Шерғазы Қайыпұлын бiлеміз бе?
Әбілсейіт Қапизұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Ұлжан Ахметова, тарих ғылымдарының кандидаты
Парсы елін мойындатып, 1746-1756 жылдары Хиуаны билеп, Қазақстанның оңтүстік өңірін әулетімен қорғаған Қайып ханнан тараған 30 ұлдың ішінде Шерғазының орны ерекше. Жас кезінен Хиуа мен Бұхараны аралап, олардың саясаттарына қаныққан ол алғырлығымен, шешендігімен көзге түсті. Әбілқайыр хан замандасы болған атасы Батырдың, әкесі Қайыптың тәлім-тәрбиесін алып, Ресей, Қытай, Парсы елдерінің қазақ жеріндегі мүдделерін терең сезіне білді. Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эссенге Кіші және Орта жүз ақсақалдары жазған бір хатта «Оның бабалары 17 ұрпағынан бері ел билеп келген, қазақ жұртына адал қызмет еткен және Үргеніште тұрып, Бұхарды және қазақ жұртын қоса әділдігімен билік құрған» - делінген [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828). Т. ІV. М. - Л., 1940. С.314]. Шерғазы Қайыпұлы Абылай ханмен 8, Нұралы ханмен 10 атадан қосылып, өз бастауларын Жәнібек ханнан алады.
Кейін ІІ Екатерина тапсырмасымен Қайып хан жөнінде толық мәліметтер жинақталды. Онда Қайыптың Хиуада хан болғандығы, соңғы он жылда Кіші жүзде Сыр бойындағы Ұлы Борсықты, Елек өзені бойларын жайлайтыны айтылды. Сонымен бірге оған «ойы ұшқыр, епті, өткір және жазу біледі» деген баға беріледі.
Әбілсейіт Қапизұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Ұлжан Ахметова, тарих ғылымдарының кандидаты
Парсы елін мойындатып, 1746-1756 жылдары Хиуаны билеп, Қазақстанның оңтүстік өңірін әулетімен қорғаған Қайып ханнан тараған 30 ұлдың ішінде Шерғазының орны ерекше. Жас кезінен Хиуа мен Бұхараны аралап, олардың саясаттарына қаныққан ол алғырлығымен, шешендігімен көзге түсті. Әбілқайыр хан замандасы болған атасы Батырдың, әкесі Қайыптың тәлім-тәрбиесін алып, Ресей, Қытай, Парсы елдерінің қазақ жеріндегі мүдделерін терең сезіне білді. Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эссенге Кіші және Орта жүз ақсақалдары жазған бір хатта «Оның бабалары 17 ұрпағынан бері ел билеп келген, қазақ жұртына адал қызмет еткен және Үргеніште тұрып, Бұхарды және қазақ жұртын қоса әділдігімен билік құрған» - делінген [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828). Т. ІV. М. - Л., 1940. С.314]. Шерғазы Қайыпұлы Абылай ханмен 8, Нұралы ханмен 10 атадан қосылып, өз бастауларын Жәнібек ханнан алады.
Кейін ІІ Екатерина тапсырмасымен Қайып хан жөнінде толық мәліметтер жинақталды. Онда Қайыптың Хиуада хан болғандығы, соңғы он жылда Кіші жүзде Сыр бойындағы Ұлы Борсықты, Елек өзені бойларын жайлайтыны айтылды. Сонымен бірге оған «ойы ұшқыр, епті, өткір және жазу біледі» деген баға беріледі.
И.В.Ерофееваның анықтауынша, 1785 жылы Қайыпқа Әлімұлдары руларынан 12 000 түтін бағынған екен. Қайып ханның екінші ұлы Шерғазының қоғамдық-саяси белсенділігі Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезеңінде анық көзге түсті. Ол Қайып Батырұлының Нұралы хан орнына ұсынылуымен, ал Шерғазының оны мойындату үшін Ресейге қазақ елшілерін бастап аттануымен дәлелденеді.
