Сенбі, 23 Қараша 2024
Бірлік 7318 33 пікір 20 Сәуір, 2017 сағат 15:43

Бұқаралық сананы өзгертуге арналған бағдар

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы «Елім, жерім, Қазақстаным» деп еміренген патриоттарына қуаныш сыйлап, рухани күш-жігерін қанаттандырып дүр сілкіндірді. Біз Елбасынан осы сөзін, осы идеясын күтіп едік. Демек осы саясатты іске асыру үшін Президент 25 жыл толғатқан болар. Асығыстық етсек апатқа кетесің. Көп ойланып, көп толғанып, ішкі сыртқы факторды есепке ала отырып бір аттап, бір шұқып отырып алға жылжу қажет болды.

Рухани жаңғыру бағдарламасын ұсыну оңай дүние емес екенін сезінеміз. Тәуелсіздік алған кездегі  кедергілер де, кең ойланып шешетін мәселелер де мол болды.

Олар:

  1. Кеңестік идеалогиямен уланған халықтың (ұлтына қарамай) саяси таным түсінігін, түйсігін өзгерту;
  2. Жаңа нарықтық экономикаға бейімдей отырып, жаңа саяси идеологияны еңгізу, сіңіру, үйрету, шығармашылықпен (творческий) игеру;
  3. Кеңестік режим кезінде халық қорқыныш пен үрейде өмір сүрді. Сол режимнен кеткелі 25 жыл болса да халықтың санасынан әлі де толық арыла қойған жоқ. Оның да өз себебі бар...
  4. Үрейде өмір сүрген халықтың әлеуеті төмен, жаңа қоғамды алып жүріп кететін адами капитал нашар, сапасы қуатсыз, рухы өлген. Текқана өлместің күнін көріп бір тілім нан үшін күресті. Халықты осы үрейден арылтуға уақыт қажет болды.
  5. Одақ күйрегеннен кейін Ел экономикасы құрдымға кетті. Тоналды, құлады, құлдырады. Осы экономиканы бірінші кезекке қойып еңбек еткенімізге 25 жыл болды. Елбасының шебер ұйымдастыруының арқасында экономикамыз аяқтан тұрды.

Саясаттың шебер зергері Елбасымыз осыған дейінгі 25 жыл бойы  «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген ұстанымды халықтың зердесіне қондырды. Нәтижесінде еліміз өзінің жеке дара суверенитеті бар, тұлғалы  мемлекет болып қалыптасты. Әлемнің саяси аренасында «Қазақстан» деп аталатын жас мемлекет  бейбітшіліктің, ынтымақтықтың, адами гуманизмнің символындай елестеп, бақыт пен баяндылықтың бесігіндей түсінік қалыптастырды.

Біз көршілерімізді да, мұхиттың арғы жағындағы арыстанды елді да дос санадық. Осылар өкпелемесін, осылардың қабағына кірбің ұяламасын деп бәрін бердік. Ниетіміздің кеңдігінен сұрағанын бере отырып, өзімізде ептеп көтеріліп, экономикамызды бір ізге салдық. Береген қолым алаған. Осылайша сыртқы достарды да, бір жолға қойып алдық. Оларды сенім құндағына бөледік. Осылайша алыс, жақындағы елдермен бейбіт,  қатар өмір сүріп саяси кем-кетігімізді түзеп алдық. Бұған дейін осы аралықта экономиканы алдыңғы кезеңге қойып, ел экономикасын көтердік. Адами капиталдың сапасы бұдан 25 жыл бұрыңғы деңгейінен көтеріліп жаңа сапаға ие болды. Бұл уақытты игергеннің куәсі. Уақыт пен кеңістіктің осынау ұштасқан жайлы мүмкіндігін пайдаланып, енді рухани құндылығымызды көтеретін уақыт келгенін Елбасы нысанаға алып, көп жыл толғатқан ісін бүгін міне алдымызға жайып салды.

Елбасы бұдан бұрын жариялаған  Бес институттық реформасында «Реформаның мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күшінде...» дегенді. Көріп отырсыздар, Елбасы сондағы айтқан философиялық тұжырымын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты танымдық, әдіснамалық мақаласында тереңдетіп, іс жүзінде қолдану функцияларын көрсетіп берген.

Мақаланың түпкі мақсаты: Қазақстан халқы Біртұтас ұлт болып қалыптасу. Ол үшін ең әуелі бұқаралық сананы өзгерту, адами капиталды сапаландыру, оны рухани жаңғырту. Елбасының мақаласы газет бетінен орын алғаннан кейін құптаған, қуанған, қолдаған ұсыныстар айтылды.  Әлі де айтыла беретін сияқты. Демек, өмірде сол рухани жаңғыртуды қай істен бастауымызды ең әуелі нені қолға алуымызды көрсетіп, ой бөліскен ұсыныстар аз. Осыған орай өз ұсынысымды білдіруді жөн көрдім.

  1. Ұлттық код: Елбасы мақаласында «ұлттық кодыңды сақтай білу» деп нақтылап берген.

Ұлттық код деген не? Осы ұғымды біз ең әуелі анықтап алғанымыз дұрыс болар. Ұлттық кодты құраушы ұғымдар тіл, діл, дін, тарих және мәдениетіміз, рухани байлығымыз. Осылар арқылы Қазақстан халқының бет-бейнесі ерекшеленеді. Біз көп ұлтты елміз. Соның ішінде тотальный ұлт- қазақтар еліміздің 70% құрайды. Демек, мемлекет құраушы ұлт-қазақ. Бұл ұғымды Республикамыздың Конституциясында бекітіп берген. Ешкім дау айта алмайды. Міне, осы ұлтқа Қазақстан Республикасында өмір сүретін басқа ұлт диаспоралары топтасып, ұйысып Біртұтас ұлт болып қалыптасуды тағдыр да, тарих та, бүгінгі болмыс та біздің пешенемізге жазған екен. Мен ұлы ұлт-қытаймын, ағылшынмын, неміспін, орыспын, украинмын деп үй ішіне үй тігіп жік шығаратын мүмкіндік жоқ. Осы елде өмір сүріп жатыр ма? Онда осы елде олар диаспора. Азшылық көпшілікті мойындау керек. Ол бүгінгі заңдылық. Өйтсе, билік те, қоғам да, диаспоралар да қазақ ұлтының адами сапасын көтеру керек. Ұлттың тілін, дінін, тарихын, мәдениетін көтеру арқылы Қазақ Республикасының бет-бейнесі ерекшеленеді. Бұл ерекшелік бүкіл Республика азаматтарының мақтанышы болу керек. Сонда ғана бұқаралық сана өзгереді. Сонда ғана адами капиталдың сапасы жаңғырады, жақсарады. Сонда ғана Біртұтас ұлт бола алады.

Біздің сөз еткен осы ұғымдарды жинақтап, топтастырып символикалық (нышандық) формаға түсіріп Елтаңба, Туымызды жасадық. Оны Конституциямызда бекіттік. Ұлттың жаны, тәні болған тілі, ділі, тарихы, мәдениеті, рухани құндылығы осы нышанға еніп ұлттың ұлықтайтын, ел болып бас иетін, халық болып қастерлейтін нышанымызға айналды. Қазақстан азаматтарының ұлттық намысын қайрайтын, жігерін ұштайтын, елінің болашағына үлкен сеніммен жетелейтін, мақтаныш тудыратын осы Елтаңбамыз бен Туымыз. Демек, ұлттық кодтың нышандық абстрактық белгісі Елтаңба мен Туымыз. Біз осының алдына жүгінеміз, бас иеміз, тізе бүгеміз, ұлықтаймыз. Көк туымыз көк аспанның астында желбіреп шыға келгенде көзімізге жас аламыз. Неге? Онда мыңжылдық, екі-үш мыңжылдық бабаларымыздың көз жасы көл боп жатыр, қаны судай ағып жатыр, аруақтарымыз аһ ұрып аунап түсіп жатыр. Иә, біздің кодымыз-тіліміз, діліміз Елтаңба, көк Туымыз. Қате жіберсем, қағыс кетсем Елтаңбам, Көк Туым кешіре көр! деп жүгінемін.

