Ардабек Солдатбай: «Нацпаттармен» саудаласуға болады
«Кейбір нацпаттар парламент депутаты болуға дайындала бастапты». Жақында журналист Ардабек Солдатбай (суретте) өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында осылай деп жазды.
«Өздерін кəдімгі халық қалаулысы секілді сезініп, кесек сөйлеп, елдің ертеңі үшін "қам жеп" жүр.Тым сенімді. Соған қарағанда оларға нақты уəде берілген секілді. Белгіленген күнге дейін мойындарына жүктелген міндеттерді орындап көзге түсуі керек», - дейді жазба авторы.
Ол ол ма, бізге белгісіз себептермен қазір жабылып қалған «shyn.kz» сайтының редакторы Ардабек Солдатбай «нацпаттарды» жезөкшелерге үйір деп айыптайды. Сөйтеді де:
«Тек өздері бірдеме бүлдіріп қоймасын. Ол үшін қиын болса да жезөкшелерге бармай шыдаулары керек, сауна-кафедегі мас отырған суреттерін əлеуметтік желіге жариялауды тоқтата тұрады, руханияттың жоқшысы ретінде көрініп сұхбат беріп тұруы керек, қазіргі кеңесші, шырақшы, кітапханашы секілді қызметтерінде уақытша жүргендерін тым жария ете бермей, ұзақ мерзімге жасаған жоспарларын көрсетіп тұруы керек», - дегенді айтады.
Журналист Ардабек Солдатбай «етекке есі кеткен нацпаттар» деп кімдерді айтып отыр? Қазіргі қазақ қоғамындағы сергек саналы азаматтарға Ардабек Солдатбай неге шүйлікті? Бұл сұрақтардың жауабын әлемжелідегі жазба авторының өзінен сұрап білгенді жөн көрдік.
-Ардабек мырза, FB-дағы жазбаңызда «нацпаттар парламентке дайындалып жатыр» депсіз. Сіздің «нацпаттар» деп отырғаныңыз кімдер? Олардың нақты аттарын атап, түстерін түстеп көрсетпеген екенсіз... Кімдер туралы айтып отырсыз өзі?
-Нацпаттар - өздерін ұлтшыл патриот ретінде танытып жүрген қайраткерлер. Олар Марат Тəжиннің Президент əкімшілігіне келуімен ішкі-сыртқы саясатқа етене араласып жатқанын көріп отырмыз. Халықты біріктіру, өз төңіректеріне топтастырудың жолы - бəрінің бір мақсатқа жұмылуы деп санайды жəне ондай мақсат ретінде Ресейдің ықпалына, саяси-ақпараттық экспанциясына қарсы күресті таңдаған.
Алайда, халық нацпаттардың арасынан сөзі мен ісі үйлеспейтін тұлғаларды жиі көргендіктен оларға тым сенім арта бермейді. Жəне олардың көбі күні кешеге дейін билікте болған, қызметтен кеткеннен кейін ұлтшылдық маскасын киіп, оппозициялық пікірлер айтып, биліктің сыншысына айналғандар.
Сөйтсе де билік оларды қалаған уақытында белгілі мақсатқа, белгілі бір жобаға пайдаланып отырады. Яғни, олармен саудаласуға, сатып алуға, келісімге келуге болады. Қазір тұтқында отырған Президент əкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев та олардың қызметін үнемі пайдаланған.
-Ареке, сіз жоғарыда нацпаттарды билік өз мүддесіне пайдаланып отыр дедіңіз. Енді мынаны айтыңызшы, «Shyn.kz» дейтін сіз басқарған сайт неге жабылып қалды? Жұрт сайттың жабылуына сіздің діни көзқарасыңыз себеп болды деп жүр...
-"Шын" сайты жабылған жоқ, қызметі уақытша тоқтатылды. Дін істері министрінің тікелей тапсырмасымен жала жабылып, сот үш айға қызметін тоқтатқан. Бір əйелге сайттағы үш мақала ұнамай қалыпты. Сосын ол əкімшілікке арыз жазыпты. Дін істері басқармасы хаттама толтырып, əкімшілік іс қозғап сотқа беріпті. Əдеттегідей қуғын-сүргіннің тетіктері, құралдары іске қосылған. Таққан айыптары - сайт заңсыз миссионерлікпен айналысқан көрінеді. Əрине, біз ол айыппен келіспейміз, өзіміздің əркез журналистік міндетімізді адал атқарғанымызды айттық. Бірақ, өкінішке орай, біздің соттарда əділеттік жоқ. Оларға кез келген министр ықпал етіп, өзіне ұнамағандарды соттың қолымен қудалай алады.
Яғни, сайттың жабылуына менің діни көзқарасым емес, еліміздегі дін төңірегіндегі ахуалдың шындығын ашып айтқаным себеп болды.
-Сіз кезекті рет ұлтшыл жігіттерге шүйліктіңіз. Жазбаңызға қарасақ, олар Мемлекетке қауіпті адамдар сияқты...
-Нацпаттар - ақшаға сатылатын болса, онда шынымен ұлтқа қауіпті.
-Сізше болғанда «нацпаттар» «әйелқұмар», «алқаш», «жалған патриот» екен. Сонда сіздіңше, Парламент депутаты болып сайлануға кімдер лайықты?
-Парламентке мынау лайық деп ұлтшыл-патриоттардың ешқайсысын ұсына алмаймын. Өйткені оларда сөз көп, іс жоқ. Одан да нақты еңбектерімен, іскерліктерімен танылған азаматтар барғаны дұрыс болар еді. Мысалы, кəсіпкерлер - Айдын Рақымбаев, Қайрат Құдайбергенов, Марғұлан Сейсенбаев жəне т.б. Мұндайлар қазіргі депутаттар секілді Парламентке байып қалу, өзінің, ағайынының мəселесін шешіп алу үшін бармас еді. Тек олар депутат болуға қызықпайды.
-Түсінікті. Әңгімеңізге рахмет.
Ескерту: Сұхбаттасымыз «нацпаттар» деп отырған азаматтар – қазақ қоғамына белгілі ұлтшыл жігіттер. Олардың азаматтық ұстанымын, көзқарасын ұнатпайтындар мысқылдап, «нацпаттар» дейді.
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz