Сенбі, 23 Қараша 2024
Көк тудың желбірегені 6414 0 пікір 19 Ақпан, 2015 сағат 09:54

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖЫЛАНЫ, ШЫРЫЛДАТЫП ШАҚ МЕНІ...

 

Атамекенге аталар аманатын арқалап келген азамат, ағылшын, парсы тілдерінің маманы, аудармашы, ғалым Нияз Тобыш туралы аз-кем әңгімлеп беруді парыз санадық. Нияз ініміздің оралмандар ішіндегі жоғары білімді азамат екенін, Маңғыстау облысында Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде ағылшын тілінен сабақ беретінінен хабарлымыз. Мұсылманшылық жайында, оралмандардың қазіргі жай-күйі туралы баспасөз беттерінде өз пікірін білдіріп те жүрген азамат.

– Иран елінде жетпіс миллиондай халық болса ондағы қазақтардың үлесі өте аз. Елге оралғандар, оралып жатқандары бар, сонда да 700-дей отбасы әлі сол жақта тұрады. Халықтың басынан кешкен небір қиындықтар жөнінен хабарлысыз ғой, аға, оның несін қайталай берейін. Жас болсақ та үлкендеріміздің елім деп еңірегенін көрдік, жерін аңсап жетімсірегенін сездік. Бір-біріне жақын орналасқан үш қаладағы қазақ сәл нәрсені сылтауратып бір шаңырақ астындағы кездесулерге шығатын. Өткен-кеткен әңгіме де айтылар еді, ән де шырқалар еді. Олардың соңы «Туған жерге жетер ме екенбіз?» деген сағынышты арманмен түйінделер еді. Қашан да осы. Біздер сол жақтағы қазақтардың алғашқы сапында жоғарғы оқу біртіргендер едік. Мен, ана Алматыдағы ғалым ағаларымыз – Ислам Жеменей, Ескелді Мұхаммед сол алғашқы шоғырлар едік. Соңынан оқу бітіргендер де болды. Көп болса соның бәрі елу шақты болар.

Өзіңіз білесіз, 1978 жылы Иранда Мұхаммед Риза шах Пехлевиге қарсы Имам Хомейни төңкеріс жасады. Шах билеген тұста Иранға батыстың ықпалы қатты әсер етті. Елде арақ ішу, бұзақылық, ұрлық, бәрінен де дөрекісі жезөкшелік етек алды. Мұсылманшылық әлсірей бастады. Қысқасы, елдің азу, шіру алдындағы мүжәлсіз халін сезген Хомейни ақпанның 11-інде төңкеріс жасады. Бұл дер кезінде жасалған дұрыс қадам еді. Батыстың бір философ-ойшылының кітабынан оқығаным есіме түсіп отыр. Отаршылдық алдына мынадай мақсат қояды екен: барған жерлерінде сол елді, біріншіден, дінінен айырса, екінші, тілінен айырса, үшінші, салт-дәстүрінен аластатса – ол елді бағындыру оңай, өз-өзінен тоз-тозы шығады екен. Себебі, осы үшеуінде отаршылдыққа қарсы тұруға деген күш бар, бұл күштен жұрдай болған ел-қауымның сырты сол да, ал жан дүниесі, ойлауы, іші отарлаушы елдей. Бір сөзбен айтқанда «сырты бүтін, іші түтін». Міне, дәл осы жағдай Иран халқының да басынан өткен, кешегі біздің басымыздан да коммунистік дәуірде өткен жағдайдай. Мен осы төңкеріс кезінде Тегеран университетінің студенті едім. Жетпіс тоғызыншы жылы оқуды бітірдім. Елмен байланыс сәл ертерек, жетпіс бесінші жылдары басталды. Алғаш «Қыз Жібек» пластинкасының келгені есімде. Бір-бірінен ат-түйедей қалап, бұйымшылап сұрап алып, ел болып жиналып тындап отырар едік.

Қариялар бізге елінің ой-шұқырын көргендей, құдығының суын ішіп, сол жақтағы «бір тентектің» үнін естігендей егіліп отырар еді. Елдің астанасы болғасын Тегеранда кеңес үкіметінің елшілігі бар еді. Соған қарасты мәдениет үйі болатын. Көбінде соған барамыз. Бір күні сонда істейтін Алиев деген әзербайжан жігіт осында «Біздің Отан» атты газет бар екенін айтты. Соны алып келіп ауылдағыларға оқып беретінбіз. Араб әрпімен басылса да төте жазуға келгенде кібіртіктеп оқып отырған біздерді қоршай отырған көпшілік қашан аяқталғанша тапжылмайтын. Сол «Біздің Отанға» (кейін «Шалқарға») хат жазатынбыз. Біздің сұрауымыз бойынша кітап, күйтабақтар келе бастады, шетелдегі қазақтарға арнап кириллицаны үйрету әліппесі басылды. Енді том-том болып келіп, тісіміз батпай тұрған кітаптарды оқу үшін жатпай-тұрмай жаңа әліппені үйрендік. «Абай жолы», «Ботагөз», «Балуан Шолақ» кітаптарымен танысу сол кезеңде басталған еді. Оның көп сөздеріне түсінбей де қалатынбыз. Өйткені, біздің сөзіміз, тіліміз отбасылық қарым-қатынастан әрі аспайтын еді. Артынан он томдық түсіндірме сөздік те келді. Осы сөздіктің қазақ тілін тереңірек меңгеруімізге көп септігі тиді.

