Қазақстанда 11 елді-мекен судың астында қалды
Қазақстан ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті бірқатар облыстар мен қалаларда су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Республика бойынша 11 елді-мекендегі 222 тұрғын үйді, 269 ауланы, алты ғимаратты қызыл су басқан.
Қостанай облысындағы Қарасу ауданының төрт елді-мекенін қызыл су басып қалды. Жүзге жуық адам көшірілді.
Ақтөбе қаласында Елек өзені арнасынан асып, бірқатар саяжай үйлері мен аулаларға су кірді. Мұнда 300-ге жуық адам көшірілді. Екі орта мектепте 12 эвакуациялық пунк ашылды, 53 адам осында орналастырылды, 240-тан астам адам туыстарының үйлерін паналады.
Ақмола облысының Атбасар қаласында су басу қауіпі күшейді, соған байланысты мұнда 150-ге жуық адам көшірілді. Астана қаласында бірнеше көшені су басуы мүмкін. Жергілікті билік қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Қарағанды облысында шамамен 1,5 мың адам көшірілген.
Абай-ақпарат