Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Мәйекті 6339 0 пікір 10 Наурыз, 2015 сағат 14:06

Досан БАЙМОЛДА. НИДЕРЛАНД ҚАЗАҚТАРЫ

Жақында Нидерландтағы Қазақ қоғамының шақыруымен Амстердам қаласына баруға жолым түсті. Бұл менің көптен бері жоспарлап, бір жағы армандап жүрген сапарым еді. Еуропаның бірқатар қалаларында болып, сондағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп жүрсем де, Нидерландқа барудың сәті түспеген болатын. Берлиндегі Гумбольдт университетіне 3 айға ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырылған мүмкіндікті пайдаланып және Берлиндегі қазақ қоғамының жетекшісі, кәсіпкер бауырымыз Бешіретхан Малабаканның Амстердамға өз машинаммен апарып қайтайын деген ұсынысы да бұл сапардың іске асуына түрткі болды.  

«Қызғалдақ гүлдердің елі» атанған Нидерланд және оның тарихи ескерткіштерге бай, әсем де таңғажайып Амстердам қаласы туралы аз-кем мәліметтер бере кетсек, халықаралық саяси картада Нидерланд (Netherland), ал халық ауызында Голландия (Holland) деп аталатын жер көлемі жағынан шағын - небәрі 41 мың шаршы шақырым елде 16.5 млн халық тұрады. Халқының саны жағынан Қазақстанмен шамалас болғанымен жер көлемі жағынан 65 есе кіші бұл ел Қазақстанға ең көп инвестиция құйып отыр. Статистикалық дерек, мәліметтер бойынша Голландия Қазақстан экономикасына басқа елдерге қарағанда ең көп, яғни 11.8 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция құйған көш бастаушы ел.
Нидерланд (Netherland) деген «төменгі жер» деген мағынаны білдіреді. Амстердам қаласы - Нидерланд мемлекетінің конституциялық астанасы. Елдегі барлық халықаралық ұйымдар мен шетел елшіліктері Гаага (Thе Haaga) қаласында орналасқан. Амстел өзені жағасына жайғасқан және көптеген су арналары қала ішіне тарайтын Амстердам қаласын әлем саяхатшылары «Солтүстік Венеция» деп тегіннен-тегін атамаса керек. Амстердам қаласының кей бөлігі теңіз деңгейінен де төмен орналасқандықтан Роттердам қаласынан кейінгі ең ірі өнеркәсіп және сауда орталығы болып саналады. Нидерландта әлем таныған көптеген әйгілі суретшілер мен өнер адамдары өмір сүрді. Сондықтан қаладағы Риксмузей, Винсент ван Гог, Рембрандт мұражайлары саяхатшылар назарын өзіне тартатындықтан жылдың қай мезгілінде болсын қала орталығында қаптап жүрген саяхатшыларды көре аласыз. 
Туризм ел экономикасына әжептәуір пайда кіргізеді. Статистикалық мәліметтер бойынша, 300-ден астам қонақ үйлері бар Амстердам қаласын көруге жыл сайын 4 млндай саяхатшы келеді екен. Амстердам қаласына келушілер көбінесе қаладағы тарихи маңызды ескерткіш орындарын аралаумен бірге кешкі Амстердаммен танысуға құмар. Қала орталығындағы ескі, тар көшелерде емен-еркін наша шегіп алған жастарды және әлемнің шар тарабынан келген тәнін сатушы жезөкшелерді көптеп көре аласыз және осы екі көлеңкелі бизнес түрінің шарықтап тұрғанына қала әкімшілігі еш тиым салмайтынын көріп таңданасыз. 
Жалпы Нидерландта және оның астанасында шетелдік иммигранттардың көптігіне қайран қаласыз. Әр көшеден Нидерландтың бұрынғы отары болған Суринам секілді елден келген қара нәсілді адамдарды, оңтүстік-шығыс азиялық инденезиялықтарды, марокколық арабтарды және түріктерді көптеп кездестіресіз. Соңғы кезде қытайлар да көбейе бастапты. Осы шетелден келген иммигрантар арасында 1968 жылдан бастап еңбек күші ретінде Түркиядан келген, 1991 жылдан бастап кәсіп іздеп, оқу-білім іздеп Қазақстаннан келген қандастарымыз да жүр.

