Назарбаев: Астана ҰҚШҰ-ның саясилануына қарсы
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетаралық «МИР» телеарнасына сұхбат беріп, Астананың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саясилануына қарсы екенін мәлімдеді.
«МИР» телеканалы журналисінің ҰҚШҰ мен НАТО арасында ұқсастық бар ма деген сұрағына, Қазақстан президенті ұйымдардың қызметінде «ешқандай ұқсастық жоқ» деп жауап берді.
«НАТО Қырғи-қабақ соғыс кезінде идеологиялық қарсы тұру үшін құрылған. Өкінішке қарай, бұл әлі өзгермеді. Бұған ұжымдық Варшава келісімі қарсы болған. Бұл саяси қарсы тұру болды. Бізде мұндай мақсат жоқ. ҰҚШҰ саясилануға қарсы. Бұл біздің аймақтық проблемамызды шешеді. ҰҚШҰ аймақтық мәселені ұжымдасқан түрде шешу үшін ғана құрылған. Қазақстан бұл ұйымның саясилануына қарсы. Ұйымға мүше өзге елдер де солай ойлайды деп есептеймін», - дейді Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев сұхбат барысында билік жоқ жерде терроризм пайда болатынын айтқан. «Террористер, экстремистер, бандиттер билік жоқ жерде пайда болады. Оларға сол жерлерде тұру ыңғайлы. Ирактың, Сирияның ұлтарақтай жерлерін басып алып, "Ислам мемлекетіміз" деді. Терроризм бүкіл әлемге тарап жатыр», - деп мәлімдеді Назарбаев. Ол елдерді терроризмге бірігіп, қарсы тұруға шақырды.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері мүше.
Abai.kz