Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 14420 0 пікір 31 Наурыз, 2015 сағат 11:00

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМ

Ислам әлемінде соңғы кезеңдерде түрлі ислами бағыттағы көзқарастар мен ағымдар пайда болып, олардың кейбіреулері тек өздерін ғана нағыз исламның өкілдеріміз деп санай бастады. Фундаментализм, уаххабизм, сәләфизм, тәкфиризм, т.б. секілді атаулармен аталған осындай бүлікшіл топтар ислам әлемінде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі діни түсінікке қарсы шығып, әлем жұртшылығының наразылығын тудыруда.  

Осының салдарынан батыстық ақпарат құралдарында «Ислам терроризмі, фундаментализмі, радикализмі", "ғылыми, байсалды, ресми, халықтық, тұрмыстық  ислам», т.б. деген секілді толып жатқан атаулар қалыптаса бастады. Біздің қоғамда да «қазақы ислам, қазақ мұсылмандығы, халықтық ислам және дәстүрлі ислам» деген түсініктер пайда болды. Осы терминдерді әркім өз танымына қарай анықтап, мазмұнын толтыруға тырысуда. 

Әсілінде, «дәстүрлі ислам» дегенде бастауын Пайғамбарымыз (с.а.с.) кезеңінен алып, бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан «әхли сунна уәл-жамағатты» меңзейміз. Ол қалың мұсылман жұртшылығы тарапынан сенімділікке ие болған фиқһта ханафи, шафиғи, мәлики және ханбали мәзһабтарын, ал сенімде матуриди және әшғари мектептерін қамтиды.

Ал кейінгі кезеңде ғана тарих сахнасына шығып, «таза ислам» деген бет-пердені жамылып, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі төрт мәзһабты мансұқтап, өздерінің жымысқы пиғылдарын жүзеге асырғысы келген топтар белгілі бір ғылыми әдістемеге негізделмегендіктен көзқарастары күннен күнге құбылып, саясаттың ығында, алпауыт күштердің қаражатының арқасында түрленуде. Сондықтан қазіргі күннің өзінде түрлі бағыттарға бөлініп, өзара қырықпышақ болуда. Осының бәрі дәстүрсіздіктен туындауда. Сондықтан да «дәстүрлі ислам» деген тіркестің өзі бертін келе шыққанымен тарихи шындық пен қоғамдық қажеттіліктен туындаған.

Қазақ халқының мәдениеті, өмір-салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде, діни санасының қалыптасуында ислам дінінің, оның ішінде сунниттік ханафи мәзһабының рөлі үлкен.

Орталық Азияда ислам берік орнамай тұрған кездері түрлі діндермен қатар, ханафилік кең тарамастан бұрын шииттердің, мұғтазилиттер мен шафиғилердің болғандығы белгілі. Алайда Қарахан патшасы Абдулкәрім Сатұқ Бұғра ханның 921 жылы сүнниттік ханафи бағытын түркілер үшін ресми дін ретінде жариялауы нәтижесінде бұл аймақтарда ханафи мәзһабы  кең тарай бастады. Әсіресе Мәуәрәннахр аймағында көптеген ханафи ғалымдары өсіп жетіліп, бұл аймақ ханафи мәзһабының орталығына айналды. Осы кезеңдерден бастап біздің бабаларымыз ханафи мәзһабын ұстанып, ислам мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты. Солардың бірқатарын ғана атап өтейік. Мәселен күллі түркі жұртының мұысылмандықты қабылдауында ерекше орны бар «Пир-и Түркістан» атанған Иассауи бабамыздың.Қазақ даласынан шыққан Сұлтан Бейбарыс Мысырды билеген кезде 4 мәзһаб өкілдеріне қазы тағайындауы да ханафи мәзһабы күшеюіне оң жағдай туғызды.  

Сол Мысыр елінде ханафи мәзһабының таралуына үлес қосқан ғалымдардың бірі Қауам Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани еді. Ол ғылым мен абыройының арқасында Мысырдағы Сүргатмыш медресесін басқарып, ханафи мәзһабының беделге ие болуына қызмет еткен ғұламалардың бірі. Сонымен қатар Каирде қызмет жасап, ханафи мәзһабының кең таралуына үлес қосқан ғұлама – Һибатулла бин Ахмад бин Муалла бин Махмуд ат-Тарази ат-Түркістани әл-Ханафи (Ә.Дербісәлі. Каир медреселерін басқарған Отырар имамы). Сондай атақты ғұламаларымыздың бірі – Хұсам ад-Дин ас-Сығнақи (Ш.Керім. Сығанақ саңлағы, Алматы, 2012 ж.). 

