Ә.Қапизұлы, Ұ.Ахметова. Шерғазы Қайыпұлын білеміз бе?
Шерғазы сұлтан елге оралған соң, 1803 жылға дейін Орынбор әкімшілігіне жоламады. Оған негізгі себеп - қазақ-орыс қатынасының реттелмеуі. Қазақ наразылығын елемеген, ел игілерінің өтініш-талаптарын аяқсыз қалдырғанын көрген Қаракөбек бидің руластары Қара Алтай, Сары Алтай бастауымен 1799 жылы Бұхарадан Орынборға шыққан керуенді тоқтатты. Орыс үкіметі 295 000 сомынан (руб.) айырылды. Осындай жағдайда Айшуақ хан Шерғазы сұлтанды өзіне тартып, қазақ руларын тыныштандыруға әрекет жасады. Хан ұсынысына, Ж.Қасымбаев есебінше, Шерғазы Қайыпұлы, 15 би, 1 тархан, 1 батыр қол қойған екен.
Келісімге қол қойған ел игілері бірауыздан қалыптасқан жағдайға басты кінәлі Орынбор әскери губернаторы Н.Бахметов деп есептеді. Олар Ішкі істер министрі В.П.Кочубейден қазақ-казак-орыс, қазақ-башқұрт қатынасын әділ шешуді сұрай отыра, Н.Бахметовтың өз ұсыныстарын ешқашан қазақтар пайдасы үшін шешпегендігін баса көрсетіп, оны ауыстыру қажеттігін дәлелдеді. Н.Бахметов 1802 жылы І Александр патшаға қазақ даласындағы керуенді тонаушылар - Шерғазы сұлтан, Қаракөбек, Басықара, Жанназар, т.б. билер деп көрсетіп, оларға қарсы әскери команда жіберуді ұсынды. Дегенмен губернатор «Қаракөбек, Жанназар старшындар «қаусаған шал» Айшуақ ханға қарағанда ел алдында беделдірек» деп мойындауға мәжбүр болды.
Шерғазы сұлтан елге оралған соң, 1803 жылға дейін Орынбор әкімшілігіне жоламады. Оған негізгі себеп - қазақ-орыс қатынасының реттелмеуі. Қазақ наразылығын елемеген, ел игілерінің өтініш-талаптарын аяқсыз қалдырғанын көрген Қаракөбек бидің руластары Қара Алтай, Сары Алтай бастауымен 1799 жылы Бұхарадан Орынборға шыққан керуенді тоқтатты. Орыс үкіметі 295 000 сомынан (руб.) айырылды. Осындай жағдайда Айшуақ хан Шерғазы сұлтанды өзіне тартып, қазақ руларын тыныштандыруға әрекет жасады. Хан ұсынысына, Ж.Қасымбаев есебінше, Шерғазы Қайыпұлы, 15 би, 1 тархан, 1 батыр қол қойған екен.
Келісімге қол қойған ел игілері бірауыздан қалыптасқан жағдайға басты кінәлі Орынбор әскери губернаторы Н.Бахметов деп есептеді. Олар Ішкі істер министрі В.П.Кочубейден қазақ-казак-орыс, қазақ-башқұрт қатынасын әділ шешуді сұрай отыра, Н.Бахметовтың өз ұсыныстарын ешқашан қазақтар пайдасы үшін шешпегендігін баса көрсетіп, оны ауыстыру қажеттігін дәлелдеді. Н.Бахметов 1802 жылы І Александр патшаға қазақ даласындағы керуенді тонаушылар - Шерғазы сұлтан, Қаракөбек, Басықара, Жанназар, т.б. билер деп көрсетіп, оларға қарсы әскери команда жіберуді ұсынды. Дегенмен губернатор «Қаракөбек, Жанназар старшындар «қаусаған шал» Айшуақ ханға қарағанда ел алдында беделдірек» деп мойындауға мәжбүр болды.
Патша үкіметіне Орынбордан Шерғазы сұлтанды кінәләған хаттар келгенімен, оның Кіші, Орта жүздегі беделді бауыры Әбілғазы ханның Сыр бойы руларын басқарып, Бұхара, Хиуа басшылықтарымен таныстығы қайткенде де Шерғазыны империялық саясатты жүзеге асыру үшін пайдалануға итермеледі.
