Сенбі, 23 Қараша 2024
Шынның жүзі 8150 0 пікір 2 Сәуір, 2015 сағат 09:46

РУ МЕН АЙМАҚ: АРАЗДЫҚ ТУДЫРУШЫЛАРДЫ ЖАУАПҚА ТАРТУ КЕРЕК!

Баспасөзде бадырайтып жазбасақ та ел бірлігі мен ұлт тұтастығын ойлайтын азаматтардың қабағына кірбің ұялатып жүрген бір мәселе бар. Ол – рулық, аймақтық ерекшелік пен кемшілікті әлдекімдердің әдейі қоздырып тұратындығына саятын мәселе. Бұл жайында сәл кейінірек. Әңгімемізге кіріспес бұрын Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде қарастырылған «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру» атты 164-бапқа тоқталып өтейік.

Осы баптың бірінші тармағында «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасына,тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын немесе кемдiгiн насихаттау, егер осы әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты насихаттайтын әдебиет пен өзге ақпарат жеткізгіштерді тарату жолымен жасалса, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған.

Осы 164-бап бойынша, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыру, яғни төрт мәселе қаралады.

Аталған 164-бап бойынша, осы уақытқа дейін әлеуметтік, ұлттық және діни араздықты немесе алауыздықты қоздырды деген айыппен көптеген адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейбірі сотталды да. Олардың ішінде ең белгілілері, ел ішінде көпшіліктің назарын аударғаны Наталья Соколова, Владимир Козлов, Болат Атабаев, Серік Сапарғали, Жанболат Мамай, Ғабит Құрманқұл, Татьяна Шевцова-Валова, Сәкен Байкенов істері, тағысын тағылар.

Алайда осы жерде «рулық араздықты немесе алауыздықты қоздыру» деген мәселе назарға алынбайды.

Ал шын мәнінде ел арасында күнделікті өмірде рулық алауыздықты әдейлеп қоздырушылар, наразылық тудырушылар аз емес. Әлеуметтік желілерде де белгілі бір руларды дәріптеу баршылық. Мұның өзі қазақ ұлтын бөлшектеу мен бір-біріне қарсы қоюдың әрекеті екені анық.

Сонымен бірге, аймақтық бөліністерді қоздырушылар, мәселен, солтүстік облыстардан шыққан адамдар мен оңтүстік облыстың адамдары арасындағы наразылықты әдейілеп қоздыру да қазақтың тұтастығын бұзу мен қазақтар арасындағы жіктелуге бағыттайтын жазбалар, әңгімелер жиі ұшырасады. Алайда, ондай адамдарға аталған 164-бап қолданылмайды. Неге?

Қазақ ұлтының бірлігі мен тұтастығын сақтау мен нығайту үшін руға, жерге байланысты алауыздық туғызушылар да жауапқа тартылуы керек деп есептеймін.

Сіздер қалай ойлайсыздар?

Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406