Сонымен қатар, осы тұста ханафи усулін (мәзхаб әдістемесін) жандандырған ерекше ғалымдардың бірі жерлесіміз Шәмсул-Әиммә әл-Кердериді (599-642/1203-1244 ж.) де айтпай кетуге болмайды. Өз кезеңіндегі әйгілі ғалымдардан сабақ алған Кердери «өз дәуірінің Әбу Ханифасы» атанған. 

Жерлесіміз Кердеридің шәкірті Әбул Бәракат ән-Насафидің (қ. 710) де осы салаға сіңірген қызметі ерекше. Ол үш ғасырға жуық (ХI-XIV) ханафи мәзһабының орталығы болған Бұхарада туып-өскен. Ол жерлесіміз атақты Хусамуддин әс-Сығнақиға ұстаздық жасаған. Нәсәфи – ханафи мәзһабының классикалық дәуір кезеңінен кейінгі уақытта өте беделді саналған тұлға. Кезінде Кашмирді билеген Мырза Хайдар Дулаттың да ханафи мәзһабының таралуына ықпал еткені белгілі.

Сонымен қатар қазақ даласында туып, Ислам өркениетіне өзіндік үлес қосқан Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Иүгнеки, Жүсіп Баласағұни т.б. әлемге әйгілі мақтаныштарымызды да айтпай кетугеболмайды. Қазақ халқы – ислам дінін қабылдап қана қоймай, ислам өркениетіне өзіндік үлесін қоса білген, мәдени мұрасының тамырлары тереңде жатқан халық.

Мұны өкінішке орай көпшілік біле бермейді. Әсіресе шет елдерде жартылай сауат ашып келген кейбір жастардың имандылыққа қарқынды түрде бет бұрып келе жатқан момын халқымызды бүлікке бастап, ата-бабаларымыз жатсынбастан ғасырлар бойы ұстанып келген, ғылыми негізде қалыптасқан осы бағыттағы түсінігімізді адасушылық ретіндеайыптап, жастарымызды өз саптарына қосуға жанталасып жатқаны өкінішті құбылыс. 

2011 жылы қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін сақтап, одан ары нығайту жолында діни сенімге қатысты заңға өзгеріс енгізіліп, жаңа заңның преамбуласында «халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның тарихи рөлін танитыны» атап көрсетілген болатын. Сонымен қатар, Елбасымыз 2012 жылғы жолдауында дін мәселесінің қоғамымызда қаншалықты өткір тұрғандығын айта келе: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз...» деп діни ұстанымымыздың қай бағытта жүргізілуі тиіс екендігінің астын сызып тұрып белгілеп берді.

Расында қазақ елінің діни санасының қалыптасуында сүнниттік ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осы мәселені біз өзіміздің діни ішкі сүзгіміз ретінде қалыптастыруымыз міндет. Онсыз біз сырттан келіп, еліміздің тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдарға қарсы тұра алмаймыз. Ханафи мәзһабының ғылыми мұрасы бұған толықтай жеткілікті. Ханафи мәзһабының ислам өркениетінде орныерекше.

Мемлекеттік жүйе мен қауіпсіздікті де қамтамасыз етуде, азаматтардың бәріне тең қарап, қоғамда әділеттілікті орнатып, мемлекеттің баяндылығын қамтамасыз етуде мәзһабтардың рөлі ерекше болған. Ислам мемлекетінің негізгі тұғырына айналды. Негізінде ислам тарихындағы мемлекеттердің ресми мәзһаб ұстанымдары құқықтық бірлік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шара еді әрі өзіндік пайдасын да тигізді.

Қорытындылай айтар болсақ, мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету жолында әлеуметтік, саяси-экономикалық факторлар ғана шешуші рөл атқарып қоймайды. Қазақстан халқының рухани һәм діни түсінігінің біртұтастығы да аса маңызды саналады. Осы тұрғыда ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі діни сүнниттік-ханафи мектебінің даму тарихы, ғылыми негіздері, өміршеңдігін қамтамасыз еткен ұстанымдары мен қазіргі кезеңде оны дамытып, жүйелеудің бағыт-бағдарын айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан да Қазақстан қоғамында ішкі тұтастықты сақтау жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапанан ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасап, сол бағытта үлкен жұмыстар жүргізу қажет.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

Ph.D,

«Әбу Ханифа» ғылыми зерттеу

орталығының директоры.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1966