1802 жылдың аяғында Ресей Бұхараға елшілік дайындауға кірісті. Елшілік басшылығына Орынбор өлкесімен таныс поручик Я.Гавердовский бекітілді. Орынбор әкімшілігі елшіліктің сәтті барып-қайтуын ұйымдастыруға жол басы ретінде Шерғазы сұлтанды ұсынды. Н.Бахметов сұлтанға сенбесе де, елшіліктің Әлімұлдарының мекендерінен өтетіндігі, оған Шерғазының ықпалының жоғарылығы амалсыздан осыған келісуге мәжбүрледі. Араға тілмәш, сұлтанның бұрынғы танысы М.Бекчуринді салып, Шерғазының келісімін алды. Я.Гавердовский жол бастаушы шекті, төртқара, шөмекей руларының өкілдерімен 1803 жылы 15 шілдеде Елек қорғаны тұсында 75 шақырымдай Ордаға еніп кездесті. Осы кездесуге поручик Шерғазы сұлтан ұсынған төртқара, шөмекей рулары мекендерімен өту жоспарын қабылдады. Сөйтіп 1803 жылы 26 шілдеде орыс елшілері 90 түйеге жүктерін артып, Шерғазы сұлтан ерткен 35 төртқара руы, Құран батыр баласы Едіге бастаған 9 шөмекей руы қазақтарының жол көрсетуімен Бұхараға аттанды. Елшілер 13 тамызда Қаракөбек, 19 тамызда Шерғазы сұлтан ауылының үстінен өтеді. Я.Гавердовский сұлтанның ауылы төртқара Жаныш және Алтай билердің ауылдарының ортасында, Ырғыз өзені бойында, Орскіден 398 шақырым жерде деп суреттейді. Шерғазы ауылында елшілерді сүт және қымызбен қарсы алған.
Жол бойында орыс елшілері төртқара және шөмекей руларына келген Бұхара елшілерімен кездесті. Бұхаралықтар қазақтар тартып алған керуеннің толық құнын талап еткен. Мұны естіген Шерғазы сұлтан Я.Гавердовскиймен сапарды жалғастырмай, қазақ-Бұхара қатынасын реттеу үшін руларды аралап кеткен. Ал Қаракөбек би жиенінің қайтыс болуына байланысты сапарды жалғастырмады. Содан 9 қыркүйек күні шектілер мекенінде керуен қазақтар шабуылына ұшырады. Поручик күнделігінен оның ендігі тағдыры тікелей Шерғазыға тәуелді болғанын байқау қиын емес. Я.Гавердовскийдің «Ресейге, не Бұхараға шығарып салуға ешкімнің тәуекелі жетпеген кезеңде Шерғазы келді», «1803 жылы 30 қыркүйекте сақал-мұртым өсіп, қазақша көйлекпен Орынборға келгенде, жанымда Шерғазы сұлтан мен оның 50 сенімді қазағы болды» дегені біраз мәселенің бетін ашады [История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веках. V т. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ веке. Алматы, 2007. -С. 69, 146, 251, 283; ОрОММ 6-қ., 10-т., 278-іс, 3-10-п.].
Сөйтіп, араға 5 жыл салып Шерғазы сұлтан Орынборға оралды. Орынбордың жаңа әскери губернаторы Г.Волконский сұлтанмен танысып, оның істерінен хабардар болды. 1804 ж. 19 сәуірде І Александр патшаға жолдаған хатында Г.Волконский қазақтар Я.Гавердовскийдің керуенін қамқорлыққа алғанымен, тонап алуға жол берді. Кінәлілер Әбілғазы хан, Шерғазы сұлтан, Жанназар, Қаракөбек билерді шақыртып, мойындатуымыз қажет деген ұсыныс берді. Губернатор Айшуақ ханды ұлы Жантөремен ауыстырып, 20 000 әскермен жорыққа шығуды жоспарлады. Шерғазы сұлтанды Орынборда ұстап, қамауға алмай 1803 жылы қыркүйекте қолға түсіп, Сыр бойында қалған дәрігер Большойды босатып әкелуді тапсырды. Шерғазы Ордаға жетіп, Әбілғазы хан, Жанназар, Жанұзақ, Боранбай билермен кеңесе отырып, дәрігер, денщик, татар баласын босатып, 1804 ж. 26 шілдеде Орынборға әкелді. Ол турасында губернатор Сыртқы істер министрі А.Чарторижскийге 1804 ж. 2 тамызда хабарлап, сұлтан Шерғазы Орынборда деп жеткізді [РМТМ 1291-қ., 18-т., 13-іс, 30-пп.].
