Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9141 1 пікір 19 Ақпан, 2015 сағат 11:28

ҚАНДАСТАР НҰРЕКЕҢДІ АССАМБЛЕЯДАН АЛПЫС ЕСЕ АРТЫҚ ҚОЛДАЙДЫ!

;feature" type="application/x-shockwave-flash">;feature" />;feature" />

 

Қазақ көшінің жолын қайта ашайын деп тұрған Алланың бұйрығы шығар, менің қолыма 20 минуттық видео жазба келіп түсті.

Видео-жазбада қасиетіңнен айналайын Нұркеңнің - Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002-жылы қазан айында Түркістан қаласында ашылған Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында сөйлеген сөзінің соңғы бөлегі жазылыпты.

Қиыр жайлап, шет қонған туыстардың Тәуелсіздігін өз қолына алған Атажұртына келіп, Көк тудың астында өз Елбасы мен Елтаңбасына жоқтай жанған жанарларын қадап тұрып, оң қолын кеуделеріне қойып, айбынды Әнұранын шырқап тұрған ғажап бір сәт еді бұл!

Көріп отырып, көңілің босайды. «Құдай-ау, бір кезде біз қандай едік?! Қазақ көші осындай да бақытты сәтті бастан кешті-ау!»-деп булығасың!

Я, біздің ардақты Нұрекеңнің алыстағы ағайынға, өз қандасына деген ықылас-пейілі дәл осылай болатын! Әр сөзі ат басындай алтынға тең еді!

Қазақстан Республикасының Конституциясы 40-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға» деп жазылған.

Ата Заңның 64-бабының 1-тармағында «Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды» деп көрсетілген. Ал, 66-баптың 3-тармағында «Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді» деп белгіленген.

Демек, қасиетті Нұрағаның әу бастағы Көші-қон саясаты, әне, көріп отырсыздар, мүлтіксіз, дұп-дұрыс еді ғой!

Сонда, осынау судай тұнық пейілге батпандай балшық лақтырған, оттай ыстық көңілге мүздай су сепкен кім өзі? Қандастарымызға кедергі жасап отырған қандай заң мен қаулы?? Атазаңда көрсетілген міндетін атқарушы билік тұтқасын ұстаған көкелер қаншалықты дәрежеде атқара алды?

Үкіметтің берген нақты мәліметіне сүйенсеқ, Қазақстан қазірге дейін 952 мың қандасын қабылдап үлгеріпті. Бірден тізбелеп отырмай-ақ, оны бес-бес жылға бөліп қарасақ, Ел тәуелсіздігін алған алғашқы бес жылда (1991-1996) келген қандасымыздың саны 104 009 адам екен. Бұл сан – жалпы келгендердің 11 пайызын құрайды.

Үкімет тізгінін Сергей Терещенко (1991- 1994) мен Әкежан Қажыгелдин (1994-1997) ұстаған сонау бір тоқырау жылдары ғой. Соған қарамастан, жүз мыңның үстінде қандасымыз оралыпты.

Тізгін Нұрлан Балғымбаев (1997-1999) пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың (1999-2002) қолына өткен екінші бес жыл мезгілде (1997-2001) 82 335 қандасымыз оралыпты.

Әрине, бұл азаю – пейілдің тарылғанынан емес, экономикалық дағдарыстың салдарынан болғанын ел жақсы біледі. Есесіне, кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлының арқасында қандастарымыздың құжаттану мәселесі барынша оңайлатылды. Виза рәсімдеу және тіркеуге тұру тәртіптері тіпті жеңілдеді.

Сол жеңілдіктердің арқасында Қазақ көшінің АЛТЫН ДӘУІРІ басталды. Үйткені, Қасекеңнен кейін Үкімет басына Иманғали Тасмағамбетов (28.01.2002-11.06.2003) келді емес пе!

Үшінші бес жылда (2002-2006) оралған қандастарымыздың саны 384 106 адамға жетті. Бұл - жалпы келгендердің 40.3 пайызын ұстайды. Қазақ көшінің тарихындағы ең жоғарғы рекорд жаратылды.

Өкінішке орай, Имекең Үкіметте көп отырмады, орнына Премьер-министр болып Даниал Ахметов (2003-2007) тағайындалды. Бекер обалы кәне, Даниал Кенжетайұлы да қандастарының бетінен қаққан жоқ! Қасым-Жомарт қалыптастырып, Иманғали кемелдендірген игілікті шаруаны одан ары жақсы жалғастыра білді!

«Сұмырайдың келіп, судың құруы» 2007-жылдан басталды. Төртінші бес жыл саналатын 2007-2011 жылдар аралығында оралған адам саны 308 832. Бұл көрсеткіш жалпы оралғандардың 32.2 пайызы. Иманғали Нұрғалиұлы кезіндегіден 8 пайыз аз!

Бұл – қайта көрім ғой, 2012 жылы келгендердің саны 80 617-ге бірақ құлдыраған. Манағы 40.3 пайыз 8,3-ке күрт төмендеп кеткен! 2013 жыл мен 2014 жылды, көз алдыларыңызда тұр ғой, айтпай-ақ қояиын...

Видео-жазба мен осынау көрсеткіштерге қарап отырып, Ішкі істер министрлігі мен Үкіметтің бүгінгі істеп отырған иттігіне (бірі дайындап, екіншісі қол қойған №111 Қаулы айтам) ит жының ұстайды. Тіпті ашуға булыққанда, Алла өзі кешірсін, тура шымкентше жібергеніңді де байқамай қалады екенсің ғой!

Біз Серік Ахметов қол қойған Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы №111 Қаулы айтып шулап жүрміз ғой, оның басы 2012 жылы 28 наурызда К.Мәсімов бекіткен №362 Қаулыдан басталған. Ел білетін «ЕКІ АНЫҚТАМА» сонда пайда болған!

Көшті ит қосып тоқтатқаны аз болғандай, қандастарымызға жаппаған жаласы мен жақпаған күйесі қалмады ғой!

2007 жылы басталған әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде ел ішін аралап шыққан Нұрсұлтан Әбішұлына ауыл адамдары «Сендер «дағдарыс-дағдарыс» дейсіңдер, сол дағдарысты біз тіпті сезініп те отырған жоқпыз» деп дұрыс айтқан. Қазақстанда экономикалық дағдарыс болған емес, болмайды да. Болған күнде де ол қалпына келетін дағдарыс. Ал, екінші қайтып орнына келмейтін бір дағдарыс бар. Ол – шетте жүрген бес миллион қандасымыздың ұлтсыздануы!

Құдайға тәубе, міне, сол 2002 жылдардағы пейіл мен ықылас біртіндеп қалпына келу алдында тұр. Елбасымыз өте көрегендік танытып, өткен жылы (04.05.2014) Үкіметке қайтадан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №1026 тапсырма берді. Шеттегі қандастары да сол момын, еңбекшіл қалпынан өзгерген жоқ, Нұрекең риза болған ұлтаралық қатынас пен қоғамдық тыныштықты әлі күнге дейін сары алтындай сақтап келеді.

Осы 13 ақпан күні Мәжілісте жұмыс тобы бекітіліп, сол Заң жобасының тұсаукесері өтті. Енді қос палатада талқыланып, толықтырылып, алдағы күндерде Президенттің қол қоюына жіберіледі деп күтілуде. Жиналысқа үш-төрт жігіт қатынасып, жақсылықтың куәсі болдық. Жұмыс тобының жетекшісі - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қазақтың аймаңдай қызы Гүлнар Сейітмағанбетова ханым. Топта Алдан Смайыл, Нұртай Сәбильянов, Алмас Тортаев, Бақытбек Смағұлов бастаған жақсылар мен жайсаңдар бар көрінеді... Біз үш жігіт осы жұмыс тобына ендік. Беталыс, ынта жақсы...

Атың өшкір ЕКІ АНЫҚТАМА бұл заңның емес, заңнамалық тұрғыдан Ішкі істер министрлігі дайындап, Үкімет бекітетін Қаулының құзырында шешіледі екен. Ол жақтан құры «зерделеп жатырмыздан» артық әзірге тырс еткен сыбыс жоқ!

Кешелі бері Қазақстан халқы ассамблеясы жағынан 2015 жылы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс түсіп жатқан көрінеді. Негізі, бұл ұсынысты бірінші болып біздің – шеттен келген ағайындардың жасайтын жөніміз бар еді. Әне-міне деп Көші-қон заңының, тұрақты тіркеу мен азаматтық алудың әлегінде жүргенде, Анатолий Башмаков алдымызды орап кетті. Жарайды. Келесі кезекті қолдан жібере қоймаспыз.

Егер, шынымен де биыл мерзімінен бұрын президент сайлауы өтіп жатса, Н.Назарбаевтың шаппай-ақ бәйге алатынына ешкімнің күдігі болмасын!

Жаңа Көші-қон Заңы тез қабылданып, азаматтық алу мәселесі шешіліп жатса, Қандастар қауымы Нұрекесін ассамблеядан алпыс есе артық қолдайтынына дау жоқ!


Ауыт МҰҚИБЕК.


Астана.


Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385