Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Адасқандар 7223 12 пікір 23 Мамыр, 2017 сағат 10:20

5-6 жылда өліп таусыламыз... сүйегімізді көрден алып, итіне тастаса да еріктері

Соңғы жылдары бізде  әсіребілгіш саясаттанушылар пайда болды. Жасы мен жасамысы аралас. Қазақтың тарихына қалам тартса-ақ болды: «1917-жылғы Октябрь (Қазан) революциясы, Ленин мен Сталин, Кеңес дәуірі, 1941-1945 жылдарғы соғыс қазақтың қасіреті болды» деп сайрай жөнеледі. Қазан революциясы болмаса (меніңше, «революция» деу дұрыс сияқты; «төңкеріс» билік басындағыларды өзгертеді, ал «революция» билік жүйесін өзгертеді), Ресей орналасқан құрлықты түгелдей орыстандыруға кіріскен 1-Петрдің Ресейі ары кеткенде 1925-жылға дейін қазақты да шоқындырып, Иванов, Сидоров... етіп қорлап тынар еді. Жырау бабаларымыз соны күні бұрын сезіп, «Кер заманның» келе жатқанын ашынып айтты емес пе?! Бүгінгі саясаттанушы мен тарихшыларымыздың қайсыбірі соны зерделемей, қазақтың қазақтығын, елінің елдігін сақтап қалып, жерін межелеп бекітіп берген В.Ленинді, Кеңес дәуірін «керзамандатып» әлек. Осы негізсіз әрекет  туралы мына бір ойымды айтуды ұйғардым:

  1. «Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар өз еркімен қатысқан жоқ», «9-мамыр қазақ үшін қаралы күн» туралы.

«Ұлы Отан соғысы» деп аталған 1941-1945 жылдардағы шайқас – иә, шын мәнінде дүниежүзілік соғыс. Себебі оған ондаған елдің қатысы болды.

КСРО-ның болғаны, оның құрамына одақтас республика дәрежесінде Қазақстанның да енгені – тарихи құбылыс. Яғни одақтас 14 республика үшін КСРО ортақ Отан болды. Гитлершіл фашистер тұтқиылдан бассалғанда «совет халқы» делінген көп ұлтты жұрт басқыншыларға қарсы қол ұстаса бірге аттанды. Өйтпегенде ше?!

Ұлы Отан соғысын, ондағы жеңісті мансұқтап, гитлершілдерді жоқтап, лаң салушылар біраз елде пайда бола бастады. Ресейдегі тақырбастар ма, Балтық жақтағы өжеттер ме, әртүрлі аталатын топтар тіпті жеңдеріне, туларына фашизмнің «бүйісін» (свастикасын) жапсырып алып, Гитлердің туған күнін атап өтіп, нәсілшілдік құртын қоздырып, басқа ұлттарды кемсітіп, кісі өлтіріп те жүр. Санкт-Петербургтағы ол сұмырайлардың көшеде келе жатқан бейтаныс, жазықсыз қазақ қызын қазаға ұшыратқандары кеше ғана емес пе?!

Елін, жерін фашизмнен азат еткен совет жауынгерлеріне орнатылған ескерткіштерді ластау, қирату сияқты өрескелдік те кездесіп жатыр. Гитлершілдердің қаскөйлігін көрген, түсінген неміс халқы өздерін де, жер жүзін де фашизмнің обасынан арашалап қалған совет солдатына Берлинде орнатылған ескерткішке тиіспейді, ал Ресей, Балтық елдері, т.б. қиратады. Сонда олар, егер фашизм жеңген күнде, өздерінің ұшпаққа шығатынына көздері жеткендер ме?!.