Қайып Батырұлы 1785 жылы 21 қыркүйекте Елек қорғанынан 100 шақырым жердегі Жіңішке өзені бойында өткен қазақтың би, батырларының кеңесінде хан тағына ұсынылды. Сырым, Тіленші, Көккөз, Сегізбай, Тұрмамбет, т.б. бірауыздан Қайыпты қолдады. Содан 1785 жылы ІІ Екатерина О.А.Игельстромға жанына 3 қазақ депутатын ұстауға бұйрық шығарды. Бұйрыққа сәйкес мұрағатта алғаш рет Шерғазы Қайыпұлы аталып, губернатор жанына алдырылды. Шерғазымен бірге Боранбай, Жанұзақ мырзалар аттанды. Оларға орыс үкіметінен жалақы төленіп, керуен мәселелерін шешуге міндеттелді [ПСВ І.-Т.22.-№ 16292]. Кейін 1787 жылы Жайықтың Самар бетіне атақты би, батырлармен бірге Қайыптың інісі Қарабай сұлтан шекті руының 1500 түтінімен Сарайшық қорғаны жақтан мал қыстатуға рұқсат алды. Осы кезеңнен бастап Қарабай сұлтан Қайып атынан Кавказ, Астрахань басшыларымен тікелей байланысқа шығады. Қарабай сұлтан Нұралы ханның күйеу баласы болғандықтан, Әбілқайыр хан ұрпақтары арасында да беделді болатын.
Бірақ Кіші жүздің басқару жүйесімен Симбирск және Уфа генерал-губернаторы О.А.Игельстром шұғылданатын. Мұны ескерген ел игілері 1788 жылы күзде Кеңес өткізеді. М.П.Вяткин Кеңес барысында О.А.Игельстром Қайыпты хан сайлаудан бас тартқызу үшін алуан түрлі айла қолданғанымен, би, батырлар ұсынысынан айнымады деп қорытады. Дегенмен, Кеңес қорытындысында Санкт-Петербургке арнайы елшілік жіберу туралы шешімге қол жеткізілді.
Кеңестен кейін Шерғазы Серке Қарабайұлымен бірге 40 адамды ертіп, 16 қазанда Орынборға келіп, 1789 жылдың 19 қаңтарында Санкт-Петербургке жолға шығады. О.А.Игельстром сұлтан жанына кеңесші Дияновты қоса ертті [ОРОММ 6-қ., 10-т., 278-іс, 1-11-пп.].
Алайда қазақтардың басты талабы Қайыпты хан ретінде мойындау туралы ұсынысы өтпейтіндігі анықталып, оның үстінде Қайып хан 1789 жылы күзде қайтыс болған еді. Яғни, негізгі мәселе күн тәртібінен түсіп, Ресей пайдасына шешілген болатын. Мұндай жағдайда беделді Шерғазыны елге жібере салмай, оны Ресей саясатына тарту, болашақ Азияны бағындыру жоспарларына пайдалануға кіріседі. Бұл кезеңде О.А.Игельстром Санкт-Петербургке алынып, 1790 жылы орыс-швед соғысында Финляндия армиясына жіберілді. Содан ол 1790 жылғы Верельск шартына қатысты. Соғыс барысында О.А.Игельстром Шерғазыны Швед короліне жіберген. Швед королі оған поляк червонецтерін тарту еткен. Шерғазының ерлігіне куә болған патша үкіметі оған 1790 жылы 31 тамызда секунд-майор шенін беріп, қазақтан шыққан алғашқы орыс офицері деңгейіне көтереді. Секунд-майор шені орыс армиясына XVIII ғасырда енгізіліп, подполковник шені пайда болғанға дейін пайдаланылды. Кейін Шерғазыға ІІ Екатерина гауһар жүзік сыйлаған [РМКАМ 1239 -қ., 3-т., 116-б., 62318-іс, 2-п., ОрОММ 6-қ., 10-т., 205-іс, 3-4-пп.]