  1. Елбасы «Ұлттық жаңғыру» атты мақаласында латын алфавитіне көшу, ағылшын тілін үйрену туралы соншама жақсы түсінік берген. Ол мақаладан асырып айта алмаймыз. Латын алфавитіне көшуге байланысты дайындық жасалып жатқаны туралы «Егемен Қазақстан» газетіне (№70 (29051), кезінде халық қалаулысы болған, мемлекеттік сыйлықтың иегері белгілі жазушы Алдан Смайл жақсы жазды. Демек, латын әліпбиіне көшудің ғылыми негізі дайын болып қалған. Осы дүниелерді сараптап саяси шешім шығару ғана алда тұрған жұмыс сияқты.

Алфавит дегеніміз аса қуатты, күрделі саясат. Кезінде Көк Түрік империясы бірғана Бітіг (руна) әліпбиімен бүкіл бүтін империяны бір тудың астына ұйыстыра, топтастыра алады. Шығысы Маньчжуриядан батысы Еділге дейінгі 10 000 км, оңтүстік шығысы Қытайдың Ұлы Қорғанынан, Гималай, Гансу, Хантәңірінен, Солтүстігі Лена бойындағы Түнеліне (Якутия) дейін 8000 км алып аймақта екі диалектіде сөйлейтін бүкіл түркілерді бір ғана алфавитке жүгіндірді. Бұлар негізінде «И» және «Ж» тілді халықтар еді. Сол алып империяның қуаты, рухы түркі халықтарын XXI ғасырға алып келді. Демек, біздің қолданғалы отырған халықаралық латын алфавитіміз Қазақстан халықтарын ұйыстыратын бірден бір қару және қуатты саясат болмақ. Бір миллиард үш жүз мың қытай халқы алты диалектіде сөйлейді. Батысы шығысын, шығысы батысын, оңтүстігі солтүстігін ауызша қатынаста түсінбейді. Бірғана иероглифпен түсініседі. Сол бір ғана иероглиф бүкіл қытай халқын ұйыстырып отыр. Латын әліпбиі де біздің халқымызды сол деңгейде топтастыра алады. Осыған байланысты ойымды айтсам, Қазақстанның әлемге танылған, мойындалған жалғыз фонетигі Әлімхан Жүнісбектің вариантына ерекше көңіл бөлу жөн сияқты. Бұқаралық сананы өзгертуге байланысты Елбасы мақаласында ерекше тоқталады. Үнемі философия айтып, үгіт насихат жүргізе берсең халық мезі болады. Социализм заманында бұндай үгіт насихаттың небір түрін көрдік. Нәтиже болмады. «Адам» атты пенде еңбектенумен қатар көңілді демалып, ойнап, күлу керек. Тойлау керек, шалқып-толқып қуану керек. Онсыз өмір мәнсіз. Адам сұлулыққа, әдемілікке, үйлесімдікке құштар. Осы құмарлығын, құштарлығын ұлтты ұйыстыруға біз неге пайдаланбаймыз. Үнемі қамшы үйіріп, үрейде ұстауды кім жақсы  көрсін. Адамның, ұлттың, халықтың тілеп тұратын тілегін орындап, арманын ұзартып, тоқ сезіммен уайым-қайғысыз өмір сүруін қамтамасыз етуіміз керек. Сонда не істе дейсіз ғой?

Бізде мереке көп, демалыс көп. Соларды ыңғайына қарай пайдалана білуіміз керек сияқты.

Басқасын айтпағанда үш үлкен мереке бар:

  1. Жаңа жыл. Бұл мереке өз межесінде өткізіліп келеді.Кейде асып төгіліп шекарадан шығып кетіп жүрген жағдайы бар.
  2. Тәуелсіздік мерекесі: Бұл қастерлі мерекемізді қасиетті мерекеге айналдыру мәселесі тұр. Бүгінгі жағдайда жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып, халық тәуелсіздіктің құдыретін сезіне алмай жүр. Сондықтан қазан, қараша айларына ауыстыру қажет сияқты.