1988 жылы Иран елі бүгінгі біздер құсап тәуелсіздігінің он жылдығын тойлады. Әр түрлі шаралар белгіленді. Осы кезде маған бір ой келді. Осындағы аз ғана қазақтың басын қосып өнерімізді неге көрсетпеске? Саны көп әзербайжан, түркімендердің көлеңкесінде қала береміз бе? Не де болса нартәуекел деп, қалалық мәдениет басқармасына бардым. Сау болсын, олар қарсылық білдірмей рұқсат етті, тіпті менің сұраған қаржымды да берді. Әй, содан бір жүгіріс басталды. Ертеңгі көрсетер өнерде халқымыздың ұлттық киімдерімен, өз бояу-нәрімен шыққанын қаладық. Бірақ білесіз ғой, аға, арада өткен көптеген уақыт ішіңде қаншама сақтаймын десе де халық өзінің кейбір салттарынан, ұлттық киімдерінен айырыла бастады. Қанша дегенмен парсыларға қарағанда тамшы суындай тым аз едік. Осының қатты әсері болады екен. Қайта біздің бағымызға екі ортада ашыла бастаған байланыстың көп көмегі тиді. Қолымызда жүрген бір «Мәдениет және Тұрмыс» журналының сыртындағы суретке қарап отырып, үйдегі келініңіз бас болып ұлттық киім тікті. Қолдан домбыра жасадық. Шалдарымыз жадында сақталған күйлерін үйретті. Сол ақпанның 11-інен 21-іне дейін созылған мерекеге жан-жақты әзірлендік. Өнерімізді қалада, кейін Мазандаран облыс орталығы Сари қаласында, артынан Тегеранда көрсеттік.

Қай жерге барсақ та жүруге күші келетін қазақтар иін тіресе тұратын. Концертіміз «Елім-ай» әнімен ашылатын еді. Залда көздері боталап тұрған жерлестерімізді көріп, сонау тым шалғайда қалған бізге беймәлім туған жеріміздің, атажұрттың қасиетін сезінетінбіз. Артынан көрші қаладағы қазақтар өз тойларына шақыратын болды. Енді біздер қатарымызға кейбір сөз қадірін терең ұғынатын қарияларды қостық. Олар бата жасайтын, аталы сөздерді айтатын. Ал, біз ұлттық киімдерімізді көпшілкке ұсынатынбыз. Сондағы мақсат: жастарымызды өнерге тарту, салт-дәстүрімізді дәріптеу, сондай-ақ езілмейік, жоғалмайық деген ойы еді.

Еліміз тәуелсіздігін алып, Иранда елшілік ашылғанда ғалым-жазушы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз екі ел арасына дәнекер болып келді. Ағамыз қолы қалт еткенде елді аралайтын, әр үйге бас сұғатын. Аржағы терең адам ғой, көп нәрсеге бас болды, көп нәрсеге көзімізді жеткізді.

1991 жылы маусымда Хомейни қайтыс болғанда жерлеуге, көңіл айтуға қазақ елінен Қалтай Мұхаметжанов, Әбсаттар Дербісәлі ағаларымыз, Фариза Оңғарсынова апамыз бастаған бір топ адам келді. Жеті-сегіз күн солардың қасында тілмаштық қызмет атқарып, мемлекет адамдарымен кездескенде қасында болдым. Еліміздің ұлылығын, туған жердің құдіретін тереңірек сезінуімізге жақсылардың әсері де аз болмаса керек. Біздің қасиетті топыраққа деген сүйіспеншілігіміз ауылдағы қара шалдардың сөзінен, шешелеріміздің күрсіне отырып айтар әнінен басталды-ау деп ойлаймын. Сол жақта ақын ағамыз, руы Қырықмылтық Жарылғап деген болды. Өзі мүгедек, қол арбамен жүреді. Сол айтушы еді: «Әй, сендер маған қарағанда жүргендерің көп, ойларың тереңірек шығар. Бірақ әлі де, мен сендерге бас болуға жараймын. Арбамды итеріп шекараға апарыңдаршы. Аржағындағы туған жерге топ болған денеммен домалап барсам да сеңдерге жол көрсетемін», – деуші еді жарықтық. Арманына жете алмады марқұм. Бері қарай домалауды тағдыр оған жазбапты. Бар қолымнан келгені – аузынан жазып алған өлеңдерін жинақтадым. Түркіменстанда сол кездегі Красноводск қаласындағы қазақ тілінде шығатын жалғыз «Жұмысшы» газетінің бас редакторы Есберген Іңірбайұлы ағамызға хат жазып, өлеңдерін жіберіп, бастырттым. Онда елге деген сағынышы, туған жерге жете алмаған мұңлықтың көз жасы жыр боп төгілген еді.

Менің көшіп келу себебім... Кешегі құдайсыз қоғамда біздің қазекеңнің бірталай құндылықтардан, соның ішінде діні мен тілінен айрылып қалғаны белгілі. Мен бір адамға әліпті таяқ деп үйретсем, бір қазақтың дастарханын арамнан тазартсам деп ойладым, өйткені, неғұрлым тезірек аталарымыз ұстанған дінді бекем ұстамасақ, болашағымыз бұлыңғыр еді. Қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктердің барлығының тамыры біздің ата-баба дінімізден алыстап қалғандығымыздың белгісі. Біздің қоғамдағы тастанды-жетім балалар, жастарымыздың жүрісі, сондай махаббатпен қосылып оп-оңай, кейде түкке тұрмайтын нәрселер үшін ажырасып кетулері... Адам баласы бір нәрседен қорқуы керек. Құдайдан әлде үкіметтен, бірақ біз қазір ешқайсысынан да қорықпаймыз: Құдайдан қорқатын дінді білмейміз, ал, үкіметтен қорықпайтынымыз – оның заңын өзіміздей адам жазған, қашып, оралып өтетін жері көп. Осылардың барлығы кешегі алтын тіреулерімізден қол үзіп қалғанның қасіреті. Дін болмай ел болып кетуіміз, аталар аңсап жеткен азаттықты сақтап қалуымыз қиын болады. Діні бар адам: «Мені бір Құдірет бақылап тұр, шайтан емеспін, ертең өлем, кейін сол Құдіреттің алдында есеп беруге тиіспін», – деп сенеді, сосын ол ала жіпті аттамайды: отбасына адал болу, қоғамға адал болу, сөйтіп, мемлекетке адал, отансүйгіш, ұлтжанды адам болады.

Атамекенге алғашқы көшпен келдім. Мектепте мұғаліммін. Бәлкім, ол жақта жалақым, тұрмысым жақсырақ та болар. Қазіргі қиын жағдай, экономикалық қиындықтар, бәрінің де өтпелі екеніне, ертең бәрі де реттелетініне иманымдай сенемін. Тіпті кейде теледидарды көріп отырып Маңғыстауға келгендердің өзге жерлерден артықшылығын анық байқаймын. Бәріне де үй берілді, алты айдан кейін азаматтығымызды алдық. Әлі күнге дейін азаматтығын ала алмай жүрген адамдар аз емес қой. Форт-Шевченконың 150 жылдық мерекесінде бұрын бірге оқыған досым Сүлеймен Шадкам Мюнхеннен келген еді. Кетерінде қоштасып, жағаға соққан толқынға қарап тұрып айтқан бір сөзі есімнен кетпейді: «Менің қазіргі жағдайым жақсы, Нияз. Бірақ солай бола тұрса да менен сен бақыттысың. Атамекеніңдесің. Еш жер бұған жетпейді. Ал мен болсам алдамшы күй кешіп жүрген жандаймын», – деген еді. Мұңая сөйлеп, күрсіне қоштасқан құрдасымының артынан қарап тұрып күні кешеге дейін осы топырақсыз күн кешкенімді ойлаудың өзі қасірет екеніне көзім жеткен. Есіме Шыңжанда туған қазақ ақыны Жәркен Бөдешұлының бір шумақ өлеңі түскен:

Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені.

Туған жердің жыланы,

Шырқыратып шақ мені.

Туған жердің қасқыры,

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас-құмы,

Сені осылай сүйемін!

Мен аталар аманатымен төрбиеленіп, аналардың сағыныш жасын сіңіріп өскен адаммын. Тәубам да көп, шүкіршілігім де жетерлік. Елімнің керуен көші жолында титтей де болса септігім тисе одан артық байлық та, бақ та сұрамас едім...

 

Жазып алған Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,

жазушы, өлкетанушы.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану

мұражайының бөлім меңгерушісі.

 

Абай. kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383