Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Бәсе... 5389 1 пікір 6 Сәуір, 2017 сағат 12:01

Кешегі сал серілердің сарқыты - Ерлан сал

Көшпелілердің мыңжылдықтарға ұласқан, Күн түбіне жорытқан даңқты жорықтары тарих қойнауына сіңіп текке жоғалған жоқ, ол сол сахара көшпелілерінің қара шаңырағының иесі – қазақ халқының ой-санасында сақталып, рухани мәдениетіне негіз болды. Сондықтан көшпелілік өмір салты – әскери өнермен біте қайнасқан, сабақтасқан, салаласқан ерекше тұрпатты, төлтума мәдениетті дүниеге әкелді десе де болады.

Соның айғағы «Ақсақ құлан», «Ел айрылған» күйлері, Доспанбет, Шалкиіз, Қазтуған, Жиембет, Марғасқа мұралары. Барлығы елдікке үндейтін, ерлікті мадақтайтын, батырлық рухқа толы алдаспан жырлар. Мұның түп негізі көшпелілердің үнемі соғыс жағдайында ғұмыр кешуінде жатыр дер едік.

Қазіргі қоғамтанушылардың тілімен айтқанда, әскери-демократиялық құрылым жүйесі салтанат құрған Еуразия көшпелілері Еуропа отырықшылары от қаруларға ие болғанша әлемге ат үстінен қарады. Қашанда жинақылық, сергектік, жауынгерлік бапта болу – көшпелілер үшін ұланғайыр кеңістікте еркін өмір сүрудің әрі басқалардан үстем болудың алғышарты еді. Ол заманда, әмәндә, ер жігіттің аты кермеде байлаулы, найзасы белдеуде сүйеулі тұрды. Ат жалын тартып мінуге жарайтын еркек кіндікті біткен төтеннен жорық дабылы қағылып, атой салынып, ата-баба әруағы шақырылғанда түгел дүрік көтеріліп, демде бөрілі байрақты тудың астынан табылып, лезде сүрең салысып жауға аттанып кете алатын. От басы, ошақ қасында жатып ауырып өлу – қорлықтың үлкені, ал, түзде жау қолынан ажал құшуды Тәңірдің сыйына балайтын көшпелілер, мейлі жорықта жүрсін, мейлі ел ішінде болсын, қайғыға беріліп, үйкүшік боркеміктерше күйкі ән айтпайтын. Тумасынан жаужүрек көшпелі жұрттың сарбаздарына қайғы баптап бордай езілу, күйректік таныту жат еді. Қайыңның безіндей қатты, қарағайға қарсы біткен бұтақтай мықты болу, басқа түскен қиыншылықтың ығында жүнжіп кетпеу – киіз туырлықты жауынгер жұрттың жаугершілік өмір салты шыңдаған берік ұстанымы еді. Өйткені, қайғыға салыну, зар төгіп, запыран шегу – жауынгерлік рухты әлсіретпек. Рухы әлсіреген сарбаздың жауға атой салып шайқаспақ түгілі, қосын болып еруге жарамайтыны белгілі. Осындайда атақты Шыңғыс ханның зарлауық, жылаңқы ән айтқандарды қатаң жазалағаны еске түседі. Қайғылы ән-күй жайлаған мемлекеттің болашағы жоқ екенін осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген қытайдың ұлы тарихшысы Сыма Цянь да (б.з.б. 145-86 ж.) жазып қалдырған: «Өлімге бой ұсынған мемлекеттің ән-күйі қайғылы, жаныңды құлазытады. Ал халқының көрген күні қорлық болып келеді».

Елдің рухын түсіретін жасық ән айтуға тыйым салу бертінге дейін келгенге ұқсайды. Әсіресе, ол мынау Қапқаздағы тау халықтарында күні кешеге дейін сақталып келсе керек. Оған дәлел атақты имам Шәмілдің мына бір әңгімесі.

Ресей отаршылдарына қарсы ширек ғасыр бойы қайтпай соғысқан Шәмілді бұл күнде кім білмейді?! Бір күні сол Шәміл кескілескен қанды ұрыстардың бірінен соң, аламандарына тыныс берген ес жияр шақта бір жауынгерінің мұңлы әуенге салып отырғанын құлағы шалыпты. Сарбаздарын дереу дүрк көтеріп, сапқа тұрғызған Шәміл әлгі әншіні қалың қолдың алдына шығарып қатаң ескерту жасапты; сонан соң, кімде-кім бұдан былай мұңлы, қайғылы ән айтатын болса, соған аяусыз дүре соғылсын деген пәрмен беріпті. Сөйтіп, Шәмілге ерген тау тайпалары қайғылы ән салудан сап тиылыпты. Күндердің күнінде бір биік шыңды бекініс қып, жау жасағын тосып жатқан Шәмілдің құлағына әлдеқайдан мұңлы әуеннің әлсіз үні талып жетіпті. «Кім де болса, ұстап алып жазалаңдар», - деп бұйырыпты. Жан дәрмен түн құшағына сүңгіген жауынгерлер, сәлден соң бастары салбырап, Шәмілдің алдына қайтып келіпті. «Қайда, әлгі заржақ, неге бос қайттыңдар», - деп сұрапты Шәміл. Жасауылдар етіктерінің басына қарап, ештеңе айта алмай күмілжи берген соң, қаны басына шауып, бойын ашу буған Шәміл сауалын қайта қойыпты. Енді кешіксе, көсемдерінің қаһарына өздері ұшырайтынын сезген жауынгерлерінің бірі:

