Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 11362 33 пікір 2 Мамыр, 2017 сағат 08:47

«Жаңғыру» үшін байырғыландыру, қазақыландыру саясатын» жүргізу керек  

Тарих тағлымына жүгінсек, Ресей империясының отаршылдық саясатының нәтижесінде кең-байтақ қазақ жеріне келімсектер әр түрлі сылтаумен  жымысқыланып келіп,  әбден сіңісіп,  жайлап алғандығы белгілі. Осылай ұзақ жылдар бойы ассимилияция арқылы ұлттарды жұтып қою саясаты жүргізіліп, славян ғұрпы мен мәде­ниеті күштеп таңылды. Кейіннен түрі кеңестік, заты интернацио­налистік жаңа отарлаудың құрбаны болған Қазақстанда 20-жылдары "қазақтандыру", яғни байырғыландыру (коренизация) саясаты жүргізілді.

Ресей империясының мұрагері Кеңестер Одағы деп аталған алып мемлекетті өмірге әкелген большевиктердің қол астына қараған бірде-бір  елде  ешқашан  дәл  біздің  республикадағыдай "қазақыландыру" сияқты саясат жүргізу қажеттігі болмаған. Өйт­кені одаққа кірген үлкенді-кішілі халқы бар басқа республика­ларда, сол әу бастан осындай саясатты туғызатын факторларға жол берілмегенге ұқсайды. Сонда өзінің ғасырлар бойы мекендеген ата-бабаларының кіндік қа­ны тамған жерінде қазақ ұлтын, өз ұясында "қазақыландаруға" душар еткен не жағдай болды екен  деген сұрақ туындайды.

Бұл-сонау өткен 18 ғасырдың басында салынған алғашқы бе­кініс-қалалардан бастап жүздеген жылдар бойы әр түрлі айлакер­лікпен жүргізіліп келген орыстандыру саясаты еді. Осы әккі сая­саттың негізін, зұлымдық мәнін сол кезде-ақ Бұқар жырау баба­мыз көрегендікпен болжап, былай деген еді:

... Күнбатыстан бір дұспан,

Ақыр да шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты поп,

Күншығысқа қарайды,

Шашын алмай, тарайды.

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ.

Осы сынды бір кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа.

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жемірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды.

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды.

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан.

Тексізді төрге шығарып,

Басыңа ол күн туғанда,

Теңдік тимес қолыңа-деген көрегендігі араға уақыт салып, айна-қатесіз келді.294

Үш жүз жылға жуық мерзімді қамтыған империялық қанау еліміздің есін шығарып есеңгіретіп, халқымыздың  тұтастығын  ту-талақай  етіп  келді. Тарихта орыстың озбырлығына қазақ сияқты ұрынған халық кем­де-кем. Ата-бабаларымыздың ұрпаққа қалдырған жеріне, табиғат сыйлаған асыл қазыналарымызға қызыққандар қазақтарды мәңгүрт етіп, бұрынғы құлдық психологиядан арылмауын көздеген­дер, ең алдымен, өз айласын жас ұрпақтың санасын улаудан бас­тағаны белгілі болып отыр. Патшалық Ресей қазақ даласында мек­теп, гимназия ашқан болып, білімге сусаған қазақ баласына көз ашқаннан "Библияны" оқытып, христиан дініне баулығаны бүгінде тарихи құжаттармен, басқа да деректермен дәлелденіп отыр.295

Ресей империясы қазақтардың тілін де, өзін де жойып жібе­руге ХІХ ғасырдың басында-ақ кіріскені тарихи деректерден тайға таңба басқандай көрінеді. Омбы губерниясындағы қазақтарды орыстандыру мақсатында жүргізілген зорлап шоқын­дыру нәтижелі болмағандықтан, сол өлкенің генерал-губернаторы Сперанский басқа әдіске көшу керектігін мойындап былай деген: "Біз оның есесіне қазақтардың арасында жаппай орыс мектептерін ашамыз. Сонда олар өз тілін ұмытады. Ал, ана тілін ұмытқан ха­лық оп-оңай орыстанады" деп өз ойларын осылай ашық білдірген көрінеді.296

Қазан төңкерісінен кейін қазақ елі өзін отарлық езгіден босатқан жаңа өкімет-Кеңестердің "қамқорлығына" түсті. Мұндай "қамқорлыққа" ғасырлар бойы ата-бабалары иемденген ұлан бай­тақ жерді мекендеп, өсіп-өнген, тұтас бір халықтың ұлттық қасиетін айқындайтын ана тілінің тағдыры да енді большевиктердің қолына көшті. Кеңестер өкіметі және оның органдары еңбекші шаруаның, кедей-кепшіктің мүдделерін көздейтіндігіне, солар үшін қызмет ететіндігіне көздерін жеткізу үшін республикада басқару аппа­раттарын "қазақтандыру"-"байырғыландыру" міндетін күн тәртібіне енгізеді. Оны көбінесе жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін білетін сауатты адамдармен ауыстыру көзделді. Бұл қадам сол кездегі Қазақ Республикасының алдында тұрған күрделі сая­си, шаруашылық және мәдени міндеттерді шешу үшін өте қажет еді. Осылай елдегі қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ұлттық теңсіздікті жою жолындағы күрестің бір маңызды науқаны баста­лып кетті. Бұл жолда қазақ елінің жергілікті халықтарына түсінікті болу үшін Кеңестер өкіметіне сол халықтың өз тілінде сөйлеуі ауадай қажет болды. Осы жергіліктендіру-"байырғыландыру"  1925 жылы өткен V Өлкелік партия конференциясында өзекті мәселе ретінде қайта қаралды. Онда кейбір европалық  жолдастардың кеңестерді қазақыландыруды ешбір меңгере алмай-ақ қойғаны. Бұл шараны өздеріне, орыстарға қарсы бағытталған контрреволюциялық әрекет деп түсінгендігі аталды, егер  осылай Қытайға  Кеңес өкіметі енгізілер болса, онда қытайша сөйлеп, қытайша жазылатыны, онда кеңестерге басшылық жасайтындар да сол қытайлар бола­тыны сөзсіз екендігі айтылды. Сол сияқты Үндістанда үнділерше, Германияда немісше  сөйлеу қажет екендігін әрбір саналы коммунист түсінуі тиіс жағдай деп мысал келтіре отырып, қазақ жеріндегі өкіметті де кеңестендіру үшін оны, ең алдымен, қазақыландыру керектігі сөз болды. Оларды қазақыландырмасақ – (жергіліктендірмесек) онда ол өкімет бөтен болады, патша заманындағыдай губернаторлық билік немесе, әйтеуір, басқаның билігі болады. Ал біздікі Кеңестік болуы тиіс екендігі айтылды.297