Сонымен жұма күні түс ауа «бісмиллә» деп Бешіретханың су жаңа «БМВ» машинасымен Амстердамға қарай аттандық. Жол бойы Бешір екеуіміз Нидерланд мемлекеті және оның астанасы Амстердам қаласы, бұл жақта тұратын қазақтар жайын әңгімелесумен болдық. Нидерланд астанасында тұратын ағайындар менің келе жатқанымнан алдын ала хабардар болғандықтан қазақтардың үлкендері сондағы қазақ қоғамының төрағасы Абдул Кәлемнің үйіне жиналып, бізді күтіп отырыпты. Біз жұма күні түстен кейін шықсақ та қас қарая Амстердамға жеттік. Қазақша амандық, жөн сұрасудан кейін мен өзімнің келген шаруамды қысқаша таныстырып, бірден Нидерландтағы қазақ диаспорасы тақырыбына көштік. 
Нидерландтағы қазақ мәдени қоғамының төрағасы Абдул Кәлемнің айтуынша, 1985-1986 жылдары Нидерландқа 150-дей қазақ отбасы жұмыс іздеп Түркиядан көшіп келіпті. Олар - Түркияның қазақтар тұратын Стамбұл қаласынан, Измирден және Алтайкөй ауылынан көшіп келген Керей қазақтары. Кейін сол қазақтардың көбі қайтадан Түркияға, ал қайсыбірі Францияға көшіп кетіпті. Себебі, голланд немесе ағылшын тілдерін білмеуі, жергілікті жердің заң-закондарынан хабарсыз болуы және үй-баспана мен дұрыс жұмыс табылмауы, сондай-ақ жергілікті әкімшілік орындарының қазақтардан түрлі құжат қағаздарды талап етуі және балаларын оқытуға қатысты қиындықтардың болуы олардың қайта қайтуына себеп болса керек. Сол қиындықтарға шыдап, кері көшпеген қазақтар Нидерландта қалып, өмір сүріп жатыр. Бүгінгі күні олардың саны 30-40 шақты отбасын құрайды. Егерде әр үйде орташа есеппен 2-3 бала бар деп есептесек Нидерландтағы қазақтардың саны 120-160 адам шамасында. Осында қалғандарының бәрі Нидерландтағы түрлі киім тігу фабрикаларында жұмыс істеген. 
Нидерландтағы қазақтардың үлкені 68 жастағы Абдулла Уақап Қыран және 65 жастағы Ысқақ Шоқгүленнің айтуларынша, алғаш Голландияға жұмыс іздеп Жеңіс Ораш деген руы найман Түркия қазағы келіпті. Одан кейін 1983 жылы Ейіп Ақай, Мұқылес Салихылы, Рафик Байдалы, Қахарман Қадырәлі деген 4 қазақ келіпті. Одан 1986 жылдан кейін қазақтар көбейген. Алайда бұл қазақтар Нидерландқа ешкімнің шақыруынсыз өз беттерімен келгендіктен Нидерланд үкіметі оларды жақсы қабылдамаған. Сондықтан 14-15 жыл бойы Түркия азаматы паспортымен жүріп-тұруға тура келген. Үкіметтен ешқандай әлеуметтік көмектер ала алмағандықтан өз күштеріне сеніп, кез келген жұмысты істеулеріне тура келген. 15 жыл өткеннен кейін барып Нидерланд үкіметі оларға азаматтық берген. Содан бастап тұрмыс-тіршіліктері жақсара түскен. Үкімет оларға үй-баспана берген, кейбірі өздері сатып алған. Ең негізгісі жұмысты болып, жұмыссыздары үкіметтен әлеуметтік көмектер ала бастаған. Балаларын оқыту проблемасы шешіліп, қәзір бәрінің балалары ағылшынша немесе голланд тіліндегі мектептерде және қайсыбірі жоғары оқу орындарында оқып жүр. Мысалы, Абдул Кәлемнің қызы Мехреб Амстердам университетінде оқиды. Абдулла Қаражігіт есімді тағы бір қазақтың қызы Амстердам университетінде оқып жатыр. 
