Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5817 0 пікір 30 Наурыз, 2017 сағат 00:39

Жер дауынан кейін әзірленген заң жобасы парламентке түсті

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын жұмысқа қабылдады, - деп хабарлайды stan.kz сайты.

Бұл заң жобасы жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленді.

“Заң жобасының негізгі ережелері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану құқығын берудің айқын тетіктерін белгілеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға тұрақты мониторинг жүргізу арқылы жер пайдаланушылардың өздеріне алған міндеттемелерін бақылауды күшейтуге қатысты. Заң жобасымен мемлекеттік органдарға қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті максималды көлемін анықтау бойынша құзырет беріледі”, — деді мәжілістің жалпы отырысында аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров.

Бұдан басқа, заң жобасында мемлекет мұқтажы, жеке тұрғын үй құрылысының дамуы және ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін жерді алып қоюға мүмкіндік беретін ерекше жағдайлардың тізбесі кеңейтілген. Қорғаныс мұқтажы және ұлттық қауіпсіздік үшін жерлерді берумен байланысты мәселелер де қарастырылыпты. Сонымен бірге, шекара маңындағы аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге талаптар анықталған.

“Жалпы ұсынылып отырған заң жобасындағы нормалар жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялылығының дамуына және ауыл шаруашылығы жерлерін беру жүйесінің ашықтығына бағытталған. Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын”, — деді Омаров.

Айта кетейік, былтыр елімізде жер дауы туындап, халық біраз дүрліккен болатын. Ел азаматтары жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық танытып, бірнеше өңірде шеру де өтті. Осыдан кейін президент жер кодексіндегі бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді. Оның жұмысының қорытындысы бойынша маңызды ұсыныстар әзірленіп, заң жобасы әзірленіп отыр. Комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан Президенті қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317