Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 12635 2 пікір 19 Ақпан, 2015 сағат 10:13

«КӨП ӘЙЕЛ АЛУ» ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНУЫ КЕРЕК ПЕ?

Интернетті ақтарып отырсам, орыс тілді БАҚ –тар да тоқал туралы мәселені мысқылдап қозғап отыр екен. Оларға бұл тақырып қазақты мазақ қылу үшін керек, ал қазақ тілді баспасөз бұл туралы түк білмегендей кейіп ұстанғаны жөн.

Қазір әйелдерге «қатын» десең баж ете қалады. Саған ала көзбен қарап «мәдениетсіз, дөрекі» деп, сөгіп салады. Бұл сөздің соншалықты жеккөрушілікке ұшырауына не себеп? Кеңес Одағы орнап, коммунистер билікке келгеннен соң «бай» мен «қатын» деген сөзге қарғыс айтылды. «Бай-манаптардың қолданған сөзін қолданбаймыз, жаңа заман құрып, жаңа сөздер ойлап табамыз», - деген советтердің жаңашылдығы «қатын» сөзінің орнына «әйел» сөзін қолданысқа зорлап енгізді. Қазақ халқы атам заманнан өз ұлтынан алған сүйікті жарын «Қатын» деп өзге ұлттардан тартып алған, жаулап алған, сатып алған, тұтқынға алған жарына «әйел» деп, кейде «тоқал» деп кемсітіп айтатын болған. Кеңестік ақын-жазушылар мен қырағы аудармашылар төңкеріске дейін қазақтың қисса-дастандарында, батырлар жырындағы, ауыз әдебиетіндегі араб, латын әріптерімен жазылған қазақ шығармаларын орыс әрпіне қайта көшіріп жазғанда да «қатын» деген сөзді «әйел» деп, байлардың екінші-үшінші кішіжарларын кемсітіп «тоқал» деген сөзге ауыстырып отырды. Бір ғасырда үш рет әліпбиін алмастырған тіліміздің қай бір жаны қалды дейсің? Лингвист, профессор Рахманқұл Бердібаев ағамыз: «Қазақтың 18 мың сөзі бұзылды» дегені еш дәлелдеуді қажет етпейді. Жұма-Назар Сомжүрек ағамыз «тоқал» сөзін қолданбай «Кішіжар» деп атауы, өте орынды ұсыныс. Ата-бабамыз қазақ ұлтынан алған екінші, үшінші жарын осылай атаған.

2007 жылы Парламентте «Неке және отбасы» кодексі талқыланғанда сол дау-дамайдың ішінде мен де болғанмын. Бұл заңды талқылағанда, бір өкініштісі, екінші әйел алу жөнінде парламент мінбесінен айтылған да, қаралған да жоқ. Депутаттар жәй өзара отырғанда әңгіме болғаны рас.Тек сол күні кешке 31 канал; «екі әйел алу жөнінде ұсыныс өтпей қалды» деп өтірікті соғып жіберді. Журналист бір-екі депутаттардан сұхбат та алып жұртшылықты алдап соқты. Мұның арты гулей жөнелді...