Оқу демекші, 1991 жылдан кейін Қазақстаннан халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен, Еуропа одағының «Ерасмус Мундус» секілді халықаралық бағдарламалармен келіп оқып жүрген қазақ жастарының саны да көбейген. Өзі «Ерасмус Мундус» бағдарламасымен Амстердам университетіне оқуға келген түркістандық Гүлдана есімді қарындасымыз Амстердамда тұратын Уәли Бишер есімді қазақ жігітімен бас құрап, қәзір сонда тұрып жатыр.Оның айтуынша, өзі секілді Қазақстаннан келіп оқып жүрген қазақ жастарының саны 20-30 аралығында. 
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Гаагадағы Қазақстан елшілігі бұндағы қазақтарға қазақ тіліндегі кітап, журналдар таратып беріп тұрады бірақ олардың көбі кириллше әріп танымайтындықтан бұларды оқи алмайды. Ең дұрысы кітап, журналдар латын қарпінде болса жақсы болар еді» дейді Гүлдана. Амстердам тұрғыны Фатма Ұлықпанқызының айтуынша, жалпы голландықтар - қазақ секілді кең мінезді келетін халық. Шетелдіктерге іші тарлық жасамайды. Шетелдіктердің салт-дәстүр, мәдениетін аса сыйлайды. Араласатын голландық көршілері қазы-қарта, бауырсақ секілді қазақтың тағамдарына қызығатынын айтады. Нидерландта адам қартаю проблемасы бар болғандықтан үкімет шетелден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға барып отыр. Нидерландықтардың өздерінде 1-2 бала болса қазақтарда 4-ке дейін балалары бар. Нидерландта тұратын қазақ диаспорасы бір-бірімен тату, біркелкі деңгейде өмір сүріп жатыр деуге болады. Іштерінен шыққан бірен-саран бизнес адамдары да бар. Солардың бірі Айдын деген жас жігіт пицца дайындайтын асхана ашқан. 
Абдул Кәлемнің айтуынша, 1986 жылдары келген қазақтардың көбі қазір үкіметтен беретін зейнетақыға қарап жұмыссыз отыр. Бұған дейін оның Стамбұл қаласында нейлоннан киім-кешек тігетін кішігірім цехы болған. Әкесі қайтыс болған соң Амстердамға келіп, киім-кешек тігетін түрік фирмасында тігін цехын басқарып тұрған. Ол бір жылдары Түркия қазақтары арасынан Түркияның әйгілі «Галатасарай» футбол командасында ойнапты. Соңғы жылдары перде тігетін цехта біраз жылдары жұмыс істеп тұрып, зейнетке шыққан. "Қазір арзан қытай перделері көбейіп кеткендіктен перде тігіп сату бизнесі жүрмей қалды" дейді ол.
Амстердамда тұратын қазақтар дінге берік. Бес уақыт намазын өтемесе де жұма намазынан қалмайды. Біз барардан бұрын амстердамдық қазақ Абдулла Қаражігіт және әйелі Халима екеуі қажылық парыздарын өтеп келіпті. Қажы Абдулла Қаражігіттің айтуынша, Амстердам қаласында шамасы 50-дей мешіт бар. Қазақтар көбінесе жұмалық намаздарын өтеуге түрік мешіттеріне барады. Қазақтар аптасына бір рет қала әкімшілігі берген қоғамның мәдениет үйінде кездесіп тұрады.