Өйткені, большевиктер ойлағандай, пролетариат диктатурасы органы ретінде қазақ ауылдарында кеңестерді құру жергіліктенбегендіктен, үлкен қиыншылық туғызды. Республикада Кеңес өкіметінің іс-қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Ауыл тұрғындарының бұл тілді білмеуінен үкіметтің декреттері, губерния мен уездердің қау­лы-қарарлары қазақ болыстарында, ауылдық кеңестерде тек іс қағаздары ретінде ғана тіркелді. Ол құжаттарды оқып, оның мазмұнын түсінетін адамдар санаулы, тіпті, көпшілік жағдайда мүлдем болмады. Осы себептен жергілікті халық, әсіресе, ауыл тұрғында­ры Кеңес өкіметінің жүргізіп отырған саяси-әлеуметтік шарала­рынан бейхабар болды. Мәселен, Жаркент аудандық атқару комите­тіне (Ұйғыр ауданы) Алматы округтік атқару комитетінен келіп түскен іс қағаздардың 70 пайызы орыс тілінде жазылған. Аудан­дық атқару комитетінің қызметкерлері бірнеше мәрте осы орыс тілінде келген әр түрлі құжаттарды ұйғыр тілінде, тіпті болмаған жағдайда қазақ тілінде жіберуді сұрап қайта қайтарған әре­кеттері нәтижесіз болып, бәрбір сол қағаздар қайтадан орыс тілінде келіп түсетін болған. Мұндай сорақы қиянаттар Шелек, Еңбекшіқазақ, Октябрь, т.б. аудандарда орын алды. Тіпті бұл аталған аудан басшыларының өздері де орыс тілін білмейтін болған.298 Аппаратты байырғыландырып, қазақша сөйлету жолындағы әрекеттер үкіметтің қаулы-қарарларын жүзеге асыратын жоғары органдардың өздерінің тарапынан осылай тұншықтырылып отырылды. Ескі ап­парат  тек уақытша жамап-жасқалынды. Жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық ерекшеліктеріне ешқандай мән беріл­меді. Тек жоғарыдан нұсқауларын үсті-үстіне жолдап, өз айтқандарының ғана орындалуын талап етіп отырды. Ал аудандар мен ауылдардағы төменгі буындардағы аппараттар-аудандық атқару ко­митеттері мен ауылдық кеңестерде қызметкерлердің қабілеті төмен еді. Олардың басым көпшілігінде орысша сауаты жоқ, үкімет пен партияның саясатын түсіне бермейтін адамдар отырды. Ауылдық кеңестердің тек аты ғана болатын, ал іс жүзінде олар талапқа сай жұмыс жүргізе алмады. Ауылдық кеңестердің төрағалары көбінесе сауатсыз болды.299 Ал 1926 жылы жалпы республика көлемі бойынша алғанда орысша сауатты қазақтардың саны 10 пайыздан төмен болған.300

"Қазақтандыру" Қазақ АКСР-і құрылғаннан кейін, дәлірек айтсақ, 1921 жылдан басталған еді. Осы жылдың 2 ақпанында Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің "Республиканың мемлекеттік мекемелерінде орыс, қазақ тілдерін қолдану туралы" №19 декреті шықты. Декреттің 1-бабында ҚАКСР аймағын құрайтын Семей, Ақмола, Орынбор-Торғай, Орал және Бөкей губерниясы және Адай уезіндегі мемлекеттік мекемелерде орыс және қазақ тілдері тең құқықта қолданылады делінген болса, осы декреттің 3-бабында Республиканың барлық орталық, губерниялық мекемелеріндегі іс қағаздары және өзара қатынас орыс тілінде жүргізіледі" деп, алдыңғысын жоққа шығаруынан бұдан кейінгі жүргізілген "байырғыландыру" саясатының өзі тек көзбояу болғанын көреміз.301 Декреттің шығуы маңызды оқиға болғанымен, ол осы екі тілді тең қолдануға тек сөз жүзінде ғана құқық берді. Оның бір дәлелі осы жылдары қазақ тілінде кітап шығарылмағандығы. Бұл туралы Бүкілқазақтық халыққа білім беру съезінде А.Байтұрсынов мәселе көтерген.302