Біздің ауылда «провакатор»-«арандатқыш» деген кішкентай қанден ит болады. Үйдің жанынан мал ма, адам ба, жыбырлаған бірдеңе өтіп бара жатса бетімен шәуілдеп шыға келеді. Оның дауысын естіген басқа иттер де ештеңе көрмесе де алақтап-жұлақтап бетімен абалап шаба жөнеледі. Орыс тілді газеттер осылар сияқты жаңағы өтірікті іліп әкетіп, қазақ халқын, оның асыл салт-дәстүрін кекетіп-мұқатып, екі әйел алғандарды мазақтап, айыздары қанғанша келекеледі. Бір қызығы, біз, қазақтар, «екі қатын алу керек пе, жоқ па?» деп улап-шулап жүргенде ауылымыздың орысы Сергей екі қатын алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Алғашқы жарты жылда ауыл үшін әңгіме, ермек болды. Кейбір отбасында ұрыс-жанжалдың көзіне де айналады. Күйеулерінен күдіктенгіш секемшіл әйелдер кешігіп келген күйеулеріне: «тоқал іздедің бе, қайда жүрсің» десе, басқамен бөліскісі келмейтін кейбіреуі күйеуімнен айырылып қалармын деп «жаным, жұмыстан шаршап келдің ғой, тамағың даяр» деп балаларының әкесі, өзінің жары екенін енді біліп бағалай бастады. Кейбір еркектер әйелі айтқанын істемей қойса; «тоқал алып көзіңе көк шыбын үймелетемін»,- деп сес көрсете бастады. Ал, Сергей ауылға шешесін, бәйбішесін, екі баласын қойып, жас тоқалымен қалада тұрып жатыр. Әр жексенбіде жас келіншегімен, одан туған кішкентай баласымен келіп, бүкіл отбасымен бір үйде тұрып, бақшада көкөніс өсіріп, күліп-ойнап, бәйбішесімен де «аунап-қунап», ауыл әйелдері мен еркектерінің ішін күйдіріп жүр. Көре алмаған әйелдер қызғаныштан үй аралап, Сергейдің ауылдағы бәйбішесін: «ол қатын шошқа тағалап жүр дейсің бе, ашынасы бар ғой» деп байыз таппай тыпыршып, өсектеп кояды. Әсіресе, кеңес заманында парткомдарға арқа сүйеп, еркектерді телпек қылған әйелдер: «Шіркін, Кеңес Одағы болғанда екі әйел алғаны үшін мына сүмелектерді ит жеккенге айдап, түрмеде шірітер еді» деп, «гендерлік саясатты» бар бақыты санайтын белсенді әйел тісін қайрап қояды. Ал, Сергейдің үйінің жанынан өткен еркектер тәтті қиялдарға беріліп, көздері жайнаңдап, алдағы күндеріне «зор үмітпен» қарап, жымиып қояды. Осы орысқа заң керек болды ма, жоқ. Сондықтан әзір қазаққа да керегі жоқ. Өйткені, қазіргі қазақтың кешегі құлдық санадан құтыла алмай жүрген жетпіс пайызының психологиялық қабілеті оны қабылдауға әлі дайын емес. Жетпіс пайыз қазақтың жартысы - орыстанған қазақ. Ол жартының жартысының өзі - тілі қазақ болғанмен санасы уланған байғұс қазақ. Қанша жылдық отаршылдықтың зардабы олардың да санасын тұмшалап, еңсесін езіп жіберген. Сонда қалғанының қолынан не келер дейсің. Күші, байлығы, билігі бар қазақтардың көбісінің бойында ұлттық, мемлекеттік мүддені ойлау, ойына да келмейді. Осыдан бес жыл бұрын Шешенстандағы шешен әйелдері бір ауыздан: «байларымызды, балаларымызды орыстың әскерлері қырып салды. Солардың орнын толтыру үшін шешен ұлдарын туымыз керек. Тірі қалған шешен еркектеріне төртінші, бесінші болып тисек те шешен халқын көбейтіп, ұлтымызды сақтаймыз» деп күндестікті, надандықты қойып, жаппай кішіжар болып күйеуге тиіп жатты. Ал бізде, парламенттің бұрынғы депутаты Бақыт Сыздықова «Еркектер көп әйел алса, әйелдер көп байға тисін» деп ойбай салып еді. Егер алда-жалда парламентте екі әйел алу жөнінде заң қабылдай қалса, қазір ол қазаққа жұмыс істемейді. Керісінше, орасан зияны тиіп, қазақ халқына орны толмас өкініш әкеледі. Сыртқы да, ішкі де жауларымыз осы заңның қабылданғанын күтіп отыр. Қабылданған күннің ертесіне іштен, сырттан шыққан жаулардың қаржыландыруымен мыңдаған «Әйел құқығын», «Бала құқығын», «Әйел теңдігін қорғау» ұйымдары тарақанша қаптап, бүкіл ақпарат құралдары өзіміздікі бар, сыртқы жаулардың орыс тілдісі бар ермегі біздің әрбір тату-тәтті тұратын екі әйелі бар отабсыларының шаңырағын ортасына түсіріп, соны жерден жеті қоян тапқандай, балаларын бақытсыз, әйелі қорланған, зорланған, азаптанған, құқығы аяққа тапталған қылып көрсетеді. Кішіжарды арандатып, ажыратып сосын олар үшін арнайы бейімделу орталықтарын ашып, «қол ұшын» беріп әлемге күніне мың рет жарнамалап, өсіп келе жатқан ұл мен қыздардың санасына жиіркенішті етіп көрсетіп, қазақ жастары қазақ болудан қашады. Өз ұлтының салтын, дәстүрін, дінін жек көретін болады. Ішкі саясатымыз тұрмысқа шықпаған қызымыз бен ажырасқан әйелдерімізді екі әйел алмайтын өзге ұлттарға байға тисе бақытты өмір сүріп, балалары сорлы болмайтын қылып көрсетеді. Өзге ұлттардың сорлы, алаяқ, ұры-қары, алқаш, жаман-жәутіктеріне дейін қазақтың бай, биліктегі әйелдерін қатын қылып мамыражай өмір сүретін болады. Бұндай сұрқия мысалдардың миллиондаған түрін айтуға болады.

Сондықтан бірінші міндет - қазақтың тоқсан пайызы қазақша жазып, қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын дәрежеге жеткенше екі әйелі бар отбасыларының жақсы жақтарын үнемі арасын үзбей күнде жарнамалап көрсете беру керек, айта беру керек, жаза беру керек. Сосын барып «Көп әйел алу» туралы заңды қабылдауға болады. Дәл қазіргі жағдай да өте қауіпті.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,

 Астана.

Абай.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385