Дүйсенбі, 14 Қыркүйек 2026
Дей салдым-ау 6333 3 пікір 16 Мамыр, 2017 сағат 12:11

Сүлейменовтің тілі неге қышыды?

Сырттан қарыз алуға дәндеген Үкіметіміз бүгін берешегіміздің қаншаға жеткенін тағы бір мәрте есімізге салды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында Қазақстанның қарызын жіпке тізді. Министрдің айтуына қарағанда, мемлекеттің мойнындағы берешек 12,3 триллион теңгеге жеткен. Бұл жалпы ішкі өнімнің 24,6 пайызына тең деген сөз.

Қазақтың тілін мандытып білмейтін министр мырза 12,3 триллион деген сомадан дым қорықпайтынын, дабыл қағудың қажеті жоқтығын, бұл жағдайды басқаруға қабілетті екенін айтып ақталған. Жалпы, біздің елде доллар бағамы өсерден бірер күн бұрын "доллар тұрақты болады" деген сыңайда ресми мәлімдеме жасалушы еді. Сүлейменовтің кенет сыртқы қарызды сөз ете қалуының астарында не жатыр. "12,3 триллионның үстіне тағы жамау жамалады" деген белгі емес пе бұл?

Елбасы Қытайда іс-сапарда жүр. Осы жолы көршіден тағы қарыз алып қайтса, былтырғыдай жер дауы қайтадан басталып кетпей ме? Қытай бізге қарыз берсе, оның өтеуі оңай болмасы анық.

Сүлейменов сондай-ақ, мемлекет басшысының жолдауда айтқан макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау тапсырмасының орындалып жатқанын да айтып өтті.

"Әлемдік тауар және қаржы нарығында сақталып отырған тұрақсыздық біздің жасаған болжамымызды шектеуге итермелеп отыр. Жылдың басындағы 4 айда экономикада тіркелген өсім одан ары қарай да жалғаса береді деп айтуға болмайды. Ол үшін мемлекеттік аппараттың белсенді жұмыс істеуі керек", – деді министр.

Бұл да есі бар жанды ойға қалдыратын сөз. "Төрт айдағы экономикалық өсім жалғаспайды" деудің астарында "тағы қарыз алудан басқа амалымыз жоқ" деген ойдың жатпағанына кім кепіл?

Әншейінде жақ ашпас ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің тілі неге қыши қалды? Кеше Қорғас кеден бекетінің акцияларын сатып жіберіп едік, бүгін, яки ертең немізді көршілерге берер екенбіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1164
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2690
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 806
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 778