Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 7859 11 пікір 10 Мамыр, 2017 сағат 11:45

Жазушылар одағы һәм «шайтан ғана – үмітсіз»

Бүгін Abai.kz ақпараттық порталының электронды поштасына белгілі ақын, публицист Мырзан Кенжебайдың атынан Қазақстан Жазушылар Одағына қатысты мақала келіп түсті. Автор Жазушылар Одағындағы кейбір жағдаяттарды сынап, өз ойын ортаға салған. Біз бұл сынға қарсы тараптың айтар уәжі болса, жариялауға дайын екенімізді ескертеміз.

Abai.kz ақпараттық порталы

 

Жекелеген пенделер, кейде бір топ қоғам мүшелері өз басындағы жақсылы-жаманды алуан-алуан жағдаяттарға байланысты, Елбасының бір шарапаты тиер деп «Ашық хат» жазып жататынын көріп жүрміз. Алайда, сол «Ашық хаттарға» Елбасы жеке өзі нақты жауап бергенін де көрген емеспіз. Сонда да өткен жылы есімі елімізге, қала берді алыс-жақын шет елдерге мәшһүр бір топ ақын-жазушылар тек «шайтан ғана үмітсіз» деп Елбасыға «Ашық хат» жазды.

Онда бүгінгі қазақ әдебиеті қандай күйде, оның асылы мен жасығына әділ баға беріп отыруға тиісті Жазушылар Одағы бұл орайда өз міндетін атқарып отыр ма? Сын жоқ жерде шындық айтылмайды, Жазушылар Одағында сын мәселесі жолға қойылған ба?  Оны 20 жылдан астам уақыттан бері бір-ақ адам басқаратыны несі, оның бұл орыннан кеткісі келмеуінің ар жағында қандай құпия жатыр? Бұның бәрі аз болса, Жазушылар Одағы белгілі бір топтың меншігіндегі ұйым секілді болып, бүгінгі әдебиетті жасаған, жасап жүрген ең бір дарынды да қарымды қаламгерлердің Одаққа бас сұғуды қойғаны, шығармашылық атмосфераның жоқтығы, құрылтайлар өз уақытында өткізілмей әдейі кешіктірілгені, Одақтың қаржылық есеп-шоттары құпияға айналғаны, жазушыларға берілген жер телімі қайда, шығармашылық үйі кімдердің меншігінде екені сияқты кеудеге күдік пен күмән ұялатар  өзге де сауалдарға жауап білгісі келетіні айтудай-ақ айтылған еді. Одақ төрағасының Одақты басқару ісіндегі бұдан басқа да қателіктері мен кемшіліктері туралы талай сын пікірлер  Одақтың Құрылтайы кезінде де бірнеше мәрте ауызша да айтылды, материалдар да жарияланды. Оның бәрін былай қойғанда Н.Оразалиннің халықаралық «Алаш» сыйлығын бір күнде 42 адамға шүлен таратқандай үлестіріп, Жазушылар Одағын масқара мазаққа ұшыратқаны да талай рет баспасөзде жазылды. Нұрлан мырза оған да былқ еткен жоқ.

Еліміз қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтер қарсаңда рухани ұлттық мұраларымыз бен құндылықтарымызды, ата-бабамыз азаттық жолында сан ғасырлар қаны мен терін қатар төккен тарихи кезеңдерді бүгінгі ұрпаққа үлгілеп, оларды Отанын сүюге үндейтін шығармаларға бәйге жариялады. Оған  Еуразиялық топтан (ERG) қыруар қаржы бөлінді. Осы бәйге қорытындысын шығару кезінде  көркемдік деңгейі төмен, тіпті, Қазақ хандығының тарихына еш қатысы жоқ, арзанқол шығармалар жүлдегер атанғаны, бұл тарихымызға жасалған қылмыс екені  жаңағы «Ашық хатта» да айтылды. Ал бүкіл мән-мазмұны ішкілікке салынып өлген бір тотықұсқа арналған «Какаду» деген әңгіменің бас жүлде алғаны ел ішінде күлкіге айналды. Ішкіліктен өлген тотықұс туралы әңгіменің Қазақ хандығының 550 жылдық ұлы мерекесіне не қатысы бар, бұл Елбасымыз көтерген ұлы бастаманың бағасын түсіру емес пе деп жазды қаламгерлер. Бұл бәйге қорытындысындағы күмәнді шикіліктер туралы баспасөзде екі қайтара көлемді мақала жарияланды. Не Одақ басшылығы, не бәйге жөніндегі комиссия бұған да бір ауыз жауап қайтармастан қалды. Оның есесіне осы «Ашық хатқа»  байланысты президент аппаратында Жазушылар Одағының кезектен тыс жиынын өткізіп жаңа төраға сайлау мәселесі қозғалыпты деген сыбыстан кімнің зәресі ұшқаны қайдам, көп ұзамай Жазушылар Одағының «Қазақ әдебиеті» газетіне әуелі 443 адам, сосын 550-ден астам адам қол қойған «Ашық хат» деп аталатын тізім шықты. Тізім аты-жөні қалың оқырман тұрмақ шын жазушылардың, журналистердің өздері білмейтін, беймәлім «жазушылардың» аты-жөніне толып тұр. Бір-бірімізден мынау кім, мұндай да жазушы бар ма десек «кім біліпті» деп  иығын қиқаң еткізеді. Өйткені, Н.Оразалин төраға боп келгелі әдеби қазынамызға үлес қоспақ түгіл, әдебиетке жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар Жазушылар Одағына мүше боп қабылданып, олардың саны бүгінде 800-дің о жақ, бұ жағына жетіп отыр. Олардың ішінде жәй, қарадүрсін журналистер мен қарапайым тіл мамандарын айтпағанда актер да, суретші де, бір кезде облысты, ауданды басқарған әкім де, пьеса деуге келмейтін пьеса жазған депутат та, базарком да, спортшы да, тарихшы да, заңгер де, көлік саласының қызметкері де, бір рудың не тайпаның шежірешісі де, өзге де сан-сала мамандары өріп жүр.