Сол соғыста КСРО жеңілсе, ол оның құрамындағы барлық республикалардың, барлық ұлттар мен ұлыстардың жеңілісі болмас па еді?  Фашистер славяндарды ғана қырып, өзгелерге, мысалы, қазаққа тиіспеуге, достасып,  құда болысып, құйрық-бауыр жесіп жүруге уәде беріп пе еді? Сөйткен күннің өзінде ата-бабасы: «көрші хақысы – тәңір хақысы» деген    қазақ әрі тағдырласы, әрі көршілері - орыс, қырғыз, өзбек, т. б. халықтардан жырылып қалар ма еді? Жоқ, қалмас еді! Фашизм жеңсе, Қазақстан да құрдымға кетер еді. Ендеше, кейбір «сәуегөйлер» айтып жүргендей, 1945-жылғы мамырдың 9-ншы күні қазақ үшін қаралы күн емес! Жеңіс мерекесі күні! Қазақтың қамын жегенситін сыңарезулердің қазаққа бұл күнді ұмыттырғылары келіп жүргендері - елін, жерін, кейінгі ұрпағын қорғап құрбан болған: Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағамбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Ізғұтты Айтықов, Нұркен Әбдіров, Баубек Бұлқышев және басқа мыңдаған боздақтарымыздың, қанмайданнан жеңіспен оралып, күні кеше ортамызда жүрген: «Отан үшін отқа түс, - күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлы, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдінев, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, Мәлік Ғабдуллин, басқа да жүздеген аға-апаларымыздың аруағынан аттап кету! Бүгінде алдымызда аман-есен жүрген жеңімпаз қарт  майдангерлерімізге  күл шашу!

Алдыңғы жылы 9-мамырда Шығыс Қазақстанда болғанымда жасы тоқсанды артқа тастаған жауынгер ақсақал Уәжіп Жексенұлы: - Қарағым, Жеңіс күнін «қазақ үшін қаралы күн» деп айтып, жазып жүрген анау үлкен-кіші шіркіндерге айта баршы, не әке-шешелерін, не өздерін гитлершіл фашист жауыздардан қорғап қалған біздің там-тұм жүйкемізді жұлмаламасын, 5-6 жыл шыдай тұрсын, біз өліп таусыламыз, содан кейін сүйегімізді көрден алып, итіне тастаса да еріктері! –деп налығанда бетіммен жер басқандай күй кештім.

«Өткенге оқ атпа, ол өзіңді табады» дейміз. Ал «атқыштар» қырда да, ойда да оқыранып жүр. Алаяқ Хрущев бастап, оның сойылсоғарлары, іштерінде қайран қазекемдер де бар, өкпелері қабына қостап, өтіріктің нысанасын  тапты. Хрущевшылдардан түңілген зиялылардың бірі – француз ғалымы, жазушы, қоғам қайраткері Роже Гароди:  «Егер ол (Сталинді  айтады, - Ғ.Қ.) адами көзқарас бойынша қымбатқа түскен, бірақ мақсат-мүдде тұрғысында теңдессіз күш-қайрат жұмсамаса, біз бүгін Освенцим дәуірінде жүрген болар едік».

Өзгенің өнегеге татымас қиямпұрыстығына өзеурейтіндер ең болмаса осы сөздің төркініне ой жіберсе ғой!

  1. Жалған цифрлар жайы.

Ресейдің дақпырт-дабыра, өсек-өтірік көрігін күмпілдетушілері тобына еліктеп, жалған цифрларды өсіре малданып жүрген әсіресаясатшыл қазекемдер мына деректерге көз салса, ойланса, әсте теріс болмас еді:

1941-1945 жылдардағы соғыс жайын жан-жақты зерттеп, нақты деректерді жинаған Ресей Қорғаныс министрлігінің компьютерлік банк орталығы мынадай мағлұмат берді:

КСРО Армиясы мен флотының майдандағы шығыны - 6,1 млн. адам;  фашистердің тұтқынында  қаза болғандары - 2,5 млн.;

фашистер басып алған жерлерде өлтірілгендер -  17, 6 млн.

Яғни КСРО  шығыны  -  26, 2 млн. 

Германияның жалпы   шығыны - 7, 2 млн.

АҚШ, Англия, Франция, Жапония және басқалардың жалпы  шығыны - 1  млн. адам  шамасы.

Демек, 1941-1945 жылдардағы  соғыс құрбанының жалпы саны - 34,4   миллион адам.

