Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 6389 2 пікір 23 Ақпан, 2015 сағат 13:08

ФЕТИСОВ «ПІРІМІЗ» БЕ ЕДІ?

Жақында Форт-Шевченко қаласында болғанымда Т.Г.Шевченконың паркінде көрген бір ескерткіш-тақта ойымнан шығар емес. Соны жарыққа шығарып жеңілдеп қалмасам, сөйтіп, ақыры бастаған екем, не де болса аяғына дейін жеткізіп, Фортқа қатысты тақырыптың нүктесін қоймасам болмас...

Айтпағым Фетисов А.И. туралы. Фетисов деген кім?

Мен бұрынырақта ол туралы жазып едім, қысқаша еске сала кетсем - ол бұрынғы ақ гвардияшыл, патшалық Ресейдің офицері. Кейін большевиктер жағына өтіп, НКВД-ға қызметке орналасқан, Гурьев облыстық НКВД бастығының орынбасарлығына дейін көтерілген. Адай жасақтары 1918 ж. талқандаған атаман Толстовтың армиясының кегін алу мақсатында Маңғыстау халқына орасан зор зәбір көрсеткен қанішер. Онысын білдіртпей жымысқы әрекеттермен, совет үкіметінің атын жамылып жүргізіп отырған, "халық жауы" деген желеумен, халықтың саяси сауатсыздығын шебер пайдалана отырып, қаншама жазықсыз адамдардың көзін жойған.

1928-1931 жылдарғы ашаршылық пен зорлық-зомбылыққа шыдамаған Маңғыстау халқы көтеріліске шығады, оны қызыл армия жасақтары аяусыз басып-жаншиды. Амалы таусылған халық беті ауған жаққа кете бастайды. Енді үкімет жасақтары көшкен елдің соңынан қуып, қырып-жояды. Осындай жасақтардың бірін Фетисов басқарған.

...1931 жылдың 24 тамызы күні осындай көштің бірін Фетисов отряды қуып жетіп, атыс болады. Бала-шағасын сай-салаға жасырған ауылдың ер-азаматтары қолда бар қаруларымен отрядқа қарсылық көрсетеді. Атыста ауыл ақсақалы, медет Өткілбай батыр қайтыс болады. Отряд пен қарсыласушылар арасындағы ашық жерде жараланып жатқан әкесіне көмекке Өткілбайдың қызы Асылзат бораған оққа қарамастан тұра ұмтылады. Әкесіне жетуін жеткенмен, құтқаруға шамасы келмей, ол да оққа ұшады. Ағасы мен қарындасының өлімін өз көзімен көріп тұрған медет Нұрғали мерген, "қап, бәлем, бекінген жеріңнен бері шығып, оқ жетер жерге келсең" деп тістенумен болады. Күн бесінге таяй бере, Фетисов үстіне "максим" пулеметі орнатылған машинамен, 7-8 әскерімен көтерілісшілерге қарай жүреді, ақыры оқ жетер жерге келгенде Фетисовты Нұрғали мерген атып түсіреді. Отряд оның денесін сол жерге көміп кеткен. Сонда Фетисовтың жерленген жері - Қараған-Босаға жеріндегі бір сайдың басы.

Енді совет өкіметінің не жасағанын, не жасатқанын қараңыз: осы қанішер жауызды жатқан жерінен, көрінен қазып алып, Форттағы паркке арулап жерлепті, басына ескерткіш-тақта орнатыпты.

"Кулак бандаларымен соғыста қаза болған" депті. Сондағы кулак деп отырғандары - біздің ата-бабаларымыз, бар жазығы - "қайтсем ұрпағымды аман сақтап қаламын, мына жауыздардың тырнағынан қалай құтқарамын" деп шыр-пыр болған қайран бабалар...

Мына сұмдықты көргенде... ызаландым, қатты қорландым, өзімді өте жайсыз сезіндім.

Біз ақыры деколонизация жарияламадық, бұрынғы коммунистік кезеңді айыптамадық. Әзірге бұл бағытта ештеңе де болмайтын сияқты, өйткені, басшылықта СОКП мүшелері (Саяси Бюросын қоса алғанда) мызғымастан отыр.

Не істеу керек? Білмеймін, басым жетер емес... Бізді қойшы, кетерміз, жастарға обал болды-ау...

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ.

Абай.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315