Әрине, Құдай өзіне қанат бермегесін көкке самғап жүрген қырандарға қызғана қарайтын тауықша жазушы атанып көзге түскісі келетіндерге  Жазушылар Одағының мүшесі атанғаннан басқа ненің қажеті бар?! Одақ төрағасын сайлау кезінде «Ал, кәне, Н.Оразалиннің төраға болуына қарсы емеспіз дегендерің қол көтеріңдер деген кезде әлгі ойдан-қырдан құрастырылған «мүшелер» ду етіп қол көтереді.  Одан артық не керек? Әдебиет деп аталатын баға жетпес рухани қазынамызды ластауға, Жазушылар Одағы деп аталатын киелі қара шаңырақтың қадірін кетіріп, мазаққа ұшыратуға осының өзі-ақ жетіп жатқан жоқ па?! Ұтыры келгенде айта кетейік, 550 адамдық бұл тізімге қол қойған  қаламгерлердің көпшілігі оған телефон арқылы «қол қойғандарын» айтты. Сөйтсек оларға Одақтан телефон соққандар Пленумды кезектен тыс емес, өз уақытында өткізуге қарсы емессіздер ме деген сұрақ қана қойған, ал мәтінде не жазылғанын көбі білмейді екен, тіпті көрмегенін айтты.

Енді Одақ органы «Қазақ әдебиетінің» екі нөмірінің бірнеше бетін алып жұртты күлкіге қалдырған «Ашық хаттағы» мына сорақылыққа қараңыз: Ол «Қаламгерлер ұйымы дау-дамайсыз, талас-тартыссыз болған емес. Кешегі арыстар мен алыптар кезінде де, алпысыншы, тоқсаныншы жылдар аралығында да қаламгерлер дауы толастамаған» деп  Елбасымызға жазушы атаулыны қашаннан дау-дамайсыз, жанжалсыз  жүре алмайтын жандар ретінде «суреттеуден» басталады. Жазушылар Одағының бір басшысын орнынан қозғамай аман отырғыза беремін деп дүниеден өткен қаламгерлердің әруағын тітіркендірудің бұдан өткен түрі бола қоймас, сірә! Ал ол арыстар мен алыптар: М. Әуезов, Х.Ерғалиев, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Т.Ахтанов, С.Мәуленов, олардың бержағындағы Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов сынды  халқымыздың алысқа да, жақынға да бетке ұстар нағыз тарланбоздары емес пе?! Олар айтысса да, тартысса да әдебиет төңірегінде, оның жетістігі мен кемшілігі төңірегінде әрқайсысы өз пікірін айтып мәселенің дұрыс-бұрысын анықтау үшін айтысты. Біріншіден жасы 80-нен асып 90-ға таянған адамдардың ол арыстарды,  жалпы қаламгер қауымды дау-дамайшы деп бүгінгі және ертеңгі ұрпақ алдында бұлайша қаралауы  зор күнә. Екіншіден, ол арыстар мен алыптардың ешқайсысы Жазушылар Одағында Н.Оразалиншілеп 20 жылдан астам отыра берейік немесе Жарғыға өзгерту енгізіп «Құрметті төраға» деген атақ алып одан әрі басқа берейін деп айтысқан жоқ. Және олардың ешқайсысы  өзі басқарып отырған газетке біресе 443, одан 550 адамның қолын қойдырып масқара болған емес. Өйткені, ол арыстарымыз өздерінің Ар, Намыс, Ұят деген киелі қасиеттеріне қылау түсірмеуді ойлайтын сәруар тұлғалар-тұғын.