Мемлекет тарапынан берілетін мемлекеттік марапаттар, барлық сый-сияпат осы мереке қарсаныңда берілсе...

  1. Наурыз мерекесі.

Бұл мереке бүкіл халықты қамтитын қоғамдық мереке, қоғамдық шара болғандықтан «Нұр Отан» партиясының тікелей басшылығымен қткізілсе дұрыс болар еді.

а) Ұлттың спорттың түрлерін - бәйге, күрес, көкпар, садақ атуды  бүкіл халықтық деңгейге көтеру.

Сонау артта қалған алыс ғасырлардан бермен қарай біздің халқымыз елдің елдігін, ердің ерлігін сынайтын күресті, ер қанаты атты, шеберлігін шендестіретін садақты, азаматы мен аттың күшін сынайтын көкпарды ұлттық той-мерекесінің алқасындай алқап, ұлықтап келген. Осы сайыс түрлері қазақтың ұлттық бет-бейнесін басқалардан ерекшелендіріп келген. Әрбір мерекеде қазақ спорттың осы төрт түрі өткізілуі керек. Ауылдан бастап, аудан, облыс, мемлекеттік деңгейде спорттың ұлттық түрлері қайткен күнде де орындалған болу керек. Бұл сайыстар Тәуелсіздік мерекесі мен Наурыз мерекесінің алғашқы 3 күнінде өтіп тұрса жөн болар-ақ еді.

Мемлекеттік сайыстарға аудан, облыстан жеңіп шыққан таңдаулылар қатысып сайысады.

Бәйгесін Мемлекеттік деңгейде Ел президенті, «Нұр Отан» партия басшылары, Премьер Министр, Сенат және Парламент төрағалары тапсырса қарапайым халықтың рухы көтеріледі.

Облыс, ауданда да жеңімпаздарды осы үлгімен бәйгесін ұсынатын болса, бүкіл халыққа мақсат еткен идеямыз жететін болады.

Бұл дегеніңіз ұлттық дәстүрді мемлекеттендіру, қоғамдандыру, әлеуметтендіру деген сөз. Сонда ғана қазақ ұлтының дәстүр-салты қоғамның әр мүшесіне жетіп, сол іс-қимылға, сайысқа араласып, содан ләззат алып, жұбаныш табады.

Бұл шара қазақтың ұлттық құндылығын жаңғыртумен бірге ұлттық бет- бейнемізді қазақи кейіпке келтіретін бірден бір қуатты күш болмақ.

б) Бүгінгі қазақ өзінің ұлттык киімінен айырылып қалды. Біздің ұлттық киімдеріміз өздерін мәдениеттіміз деп есептейтін ұлттардың киімінен кем болған жоқ.

Қазақтың ұлттық киімі сонау Көк Түріктер дәуірінен қалыптасқан. Сол дәуірдегі киім үлгісі мүсіндер мен қыш терракоттарда, тарихи деректерде сақталған. Археологиялық қазбаларда да табылып отыр.

Төрт ғасыр өмір сүріп Қытай халқының қытайлық менталитетін қалыптастырған Таң патшалыгының, патша сарайының ханумдары мен ханшалары, ханзадалары мен сарбаз-сардарлары сол заманда Көк Түрік, Біріккен Түрік Қағанат Ордасының ханумдары мен ханшаларының және әскери киімдеріне қызығушылық тантып, күнделікті өмірде қолданғаны тарихи кұжаттарда сақталган. Сол дәуірдегі киімдерімізді, Орталық Моңғолиядағы Біріккен Түрік қағанаты құлаган соң Бесбалық, Тұрфан, Қашқар бағытына қоныс аударған түріктер алып кетіп, Шығыс түркістандықтарға жеткізді, сол киімдердің біразын үйғыр халкы сәл өзгертіп ғана, бүгінге дейін қолданып келді. Осы киімдерімізді Көк Түріктің бүгінгі ұрпағы қазақтарға қайтару мүмкіндігі туып тұр. Оның сыртында Орта ғасырдағы Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы дәуіріндегі киімдеріміз де ұмытылды. Осыларды түгелдей қайтаруымыз керек. Ұлттық бет-бейнемізді жаңғырту үшін ауыл, аудан, мемлекет деңгейінде ұлттық киімнің конкурсын жыл сайын наурыз мерекесі кезінде өткізіп, тұрса (театрлық киімдер бұл сайысқа қатыспайды) нұр үстіне нұр болар еді.