Ал 1923 жылдың 22 қарашасында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің шығарған декреті бойынша республикада  мемлекеттік  тіл  қазақ және орыс тілдері болып жарияланды. Декреттің 7 тармағында ҚазОАК-тің және губерниялық атқару комитеттері жанынан осы жұмысқа басшылық жасап, бағыт беретін комиссиялар құру қажеттілігі көрсетілген. Осы нұсқау бойынша құрылған бұл комиссиялар мекемелерді "қазақыландыру" ісімен тікелей айналысты.303 Бірақ олар жоғарыдан түскен нұсқауларды орындаумен ғана шектеліп, орыстарды қазақтармен ауыстырумен әуестенді. Оның өзінде де "қазақыландыруға" тигізетін пайдасы шамалы күзетші, үй сыпырушы, ат айдаушылар секілді қосалқы жұмысшылармен ауыстырылды. Кеңес өкіметінің орталық органдарынан бастап барлық уездерінде декреттер,  нұсқаулар мен  басқа да құжаттар екі тілде қатар жүргізілетін болып міндеттелді. Бұл міндетті іс жүзіне асыру үшін мемлекеттік аппараттарда екі тілді бірдей меңгерген қызметкерлер болуы қажет еді. Ондай екі тілге маманданған қызметкерлердің жетіспеушілігіне байланыс­ты қазақтар арасынан хат танитындарын іріктеп алып, жергілікті халықтың тілін білмейтін орыстармен ауыстырудан басқа амал қалмады. (Ол кезде бүгінгідей орыс тілді қазақтар болса, саусақпен санарлықтай ғана еді.-Е.Қ.)

Мекемелерді қазақыландыру, яғни ондағы іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу және  оған келген адамдармен қызметкерлердің жергілікті ұлт тілінде сөйлесе білу мәселесін дұрыс жолға қою әрбір конференция, жиналыстарда жиі көтерілгенімен, ол сөз жүзінде қалып отырды. Өйткені бұл мәселенің дұрыс шешілуіне Өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекиннің өзі де құлықты болмады. Ол "қазақтандыру" жұмысы партиядан басқа мекемелердің бәрінде жүруі керек, партияның қазақылануының қажеті жоқ, өйткені партия Ресейдікі, оның тілі орысша болса да жетеді"304- деуі бұл істің осы жағдайда алға баспайтынын көрсетіп берді. Сөйтіп,"қазақтандыру" тәжірибесі сәтсіз болып, алғашқы қадамдары ешқандай нәтиже бермеді. Осылай Кеңестік аппа­ратты "қазақтандыру" саясаты Ф.И.Голощекин жүргізген "кіші Қазан" бағытының жетегінде кете барды.

Бұлай болуының өзіндік себептері де бар болатын, өйткені "қазақыландыру" туралы қабылданған декретті өмірде іс жүзіне асыратындай нақты жоспар, тиімді әдістер, тіпті, оған деген ниет те болмады. Болған күннің өзінде олар көзбояу үшін ғана жасалып, көңілдегідей нәтиже бермеді. Аппараттарды "қазақыландыруды" жүзеге асыру міндеті үкімет тарапынан шынайы ықылас пен жүйелі ойластырылған іс-қимылды енгізуді қажет етті. Солай бола тұра "қазақыландыруды" жүргізуде немқұрайлылықпен келеңсіз, ақылға сыймайтын істерге  үкімет тарапынан жол берілді.  Мысалы,  жер шаруашылығы ұйымында екі үй сыпырушы  орыс әйелін екі қазақ әйе­лімен ауыстырса, бұл ұйымда "қазақыландыру" 100 пайыз орындалды деп есептелді.3051926 жылдың басында мемлекеттік аппараттардағы "қазақыландыру" нәтижесі өте мардымсыз болды. Көкшетау уезіндегі мекемелерде барлық 477 қызметкердің 38-і ғана, яғни 8 пайызы қазақ болды.306 Бұл жылдары кеңестік аппараттарды "қазақыландыру" респуб­ликаның  басқа да губерниялары мен уездерінде осы шамалас болған. Ал аппаратты "қазақыландыру" көбінесе  қосалқы  жұмыстағы адамдармен көбейтіліп,  күзетші,  шабарман,  үй сыпырушы, т.б. есебінен жиі жүргізілгенін  байқауға  болады. Сөз  болып отырған  Көкшетау  уездік  аппаратындағы жоғарыдағы аталған 38 қызметкер қазақтың 12-сі ат күтуші, күзетші, тағы сол сияқтылар болған.307

Комиссия "қазақтандырудың" бірінші кезеңі болып табылатын 1926 жылға дейін проценттік норма әдісімен жұмыс істеді. Аталған мерзімде әрбір мекемеде жұмыс істеуге тиісті жергілікті халықтың өкілдерінің процентке шаққандағы нормасы белгіленіп, сол іске асырылды. Қандай шара қолданылса да ол мекеме бәрібір қазақша сөйлемеді. Оның себебі билік басындағылардың бұл іске деген немқұрайды қарауы және мекеме басшылары мен ондағы өзге де мамандардың көбі орыс ұлтының өкілдерінің болуынан еді. Орталықтың, оның республикадағы өкілі Ф.Голощекиннің де бұл мемлекеттік мекемелерді "қазақыландыру" ісіне көзқарасы мүлдем өзгеше болғандықтан олар бұл істі алға бастыруға ешбір ықылас білдірмеді, керісінші кедергі жасап бақты. 1926 жылы 8 мамырда Қазөлкекомның бюросы "байырғыландыру" мәселесін талқылаған мәжілісінде "қазақыландыруды" жүргізудегі проценттік мөлшер әдісін сынға алып, осы процент әдісіне сүйеніп, төменгі қосалқы қызметкерлерді қазақтармен алмастыру арқылы көзбояушылыққа жол беріліп отырғанын айыптайды.308 Үш жылға  созылған  бұл пайызға (процентке) бағынышты жүргізілген  жұмыс іс-қағаздарын мемлекеттік аппараттарда қазақ  тіліне көшіру де айтарлықтай нәтиже бермеді. Аппаратты байырғыландыру ісіндегі мұндай практиканы дереу  өзгертуді  өмірдің  өзі  талап  етті.

БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің шешіміне сәйкес проценттік норма жойылып, оның орнына аппаратты қызметтік (функционал­дық) жағынан байырғыландыру әдісі енгізілді. Бұл ретте  қай қызметке болмасын оның ұлтына қа­рамай-ақ қазақ тілін білетін, мемлекеттік аппаратты халықпен тікелей байланыстыратын қызметкер тағайындалатын болды. Ондай қызметтің тізімін әрбір мекеме мен ұйым үшін жұмысшы-шаруа инспекциясы органдарының басшылығымен арнаулы комиссиялар белгіледі.

Байырғыландыруды қалыпты жүргізу үшін ҚазОАК-тің Төралқасы 1926 жылдың 20 ма­мырдағы мәжілісінде бұған дейін қазақыландыру ісін жүргізген Орталық комиссияны таратып, бұл комиссияның міндетін сол кездегі беделді орган деп саналған жұмысшы-шаруа инспекциясы Халко­матына берді. "Қазақыландырудың" екінші кезеңі 1926 жылдан бастап Қазақстан Жұмысшы-Шаруа Инспекциясы  Халық комиссариатына (ЖШИ) берілді. Сол кезде бұл ЖШИ мемлекеттік аппараттардың үстінен қарайтын партиялық бақылау міндетін атқаратын орган болатын. Мемлекеттік маңызы зор істі қолға алған бұл орган төрешілдікке жол беріп, осы әдісті жүзеге асыру үшін арнайы календарлық жоспар жасады. Жоспар бойынша жергілікті жерлерге арнайы бұйрықтар жіберіліп, оларды да осындай жоспарлар жасауға міндеттеді. Бұл қолданылған "қазақыландырудың" функционалдық әдісі Голощекиннің айтуынша, ең әуелі, жергілікті халықпен тікелей байланысты жүзеге асыратын қазақша білетін қызметкерлер-іс жүргізушілер, хатшылар, есепшілермен қамтамасыз етілуі тиіс болды. Осы әдіспен "қазақыландыру" барысында да бұрмалаушылықтарға жол беріліп, бұл жолы мекемелердегі орта техникалық мамандар буыны ғана қамтылды.309

1926 жылы 19 желтоқсанда ЖШИ Халкомының коллегиясы республикалық Орталық аппаратты "байырғыландырудың" жоспарын бекітті.310 Осы жоспар бойынша "байырғыландыру" мерзімі 7 айдан 2 жылға дейін созылды. Кейіннен бұл жоспарланған іс шаралар да сол кездегі талаппен қабыспайтынын көрсетті. Істің ең күрделісі ауыстырылуға жататын қызметкерлердің номенклатуралық тізбесін жасау болды. Осы тізімге республикалық әкімшілік және шаруашылық органдарындағы қызметкерлердің орта буынының құрамын қамтитын 42 қызметтік атаудан тұратын номенклатурасы енгізілді. Осы тізімге дәрігерлер, агроном, экономистерден басқа, көпшілік әлеуметтік-мәдени мекемелердің қызметшілері де кіргізілмеді. Барлығы "қазақыландыруға" 13183  қызмет орны жоспарланды.311 Бұл сан өзге бір деректерде 13180,312 келесі бірінде 1275,313 болып берілген. Тек 1927 жылы ғана бар-жоғы 2300 қызмет немесе жоспардың 18 пайызы ғана қазақыландырылған болып шықты.314

Бұдан кейінгі жылдары "байырғыландыруды" жүргізу ЖШИ-ден алынып, атқару комитеттеріне берілді де, мекемелер мен ұйымдардың басшыларына  бұл істі жүргізуде тікелей жауапкершілік  жүктелді. "Байырғыландыруды" жүргізудің бұл жолы да ұтымды нәтиже бере қоймады. Әсіресе, қазақ тілін қолдану барысы сол бұрынғы қалпынан қозғалмады.

Арада бір жыл өтісімен 1927 жылдың 28 наурызында, БК(б)П Қазөлкекомында байырғыландырумен тікелей айналысқан ЖШИ Халкоматының осы мәселені жүзеге асырудағы жұмысы туралы баяндамасы тыңдалып, онда көптеген кемшіліктер сөз бол­ды. Онда "байырғыландыруда" мекеме басшылары тарапынан немқұрайдылыққа жол беріліп, аппаратқа қазақ мамандарын тартуда жіберілген олқылықтар, оларды даярлайтын курстардың уақытылы ашылмағандықтары және т.б. кемшіліктер сыналды. Алайда жіберілген кемшіліктер қайта-қайта аталып көрсетілсе де, қазақыландыруға көзқарас мекеме басшылары тарапынан еш өзгеріссіз қалып отыр­ды. Қолға алынған істі ілгері жылжыту мақсатымен Қазөлкеком бұл мәселеге 1928 жылы 25 қаңтарда қайта оралды. Жүргізілуге тиісті істің тұралауына байланысты аталған мәселені 6 айдан соң 1928 жылы 4 шілдеде тағы қайта қарауға мәж­бүр болып, өз қарарында көптеген ұйымдарда (байланыс, көлік және т.б.) қазақыландырудың өте сылбыр жүргізілгені ерекше сөз болады. Жауапты басшы  және партия қызметкерлері тарапынан әлі күнге дейін қарсылықтар кездесетінін ескертіп, оны дереу жоюды талап етеді.  Жыл  аяғына дейін бұл мәселені Қазөлкеком тағы 2 рет өз отырыстарының күн  тәртібіне  қойып, талқылауға  мәжбүр болған. Осы "қазақыландыру" жұмысы бір жыл ішінде ҚазОАК-тің мәжілісінде барлығы 10 мәрте талқыланған болып шықты.315 Іле-шала бұл мәселе ҚазОАК пен Халық Комиссар­лар Кеңесінің біріккен отырысында да қаралды. Соның нәтижесінде "Аппаратты байырғыландыру туралы" деген біріккен қаулы жарық көрді. Қаулыда қай мекеме өз іс қағаздарына қазақ тілін қай уақытта енгізуге тиістілігі нақты көрсетілді. Бірақ та мұндай мекемелердің саны тіпті аз болды.