  • Дат, тақсыр, - депті.
  • Айт, - десе керек Шәміл.
  • Тақсыр, әннің иесі кім екенін анықтадық. Бірақ жаза қолдану түгілі, ол адамның есімін сізге айтуға батпай тұрмыз.
  • Осыншама батылдарың жетпейтін, оның кім болғаны соншама, - деп таңырқапты Шәміл. – Жазаланбауларыңа мен кепіл, айтыңдар жасырмай!
  • Ол сіздің анаңыз екен, тақсыр, - депті жасауыл.

Имам Шәміл тұнжырап бір сәт ойға батыпты. Сәлден соң:

  • Онда дүрені маған соғыңдар, анамның жазасын өзім тартамын.

Сөйтіп, өзін жазаға бұйырылған жанның дәрегейіне келтіріп, арқасын жалаңаштап, етпетінен дүреге жатыпты.

Алайда, әзіз басшыны сабауға кім тәуекел етсін, нөкер біткен дағдарып қалыпты.

  • Қані, соқ дүрені, - деп ақырыпты Шәміл бағанағы жасауылдарының біріне. Қолына өрме қамшыны еппен алған жасауыл әйеншек қимылмен Имамды жайлап ұра бастапты. Сонда шыдамай кеткен Шәміл орнынан атып тұрып, әлгі жасауылдың қолынан қамшыны жұлып ала сала жон арқасынан шықпырта осып-осып жіберіпті де: - Міне, осылай соқ мені, - деп дүрсе қайта жатыпты. Амалы қалмаған жасауыл Шәмілдің бұйрығын бұлжытпай орындаған екен деседі. Тау аңыздары осылай дейді.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Әсілі, жылау, жоқтау, зарлау – ежелден әйел ғұрыпты дүние.

Ал, шын мәнінде ел абыздары – дана жыраулар қолына домбыра ұстамаған ғой. Ертеректе қадау-қадау ғана өнерпаздардың қолынан табылатын қара домбыра – ілкіден сал-серілер аспабы. Содан болар, домбыраның бағы сал-серілер дәуірі – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ заманында ашылды; тынысы әншілік-күйшілік дәстүр қанат жайған Құрманғазы, Тәттімбет күйші, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит әнші дәуірінде кеңіді. Мұны ұлы ғалым Шоқан Уәлихановта қуаттайды. Өз еңбегінде ол  ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ел ішінде қобызбен таңды таңға ұрып, бағзы дәуір жырларын толғайтын жыршылардың азая түскенін, жұрттың жырдан гөрі әнге көбірек әуес бола бастағанын, соның салдарынан домбыраның қобызды ығыстырып келе жатқанын қынжыла баяндайды.

Ал, бізге жеткен ел аузындағы жыраулардың сипаты, тіптен, бөлек. Аңыз әңгімелердің ешқайсынан да қолына домбыра ұстап, өлең айтқан бірде-бір жырау, би, шешен ұшыраспайды. Мәселен, Мәшһүр Жүсіптің Бұқар жырауды халық аңыздары бойынша суреттеуіне назар аударайық: «Орта жүз арғындағы төртуыл Қаржас Алтынторыдан шыққан Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау атанған қария тоқсан үш жасында Абылай хан алдында жыр толғаған. Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Бір сөз білмейді, тек көмейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».

Қазақта «Нар баласы бақырмас» деген сөз бар. Біздің елде Шоң би (1828-1902) деген адам өткен. Оның әділдігіне, қайрымдылығына, турашылдығына сүйсінген , разы болған жұрт: «Телғозының Шоңы – жақсылардың соңы» деп әспеттеп, ардақ тұтқан. Сол Шоң бірде алқалы жиында көппен бірге мәслихат құрып отырса керек. Бұл ХІХ ғасырдың соңы – ел өміріне мол өзгеріс кіріп жатқан уақыт, сонымен бірге ел ішінде ән өнерінің де салтанат құрып жатқан шағы дегендей. Шоң отырған жиын да әнсіз, күйсіз болмапты. Ән шалқып, күй тартылса керек. Осы жиынның ішінде Шоң баласы Ахметжан (1870-1932) да бар екен дейді. Бұрын әкесінен именіп домбыра ұстамайды екен, сол жолы әнші, күйшілердің өнеріне елігіп, шыдамай кеткен болуы керек – Ахметжан домбырамен әнге басыпты.