  • Күн сайын қарапайым өмірде киіп жүретін ерлер киімі (жазгы, қысқы)
  • Қарапайым өмірде киінетін әйелдердің киімі (жазғы, қысқы)

 

в) «Кара жорға» биін бүкіл халыктық дәрежеге көтеру. "Қара жорға " -

бразиялықтардың  «карнавалы» іспетті халықтық би.

Осы ұлттық құндылықты Тәуелсіздік тойында, Наурыз мерекесінде және сол сияқты мерекелерде де мың адамға (1000) дейінгі құраммен билеп халыққа көрсету, рухын көтеру;

Бұл биді де ауыл, аудан, облыс деңгейінде де топтық мол (ірі) мөлшерде билеуге тапсыру.

Спорттың баска түрлерінің саңлақтарын марапаттау ;

Меценаттарды марапаттау;

Алтын сапа марапаты т.с.с,

Міне, осындай бағдарламалар наурыз мерекесінің беделін көтеруге, онымен қатар қазақтың ұлттық болмысын даралап, әлемге таныстыруға үлкен септігін тигізер еді.

Мұндай шараларда, билік өкілдері басы қасында болуы, колга алған істің ілкімді де саналы орындалуына әсер ететінін ұмыптауымыз керек.

Сонда ғана көшірме мәдениеттен алыстап, ұлттық тарихи тамырынан нәр алған, ұлттық рухани құндылығымызды бүкілхалықтық деңгейге көтеріп, ұлтты жаңғырта аламыз.

  1. Ұлттық этикалық озық ғұрыптарымызды бүкіл халықтық дәрежеге көтеру.

а) Қазақтың ұл-қыздары ибалы, әдепті, ізетті. Қыздарымыз үлкендерге иіліп салем беру, ұлдарымыз ізеттілік көрсету, үлкенді сыйлау сияқты ұлттық ғұрыптарымызды сақтап қалған. Ұзаққа бармай-ақ, автобуста, қоғамдық көлікте, үлкендер кіріп келсе жастарымыз саналы түрде орын беріп, алқап, құрметтеп отырғызады. Өздерін мәдениетті санайтын еуропалықтардан, қытайлар мен жапондардан ондай ізеттілікті көрмейміз. Тек қана қазақ пен өзбекте сақталған. Бұны болымсыз, елеусіз деуге болмайды. Бұл ғұрып біздің мәдениетімізді, бет-бейнемізді көрсетеді. Отбасынан басталатын бұл тәрбие бүкіл ұлттың беделін көтереді. Шетелден келіп жүрген ғалымдар, жазушылар біздің осы әдет-ғұрпымызға таңқалып, разы болатынын көріп жүрміз.

б) Ұл-қыздарымыз аса намысшыл болып келеді. Өзінің жеке басының әлсіздігін  басқаға көрсеткісі келмейтін бекзаттылық бізде жақсы сақталған. Оқыс мінез көрсетпей, басқаға басындырмау, ұлтының жақсылығына қуанып, жайсыздығына іштей ренжіп жүретін бекзаттылық бізде басым. Бұл ұлттың намысшылдығын көрсетеді. Қазір Қазақстанның қай қаласына барсаң жатжұрттық әншілердің, артистердің суреті ілулі тұрады. Олардың әнші қыздарынан біздің қыздардың несі кем. Керісінше қазақ қыздары сұлу, инабатты, көрікті. Неге олардың суретін ілмеске. Астанада Галкинның суретін әр көшеге іліп қойыпты. Оның орнына Димаштың, Нұртас Қайраттың, Төреғали Төрәлінің суретін неге қоймаймыз? Тағы бір ғана мысал: Қытайда Қазақстандық қазақ боксшы мен Қытайдағы қазақ боксшы бір-бірімен жұдырықтасуға бармаған. Бүкіл халық құлақтанды. Бұл не? Бұл ұлт намысы, ұлт бірлігі. Бір бәсекеде бәйге алып атақ шығарудан бас тартып, ұлттық бірлік, ұлттық намысты қорғап шыққан. Осындай жақсы ғұрыптарымызды. Бүкіл халықтық деңгейге көтерсек біздің бет-бейнеміз айқындала түсер еді.

