Қ.Көшербаев: Мектептер әлеуметтік жаңалықтарға ашық болуы қажет
Қызылорда облысы әкімі Қ.Е. Көшербаевтың «Мазмұнды жаңарту жағдайындағы білім беру ортасының трансформациясы» республикалық семинар-кеңесінде сөйлейтін сөзінен үзінді
Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет.
Өткенге салауат, ертеңге аманат.
Мұның барлығы қазақтың өмір сүру принциптерін, дүниеге, уақытқа деген көзқарасын айқындайтын киелі қағидалар. Бізді ұлт ретінде сақтайтын, ақпарат тасқыны мен ғаламдану күшіне төтеп бере алатын осындай темірқазық ұстанымдарды бала санасына сіңіру қажет.
Сонымен қатар, адамзатқа жат қатыгездік, масылдық пен менмендік, еріншек мінезден бойды тасалап, мейірімділік, елгезектік, қарапайымдылық сияқты кімге болса да жарасатын қасиеттерді бала бойына дарыту керек.
Сыр өңірінің мектептері шын мәнінде заман талабына сай білім ортасына айналуы үшін не істелуі қажет?
Біріншіден, мектепте сапасы жоғары және қазіргі уақытта қолданбалы білім берілуі тиіс. Ең үздік және артта қалған оқушылар арасындағы айырмашылықты мейлінше қысқарту керек.
Екіншіден, мектептің мақсаты баланы тек оқыту ғана емес, қазіргі заманда өз орнын тауып, бәсекелестікте өмір сүре алатын тұлға тәрбиелеу болуы шарт;
Үшіншіден, мектептегі мұғалімнің білгін ұдайы көтеру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты назарда болуы тиіс.
Төртіншіден, мектептер еліміз бен дүниеде болып жатқан әлеуметтік жаңалықтарға ашық болуы қажет.
Осы ретте, Қызылорда облысы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірлік инновациялық мектептер желісін құру жобасын қолға алмақ. Аталған жоба шеңберінде облыс аудандарында екіден және Қызылорда қаласында 6 мектеп іріктеліп, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін енгізу алаңы ретінде дамытылады.