Аппаратты қазақыландыру, оның ішінде іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы қабылданған қаулы-қарарлардың көпшілігі аяқсыз қалды. "Байырғыландыру" - қазақыландыру төңірегіндегі кемшіліктер Қазақстанның басшы орган­дарының есептерінде де жиі аталып көрсетілді. Осылай тек кемшіліктерді айтумен ғана шектелу билік басындағы лауазымды қыз­меткерлердің қазақыландыру ісіне соншалықты ықыласты болмағандығын көрсетті. Өйткені олардың басым көпшілігі еуропалық азаматтар бола­тын. Оны төмендегі кестеден көре аламыз.

6-кесте  316

Мекемелердегі “қазақыландыру” жағдайы

 

Р/с Мекемелердің

атаулары

Жылдар Қыз-мет- кер- лер- дің

жал-пы саны

Еу-ро-па- лық-тар оның

ішін-де

қазақ тілін

біле-тіндер

Қа-зақ-тар Бас-қа    ұлт-тар пайыз есебімен
іс-қағаз-дары қа- зақ тілінде жүргізіл- ген Іс-қағаздары орыс тілінде жүргізілген
1. Қаз ОАК-ті,

Халық Комис- сарлар Кеңесі және мемле- кеттік жоспарлау Комитеті

1927

 

 

1928

 

1929

93

 

 

79

 

82

39

 

 

54

 

51

2

 

 

1

 

2

34

 

 

21

 

27

20

 

 

4

 

4

         -

 

 

-

 

25%

-

 

 

-

 

75%

2. Қаржы Халкомы 01.01.1926 ж. дейін

01.01.1927ж. дейін

01.01.1928ж. дейін

01.04.1929ж. дейін

204

 

193

 

104

 

89

190

 

173

 

86

 

74

-

 

-

 

-

 

3

14

 

20

 

18

 

15

-

 

-

 

-

 

-

     -

 

 

-

-

 

-

барлық қа-ғаздар орыс тілінде

100%

 

-

3. Жершаруашылы-ғы Халкомының орталық аппараты 1926/27

1927/28

1928/29

35

32

32

27

29

28

-

-

-

8

3

4

-

-

-

      -

-

-

100 %

100 %

100 %

 

4. Қазақ су шаруашылығы және орталық аппараты 1926

1927

1928

1929

279

217

262

74

242

188

231

67

2

2

3

3

37

29

31

7

-

-

-

-

су шаруа-шылығы басқарма-сында 2 98 %

 

5. Денсаулық

сақтау Халкомының орталық

аппараты

01.10.1926 ж. дейін

01.01.1927ж. дейін

1928 ж.

32

 

22

 

23

31

 

21

 

20

-

 

-

 

-

1

 

1

 

3

-

 

-

 

-

    -

 

-

 

-

 

 

100 %

 

6. Бүкілодақтық Халықшаруашы-лығы Кенесінің орталық аппараты 01.01.1928 ж. дейін

01.01.1929 ж. дейін

32

 

35

28

 

29

2

 

3

3

 

6

1

 

-

       -

 

-

100%

 

100%

7. Жұмысшы-шаруа инспекциясы Халықтық бақы-лау комитеті 1927

1928

1929

32

27

29

25

21

20

-

-

-

7

6

9

-

-

-

     -

-

-

 

100%

 

Кестеде келтіріліп отырған мәліметтерден байқағанымыздай, республиканың басшы органдары мен орталық мекемелері  барлық округтерде, тіпті, тек қана қазақтар қоныстанған аудандардағы мекемелермен де  ісқағаздарын  орыс тілінде жүргізген.  Сон­дай-ақ, кестеде көрсетілгендей "қазақтандыру" саясаты жүргізіліп жатқан 3-4 жылда басшы қызметтегі қазақтардың үлес салмағы алғашқы санынан да азайғанын байқауға болады. Үкіметтің "қазақылан­дыру" саясатын  жүргізудегі жоспарының маңызды тұсы еуропалықтардың жергілікті халық тілін меңгеруі еді.

Ол үшін 1926/27  және 1927/28 жылдары Қазақстанда қызмет істейтін еуропалықтарға қазақ тілін үйрететін курстар ашылып, оған 3568 адам қамтылған. Ал, бұл курстар еуропалықтардың қаншасын қазақшаға үйретті, ол белгісіз, өйткені мұндай дайындықтан өткендер туралы есеп жүргізілмеген. Алайда Семей губерниясындағы қазақ тілін үйренуге қатысқан 520 тыңдаушыдан тек 23 адам ғана қазақ тілінде аздап жазуды үйренген.317 1927 жылы Орал  округтік  ха­лыққа  білім  беру  бөлімі  360 еуропалықты қазақ тілін үйрену курсында оқытуды жоспарласа, іс жүзінде оған оқуға тартылғандар саны 60-ақ адам болған. Олардың өзі бұл курсты аяқтамаған.318 Халық ағарту комиссариатының мәліметтеріне сүйенсек, бұл курстар  еуропалықтарға  қазақ тілін үйретуде айтарлықтай нәтиже бермегенін байқаймыз. Өйткені курсты тыңдаушылардың көпшілігі  бұрын бұратана атанған жергілікті халықтың тілі-қа­зақ тілін үйренуге тіпті де ықыласты болмаған.319 Мұндай көзқарастың орын алғандығы 1933 жылы ҚазОАК Төралқасына қарасты фракция мәжілісінде республика мекемелерінің жергіліктендіруді қалай жүргізгені туралы берген есебінде мәлім болды. Үкімет тарапынан жүргізілген директивалар мен қаулыларға қарамастан 1933 жылдың басында мемлекеттік және әкімшілік шаруашылық аппараттарында жергілікті ұлт өкілдерінің саны 39268 адамға ғана жеткен. Бұл дегеніңіз сол кездегі барлық басқару аппаратындағы қызметкерлердің 30 пайызын ғана құрады.320

"Кіші Қазан" бағытының идеялық негізі болып табылған қазақ даласын орыстандыруды мақсат еткен  бұл зымиян саясат, ел өмірінің барлық саласында оның ішінде ұлтсыздануға тезірек жол ашатын мәдениет пен қоғамдық сананы өзгерту арқылы ықпал етуге кірісті. Бұл әрекеттерін большевиктер социализм құруға қажетті қадам деп түсіндіруге тырысты. Биліктің күшімен енгізілген бұл кеңестік жаңалықтар төлтума рухани дәстүрлерді жою арқылы іске асырылып отырылды. Халық мүддесімен санаспай жасалған бұл әрекеттердің басты өлшемі социалистік жүйенің өмір сүруін қалайда қамтамасыз ету болды. Оның бір айқын дәлелі Кеңес өкіметі араб қарпімен тіл сынды­рып, дәріс алып өскен қазақты, он шақты жыл ішінде бірде латын әрпіне, бірде кириллицаға көшіріп, өткендегі тарихи жазбаларын, кітабын оқи алмайтын күйге түсірді. Араб әрпіндегі қазақ сөзін оқи алмайтын  жағдайға жеткізген соң,  кириллица әрпіндегі орыс сөзін оқи алмаушылық ана  тілімізді  жоғалтуымыздың  бастамасы болған еді. Осындай қиянаттың салдарынан бүгінгі ұрпақ өзінің әкесі, одан бұрынғы ата-бабалары жазған жазуды танымайтын  жат ұрпақ болып  өсті.  Сонымен  бірге әліпбиді өзгерту қазақтарды басқа түркі тектес халықтардан іргесі сөгілуіне әсер  етті. Бұл әлемдік өркениетке тезірек жетеміз деген желеумен істелді.

1930 жылғы 6-8 ақпандағы ҚазАКСР Халық ағарту комиссариаты алқасы мәжілісінің "Жаңа қазақ әліпбиін енгізуді жеделдету жөніндегі шаралары туралы" қаулысы шықты. Онда басшы органдардың жаңа әліпбиге көшуді жеделдету және араб әліпбиін Қазақстанның 10 жылдығы қарсаңына қарай мемлекеттік, қоғамдық өмірдің барлық салаларынан біржола ығыстыру туралы нұсқауларын негізге алу тапсырылған.  Сонымен бірге Халық ағарту комиссариатының барлық бөлімдері мен органдары оқу-тәрбие, саяси-ағарту, ғылым мен кітапхана, баспа және кеңсе салаларын Қазақстанның 10 жылдығына қарай жаңа әліпбиге толық көшіруді күшті қарқынмен жүзеге асыратын болсын және бұл шараларды дер кезінде жүзеге асыру Халық ағарту комиссариатының орталық аппаратындағыларға да, жергілікті жерлердегі  әрбір басшының тікелей жауапкершілігіне жүктелсін321 деген қатаң тапсырма берілді. Бұл әрекеттер бұрын бұратана деп кемсітіліп келген қазақ халқының енді тарихи зердесін мүлдем жоюға бет бұрған кезең  болғандығын айғақтайды. Бір халықтың рухани байлығын, ұлттық, мәдени, тарихи ерекшеліктерін паш ететін асыл мұраларды, ғылыми еңбектер мен кітаптарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келген араб алфавиті Орталықтың озбырлығымен 20-жылдардың аяғында латын алфавитіне ауыстырылса,  іле-шала ол кириллицаға көшірілді. Бұл әрекеттерден біз сол кездегі жергіліктендіру саясатына түбірімен қайшы келетін, осындай ұлт санасын өшіруге бағытталған шаралардың қоса жүргізілгенін көреміз.

Бұл қазақ халықының рухани дамуына жасалған қысастық, оның келешек өсіп өркендеуіне тұсау салу еді. Өкінішке орай, көнекөзге қымбат, көгенкөзге жұмбақ болған, Әл-Фарабиден бастап арғы Ахметтен (Яссауиден) бергі Ахметке (Байтұрсыновқа) дейінгі небір ғұлама ғалымдар мен ақын жыраулардың, Бабур мен Бейбарыстай батырлардың, Бұқар мен Қаздауысты Қазбектей билердің шешендік дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізген сол араб әріптерін Кеңес өкіметі халықтың рухани қазынасын жасаушы емес оны керісінше тек дінді уағыздаушы ретінде көрсетуге тырысып бақты. Оның зардаптарын кейінгі ұрпақ тартуда. Мысалы, қазірдің өзінде жас ұрпаққа өздерінің өткендегі ата-бабасының тарихын оқып білу үлкен қиындық туғызып отыр. Олар мұндай күйге кеңес өкіметінің социалистік құрылысты бірігіп орнатамыз деген желеумен өзге халықтың тағдырына қатыгездікпен араласқан отаршылдық пиғылының барысында, алфавитті екі мәрте өзгерту нәтижесінде түсіп отыр. Бүгінде бұл жасалған қиянаттың тұтас бір халықтың ұлттық санасына кері әсер етіп отырған жайы бар. Бұл жөнінде түркі халықтарының тұтастығын аңсап өткен және сол жолда күрес жүргізген Мұстафа Шоқайдың: "Кеңес өкіметі ата-бабаларымыз он төрт ғасыр бойы қолданған әліпбиді зорлықпен өзгертіп, үлкен мәдени мұрамыздан айырды әрі туыстарымыздың тіліне мүлдем жат емле қағидаларын енгізіп, түркістандықтардың туысқандық тұтастығына зор зиян келтірді"-322 деген пікірін бүгінде өмірдің өзі растап отыр.