  1. Ұлтқа байланысты Кеңестік кезеңде қалыптасқан ғылыми терминдерді қайта қарау:

а) Кезінде сонау Хунну (сюнну) империясынан бермен қарай (Көк түрік, үйсін, түргеш, қарахандықтар, қыпшақ, қазақ т.т.с.с.) Ресей қоластына кіргенге дейін әкімшілік бөліністі оң қанат, сол қанат, Орталық  (Ордалық) деп бөліп, Ұлы Дала көшпелілерінің ел басқару жүйесін жасаған еді. Қазақ хандығынан бастап бұл жүйеге әскери рең беріп жүздік деп атап кеткен. Сол үш жүздікті Ресей империясы біріне-бірін қарсы қоюмен қатар жүздіктер ішіндегі тайпалар, руларды да бір-біріне қарсы қойған. Билеуші жатжұрттықтар өздері от көсеп алып бұл процесті трайболизм деп атап қазақ халқын мазаққа айналдырған, қорлаған.

Сондықтан біз «ру-тайпалық жүйе» деген атауды «биоәлеуметтік (биосоциальный) жүйе» деп атауды кезінде ұсынып едік. Қандас, туыстас рулар бір-бірін қолдап, өз адамын, ұрпағын басқаға қорлатпаған. Бір-біріне көмек қолын созып, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытып далаға тастамай асырап адам қылған. Сондықтан туыстық қолдау жағы, әлеуметтік көмек болу жағы басым болған. Осы ерекшелігін ескеріп «биоәлеуметтік жүйе» деп алуды ұсынамын.

б) Қазақ атын атаса болды «номад», «көшпелі», «қаңғыбас» деген тіркестер қаптап кетеді. «Номад» дегеніміз үйсіз, күйсіз, еш нәрсе өндірмейтін, басқаның табысымен күн көретін сыған тобырын атайды. Ал, қазақтың бабалары басқа ұлттардың бабалары сияқты (орыс, украиндар, немістер, ағылшындар, арабтар т.т.с.с.) көшпелі болғаны рас.

Біздің бабаларымыз ежелгі Хун дәуірінен бастап қала тұрғызып, жер жыртып, егін егіп, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы қоғам орнатқаны бүгінгі күні ғылымда әбден дәлелденген мәселе. Хун дәуірінің өзінде 21 қаласы болғанын археологтар дәлелдеп берді. Көк Түрік дәуірінде бүгінгі Солтүстік Қытай, Моңғол үстіртінде барлығы 30-дан астам, Сыр бойында 19 қаласы болғаны анықталып отыр. Сондықтан осы сияқты ғылыми тұжырымдарды танымдық публицистикаға молдап еңгізіп халықтың көзін ашуымыз керек. Қазақтардың ата-бабасы Көк Түріктерден бері жаппай көшпелі болған деген тұжырымды ысырып тастайтын уақыт жетті.

Осындай ғылыми терминдерді қайта қарау арқылы ұлттық  ұлтжандылық махабатын арттырып, патриоттық түсінік ұялататын боламыз.

Осы сияқты мәселелер көп. Біз соның бірлі жарымын ғана сөз еттік. Қазақстанның әр азаматы осы іспетті мәселеге атсалысса бұқаралық сананы жаңғыртуға септігін тигізер еді деп ойлаймын.

Ұлттық код, ұлттық бет-бейнемізді мәңгі ұлықтап өтелік. Көк туымыз аспанда мәңгі желбіреп тұрғай!

Қ.Сартқожаұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

 

 

 

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387