Жұма, 22 Қараша 2024
Сатира 6342 6 пікір 26 Мамыр, 2017 сағат 10:05

Руымыз 71 миллиард...

Керілгенов кабинетінде керіліп отырған, біреу есікті тырнады. «Қырыт, қырыт..» деген дауыстан шошыған ол есікті өзі барып ашты. Қараса, біреу тұр. Адам емес. Адам болмағанымен жаман емес. Жаман емес дейтініміз, алдында бойы бір метрге жетер-жетпес ақша адам тұр еді. Иә, кәдімгі қазақстандық банкноттар.

Жиырма мың теңгелік қағаз ақшалардан құралған адам ақша. Көзіне қара көзілдірік тағып алыпты. Адам тұрқындағы ақшалар бір-біріне оралып, жабысып, қабысып, адам бейнесінде келіп тұр. Іші қуыс «адам» ақшаны көрген Керілгенов кенеттен күліп алды. Сосын күрсініп салды да:

– Кіріңіз, – деді. Ақша адам судыр-судыр етіп ішке кірді де, шенеунікке қарама-қарсы отырды.

– Иә, құлағым сізде. Неге келдіңіз? – деп сұрады ҚР ұлттық банкісінің бұрынғы төрағасы Тасыған Керілгенов.

– Таныдыңыз ба? – деді ақша адам.

– Жоқ.

– Біз жиырма мыңдықтар – зейнетақы қорының бұрынғы ақшалары едік. Руымыз 71 миллиард. Оның ішінде ҚР Ұлттық банкісіненбіз, одан зейнеақы қоры болып тараймыз. Сіз бізді банк басқарып тұрғаныңызда банкротқа ұшырап келе жатқан Әзірбайжан банкісіне бере салдыңыз...

– Иә?

– Содан бері бетіміз сия. Отанымызды сағындық. Қайтайық десек жібермейді... Екі жүз теңгелік қыздарымызды, бес жүз теңгелік ұлдарымызды, он мыңдық қатындарымызды сағындық...

– Сендер қалай келдіңдер? – деп сұрады Керілгенов күрсініп.

– Банктен қашып шықтық. Көрмейсіз бе, біразымыз жыртылып қалдық. Жолай скотчталып, жеткен жеріміз осы. Айтыңызшы, 71 миллиард зейнетақы қоры қашан елге қайтады? –деп сұрады ақша адам жыламсырап. Көзілдірігін алып, көздерін бет орамалымен сүртіп жатты. Сосын өксігін басып:

– Халықтың ақшасына неге тиісе бересіздер осы? Бізді шетел асырғанда шыққан мүйіздерің қане? – деп салды.

– Оу, кешірерсіздер, қазір ұлттық банктің төрағасы емеспін!

– А? Шетелде жүріп естімеппіз. Құтты болсын! – деді Ақша адам.

– Сендерді Әзірбайжан банкісі жібермей жатыр ма?

– Иә, жеті жылда қайтуымыз мүмкін дейді. Қайтқан күнде де, бойымыз, не ойымыз өспей, өсімсіз қайтарыламыз ба, ол жағы жұмбақ болып тұр... Біздің орнымызға облигациялар сатып алыпсыздар... Не, бізді жек көресіз бе?
– Е, жоға, сендерді өте жақсы көремін! Жәй, ел көрсін, жер көрсін деген едім...

– Халықты шырылдатып, бүйтіп ел көргені құрысын. Алматыны, Астананы сағындық. Жақында өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесін де көре алмайтын болдық қой... Әнеукүні бір жиырма мыңдық ініміз асылып өлмек болғанда, әрең қойдырдық. Бір бойжеткеніміз сіздерге өкпелеп, өзін-өзі жыртып тастады. Қазір реанимацияда жатыр... Отанды сағынып көрдіңіз бе өзіңіз? Отан оттан ыстық, көрпеден жылы...

– Зейнетақы қорынан емессіздер...

– Оны құзырлы органдар анықтай жатар. Қайдан екенімізді де ұмытып қалдық қой, есеңгіреп...

Ақша адам Керілгеновпен құшақтай хоштасып, кабинеттен шығып бара жатты. Бірақ жылап бара жатқанын ешкім көрмеді... Қайран, желге ұшқан жыртық көңіл ақшалар-ай!

Мұхтар ШЕРІМ

Abai.kz

 

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329