КЕМЕҢГЕРЛЕРДІҢ АЙТҚАНЫ АҚИҚАТ БОЛА БЕРМЕЙДІ
Газетте жұмыс істейтін менің бір әріптесім бар. Әлем әдебиетіндегі ұлы ақындар мен жазушылар туралы әңгімелескенді жаны сүйеді. Бірақ айтатын әңгімесінің мазмұны «Гете мықты ақын ғой» немесе «Толстой ұлы жазушы ғой» деген мағынадағы жұрттың бәріне белгілі шындықтарды қайталаудан әріге тереңдей алған емес.
Өкінішке қарай біздің баспасөз бетінде жүргізіп жатқан «интеллектуалдық» әңгіме-сұхбаттарымыз да тап осындай таяздығымен қарныңды аштырады. Әдебиетті жүйелі оқымағандықтан, ұлы ақындар мен жазушылардың бойында болатын қайшылықтарды білмегендіктен, дұрысы, олардың шығармаларымен ат үсті танысқандықтан, біз көп шындықты түсіне алмай, оның бетінен ғана қалқып жүрміз.
«Толстой солай айтқан», «Абайдың ойы мынандай болған» деп, өзіңнің жартылай шындығыңды өткізу үшін, кемеңгерлердің пікірін саудаға салатын дәуірдің уақыты баяғыда өткен. Нүктесін басып қалсаң, бәрін де алдыңа жайып салатын интернеттің құлағында ойнаған бүгінгі сауатты оқырманды сіз ондай арзан сөзбен алдарқата алмайсыз. Оның ойы да, жан әлемі де, инттелектісі де күрделенген. Ол Толстой мен Абайдың солай айтқанына қанағаттанбайды, не үшін олардың солай айтқанының себебін түсінгісі келеді. Және барлық уақытта да кемеңгерлердің айтқан пікірлерінің ақиқат бола бермейтінін де ойлы оқырман сізден артық біледі.
Мысалы, әдебиеттегі суреткерліктің де, кемеңгерліктің де биік шыңына көтерілген бірден-бір адам болса, ол - Толстой шығар. Бірақ осы Толстойдың барлық пікірі ақиқат болды деп айта аламыз ба? Жоқ. Шекспир мен Бетховендердің ұлы өнері Толстойдың көңілінен шықпағаны үшін біз оларды күресінге лақтырып тастай алмаймыз ғой. Дәл сол сияқты ұлы Абайдың «Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырауды» соншама сөгіп, жер қылуының себебін қалай түсінеміз? Қайта орыстың отаршылдық саясатына қарсы шығып, ұлтының қайғысына ортақтасқаны үшін Шортанбай, Дулат, Бұхарлар көзі ашық, көкірегі ояу, жүрегінде сәулесі бар кемеңгер Абайдың құрметі мен қошеметіне бөленуі керек емес пе еді. Абайдың жан әлемінің тереңіне бойлау үшін оны құр мақтай бермей, осы шындықтардың астарына үңіле білген де ғанибет. Біз Абайды мақтап-мақтап адам баласының қолы жетпейтін биікке апарып қойдық. Бірақ дәл өзімізден аумайтын «жүрегі инедейін таза емес» адам Абайды қашан ашады екенбіз?
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ.
(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды)