бірталай сөйлеген екен. Онысына айтатыным: Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп, солай алуға біздің де қақымыз бар деймін. Ақшасын адалдамай алып отыр деген тағы жаласы бар екен. Оның адал-арамын жалғыз Сәбит емес, өзгелер де білетін шығар деп, онысына ештеме демей-ақ қоямын.
Ақымет
БЫЛАЙ ҒОЙ
(Жауапқа жауап)
Ешбір жаңадан құрылған үкімет, менімше, тілді өзгертпейді. «Жұмыскер», «жарлы», «кедей», «бай», «патса», «үкімет», «нан», «ышқаб», «қалам», «соғыс» қысқасы, құрылған үкіметтің алдында қолданған үкіметтің тұсындағы сөйленіп жүрген сөздерді жаңа үкімет сол мағынасында ғана алады. Не нәрсенің болса да, ішкі мағынасы өзгерсе ғана сырты өзгереді. Патса заманында қазақ «кедей»-ді «кедей» десе, енді кеңес үкіметінің тұсында: «олай деп неге айтасың» деуге ешкімнің қақы жоқ. Бұл – жалпы жағы.
Енді сөз ауысу жағына келейік. Қай ел болса да, көрші елден сөз ауыспай жүрмейді. Қазақтың «самауыр», «шәйнек», «шашке», «ыстақан», «мәшине», «доға», «қашыт» тағы сондай сөздері – орыстікі. Мұны алудың ұят-шашы жоқ. Үйткені бұлар қазақтың өз басынан шықпаған, өз тұрмысында болмаған сөздері. Іреті келген жерде «орыс екен» деп жирену «қарақұлақ қасқырдың шашы» дегенмен бірдей.
«Ура»-ның қайдан шыққанын тексермей-ақ қояйық. Ақаңша орыс ұраны-ақ болсын. Әйткенмен, орыстың атасы «ура» емес, орыс қой. Атасы орыс бола тұра, орыс елі ұранынан «орыс» демей «ура» деген менімше, былай болу керек. Қуаныштың да, қайғының да өзінше сыртқа сездіретін белгілері болады. «Уе», «а», «ым», «ие», «ай» дегендер сөзге жатпайтын, жан сезімнің белгілері. «Ура» да осындай белгінің бірі ғой деп түсінем. Мәселенің тетігі «ура» мен «алашта» емес, осы екеуінің қайсысы ұлтшылдық әсер беріп, ұлт қанын қыздыруында. Орыс ұлтының қанын, орысшылдығын «ура» қыздырмайды. «Ура» деп жүрген екі орыс бірін-бірі атады, шабады. Орыстың ақтары орысша «атамын» деген сөзді «стреляю» десе, қызылдары да солай дейді. Орыстың «ура», «стреляю», «кушаю» деген сөздері ұлтшылдығына жатпайтын, істейтін істерінің белгілері. Олай болса, «ура» орыс сөзі болғанымен, орыстың ұлтшылдығын білдіретін белгісіне жатпайды. «Алаш» алдымен қазақты, қазақ ұлтын еске түсіреді. «Алаш» деген «мен алашпын, сен орыссың, анау қалмақ, мынау жебірей» деген сөздің иісі аңқиды. Шынында, «Алаш» деген сөз дүниеге шыққан күннен бастап күні бүгінге шейін «біз алашпыз, анау бөтен кісі» деген мағына келе жатыр. Бұған қосымша ол соңғы кезде байшылардың ұраны болды. Қазақтың ұлтшылдары «қазақты Алаш туының астына жиямыз деді».
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз
Сұлтанмақмұт
Бөлшебек болғандардың мойнына
алаштың қыл арқанын салу керек
Сарыарқа
Ал, орыстың байшылдары:
«Ура туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз» деген жоқ. «Ураның қыл арқанын бөлшебектердің мойнына саламыз» - деген жоқ. «Алаш» ұлт туын тікті, «ура» ұлт туын тіккен жоқ.
Міне, бұлай болған күнде «ура» мен «алаш»-тың ішкі мағынасы да, саяси маңызы да екі бөлек. Сондықтан не «ура»-ға қазақша сәйкес белгі табу керек еді де, болмаса, соның өзін ғана алу керек еді. Үйткені «самовар»-ды «самауыр» деп алғаннан қазақтың қазақтығының қылшығы да сынған жоқ. «Ура» деуден сынатын қылшық шамалы еді.
Ұлт мәдениетін көменес партиясы қалай айтып отырғанына Ақаң жанаспаса да жарайды. Көменес партиясы «Красная армия» деген сөзді «Қызыл әскер» деп алғанға ұрыспайды, бірақ «алаш әскер» дегізбейді. «Красный» дегенді «қызыл» деп алу ұлтшылдыққа жатпайды. Үйткені қазақша мағынасы сол. Ақаңша оны «алаш» деудің де оқасы жоқ қой!
«Қазақтың жігіттеріне «Алаш» деп өз атын тақпай, «Қызыл» дегенді қайдан таптыңдар», - деп Ақаң қалай айта алады. «Қызыл» - бір ауыз сөз де, «Алаш» - ұлт ұраны емес пе? Қызыл әскер алаштан жиылғанымен, ол ұлтшылдыққа, байшылдыққа қарсы құрылған әскер емес пе? «Ура»-ны «алаш» деу ұлт мәдениетінің пролетариатша болғаны емес. Мұның аты ұлт мәдениетінің ұлтша болғаны. Сондықтан Ақаңа партияның саясатын бұл арада қолданбаса да болады.
Сәбит
(«ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты жинақтан алынды. – Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2013. – 640 бет. Дайындаған: Кеңесова Арайлым)
Abai.kz