Патша үкіметі Шерғазы сұлтанның ықпалы бар рулар мен оның басшылары туралы мәліметтер жинақтады. Ол бойынша төртқара руы 12 бөлімімен 11 000 түтінге, кішкене шектілер 6 бөлімшесімен 8 000 түтінге жеткен. Төртқара руын Қаракөбек, Басықара, Қараалтай, Сарыалтай, Жаныш, Ақтөбе, Текмеше, Алтай басқарып, қыста Сыр бойындағы Майлыбай, Кеңтөс мекендерінде және Құбан өзені бойындағы Өткел, Ақшығанақ мекендерінде, Жан өзені бойындағы ежелгі Нұртай қорғаны және Сырлытам кесенесі маңында, жазда Қарақұм жанындағы Қалмас мекенінде, Ырғыз бойында, Құлақшы өзенінен Бақсайты кесенесіне дейін, Ұлы Ырғыз өзенін жайлаған. Кішкене-шектілер Жанназар би, Жанұзақ, Қожаберген, Өтеген билерге бағынған. Оларды Шерғазы ағасы Әбілғазы хан басқарды. Шөмекей, төртқара, шектілер көршілес көшіп-қонып, Сыр бойындағы керуен жолын бақылауда ұстады. Ал олардың орыс керуендерін қазақ даласына өткізбей, үнемі тонап алуын Ресейдің отаршылдық саясатына қарсылықтың бір түрі деп түсінген абзал.
ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың І ширегінде қазақ-орыс қатынасында елші деңгейінде Шерғазы Қайыпұлындай белсенділік танытқан бірде-бір қазақ болған емес. Оның шекара бойындағы талас-тартысты, ел ішіндегі рулар арасындағы барымтаны реттеуге қабілеті жеткілікті еді.
Г.Волконский Ресей Ішкі істер министрі А.Куракинге хабарласып, Шерғазының «Я.Гавердовский бастаған керуенді қорғауда пайдасынан зияны көп болды» деген қорытынды шығарғанымен, әзірше тимей, 1805 жылдың басында Орынборда қалдырып, қазақ-орыс қатынасын шешуге пайдалануды жөн көрді. Содан губернатор 1805 жылы 24 ақпанда сұлтанға Орныбордағы аманат үйінен пәтер бөлді. Көп ұзамай ол Мұсылман би ұсынысымен шекті, табын рулары арасындағы барымтаны шешуге кірісті [ОрОММ 6-қ., 10-т., 278-іс, 19-п.; ҚРОММ 4-қ., 1-т., 206-іс, 45,160-165-пп.].
1805 жылы Ордадағы Қаратай Нұралыұлы мен Жантөре хан арасындағы келіспеушілікті реттеуге Шерғазы сұлтан жіберілді. Ол 17 қыркүйекте шығып, 20 қазанда Калмыков бекінісінен 20 шақырымдай жерде орналасқан Қаратай ауылына жетті. Секунд-майор Шерғазының Қаратаймен кездесуі туралы хабарламасымен танысқан атаман Бородин кейін Қаратайдың хандық билікке үміті бар екенін мойындады. Шерғазы сұлтан Қаратайдан соң 3 қарашада Бөкей сұлтанға аттанады. Осы кездесуден кейін Бөкей сұлтан Г.Волконскийден Шерғазыны өзіне жіберуін сұрап, хат жолдады. Бірақ мұндай өтініштің артын болжай алмаған губернатор әзірше Шерғазыны жібере алмайтындығын жеткізді [Ахмет А. Қаратай хан. 49-б.; ОрОММ 6-қ., 10-т., 243а-іс, 5-14-п.].
