МЕМЛЕКЕТТІҢ ГҮЛДЕНУІНЕ БӘРІМІЗ МҮДДЕЛІМІЗ!
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының Төрағасы
Қ.К.Тоқаевқа
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Өзіңіз жақсы білесіз, атамыз қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Жаманның жамандығын айт, құты қашсын!» деген керемет сөз бар.
Басқаны былай қойғанда, Сіздің Сыртқы Істер министрі, ҚР Премьер-министрі болған жылдарыңызда Елбасы жолға қойған Көші-қон саясатының дұрыс жүргізілуіне, алыстан келетін қандастарымыздың шетелден виза рәсімдеу, елімізге келіп құжаттану жағында сіңірген еңбегіңізді біз бұл күнде сағына еске аламыз, аузымыздың суы құрып айтып жүреміз.
Сіздің кәсіби дипломаттығыңыздың, қытай тіліне жетіктігіңіздің арқасында, көп кедергілер шешіліп, Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың Атажұртқа оралуына жақсы жағдай жасалды, даңғыл жол ашылды...
Тіпті, сол елде туып өскен, оқыған біздің өзіміз Сіздің «Беласу» кітабыңыздың «Аспан астындағы дауыл» атты тарауын оқығанда барып, Қытайдың бізге құпия болып келген көп сырын білдік қой!
Бірақ, осы Елбасы бастаған, өзіңіз атсалысып қостаған этникалық қазақтардың атамекенге оралуына қатысты мәселеге кедергілер көбейіп отыр. Алдымен 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» Үкіметтің №791 қаулысының күшін жойылып, мемлекет тарапынан әр жылы 20 мың отбасыға деп бөлініп келе жатқан квота пышақкесті тоқтады. Одан беріде, 2012 жылы 28 наурызда №362 Қаулы қабылданып, келушінің «Сотталмағандығы» туралы анықтама алу және «Шығу парағы» деген талап қойылды. 2011 жылдың 22 шілдесінде Президент қол қойған, 16 тамыздан бастап ресми қолданысқа енген №478 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында: «Сондай-ақ, Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса» - деген батпандай бап жол ортадан алынып тасталды. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір жиналысында Елбасыға жазушы Смағұл Елубай арқылы айтқызып, «түсіп қалған» мәтінді 17 күнде қайта қалпына келтірттік...
Жүз жасағыр ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» деп, Қазақ көшін бұрынғы арнасына салмақ болып, тапсырма беруін ғой, берді!
Сол заң жобасын қазір Мәжіліс талқылап жатыр. Алла қаласа, жақында Сенатқа да барады.
Бірақ, Қытай қазақтарынан талап етіліп отырған ЕКІ АНЫҚТАМА бұл Заң аясында емес, тек Үкімет қаулысы арқылы күшін жояды не өзгертіледі екен. Бес бірдей сенатор хат та жазды, бірақ Үкімет әлі үнсіз. Осы №111 Қаулыдағы ЕКІ АНЫҚТАМА құжатты шетелге шығатын азаматтарына Қытай үкіметінің бермейтінін, ол туралы арнайы қабылданған заң-ережелерінің бар екенін Премьер–министр К.Мәсімов өте жақсы біледі. Демек, Үкімет оны өзгертуге, қазақтардың келуіне жол ашуға тым ынталы емес. Уәждеріне қарағанда, Үкімет «ЕКІ АНЫҚТАМА» құжатты шеттен келетін қандастарымыздан «Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатына» талап етіп отыр екен.
Сонда әр жылдары Үкіметті басқарған С.Терещенко (1991-1994), Ә.Қажыгелдин (1994-1997), Н.Балғымбаевтардан (1997-1999) бастап, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіңіз (1999-2002), кешегі Иманғали Тасмағамбетов (28.01.2002-11.06.2003) пен Д.Ахметовке (2003-2007) дейін алыс-жақын шетелдерден тып-тыныш, жым-жырт келіп Қазақстан аумағына қоныстанып жатқан оралмандар, бүгін аяқ астынан кедергіге ұшырады?
Шетте тарыдай шашырап жүрген қандастарымыздың ұлтаралық достық пен қоғамдық тыныштықты сақтаудағы сауаттылығы мен еңбегіне, тіпті, Елбасымыздың өзі дән риза!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден өтінеріміз біреу-ақ: Үкіметтің №111 Қаулысындағы ЕКІ АНЫҚТАМА құжатты шетелге шығатын азаматтарына Қытай үкіметінің бермейтінін, ол туралы арнайы қабылданған заң-ережелерінің бар екенін ескере отырып, ол талаптарды алып тастауға үлес қосуыңызды сұраймын. Ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасының гүлденуіне бәріміз мүдделіміз және осыған аянбай еңбек етуге дайынбыз.
Ауыт МҰҚИБЕК, ақын.
24.02.2015.
Астана.
Абай.kz