Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әдебиет 9094 7 пікір 31 Наурыз, 2017 сағат 11:09

Дулат Исабеков. Бонапарттың үйленуі

Бүгінгі "Айтуға оңайдан" Олимпия апаны, Делегат жігітті, Саддам балақайды көргенде есіме еріксіз Дулат Исабековтің "Бонапарты" түсті...

 

"Балаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен «нахал» ешкім жоқ. Олар дүниежүзілік есімдердің қожасындай оның төбесіне шығып отырып алады да, «мынау ананыкі екен, мынау мынаныкі екен» деп бас қатырып жатпай, қайсысы аузына түссе сонысын алып баласына жапсыра салады. Ол есім жақсы ма, жаман ба, қазақ топырағына үйлесе ме, үйлеспей ме, үйлесе қалған күнде дәл соның баласына келісе ме, келіспей ме – онымен ісі де болмайды. Тіпті, сол өзі құрметтеп отырған адам кім болған, не істеген, ұлты қайсы, қазаққа оның қатысы болып па еді, болмап па еді, оны да ойлап бас қатырып жатпайды. Ат па – ат, сондай біреу болды ма – болды, бола ма – болады, басқасының оған керегі шамалы. Тіпті, әлгі адам бүкіл өмірін қазаққа қарсы жұмсап жүріп сарып етсе де ол оның атын баласына қоюдан тайынбайды. Егер он миллион қазақты аралап шыға алсаңыз дүниежүзіндегі барлық ұлттар мен тайпалардың аттарын түп-түгел кездестіре алатыныңызға кәміл сенемін.
Қазақтар үшін дүниежүзілік есімдерді емін-еркін иемдену ХХ ғасырдың 30-60 жылдары аралығында ерекше дамыды. Американың алғашқы президентінен бастап Қараспандағы базарком Оқапқа дейінгі аттар Қазақстанда тың жерлерді игеру науқанындай кең ауқымда емін-еркін игерілді. Дүниежүзілік есімдерді иемдену науқаны барлық үлкен жаңалықтар секілді әр жерде әртүрлі жүрді де, кейбір алыс түпкірлерге тым кеш жетіп, кеш аяқталды. Сол кездегі саяси оқиғалардың тірі көрсеткішіндей Октябрь, Социал, Аврора, Потемкин, Рева, Люция, Коммуна, Стахан, Чапай, Шорс, Роман, Роллан, Максим, Маркс, Энгельс есімді балалар көше-көшелерде құлындай шауып жүрді. Тіпті, бүтін бір мемлекеттер мен астаналардың атына ие боп қалған қара домалақ балалар да аз кездеспейді.
Бүкіл республика шетелдік аттарға біршама тояттап, басын астаудан көтеріп, күйіс қайырып тұрған шақта «Жиделі» колхозына бұл науқан енді ғана жетіп еді. Жалпы, бұл ауылға жаңалық біткен жұрттың ең соңынан жететін әдеті, тіпті, совет үкіметі де Сырдан кешіп өтіп, Алланың уысындағы алыс ауылды табамын дегенше де екі жыл жүрген. Совет үкіметі дегенді бұл ауыл кенеттен естіді. Бес қанат қара үйдің алдында қатпа қара кемпір жайбарақат жабағы жазып отырған, екі атты жерден шыққандай табан асты сау ете қалды. Сау ете қалды да ал кеп бұның аты-жөнін, әкесінің атын, қайдан шыққанын, кімнен туғанын, кіммен тұратынын, саяси көзқарасын, бала-шағасын түп-түгел сұрап шықты. Сұрап болған соң: «енді сіз совет адамы боласыз» деді де, аттарына мініп басқа үйлерге кетті. Қара кемпір түкке түсінбей қалды. Феодализм кезінде түткен жүнін социализм кезінде де жалғастырып, қаннен-қаперсіз отыра берді. Бүтін бір дәуірден бүтін бір дәуірге жүн түтіп отырып-ақ аттап кеткенін ол ойлаған да жоқ. Ертесіне де ойламады, өйткені ойланатындай ештеңе де өзгермеді: сол ауыл, сол адамдар, сол үй, сол жүн, сол тіршілік, сол күлкі, сол мұң.