1805 жылы патша үкіметі хандық билік іргесін шайқалту әрекетін жалғастыра берді. Айшуақ хан орнына баласы Жантөре сұлтан бекітілді. Кезінде Сырым бастаған қозғалысқа қатысқан Жантөре жаңа ғасырда толықтай орыс әкімшілігінің тапсырмасын орындаушыға айналды. Міне, сондықтан да оның немере ағасы Қаратай сұлтан осы кезеңде Жантөреге қарсы ашық күресті бастады. Бастапқы кезде Шерғазы Бөкеймен бірге оларды келістіруге ұмтылғанымен, хан артында орыс саясаты жатқандығын ұқты. Бөкей сұлтанға жібермегенінен, Жантөре мен Қаратай арасындағы тартыстың күн санап күшейгенінен қауіптенген Шерғазы, оның әсері қазақ-орыс қатынасын шиеленістіретінін сезініп, Ордаға кетуге бел байлады. Оның мүмкіндігі 1806 жылы күзде туды. А.Рязановтың анықтауынша, 1806 жылы қазанда Шөмекей руының қамқорлығымен, 2040 түйеге жүгі тиелген бұхаралықтар керуені Орскіге жақындаған тұста, оны күтіп алуға Шерғазы Қайыпұлы мен Сәбитов жіберілді. Зерттеуші бұл керуен Орынборға сәтті жеткенімен, оған жетер жолда қазақтар Шерғазыны тонап алды деп түйіндейді. Оны шекаралық комиссия 6 қазанда Орск гарнизоны батальоны басшысы подполковник Эссен арқылы естіген. Мұндай хабарды М.Вяткин: «Шерғазы тапсырманы орындамай, шекті руларында қалып қойды», - деп өзінше түйіндейді. Осыдан кейін тарихшы Ж.Исмурзин Шерғазы сұлтан 1811 жылдың жазына дейін Орынборға оралмаған деп ой қорытады. Расында да 1806-1811 жылдар аралығында Шерғазының қоғамдық-саяси қызметі туралы деректер еш сыр ашпайды. Соған қарағанда Шерғазы Сыр бойына кетіп, орыс шекарасына жақындамаған. Дегенмен, кейбір деректерге қарағанда ол Бұхарада болып, оңтүстіктегі саяси-экономикалық мәселелерді шешумен шұғылданған. Ал Қаратай мен Жантөренің күресі Кіші жүз ханының өлтірілуімен аяқталды. Өлім соңы Қаратай ханның інісі Орман Нұралыұлы мен Есім хан ұлдары премьер-майор Қара және Шожықтың жер аударылуымен, өзге қатысушылардың қатаң жазалануымен аяқталды.
Жантөре хан өлімінен соң жаңа хан сайлау мәселесі күн тәртібіне шықты. Қаратайдың билікке ұмтылысы мен елдің қолдауына қарамастан, ең бастысы, орыс үкіметіне қатысты саясаты ескеріліп, хандық таққа сайланбайтындығы белгілі болды. Айшуақ хан ұрпақтары Жантөренің інісі Шерғазыны дайындай бастады. Бұдан хабардар болған Нұралы хан, Қайып хан ұрпақтары, соның ішінде Шерғазы Қайыпұлы, т.б. қазақ руларымен ақылдаса отыра, Бөкей сұлтанды бірауыздан қолдап, хандық таққа ұсынды. Оны жүзеге асыру үшін және Бұхара, Хиуа, Ресей бағытындағы сауда-саттықты дамыту мақсатында Шерғазы Қайыпұлы Орынбормен байланысқа шықты. Ол 1811 жылы жазда жүзеге асты. Орынборға шекті, қаракесек, кете-ожырай керуендерін жеткізген соң, Шерғазы немере інілері Әлімғазы Әбілғазыұлы, ағасы Қарабай сұлтан балалары Әбілғазы, Есенғазы, Сирек, Жарық сұлтандар және т.б. 1811 жылы 13 қыркүйекте Бөкейді хандық таққа көтерді. 20 қыркүйекте Шерғазы Қайыпұлы губернатор Г.Волконскийге «халықпен кеңесіп, Бөкей сұлтан Нұралыұлын Жантөре Айшуақұлы орнына сайладық» деген хабар салды. Ал губернатор өз жоспары бойынша 27 қыркүйекте Р.Румянцевқа «Шерғазы Айшуақұлы Кіші жүздің ханы болып сайланды», - деп хабарлады. Сонымен осы кезеңнің ерекшелігі Қазақстанның батыс өңірінде Ресей мойындаған екінші ханның бекітілуі еді. Шерғазы Айшуақұлымен қатар Бөкей хан таққа сайланып, Астрахан далалары мен Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын салаларындағы қазақтарды басқару жүктелді. Орынбор әкімшілігінің қолдауына ие болған Бөкей екінші рет 28 қыркүйекте «маған көмекке Шерғазы Қайыпұлын жіберіңіз» деген өтінішін жолдады [ОрОмм 6., 10-т., 716-іс, І бөлім, 200-2002, 256-пп.]. Кейін Бөкейге келген Шерғазы бір айдай Сарайшықта болып, ішкі мәселелермен шұғылданды. Оның оң нәтижесі де көзге көрінді. Бөкей хан 1812 жылы 12 ақпанда В.Волконскийге Шерғазы сұлтанға сенетіндігін жеткізіп, өзін қолдаушылар қатарына Ерәлі хан ұлдары Жантөре мен Темір сұлтанды қосып жазды. Хатта Бөкей Шерғазымен бірге ауыл-ауылды аралап жүргендігін де ерекше атап өтті. Шерғазы Қайыпұлы 1812-1815 жылдары аралығында Орынбор әкімшілігімен Бөкей хан, Шерғазы хан қатынасындағы күрделі мәселелермен ғана шұғылданып қоймады. Ол әрқашан бауыры билеген Сыр бойы қазақтарының Бұхара, Хиуа хандықтарымен де байланысын назардан тыс қалдырмады. Мүмкіндігінше керуен жолдарын бұрынғысынша бақылауда ұстап, Әбілғазы ханмен Сыр бойын сақтауға барын салды.
