Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Өз салтың 10172 0 пікір 13 Наурыз, 2015 сағат 10:42

НАУРЫЗ ЖӘНЕ КӨРІСУ ҒҰРПЫ

Наурыз мейрамының жалпыхалықтық сауықтық сипат алуын, мазмұндық рәміздерінің (символикасының) ажар-көркін арттыру мәселесі - бүгінгі қазақстандық қоғамда өткір тұрған уәзипа. Шығыс күнтізбесінде жаңа жыл ретінде қабылданатын Наурызды тойлауда қандай сауықтық сипат алуы мүмкіндігі туралы өз ойымызды біздер бұрында ортаға салған болатынбыз. Бұл жолы оның рәміздік сипатына және оның бастау арнасына назар салуды жөн санап отырмыз.

Әз-Наурыз кең-байтақ қазақ жеріне көктемнің алғашқы айы туғанда аяқ басады. Бұл кезең қазақтың көк жүзіндегі айдың қозғалысы арқылы жүргізілетін ескіше есебі бойынша Наурыз 14-інен басталса (ай есебінде 13-інен 14-іне қараған түні жаңа ай туады), астрономиялық есеп шартымен күн мен түннің тең келетін тоғысын белгілеген иран-парсы күнтізбесінде - 22 наурыз.

Наурыздың басты рәсімдері мен рәміздері, ғұрыптық сипаты алты ай қыс мезгілі бітіп, жазғытұрым уақыттың келіп, табиғаттың жаңаруын қуаныш етумен байланысты туындайды. Наурыздың 13-інде қазақтар «тоқсан» деп атап кеткен, шаруаны, тұрмыс-тіршілікті «қысып тастаған» тоқсан күндік қыс бітіп, аяқ-қол кеңейетін жаз мезгілі жер бетіне аяқ басады. Алты ай қыста ұйқыға, яғни өлі кезеңде болған табиғат қайта тіріліп, жаңа тіршілігін бастайды. «...Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айырықша сыйымды, артықша дәлелді,- деп жазады М.Дулатов,- неге десеңіз, марттың ескіше 9–да, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің де болса көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге саяды».

Бұл тұста Наурыз айындағы жыл басын қай күннен бастау алатынын белгілеу ХХ ғасырдың бас кезіндегі ағартушылық кезеңде де айқын болмағандығын айта кетуіміз керек. Аталмыш мәселеге кезінде А.Байтұрсынұлы да араласып, оған мынадай үн қосқан еді:«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш- бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді. Құты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында да һәр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі... Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық».

Алаштың ардақты тұлғалары жазып қалдырған аталмыш пікірлердегі «өлім төсегінде жатқан табиғат», «кәрі-жас, қатын-қалаш- бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді» деген жолдар халқымыздың көне мифтік түсінігінен хабар береді. Көшпелі тіршілігі табиғатпен етене байланысты болған көшпелілер табиғат анадағы жаңаруды ерекше қуанышпен қарсы алып, өз дүниетанымын белгілейтін символикалар тудырған. Сондай символиканың бірі – табиғаттың өліп қайта тірілуін белгілейтін рәсім.

Наурыздағы мұндай көне танымның белгілері Қазақстанның батыс аймағында тереңірек, айқынырақ сақталған. Бұл өлкеде жаңа жылды 14 наурызда қарсы алады және оның жалпы жұртшылық арасында орныққан басты рәсімі, ежелгі ғұрпы – көрісу (яғни қауышу немесе амандасу). Мұны «қайта тірілу» деп те атасақ та болады. Бұл – өткенді, ескіні артқа тастап, жаңамен жанасудың, амандықпен қауышудың, қайта табысудың әрі түзу көңілдің, адал тілектің рәмізі.

«Өткенге –салауат, болашаққа - аманат» - Наурыздың басты философиясы. Ата-бабасының рухына дұға бағыштау, көрші-көлемін, ағайын-туғанын аман көріп, оларға сый-сыяпат жасау, тарту-таралғы беріп құрмет ету, Алла тағала берген жастың бір жылға ұзаруына шүкіршілік ету – Көрісудің басты амалдары.

Құрмет пен сыйластықты ақ жалау еткен қауышу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Өмірдің түрлі жағдайынан туындап, адамдар арасында пайда болатын өкпе-реніш, араздық, өштесу сынды көңіл-күй сарындарын өткен уақыттың, ескі жылдың еншісіне қалдыруға ұмтылған адамның ниеті ізгілікке баланса, ал оны кешкен, сөйтіп татулық жібін қайта жалғануына мұрындық болған жанның әрекеті адамгершіліктің биік деңгейі деп саналған. Тіпті, көрісу кезеңі туғанда жауласып жүрген ел немесе ру-тайпалар араздықты тоқтатып, жауластықты жоюға ымыраласып, бейбітшілікті қалпына келтіруге ұмтылған.

Мұндай ізгі ниеттер жер бетіндегі ірі діни сенімдердің де философиясына орныққан. Сондықтан ата-бабаларымыз ертеден дәстүр еткен «көрісудің» басты ұстанымдары мен амалдарын жаңа заманның тұрмыс-тіршілігіне, адамдар арасындағы қарым-қатынастың үйлесімділігін қамтамасыз етуге, тіпті, қоғамның түрлі топтары ел-жұрттың өзіне назар аударуына сеп болатын саяси технологияларына да пайдалануға болады. Осы әрекеттер арқылы көне ғұрыпты заманауи сипатта жандандырып, оны жаңа мазмұнмен, тың өрнекпен байыту бүгінгі күннің міндеті деп санаймыз.

Әлемнің озық елдеріндегі инновациялық-технологиялық жаңалықтар бәсекелестікті тереңдетіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің жаһандық сипат алуына кең жол ашты. Ұлт пен ұлыс пердесін «ысырып тастаған» қым-қуыт, күйкі тіршілік тасқыны, қоғамдық қатынастардың күрделенуі адам баласының жан дүниесіне, жүйке жүйесіне қатты әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бұл орайда сол қауіптерге тойтарыс қоя алатын психологиялық тегеуріндерді қалыптастыруда көрісу ғұрпының көмекке келе алатыны анық.

Түйіндей келгенде, табиғаттай жаңаруды ішкі жан-дүниесінен бастайтын адамзат баласының рухани түлеуінде Көрісу ырымының мән-маңызы зор. Оны халқымыздың көне дәуірлер қойнауынан жеткен ғұрыпы ретінде Наурыз мейрамы үстінде атап өтуге, айтулы мерекенің басты рәсімдік сипатына қосуға әбден болады. Бұл тұста санаға мынадай ұғымдарды орнатқан жөн секілді: қайта түлеген, жаңғырған рух жаңаны, жақсылықты, табысты, достықты, махабатты, қуанышты көңілдің шеңберіне қабылдай алады. Осы бір адами құндылыққа негізделген ізгі әрекеттер арқылы ол тылсым Жаратылыстан өзіне бағытталған сыйға да, сыбағаға да, сауапқа да, ырыздыққа да кең жол аша алады деп бағамдауға болады.

Алмас ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы.

Қостанай

Abai.kz

0 пікір