«Тізімнің» ең басында  әдеби қазынамызға ауыз толтырып айтарлықтай бірде-бір көркем шығарма бермеген, әйтеуір әдебиетші немесе академик деген аты бар ағамызбен бірге ақсақал актердің де аты-жөні тұр. Кейін білдік ол да Жазушылар Одағына мүше екен. Ал Жазушылар Одағындағы келеңсіз жағдайды түзетейік, жаңа төраға сайлайық деп Елбасыға хат жазғандар қазір көзі тірі классик, Халық жазушысы Қ.Жұмаділовтен бастап,  қазақ әдебиеті тарихында пьесалары тұңғыш рет Ұлыбританияның корольдік театрында қойылған, есімі елімізден асып шетел жұртшылығына танымал Д.Исабеков, Т.Медетбеков, Е.Раушанов сынды Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері және басқа да белгілі ақын-жазушылар еді. Және олар «ҚӘ» газетіне, Одақ басшыларына ұқсап ондаған, жүздеген адамның аты-жөнін тізуді ұят санап әдебиетімізге айтулы үлес қосқан белгілі-белгілі 10-15 адамның ғана аты-жөнін көрсеткен еді. Әлде жаңағы 90-ға кеп қалған ақсақалдар  оқымастан қол қоя салды ма, әлде  Одақ басшылары өздері жазды ма кім білсін әйтеуір біз аты-жөнін атаған қаламгерлерді «Одақ басшылығына таласып, әр сайлау сайын жеңіліс тауып келе жатқандар» дегенді оқығанда «Мына кісілерге не болған?» деп жағамызды ұстадық. Өйткені, Н.Оразалин осы абыроймен кетсін деп қол қойған не Қ.Жұмаділов, не Д.Исабеков, не Т.Медетбеков, не Е.Раушанов төраға боламыз деп ешқашан Жазушылар Одағының сайлауына түскен емес. Және Жазушылар Одағы Қазақ хандығының 550 жылдық ұлы мерейтойына арналған Бас жүлдені маскүнем тотықұстың өлімі туралы шығармаға беріп, қалған жүлделерді бас-аяғы жоқ  шикілі-пісілі дүниелерге шүлен таратқандай үлестіргені айтылып та, жазылып та жатқан тұста осы 5-6 ақсақал үнсіз отырған еді. Солар енді Одақ төрағалығында 20 жыл отырып, небір келеңсіздіктер мен кемшіліктер жіберген  төрағаны өзгертейік Пленум өткізейік  дегенде шоршып түсті. Ал жасы 70-тен асып кетсе де Жазушылар Одағының басшылығында жүрген Б.Шаханов ақсақал қазақтың осынау бетке ұстар қаламгерлеріне жабылған бұл жалалар аз болғандай көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жариялап «мысықтілеулі», «пәле-жалашылар», «жөн-жосықсыздар», «жолбике», «дау қуғандар», «даукестер», «пәленшекеңдер», «жала жауып, күйе жағушылар», «әлдекімдер», «бәлеқор әріптестер», «бықсытып», «сыпсың сөз» таратушылар деген ластықты төгіп-төгіп салды. Иә, Одақтың  құлдырап кеткен қадір-қасиетін қалпына келтірейік, жаңаша ойлап, топшылдықпен күресе алатын, кім көрінгенге жазушы атағын беріп  қаламгер деген киелі атаудың да, әдебиеттің де қадірін кетіруге тоқтау сала алатын, өзі де талантты, халыққа танымал жаңа Төраға сайлайық деген адамдарға бұлайша жабылып, дүрсе қоя берудің өзі-ақ бүгінде әдебиетімізге кімнің қаншалықты жанашыр екенін көрсетіп-ақ тұр-ау. Әйтпесе, төрағаны ауыстыруды талап етіп Елбасыға хат жазған үлкен талант иелері мен көркем әдеби қазынамызға дәмі тіл үйірер бір шығарма қоса алмаған ақсақалдар мен актер-жазушыны салыстырудың өзі-ақ Жазушылар Одағының бүгінде қандай күйге түскенін көрсетіп-ақ тұрған жоқ па? Сіз не дейсіз?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052