Мұхтар Әбілязов өзінің қызметкерлерін қалай «пайдаланды»
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда. Соттың бүгінгі отырысында прокурорлар БТА банктің қызметкерлерінің атына тіркелген оффшорлық компанияларды несиелеуге қатысты қылмыстық әрекеттер сұлбасын жария етті.
БТА банктегі заңсыз айла-шарғылар, негізінен алғанда, тікелей банктің директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбілязовтың өз қолымен жасалған сценарий бойынша жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 2007 жылы банк басшылығының тікелей нұсқауымен «Литер М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылады. Бұл компания акцияларының бір пайыздық үлесі №6 корпоративтік бизнес басқармасының заңгері Максим Хабловтың атына тіркеледі. Атап айтарлығы, куәгерлердің сотта жария еткеніндей, бірнеше миллиондаған несиелер ешқандай кедергісіз беріліп отырған резидент болып табылмайтын компанияларды тіркеумен осы басқарма айналысқан. Сайып келгенде, Максим Хаблов жаңадан құрылған компанияның директоры болып көрсетілген.
Ал, «Литер М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қалған 99 пайыздық акциясының үлесі Сейшель аралдарында тіркелген «Steiman Corp» компаниясына тиесілі болған. Айта кетерлігі, оффшорлық компанияның мүддесін Қазақстанда сенімхатпен қорғау №6 корпоративтік бизнес басқармасының қызметкері Элеонора Сергоға жүктеледі. Алайда, БТА банктің несие беру бөлімінің қызметкерлерінің ешқайсысы мұндай «бір күндік» оффшорлық компаниялардың қожайындарын өмірде көрмеген.
«2007 жылдың шілде айында Максим Хаблов БТА банкке 20,5 миллион АҚШ доллары көлемінде несие беруге өтініш жазады. Несие алудағы негізгі мақсат ретінде айналымдағы қаражаттың қорын толықтыру деп көрсетеді»,- деп әңгімеледі сот отырысында БТА банктің өкілі Талғат Амантай. Бұл жолы да әдеттегідей ешқандай қажетті талдаулар жасалмастан, өтініш қанағаттандырылады. Тікелей Мұхтар Әбілязовтің бақылауындағы несие комитеті тұрақты несиелік құжаттардың және тиісті мүліктік кепілдің жоқтығына қарамастан, мұндай несиелік өтініштерді мақұлдап отырған. Бұл жолы солай болған. Бастысы, «айналымдағы қаражатты толықтыруға» деп берілген несиелердің ешқайсысы банкке қайтарылмаған.
«Арада екі ай уақыт өткенде «Литер М» ЖШС-нің қаржыландыру шегі 22,5 миллион АҚШ долларына дейін көбейтілген. Бұған кепіл ретінде «Монтажинжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық қорының 75 пайыздық үлесі қойылуы керек болған»,- деп жалғастырды сөзін Талғат Амантай. Түптеп келгенде, «Монтажинжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық қорының 75 пайыздық үлесін М. Әбілязовтың бақылауындағы «Литер I» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзіне меншіктейді. Соңғы компания М. Әбілязовтың күзетшісінің атына тіркеледі. Бұл жерде «Монтажинжинирингтің» Алматы қаласындағы Абай және Фурманов көшелерінің қиылысындағы құны қымбат жылжымайтын мүлік кепілге қойылуы тиіс болған.
Алайда, сайып келгенде не «Литер М» ЖШС-інің, не «Литер I» ЖШС-інің тарапынан БТА банкке ешқандай кепілдік қойылмаған. Банктен берілген несие қайтарылмаған, тіпті оны ешкім де қайтаруға ниет танытпаған.
«Стройгрупп LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де осындай кестемен несие берілген. Айта кетелік, бұл компанияның акциясының 80 пайыздық үлесі Мұхтар Әбілязовтің сыбайластарының бірі банктің бұрынғы басқарушы директоры, сотталушы Қайрат Садықовтың атына тіркеліпті. Сот отырысында сотқа түсінік берген Садықов аталған компанияның номиналды қожайыны болғанын, бірақ ешқандай мәселелерді шешумен айналыспағанын айтты. БТА банктің несие комитеті өтінішті өзі тіркеп, «Стройгрупп LTD» ЖШС-не 45 миллион АҚШ доллары көлеміндегі кепілсіз несиені аударады. Түптеп келгенде, бұл несие де банкке қайтарылмаған.
Abai.kz