Амстердам қаласының гүл өсіретін фермасында жұмыс істейтін Мансұр Қаражігіттің 12 жастағы ұлы Елісхан Түркияда өткен, Құранды мәнерлеп жатқа орындау сайысында жүлделі орын алыпты. Баласының осы дарынын ары қарай дамытып, дін оқуының жоғарғы курсын оқытсам деп армандайды әкесі. Тарихта қызғалдақ гүлінің отаны Қазақ жері деп аталады. Осы гүлдің ұрығын Нидерландқа апарып, бүгінгі күні әлемде үлкен бизнес көзіне айналдырған голландықтар сиыр сүтінен жасайтын ірімшіктерімен де мақтана алады. Мансұрдың айтуынша, Нидерландта арнайы өсірілетін қызғалдақ гүліне деген сұраныс өте күшті. Гүлді ең көп сатып алатын елдің бірі Ресей көрінеді. Польша, Түркия, Румыния және Қазақстан да «голланд қызғалдағын» сатып алушы елдер. Міне, қараңыз, табиғат өзі бізге ғана сыйлаған осы қызғалдақ гүліне ие бола алмай, сонау Еуропа түкпірінен қаншама қаржы жұмсап, қайта сатып алып жатырмыз. Бұған не деуге болады?Ешнәрсе айта алмаймыз. Кезінде Азия даласын құлпыртқан осы қызғалдақ гүлдің құдыреті ме, кім білсін, Амстердамдағы басқа қазақтардай емес, Абдулла Қаражігіт - қала шетінен 3 қабат жақсы үйді сатып алған қазақ. 
Осы жолы Нидерландтағы өмірдің Германиядан да қымбат екеніне көзім жетті. Осындағы қазақтардың көбі үйлерінде қазақша, не түрікше сөйлеседі. Ал "Алдағы уақытта осы елде тұра бересіңдер ме? Жоқ әлде Қазақстанға, не Түркияға көшесіңдер ме?" деген сұрағыма көпшілігі "Бала-шағамызды оқытып, тұра беру ойымызда бар, бірақ жағдайымыз қиындай түссе амалсыз не Қазақстанға, не Түркияға қарай көшеміз" десті. Қазақстаннан келетін кейбір бизнесмен қазақтарға көмектесіп тұрамыз дейді олар. Ал Қазақстаннан Нидерландқа жұмыс, кәсіп іздеп келген кейбір қазақ отбасыларымен араласып тұрамыз, ал көпшілігі онша араласпайды дейді. "Себебі неде?" деген сұрағыма олар «Өмір сүрген елдеріміздің өзгешелігінде, біз өз арамызда түрікше сөйлесіп кетеміз, ал олар өз араларында орысша сөйлеседі екен» деген жауап берді.
Биылғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын Нидерландтағы қазақтар алдағы мамырдың 23-24 күндері Амстердам қаласында өткізуге қызу дайындық жасап жатыр. «2015 жылғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізу біздің мойнымызға жүктелген. Сондықтан құрылтайдың дайындық жұмыстарын бастап қойдық. Жас футболшылар доп ойнайтын футбол алаңына, қонақтарға арналған екі қонақ үйге, концерт залына тапсырыс беріп қойдық. Амстердамда тұратын қазақтардың әрқайсысына өз міндеттері жүктелді» дейді қоғам төрағасы Абдул Калем. Мысалы, Амстердам қаласының гүл өсіретін фермасында жұмыс істейтін Мансұр Қаражігітке Қазақстандық қонақтарға арнап гүл шоқтарын дайындау тапсырмасы беріліпті. Міне, Нидерландта жүрген азғана қазақ ағайындарымыз осылай Еуропа төрінде алаңсыз, еркін өмір кешіп жатыр.

Алматы-Берлин-Амстердам.

 

Abai.kz 

 

Дереккөз: http:baq.kz

0 пікір