Жұртпен бірге Шоң би де үнсіз тыңдапты. Ән аяқталған мезетте елдің бәрі Шоңның аузын бағыпты. Шоң сонда: «Нар баласы бақырмас болар» деп Ахметжанды тыйып тастапты. Осы оқиғадан кейін Ахметжан мырза қолына домбыра ұстамай кеткен деседі.

Осындайда, онда неге «нар балалары» кейін өнерпаз атанды, сері болып, әншілік, күйшілік жолға түсті деген сауал тууы заңды. Осыған қысқаша жауап бере кетейік. Қазақ хандығы біржола құлап, ел тізгіні Ресей отаршылдарының қолына көшкеннен кейін сан ғасырлар бойы сақталып келген, сахара жұртының өмір сүру дағдысына айналған көптеген құндылықтар өзгеріске ұшырады. Жыраулар тарих сахынасынан кетті. Қара қылды қақ жарған ұлы билер институты жойылып, ел басқару жүйесі күйреді. Кешегі ел қорғаны батырлардың орнын екі ауылдың ортасын шаң, екі рудың арасын даң қылған барымташылар басты. Бұрын тас түйін, жып-жинақы жауынгер халық, сауыққой, айт пен тойшыл, мейрамшыл жұртқа айналды. Ұлттың сан ғасырлар бойы жаугершілікке жұмсалып келген күш-қуаты, ұзақ жылдарға созылған бейбіт заманда, бейнелеп айтқанда, «өзін қоярға жер таппады»; шарқ ұрып сыртқа шығар саңылау іздеді. Сөйтіп, сыртқа лықсыған бұла қуат халық жүрегін саф алтындай төлтума өнер формасында жарып шықты. Баяғы «нар балалары» енді ел кезіп, сауық-сайран салған сал-серілерге айналды. Бірақ соның өзінде олар өздерінің кешегі «нар баласы» екенін ұмытпай, өнерде де сол нарлықтың қолтаңбасын қалдырды. Сөйтіп, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей отаршылдық қамытын киіп, өмір салты күрделі өзгерістерге ұшыраған қазақ жұрты жаңа дәуір көшіне ілікті. Бұл уаққытта тарих дөңгелегі ХІХ ғасырдың белінен асып бара жатқан. (107-115 бб. Жүсіпбек Елебеков. Алматы, Өнер, 2013. Е.Төлеутай)

Ал қазір ХХІ ғасыр. Біржан сал, Ақан серілерден бері қанша уақыт өтіп, қазақ халқының өмір сүру формасы өзгеріске түсті. Көшпелілік өмірден қол үзген қазақ халқы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап күштеп ұжымдастыру саясаты кесірінен алапат аштыққа ұшырап, қалған жақсысы мен жайсаңын 1937-нің саяси қуғын-сүргіні кезінде қуғынға салып құртты. Соғыс жылдары мен тың көтеру кезінде, Кеңес одағы дәуірлеп тұрған шақта ұлттың мәдениеті, тілі мен ділінен мүлде айрылып қала жаздап, тәуелсіздікке аяқ іліктірдік. Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Сал-серілік өнер де құрып кетпепті.Тек сыртқы түрін өзгерткен, жаңаша жол тапқан, сона сипатта өріс алған екен. Сол сал-серілердің бүгінгі сарқыты бар екен.

«Ерекең - Ерлан Төлеутай өзі де, өнері де, танымы да, болмысы да бөлек адам. Бірнеше өнерді бір бойына сыйғызған, нағыз синкретті өнердің XXI ғасырдағы иесі - осы Ерекең! Оның зейнетінен бейнеті мол, көзге көрінбейтін көп жұмысының барлығында елдік деген ұғым жатады.

Оның марқұм Тəкең -Таласбек Əсемқұловпен аз ғана дидар-ғайып уақытта пікірлес, сырлас, болып кетуінің өзі - екеуінің жан дүниесінің рухтас, үндес, өзектес болуында шығар. Екеуі бабалар рухымен тілдесіп жүретін сияқты. Мүмкін, тілдесетін де шығар. Əйтеуір, өткенді айтып, ноқтасын керіп, кісінеп тұрады. Өйткені онда "солардан қалған жүрек" бар.

"Ділдеріне өркениеттік ынсап" кіргендер оның бабалар рухын аңсарлатуын консерватор деп "мойындағысы келмейді". Оның əн айтысында қазақы "салақтық" бар. Кейінгі мына бізде жоқ. Тым академичныймыз. Ал, онда бар. Оның əндері де өткенмен өзектес, бүгінгімен үндес, сабақтас. Ерекең бұрынғының мұрагері, бүгінгінің бұйдагері – деп баға беріпті майталман әнші, тәлімгер, қазақтың классикалық ән өнерін биікке көтеріп жүрген Еркін Шүкімән.

Ардақ Беркімбай, журналист-зерттеуші

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006