Бейсенбі, 20 Қараша 2025
Мәдениет 200 0 пікір 20 Қараша, 2025 сағат 13:18

Соқыр көзден де жас шығарған қойылым

Сурет: vechastana.kz сайтынан алынды.

(Режиссёр Гүлназ Балпейісованың «Сотворившая чудо или что такое любовь?!» музыкалық драмасына рецензия)

Сіз өмірде ғажайып бар екеніне сенесіз бе? Ал сол ғажайыпты адам өз қолымен жасауы мүмкін екеніне ше?

Бұл сұрақтарға жауапты жуырда (15–16 қараша күндері) Елордадағы Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында премьерасы өткен режиссёр Гүлназ Балпейісованың «Сотворившая чудо или что такое любовь?!» атты музыкалық драмасын көргенде анық сезінуге болады. Американдық драматург Уильям Гибсонның шынайы өмірге негізделген пьесасы көрерменді алғашқы минуттарынан-ақ өз әлеміне тартады.

Америка. Алабама штаты. ХІХ ғасырдың соңы.

Сахна шымылдығы Келлерлер отбасындағы қуаныш - нәрестенің дүниеге келуімен ашылады. Көп ұзамай бұл көрініс тағдырдың қатал сынағына ұласады. Небары бір жарым жасында ауыр дертке шалдыққан Хелен Келлер көру және есту қабілетінен айырылады. Қараңғылық пен үнсіздіктің ішінде өсіп келе жатқан қыздың мінезі қыңыр, ашушаң, ырыққа көнбейтін сипатқа ие болады. Ата-анасының шектен тыс аяушылығы тәрбиеге кедергі келтіріп, Хеленді одан әрі тұйық әлемге қамайды.

Қыздарын емдету жолындағы отбасының ұзақ ізденісі оларды Балтимордағы белгілі дәрігер Чизхолмға алып келеді. Дәрігер Хеленмен жұмыс істеуді өзінің көмекшісі, тағдыр тауқыметін ерте тартқан, көзі нашар көретін 20 жасар Анни Саливанға жүктейді. Дәл осы сәттен бастап қойылымдағы негізгі драма - екі қайсар жанның қақтығыстан басталатын күресі көрініс табады: бірі - тұйық әлемге қамалған Хелен, екіншісі - сол әлемнің есігін ашуға бел буған Анни.

Гүлназ Балпейісованың режиссурасы өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Минимализмді ұстана отырып, ол әр детальға символдық мән жүктейді.

Декорация ықшам, артық бөлшек жоқ. Сахнаның шектеулі кеңістігі Хеленнің тұйықталған әлемін дәл бейнелейді. Орталықтағы ширмалардың баяу жылжуы уақыттың, орын ауысуының, көңіл-күйдің өзгерісін білдіреді.

Жарық — бұл спектакльде сөзсіз сөйлейтін актер іспетті. Бұлыңғыр жарық Хеленнің тұйық әлемін жеткізсе, кенеттен өшуі оның бойындағы үрей мен белгісіздікті паш етеді. Жарық қоюшы Нарек Туманянның жұмысы қойылымның драматургиялық әсерін күшейткен.

Музыкалық сүйемелдеудің орны ерекше. Фортепианодан ағылған жанды әуен көріністердің драматизмін тереңдетіп, кейіпкерлердің айтылмаған эмоциясын жеткізеді. Актриса Асель Красникова сахнада рөл сомдап қана қоймай, музыкалық партияны да жоғары деңгейде алып шығады. Әуен бірде баяу, бірде екпінді, кейде үзіліп қалған тынысқа айналып, оқиғаның мазасыз да нәзік табиғатын ашады.

Костюмдер де қарапайым, табиғи. Ақ пен қара түстердің алмасуы спектакльдің психологиялық астарына дәл қызмет етеді.

Авансценада тұрған су колонкасы алғашында жай реквизит көрінгенімен, финалға қарай символдық маңызы айрықша артады. Құбырдан шынайы судың ағуы, Хеленнің «су» деген сөзді тануы - бүкіл қойылымның кульминациясы. Бұл сәтте залдағы көрерменнен шыққан күрсініс, қозғалыстың тоқтауы, көз жасының көрінуі - катарсистің анық белгісі екені сөзсіз. Бұл тек сөзді түсіну емес, қараңғылықтан жарыққа шыққан адамның жеңісі деп білеміз.

Актёрлік ойын - спектакльдің жүрегі.

Анни Салливан рөліндегі Полина Харламова образға қажетті қаталдық пен жан жылуын үйлестіре білген. Оның ішкі жинақылығы, қажуы мен жігері, мейірімі мен ашуы нанымды жеткізілген. Актрисаның пластикасы мен сөйлеу мәнері образды тірілтіп, көрерменге терең әсер сыйлайды.

Хелен Келлер рөліне арнайы таңдалған Гүлнара Есентаева - спектакльдің ең сәтті шешімдерінің бірі. Инклюзивті «Қанаттылар» театрының актрисасы ретінде оның тәжірибесі рөлдің шынайылығын ерекше күшейтеді. Үш сағатқа жуық уақыт бойы бірде-бір сөзсіз, тек қимыл, пластика мен мимика арқылы ойнау - актерлік шеберліктің шыңы ғана емес, адами да ерлік.

Екінші құрамдағы Айжұлдыз Бағланова да образды кәсіби биікте сомдап, өзіндік қырынан аша алған.

Хеленнің ым-ишара мен саусақ әліпбиіне негізделген ойыны спектакльдің әсерін тереңдетеді.

Спектакль соңында бүкіл труппаның саусақ тілімен синхронды түрде ән орындауы - ерекше көркем шешім, тілсіз түсінісу мүмкіндігінің айқын көрінісі.

Қойылым бастан-аяқ сурдоаудармашы Айдана Жапарованың аудармасымен сүйемелденді. Бұл - есту қабілеті нашар көрермендерге театр кеңістігін толыққанды қабылдауға мүмкіндік беріп, қойылымның гуманистік миссиясын күшейтті.

Қорыта айтқанда, қойылым эмоционалдық қуатының күштілігімен, көркемдік тұтастығымен және актерлік ойынның жоғары деңгейде болуымен ерекшеленеді. Көрерменді селт еткізбей қоймайтын, ешкімді бейжай қалдырмайтын спектакль. «Сотворившая чудо» шынымен-ақ ғажайыптың бар екеніне сендіреді. Бұл - жылулық пен махаббаттың, табандылық пен сенімнің адам бойындағы ұлы мүмкіндіктерді оятатынын көрсететін әсерлі жұмыс.

Атақты американдық жазушы Марк Твен ХІХ ғасырдың ең ұлы екі тұлғасы - Наполеон мен Хелен Келлер екенін айтқан. Бірі - әлем картасын өзгертсе, екіншісі - адам мүмкіндігінің шекарасын өзгертті.

Бұл қойылым сол екіншісінің ғажайып дәлелі деуге болады.

Жұлдыз Капезова,

Күләш Бәйсейітова атындағы Өнер Университетінің студенті

Abai.kz

0 пікір