Ал, халқымыздың аяулы ұлдарының бірі "Ауыл тілі" газетінің редакторы Міржақып Дулатов  1926 жылы ҚазОАК-тің сол кездегі төрағасы Жалау Мыңбаевқа қазақ тілінің тағдыры туралы қабырғасы қайыса жазған хатында:"Мен не көрмедім. Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты қосты. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды. Төңкеріс болды, қазақтың көзі ашылды, оның үстіне "қазақ тілі мемлекет тілі болсын" деген заң шықты. Төбеміз көкке төрт елі жетпеді. Бірақ не керегі бар, босқа қуанған екенмін"! деген толғанысы тұтас бір халықтың тағдырымен байланысты айтылғанын республика басшылары назарға да алмады...323

Сол жылдары Қазақстан бойынша "жазылмаған" жалпы орыстандыру саясаты жүргізіліп жатқанда бұл  көзбояушылық үшін жасалған "жұмыстар" ағын суға қарсы жүзгенмен пара-пар болды. Айтқанға көніп, айдауға жүретін күйге түскен ұлттық "элитаның" азғана тобы арқылы орыс большевиктері Қазақстанда өздерінің шовинистік пиғылдарын қымсынбай-ақ жүзеге асырып келді. Сол кезде мемлекеттік мекемелерде жүргізілген  іс қағаздарын, қазақша сөйлету барысындағы бұрмалаудан туындаған кедергілер  келе-келе асқынып, бүгінде ұлттық егемендікке сай болмай және оны ретке келтіруде бой бермей келеді.

"Қазақтандыру" саясатын жүргізу барысында орны толмас олқылықтардың жиі қайталанып отырғанын мұрағат сөрелерінен табылған мына бір құжат дәлелдейді. ҚазОАК-тің  жанындағы  Байырғыландыру  комитетінің 1934 жылғы 10 желтоқсанда болған мәжілісіндегі баяндамада: "Бұл болған жәйіттерді ұят та болса айтпасқа болмайды. Осы іске (қазақ тілін үйрететін курстарға) қаншама ақша жұмсал­са да,  ешқандай нәтиже ала алмадық, бірде-бір еуропалық қазақ тілінде, тіпті,  шамалы  да  түсінік беретін дәрежеге жете алма­ды"324- деп дәрменсіздік танытқан. Бұдан біз мемлекеттік мекемелер үшін қазақ тілін меңгерген мамандар даярлау оң нәтиже бермегенін көреміз. Мемлекеттік аппараттарды қазақша сөйлету тек жалаң ұран болып қалды. Оған мысал ретінде 1934 жылғы 14 сәуірде "Қазақ емес мектептерде қазақ тілін міндетті түрде оқу" деген алдамшы қаулысын келтіруге болады325 Осы шешімдер уақытша, жұртты алдарқату үшін қабылданып, кейін күші жойылып отырды.

1941 жылы 14 шілдеде ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесі қазақ тілін білетін басқа ұлт өкілдеріне берілетін жеңілдікті жойса, 19-ында Терминкомды жойды.326 Іс қағаздары қайтадан орыс тіліне көшірілді. ҚазКСР ОАК пен Халық комиссарлары кеңесі 1938 жылы қазақ мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқу туралы"327 қаулы қабылдап, сол жылдан бастап барлық қазақ мектептерінде орыс тілі жаппай оқытылатын болды. Осындай орыстандыру саясатының пәрменімен 1955 жылы 4 маусымда Қазақ КСР ХКК "КСРО Министрлер Кеңесінің 1955 жылғы мамырдың 9-да №3147 Жарлығына сәйкес орыс мектептерінде міндетті түрде қазақ тілін оқытудан босату туралы" №450 Жарлығын шығарды.328 Осындай бейбастақтыққа жол берген билік басындағылардың келісімімен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде де орыс тілі міндетті түрде қолданыла бастады.

Осы кезден бері ұзақ жылдар бойы белгісіз, түсініксіз ұлттар бірлігін күшпен ұстау саясатын берік ұстанған қызыл идеология интернационалдық біртектілікті уағыздап, "ұлттарды араластыру мен біріктіруді" қалыптастырудың волюнтаристік  әрекетіне жол беріп, тілдердің даму өрісін қасақана шектеп, әдейі тежеді, олардың қолданылу аясын үнемі тарылтып, бұқаралық ақпарат құралдарында, мерзімді баспасөзде тілдің бейнелеу бояулары жұтатылды.

Кеңес өкіметінің сол кезеңінен бастап бірде үзіліп қалып, бірде үздігіп барып, шешуі табылмай келе жатқан ана тіліміздің түйін-түйнекке айналған толғақты мәселелері бітеу жара күйінде бүгінге дейін жетуі де содан.