. Мұндай шендер көп ұзамай жаппай таратыла бастады. Мәселен 1793 жылы 28 ақпанда патша жарлығымен сұлтандар Абылай Нұралыұлы, Ағым Әділұлы премьер-майор, старшындар Иманбай Құдайқұлов, Сегізбек Есетов, Қаражан Сарытаев, Уақбай Қосқалпақов, Байсақал Тілешовтер поручик, Шаншақ сұлтан штабс офицер, Есім Нұралыұлы коллежск офицер атанды. Сөйтіп, орыс шенеуніктері өзге қазақтардан бұрын Шерғазының елшілік қабілетіне, батылдығына, саясаткерлігіне тәнті болып, айрықша назар аударды. Оның айқын дәлелі 1790 жылы Бұхараға жіберілген елшілік құрамына қосылуы бола алады. Шерғазы сұлтан Бұхар билеушісі Шахмұратпен кездесіп, 1791 жылы 15 шілдеден кейін Ресей астанасына оралып, 1793 жылға дейін қазақ-орыс қарым-қатынастарына байланысты әртүрлі жұмыстар атқарды. 1793 жылы ол граф П.А.Зубовтың адьютанты болып бекітіледі.Бұл кезеңде П.А.Зубов II Екатеринаға ең жақын тұлға болатын. Шерғазы сұлтан елден Санкт-Петербургке келген кезден бері Кіші жүзде біраз өзгерістер болды. 1791 жылдан хандық билік Ералы Әбілқайырұлына көшті. Ресейдің отарлау саясатына қарсы Сырым бастаған қазақтардың күресі жалғаса берді. Жаңа генерал-губернатор А.А.Пеутлинг қазақтарға қарсы әскери күштерді төкті. Кейін А.А.Пеутлингке жолданған жарлықтан сұлтандарды керуендер қазақ даласына өткен кезде ғана пайдалануға болатындығы анықталды. Осындай кезеңде шиеленіскен қазақ-орыс қатынасын реттеуге Шерғазы сұлтанды жіберу туралы түпкілікті шешім қабылданды. Оған сөз жоқ, алдымен 1793 жылғы 3 шілдедегі Сырым батыр, Қаракөбек би, Боранбай мырзаның П.А.Зубовқа жазған хаты оң әсер етті. П.А.Зубовтың өзі Шерғазы сұлтанды «менің жанымда жүріп, сеніміме ие болды» деп бағалаған [ОРОММ 4-қ., 2-т., 278-іс, 1-т., 2, 31-пп.]. Қазақтар ұсынысын П.А.Зубовтың қолдауы А.А.Пеутлингті ойландырмай қоймады. Өйткені елге белгілі, сөзі өтімді Шерғазы оның шекарадағы қатыгез саясатын дәлелдейтін. 1793 жылы 30 шілдеде П.А.Зубов А.А.Пеутлингке Шерғазыны Орынборға жібергенін, келген соң «шекаралық экспедицияға оның жанына арнайы орыс және қазақ тілдерін жетік білетін аудармашыны қосуды» жүктеді. Хатта сұлтанға жолақыны Уфаға, ал одан Орынборға дейін және кейін Санкт-Петербургке дейін Уфа қазыналық палатасы төлейтіндігі қоса жазылды.
Шерғазы Қайыпұлы Орынборға 1793 жылы 2 қыркүйекте жетті. 6 қыркүйекте П.А.Зубовқа жолдаған хатында Шерғазы: «тез арада маған жүктелген тапсырма бойынша Сырым Датұлы мен бауырларыма хабар салып, келіссөз жүргізу үшін 15 қыркүйекте Орынборға, ия болмаса Елек қорғанына кездесуге шақырдым», - деп жазды. Хатта қазақ басшылары ретінде ағасы Әбілғазы сұлтан, Қаракөбек би, Басықара би, Боранбай мырзалар және бауырлары атап көрсетілді [РМКАМ 193-қ., 1-т., 203-іс, 1-п.].
Шерғазы елшілігінің алғашқы нәтижесі қазақ даласына аттанғалы жатқан орыс әскерін тоқтатумен көзге көрінді. Оны А.А.Пеутлинг 1793 жылы 6 қыркүйекте жолдаған хатында мойындады. Шерғазының батыл қадамдары, соның ішінде беделді батыр, би, сұлтандарды кездесуге шақыруы, олардың оны қабылдап, өзара сенімді байланыстың орнауы, орыс тұтқынындағы қазақтарды босату бағытындағы жұмыстары А.А.Пеутлинг әкімшілігінің бет пердесін ашатын. Оған жол бермеу үшін орыс шенеуніктері тез арада 1793 жылдың 3 қарашасында Шерғазының соңына тыңшы бекітеді. Оны жүзеге асыру Елек қорғаны командирі Лосеновқа жүктелді [ОрОММ 6-қ., 10-т., 278-іс, 1-т., 3-10-пп.]. Кейін Шерғазы П.А.Зубовқа тапсырған есебінде «аудармашы» ретінде М.Бекчуринді сұрап едім, орнына мүлдем сауатсыз адам берді», - деп жеткізді [РИССМ 122-қ., 123/3-т., 5-іс, 60-67-пп.].
А.А.Пеутлинг саясатын М.П.Вяткин дәл анықтай алған. Белгілі сырымтанушы «Пеутлинг және оның қарамағындағылардың Шерғазы мақсатының жүзеге аспауына жанталасуына таңғалуға еш болмайды» дей отырып, оның артында отаршылдық саясаттың жатқандығын дәлелдей білді. Шерғазының табын Тіленші тарханмен тұтқындар алмасу мәселесін жазбаша іс жүзінде шеше бастаған сәтте, генерал-губернатор қазақтармен тікелей байланыс жасауға тыйым салды.
1793 жылы 20 қазанда Шерғазы сұлтан Кіші жүзге келіп, ел игілерімен Елек қорғанына 5 шақырым жерде кездесуге қол жеткізді. Кейін 1700 қазақ игілері, ішінде Сырым батыр да қатысқан кездесуге келгені үшін Шерғазы А.А.Пеутлингтен қатаң сөгіс те алды. Содан кейін кездесу Елек қорғанына ауысқан. Бірақ оған не бәрі 36 адам - Нұралы хан ұлы Есентай, Қайып хан ұлы Тұңғаша, Жолбарысғазы, Қарабай сұлтан ұлы Сарымұхамед және бірнеше старшындар қатысқан. Сырым батыр мен Жиентөре келесі күні келеміз деп жағдайды сырттан бақылаған. Өйткені, Сырым батыр А.А.Пеутлингтің өзін ұстауға қаражат бөлгендігін білетін.
Елек қорғанының командирі Лосенков түнде қорғандағы қазақтардың аттарын қуып, дүние-мүліктерін бақылаудың орнына тонап алады. Шерғазы сұлтан П.А.Зубовқа «майор Лосенков, ассесор Васильевтің ұрлықтарын, ұрлаған заттарды - ертұрман, мөрлер, киім-кешектерді олардың адамдарынан тауып дәлелдедім» деп хабарлайды.
Міне, осындай әрекеттен соң А.А.Пеутлингпен қазақ-орыс қатынасын реттеудің мүмкін еместігі дәлелденді. Шерғазы 36 игі жақсы кеткен соң, оған қорғанға тек «ағасы Әбілғазының» ғана келгенін, өзге қазақтар 20 күндік жерде кездесуге қайта-қайта шақырғанын патша үкіметіне қоса жеткізді.
Қазақ-орыс қатынастарының шиеленісу себебін өзінше анықтаған Шерғазы сұлтан А.А.Пеутлингтің қыспағымен 1793 жылдың желтоқсанында жолға шығып, 1794 жылдың басында Санкт-Петербургке оралады. Келген бойда П.А.Зубовқа өз есебін тапсырады. Шерғазы «өзінің 1789 жылдан бері патшаға адал қызметін» алға тарта отыра, қазақ халқының жергілікті орыс шенеуніктерінен зәбір көріп жатқандығын, А.А.Пеутлинг бастаған басшылар әрекеттерін жайып салады. Сонымен бірге, Шерғазы сұлтан Әбілғазы хан, Есентай сұлтан, Бекбай сұлтан, Арсалы би, Жанатай би, Қаракөбек би, Сырым батыр, Тіленші би, Боранбай мырза, т.б. П.А.Зубовқа жазған хатын құпия түрде жеткізеді. Ел игілері хатында А.А.Пеутлингтің шектен шыққан озбырлығы толығымен көрініс тапты. Шерғазы сұлтан осы сапарда 7500 руб. жойғандығын хабарлады [РИССМ 122-қ., 122/3-т., 5-іс, 60-90-пп.].
1794 жылы қараша айында А.А.Пеутлинг қызметінен босатылып, орнына С.К.Вязмитинов тағайындалды. Осы жылы 15 қарашада Қайып хан ұлдары, Сырым батыр және т.б. генерал-губернаторға бұрынғы басшының зорлықтарын Шерғазы сұлтан арқылы патшаға жеткізгендігін хабарлап, оның болашақ әділдігіне үлкен сеніммен қарайтындығын білдірді. Желтоқсан айында генерал-губернатор генерал-прокурорға Кіші жүздегі ел игілерінің бағыттарын анықтауды тапсырды. Ол бойынша Шерғазы Қайыпұлының бауырлары, т.б. Сырым батырмен бірге екендігі анықталды. Ал бірінші партияны шекара бойындағы Нұралы хан ұлы Есім басқарады делінді. С.К.Вязмитинов Әбілғазы, Сырым және Есімнің көзқарастарындағы айырмашылықтарды ашып көрсетпесе де, оның артында алдымен дәстүрлі хандық билікті күшейту және Ресейдің қазақтар тағдырына араласуын шектеу жатқандығын анық байқады. Кезінде Сырым батыр елді біріктіру үшін Қайыпты ортақ хандық билікке әкеліп, Ресеймен қарым-қатынасты реттеуді көздеген-ді. Ал Ресей керісінше хандық билікті әлсіретіп, хандарды шекара бойында ұстап, олардың елмен байланысын мүмкіндігінше шектеуді, сол арқылы орыстың басқару жүйесін енгізуді мақсат тұтты. Олар өздері қолдаған Ералы хан 1794 жылы 10 маусымда дүние салғаннан кейін де алған бағыттарынан таймады. Ендігі таңдау Есім сұлтанға түсті. Оның үнемі шекарадағы орыс шенеуніктеріне жақындығы, ел ортасына барып, сол жерден басқару туралы қазақтар ұсыныстарын қабылдамауы қалың көпшіліктің ашық наразылығын туғызды. Кезінде ХVІІІ ғасырдың 70-жылдары Есімге аға, ақылшы болған Сырымның өзі сұлтанның ертеңіне, халық сенімін ақтайтындығына күмәнмен қарады. Осыны ескерген С.К.Вязмитинов Есімді хандық таққа отырғызу үшін тағы да Шерғазы сұлтанды пайдалануды жөн көрді. Уақыт созбай П.А. Зубовқа «Орданы тыныштандыру және екі жақты келістіру үшін» Шерғазы сұлтан қажет деп хат жолдады. П.А.Зубов та Шерғазы сұлтанды көтермелеп, генерал-губернаторға жауап жазды. Содан сұлтан 1795 жылы 10 тамызда Орынборға жетті. Ол турасында губернатор 1795 жылы 19 қыркүйекте П.А.Зубовқа хабар салды. Хабардан 17 қыркүйекте Орынборда Есімнің хан сайланғандығы, оған Сырымның қатыспағандығы белгілі болды [РМКАМ 193-қ., 1-т., 203-іс, 1-2-пп.].
Хан сайлау мәселесі шешілген соң С.К.Вязмитинов Шерғазыны Санкт-Петербургке жіберді. Тез арада Орынбордан Шерғазыны кетіруге, біздіңше, сұлтанның Есім ханға деген сенімсіздігі әсер етсе керек. Өйткені, генерал-губернатор сұлтанды Орынбор саясатына пайдалы емес деген тоқтамға келіп, 1796 жылы 10 қаңтарда патшаға хат жолдап, оның өзіне қарсыластарымен байланысына ерекше тоқталды. Сөз жоқ, мұндай жағдайда Шерғазы Орынбор әкімшілігіне қажеті жоқ еді. Мұны Шерғазы сұлтан да сезіп, қайткенде де елге қайту мақсатында 1796 жылы 11 тамызда Мемлекеттік кеңеске арнайы хат жазды. Хатында өзін Орынборға жіберіп, Бұхараға баратын керуен жолдарын бақылауға алуды жүктеуге әбден болатындығын алға тартты. Бірақ Мемлекеттік кеңес Шерғазы ұсынысын қабылдамай, кейінге қалдырды.
1797 жылы Шерғазы өтінішін Павел патшаға жолдады. Осы жылы 28 қазанда орыс патшасы Орынбор губернаторы болып қайта тағайындалған О.А.Игельстромға сұлтанды өз жұмысында пайдалануды қолдайтындығын білдірді. Сөйтіп араға уақыт сала 1798 жылдың басында Шерғазы сұлтан Орынборға оралды [ОРОММ 6-қ., 10-т., 278-іс, 3-10-пп.].
Сұлтанның Орынборға оралғандығынан хабардар болған ел игілері оны Ордаға жіберуге өтініштерін жөнелте бастады. Айшуақ хан кеңесі мүшелері, Сырым батыр, Қаракөбек би, т.б. бірауыздан оны қолдады. Беделді азаматтар Шерғазыға 1798 жылы ерекше шиеленіскен, арты жойқын барымтаға ұласқан қазақ-башқұрт қатынасын реттеуге сенім артты. Ол турасында 1798 жылы күзде Сырым батыр, Қаракөбек, Жанназар, Сарышоңай, Мұсылман, Көккөз, Сұлтанбек, Қаратайбек, Азына, Тілеп билер, Қазан көпесі Мырзағали Шахмұратов арқылы Ресей коммерция министрі Н.П.Румянцевқа хабарлады. Боранқұл, Аққұл бастаған башқұрттар мен Жайық казак-орыстары бірлесе отыра 65 000 түрлі мал-жандықтарды қуып алып, 10 адамды өлтіргендігі, басты кінәлілер ретінде дәрменсіз хан және жаңа генерал Н.Н.Бахметов екендігі хатта анық жазылды.
Хат жазылған кезеңде Шерғазы сұлтан Ордада болатын. Оны сұлтанның қайын атасы Қаракөбек би 1798 жылы 8 шілдеде Орынборға «күйеу баласын жібергеніне алғысын білдіріп» хат жолдаған-ды. Біздіңше, Шерғазы Қаракөбек қызына 1795 жылы Орынборда болып, ел игілерімен кездескен кезеңде құда түскен сияқты. Шерғазы айттырылған қалыңдығы туралы 1796 жылы Санкт-Петербургте жүрген кезінде Мемлекеттік Кеңеске хабарлап, Ордаға жіберуді өтінген-ді [ОрОММ 5-қ., 1-т., 67-іс, 4-п.]. Үйлену сәті 1798 жылы жазда жүзеге асты. Шерғазының, қайын атасы Қаракөбек Кіші жүздегі Әлімұлдарының Төртқарасынан еді. Би, әрі орыс үкіметі таныған Қаракөбек Қосбайұлы Сырым бастаған ұлт-азаттық күресте белді рөл атқарды. Оның негізгі тұрағы Сыр бойы екендігін ескерсек, Шерғазының әкесі Қайып ханмен байланысының ертеден бастау алғандығын сезінеміз.
«Қазақ тарихы» журналынан