Өйткені нақ аталған жылдары Хиуа хандығы Кіші жүздің оңтүстігіне жаңа талаптар қоя бастады. Хиуа әскерлерінің үнемі қоқан-лоққысы Қайып ұрпақтарына жаңа сын әкелді. Қарабай сұлтанның 1813 жылы жазда, Жиһангер Қайыпұлының 1814 жылы 1 тамызда, Әбілғазы Қайыпұлының 1815 жылы жазда қайтыс болуы Батыр хан ұрпақтары алдындағы Шерғазы сұлтанның жауапкершілігін көтерді. Арынғазытанушы Ұ.Ахметова қалыптасқан саяси жағдайды ескерген Шерғазы 1815 жылдың басында ата жұртына келді деп есептейді. Әбілғазы хан қайтыс болған тұста шекті, төртқара, қаракесек рулары Шерғазыны хан тағына ұсынған. Орынбор одан 1815 жылы 27 шілдеде хабарланды. Содан Орынборға келген Шерғазыны Г.Волконский жанына С.Абубакиров пен конфидент Р.Мұртазинді қосып, Сыр бойына аттандырды. Дегенмен, ел ақсақалдары ойлана келе, Әбілғазы орнына үлкен баласы Арынғазыны сайлады. Кейін 1817 жылы тамызда Орынбор генерал-губернаторы П.Эссенге жазылған хатта Арынғазының екі жыл бұрын хан сайланғандығы, оған бас көмекшілікке ағасы майор Шерғазы тағайындалғаны белгілі болды [Ахметова Ұ.Арынғазы хан. Алматы, 2004. - 66-б.]. Ағасы Шерғазының бірнеше елдің басқару жүйесімен таныстығы Арынғазыға күшті әсер етті. Ішкі бірлікті күшейту мақсатында тәртіпті қатаң сақтап, рулар арсындағы барымтаны тоқтатып, кінәлілерді ел алдында жазалауы көпке үлгі болды. Мәселен, 1816 жылы Шөмекей, т.б. Әлімұлдарының Сыр бойындағы Алтын-жаппастармен келісімге келтіруін Арынғазының алғашқы табысы еді. Содан 1816 жылы 18 мамырда Арынғазы мен Шерғазы Г.Волконскийге елде Кеңес өткізіп, көпшілікке «оған қатысушы адамдардың осындай әрекеттері үшін болашақта өлім жазасына кесілетіндіктерін, ал дүние-мүлкінің талан-таражға салынатынын» ескерттік деп хабарлады.
1816 жылдың көктемінде Арынғазы хан мен Шерғазы Қайыпұлы орта жүздегі Арғын руының сұлтаны Жұма Құдаймендіұлына, Мұса батырға, Қыпшақ руының сұлтаны Хұсырау сұлтанға хабар салып, өзара кездесу ұйымдастырады. Арынғазының Халық Кеңесі 1816 жылы 20-25 мамыр аралығында Ор өзені бойында өтті. Кеңеске тек қана Орта жүзден 7 000 адам қатысты. Соңында Кіші, Орта жүз би, батырлары келісімге келді. Оны Арынғазы мен Шерғазы Рахметтола Мұртазин арқылы Орынборға хабарлады. Міне, осыдан кейін Арынғазы Ресей мойындаған Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлымен Кеңес өткізу керек деп тапты. Ол жанына Шерғазы Қайыпұлын ертіп, хан ауылы орналасқан Бердянка өзеніне жақындады.