Белгілі журналист Ж.Қуанышәлінің "Тарихтан неге тағылым алмаймыз" деген жан айқайы сол 20-30 жылдардағы қазақ тілін мемлекеттік мекемелерде қолдану барысында жүргізілген жалаң үгіт-насихат пен бүгінгі күнгі қазақ тілінің  ахуалын, қолдану аясының баяғы қалыпқа түсетін қаупінің мүмкін екендігін салыстыра келіп: "Біз қазір өткен ғасырдағы 20-30 жылдардың "қазақтандыру" науқанында жіберілген қателіктер мен олқылықтарды сол қалпында қайталап отырмыз. Байқасаңыз, о кезде де, қазір де ешкімді,  әсіресе, тіл саясатын тікелей жүзеге асырып, қазақ тілін мемлекеттік қызмет саласына енгізуге тиіс лауазым иелерін сол тілді білуге міндеттемейтін, демек олар бұл салада түк істемесе де ешқандай жауапкершілікке шақырмайтын Тіл Заңын қабылдап, тек сол себептен ғана орындалуы мүмкін емес заң актісін жалаң үгіт-насихат арқылы орындауға тырысып, арамтер болып жүрміз.  Ол кезде де, қазір де тіл қолданысының барлық саласында дерлік онсыз да өз   үйінің босағасынан сығалап, өгей тірлік кешкен қазақ тілі мен бұл үй үшін ерке бала-орыс тіліне бірден, "тең құқықты" мемлекеттік мәртебе (20-жылдар) мен ресми мәртебе (90-жылдар) беру арқылы алғашқысының қолына кісен, аяғына тұсау салып, тырп еткізбей тастадық"329-деп айтқан бағасы бүгінгі күннің ащы шындығы болып тұр.

Уақыттың өзі мемлекеттік тіл мәртебесі бар қазақ тілінің қазірдің өзінде-ақ кәдеге толық жарамай жатқандығын, жаңарған заман талаптарына сай өзгертілуге тиістігін көрсетіп отыр. Жерімізді мекендеп, суын ішіп, сол жерде ұрпақ өсіріп отырған орыс халқының өкілдері шала қазақтармен қосылып, бұл күнде қазақтың ырымдап қойған қасиетті есімдерін Олжасты Алжас, Оразды Араз, тіпті Отан деген қасиетті ұғымды түйенің Атанына балап, намысқа тиетіндей етіп бұрмалап айтулары сол халықты сыйламау болып табылады.

Кезінде қазақты ұлт ретінде жойып жіберуге жанталаса күш салған отаршылдықтың солақай, содыр саясаткерлерінің, ең әуелі, тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің тамырына балта шаппақ болған кешегі неше түрлі құйтырқы амалдарының зардаптарын күні бүгінге дейін тар­тып келеміз... Қазақ халқы ғасырлар бойы санасына сіңірген ұлттық рухынан, ұлтқа тән қадір-қасиетінен айрылар халге жетті. Әсіресе, кеңес билігі тұсындағы жылдар ішінде ұлт ретін­дегі кейпінен айрылуы шапшаңдай түсті. Сөйтіп, ұлт тұтастығына зор нұқсан келтірілді. Жергілікті халықтың дені (әсіресе, қазақ тілінде ғана сөйлейтін ауыл адамдары-Е.Қ.) шикізат өндіретін ар­зан жұмыс қолына айналдырылып, екінші сортты ұлт қатарына ше­герілсе, бүгінде икемсіз саясаттың кеселінен көпшілік қандас­тарымыз төбесінен жай түскендей мәңгіріп, тентіреп қалды.

Пар­тияның "пәрменді" саясаты арқасында ұлт зиялысының бет-бейне­сі, жан-дүниесі өзгертіліп, оның орнына ұлттық мүдделерге шо­шына қарайтын, өзінің емес, өзгенің пікірін айтуға әбден дағдыланған "тілалғыш", "ақыл айтқыш", қара басының қамынан аса алмайтын басшылар корпусы қалыптасты. Соның салдарынан қазақ тілі және осы тілде жүргізілген іс қағаздары күні бүгінге де­йін шешімін таппай, шерменде болып шетқақпайда қалып жүр.

Еліміз егемендікке жеткен қазіргі кезде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу өткендегідей тағы да додаға түсіп, өз жерінде өз тағдырын өзі шеше алмайтын күйге түспеуі үшін, қазақ тілінің саяси-әлеуметтік салаға толыққанды араласып кетуіне, мемлекет тарапынан бүгінде қолданылып жүрген шаралардан өзгеше пәрменді қосымша жұмыстар жүргізілуі  қажет. Қазақ тілі қалай қолданыстан шығарылды, сондай әдістермен өзінің лайықты орнына қайтарылуы тиіс. Бұл тілді менсінбеушілерге оның маңызына ерекше тоқталып көздерін жеткізетіндей тәсілдер мен тиімді жолдардың экономикалық көздерін тауып пайдалану керек. Саяси тәуелсізбін деп аталған мемлекет, қажетсіз болып бара жатқан ана тіліне қамқорлық көрсетіп, оған жан-жақты әлеуметтік жағдай жасамай бұл маңызды істің ақыры насырға шабуы да мүмкін.

       Өткендегі тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлеуметтік-саяси, ғылыми және мәдени өмірдің әр түрлі салаларында керексіз болған тілдің құрып кетуі ғажап емес. Ал тілдің құрығаны-тұтас бір ұлттың жоғалғаны. Ана тіл де халықтың ұлттық бейнесін, болмысын қасиетін сақтап, соған нәр беріп тұратын тамыр секілді. Егер табиғат заңына сәйкестендіріп бейнелеп айтар болсақ, қазіргі ана тілінің жағдайы қаңбақ секілді. Қаңбақ тамыры барда көкпеңбек, дәнді, түйінегі қажетті өсімдік болса, тамырынан үзілгенде қаңғырып, ешкімге қажетсіз болып қалады. Осы қаңбақтың соңғы күйіне жеткізбеу үшін, халықтың ұлттық тамыры болып саналатын ана тілі мәртебесі жоғары болуы үшін, әрбір ұлт өкілі осыны терең ойлауы керек. Өйткені бұл жағдай-мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің де кепілі.

Есенғазы Қуандық

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048