Ал саяси бояулы «қызыл қырғын» кезеңінде КСРО-да қанша адамның қаза тапқаны туралы да сан қилы дерек бар. Алайда олардың ең тиянақтысы -  Хрущевтің  бұйрығы бойынша КСРО Бас прокуроры Р. Руденко, Ішкі істер министрі С. Круглов, Әділет министрі К.Горшенин комиссиясы жүргізген тексерудің нәтижесі мынадай (08. 12. 1953 ж.): 1921-1953 жылдар аралығында қылмыстық жазаға тартылғандар – 3. 777. 380 адам, одан  атылғаны – 642. 980, қалғандры – 10-25 жылға лагерь мен түрмеге кесілген. Бертінде анықталғанындай, бұлардың ішінде «халық жауы» делінгендер – 1.344.923 адам. Одан атылғаны  - 181.692.

Үш саланың мағлұматы алдына барғанда Хрущев: «Мұның ешкімге керегі жоқ!» деп долданып, үстелінің суырмасына тастай салған да, партияның ХХ-съезіндегі «құпия» делінген шылғи өтірік баяндамасында: «Сталиндік репрессия жылдары 10 миллион адам құрбан болды!» деп, ресми деректі үш еселеп тепсінген. Сол-ақ екен, бастапқы цифрды «түзетушілер» көбейді. Мысалы:

Д. Волкогонов пен Р. Медведев – 5 миллион;

А. Антонов-Овсеенко – 16 миллион;

Ю. Феофанов – 16-20 миллион;

А. Кириллов – 40 миллион, -десе,

«орыстың ұлы жазушысы» А.Солженицын Франконы қолдау үшін 1976-жылы Испанияға «тарихи» сапар шеккенінде: «сталиндік социализм 110 миллион адамды құртты» деп, 1938-жылы  халқы 168 миллион КСРО-ны картадан өшіріп тастай жаздады.

Ресейде  тарихи шындықтан осылайша ботқа жасап, «...жер өртеушілер» көбейіп барады. Оларды кеше: алаяқ хрущев-солженицын-волкогонов... тобы жетектесе, бүгінде: арандатқыш суворов-млечин-радзинский-сванидзе... тобы жетектеп жүр. Осылай боларын И.Сталин 1939-жылы Ресейдің көрнекті дипломаты А.Коллонтаймен сұхбатында айтыпты. Оқылық: «...Многие дела нашей партии и народа будут извращены и оплеваны прежде всего за рубежом, да и в нашей стране тоже. Сионизм, рвущийся к мировому господству, будет жестоко мстить нам за наши успехи и достижения. Он все еще рассматривает Россию как варварскую страну, как сырьевой придаток. И мое имя тоже будет оболгано, оклеветано. Мне припишут множество злодеяний.

Мировой сионизм всеми силами будет стремиться уничтожить наш Союз, чтобы Россия больше никогда не могла подняться...

Возникнут национальные группы внутри наций и конфликты. Появится много вождей-пигмеев, предателей внутри своих наций.

В целом в будущем развитие пойдет более сложными и даже бешеными путями, повороты будут предельно крутыми. Дело идет к тому, что особенно взбудоражится Восток. Возникнут острые противоречия с Западом...».

Арандатқыштар А.Коллонтайдың Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақтаулы күнделігінде бар бұл сұхбатты жоққа шығаруға жанталасып: «Сұхбат болмаған!», «Сұхбатты біреу ойдан шығарған!» деп бетпақтанып, сионизмнің диірменін тартысып жүр.

Меніңше, КСРО тарихы, заман ағымына орай оның бір бұтағы болған Қазақстанның тарихы «тістілер мен тырнақтылардың» жемі болып қала бермейді, Шындық сөз алар кезек келеді!

Хрущевтың сонау «құпия» баяндамасын «шылғи өтірік» деу себебім - белгілі тарихшы Г.Феррдің «Антисталинская подлость» атты кітабын  оқып, иланғаным. Автор Хрущевтың СОКП ХХ-съезіндегі  баяндамасында Сталинге таққан 61 айыптың  бәрі өтірік екенін құжат тілімен дәлелдеп, «Суайттықтың әлемдік үлгісі» деп түйіпті. Хрущевшылдар сол «үлгіні», міне, 61 жыл бойы аласұра насихаттап келеді, - балшықтары солай иленген ғой!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

           

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061