Тек бір жарым айдан соң ғана бір қараша үй қызыл отау деп аталып, маңдайшасында: «Жолсы билар жасын кедлер» деген ешкімге түсініксіз бір жазу мен орысша боқтай алатын «көзі ашық» мұртты қазақ пайда болды. Әлгі қызыл полатнайда қандай сөз жазулы тұрғанын ол үш күннен соң кешке қарай он шақты қиқы-жиқы адамды жинап алып түсіндіріп берді. Сөйтсе, ол ұран екен. Ұран болғанда да кісінің зәре иманын ұшыратын ұран боп шықты. «Жойылсын байлар, жасасын кедейлер!» Міне, гәп қайда! Ал бұлар осындай үзілді-кесілді саяси ұранның астында үш күн бойы (!) мамыражай өмір сүріп келген!
Жұрт жұмылып іске кірісті де кетті.
Алты күннің ішінде бай жойылып, кедейлер ғана қалды.
Келесі айда ұранның «Жолсы билар» деген жартысы өшіріліп, «жасын кедлер» деген екінші жартысы ғана қалды.
Сөйтіп, бұл өңірде жаңа өмір – кедейлер өмірі басталды.
Сол қатпа қара кемпірдің бүгінгі ұрпағы Әбдәшім қазір осы ауылда падашы. Оның он бір баласы бар, бесеуі қыз, алтауы ұл. Соның алтыншы ұлы, яғни, ұлдан кенжесі туғанда бүкіл ауыл боп оның атын бір ауыздан Бонапарт қойды. Баяғы осы ауылда алғаш пайда болған орысша боқтай алатын мұртты қазақтың бүгінгі ұрпағы бұл баланы осылай атаса өте дұрыс болады деп шешті. Бонапарттың кім екенін біліңкіремей бір топ қиқы-жиқы қазақ дағдарып қалды. «Бонапарт – француз деген елдің патшасы. Олардың күшті әскері болған, бұл соның командирі,– деп дәлелдеді ол ойын. –Немене, балаң Бонапарттай болса тақияңа тарлық қыла ма?»
Баланың әкесі Әбдәшім:
–Тарлық қылмайды ғой, – деп күмілжіді. – Бірақ, тым шетел екен. Осы өзіміздің совет мәмләкәтінен сол сияқты ешкім жоқ па?
–Бар, – деді осы ауылға алғаш орысша боқтауды үйреткен қазақтың тұқымы. – Котовски бар, Шорс бар, Чапай бар. Бірақ олардың бәрі қойылып жүр. Біз ешкімде жоқ жаңасын алайық. Өскесін балаң да бәрімізге риза боп жүрсін.
–Тым шетел екен-ау…
–Несі бар шетел болса! Ұлттық тар шеңберде қалмай кеңірек, биігірек ойлау керек. Олар да біздің аттарымызды алып жатыр ғой.
–Қандай аттарды?
–Бүкіл әмірика мен неміс елін алып қараңдаршы, Конрад деген фамилиядан аяқ алып жүре алмайсың.
–Конрад?
–Иә, Конрад! Ол кәдімгі сіз бен біздің руымыз!
–Қоңырат па?
–Енді қалай? Қоңырат! Қиядағы бір елдер бізді сыйлап, руымызды фамилия қылып алып жатқанда біздің томаға тұйық жатқанымыз ұят емес пе? Олар да ел, олар да мәмләкәт. Бонапарт та бір елдің азаматы. Есіте қалса ұрпағы қуанар, естімесе әруағы разы болар.
Мұртты қазақтың бүгінгі ұрпағы логикалық жағынан жұртты жеңіп кетті де, Әбдәшімнің баласы Бонапарт деп аталды.
Той тойланды, азан шақырылды, ат қойылып, ресми бекіп кетті..."

Жазушы Дулат Исабековтың "Бонапарттың үйленуі" әңгімесінен үзінді.

Әңгімеден үзіндіні алып дайындаған - Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969