Халық кеңесі 1816 жылы 8 тамызда Шерғазы хан жайлауынан 3 шақырым жерде өтті. Кеңеске Арынғазы, Шерғазы сұлтан, Қаратай Нұралыұлының келу себебін Шерғазы хан «мені өлтіріп, мал-мүлкімді иелену» деп түсіндірмек болды. Мұны бір жақты қабылдаған Г.Волконский тез арада 600 адамнан тұратын қарулы әскер аттандырды. Соның кесірінен Халық Кеңесі өтпей қалды.
Шерғазы сұлтанның Арынғазыны Орынбормен байланысқа шығарып, ішкі келісімді орнату жолындағы жұмыстарына Хиуа ханы Мұхамед Рахим әрдайым күдікпен қарады. Оның арты реті келгенде Сыр бойы қазақтарын тонауға апаратын. 1816 жылы қарашада хиуалықтар шабуылы тағы қайталанды. Қарақалпақтардың айдап салуымен Сүйін би, т.б. бастаған хиуалықтар 10 000 қолмен 11 күн бойы Жанкент қаласын, оның маңындағы 1 000 қазақ ауылын аяусыз тонады. Шабуыл кезінде 20 хиуалық өлтірілсе, қазақтар 2000 адамынан айрылды.
Содан Шерғазы сұлтан Орск қорғаны комендантына хат жазып, әскери көмек сұрап, Арынғазы әрекетінде орыс үкіметіне ешқандай қарсылық жоқ екенін алға тартты. Хиуалықтардың болашақ шабуылынан қорғану үшін Арынғазы Шерғазы сұлтанды 1817 жылы Орынборға жіберді. Бұхара керуендерін бастаған Шерғазы 11 шілдеде Орскіге жетті. Басты мақсат- қайткенде де әскери көмек алу болатын. Шерғазы 12 шілдеде Орынбор губернаторы П.Эссенге Хиуа бағытындағы қазақтар саясатын ашық айтпағанымен, керуенді қорғауға қаруланған әскер керектігін дәлелдеуге тырысты. Бірақ губернатор мұндай көмектен бас тартты [ОрОмм 6-қ ., 10-т., 716-іс, ІІ бөлім, 2-п.;]. Соған қарамастан Шерғазы сұлтан керуенмен кері қайтып, қараша айында Арынғазыға жетті. Бұхара керуендерін бауыры Мысырғали мен Мұратқа жүктеп, Шерғазы сұлтан Хиуамен келіссөз жүргізу үшін Үргенішке аттанды. 1818 жылы шекаралық комиссияға жазған хатында ол «Хиуа ханы маған 200 червонец тұратын арғымақ сыйлады» деп хабарлады. Шерғазы келісім нәтижесінде 300 қазақты ауылына қайтарды.
Хиуа ханы Мұхамед Рахим Сыр бойы ханы Арынғазы мен Шерғазы сұлтан арқылы қарым-қатынасты ретке келтіргендей болып көрінгенімен, оның астарында үлкен саяси ойлар жатты. Көп ұзамай ол анық көзге түсті. Орыс үкіметінен көмек алып, Хиуаны талқандауды негізгі мақсат тұтқан Арынғазыны өзіне келтіре алмайтындығын сезіп, оған өзге сұлтандарды қарсы айдап сала бастады. Сыр бойында Хиуа бекіткен хандар пайда болды. Тіпті бірде Мұхамед Рахим өзіне «қарсылас» қазақтың 6 белгілі би, батырларын шақырып, Хиуа бекінісінде өлтірген. Оның астарында сөз жоқ қазақ игілерін күштеп мойындату жатты. Хиуа ханы келісім барысында Шерғазы сұлтанға хандық тақ беріп, Арынғазыға қарсы қою әрекеттеріне кіріскен. Шерғазы сұлтан ұсынысты бірден қабылдамады. Бірақ көп ұзамай Хиуа ханы есебі толық жүзеге асты.
1818 жылы маусым айында Арынғазы хан Орскіден 200 шақырым жердегі Қызыл-Кебеже өзені бойында, Шерғазы сұлтан Орскіден 100 шақырым жердегі Қамысты өзені жағасында отырғанда Бұхардан Орынборға шыққан керуен тоналды. Оны Шерғазы сұлтан баласы Мысырғали мен Жанназар бидің қарамағындағы шекті руы жігіттері тоқтатқан [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 4690-іс, 3, 8-9-пп.]. Ал шекті руына Шерғазының билігі жүретін. Мұны ескерген Арынғазы Шерғазы арқылы керуен заттарын түгелдей жинап алды. Ал Хиуа ханы әбден сенімнен кеткен Арынғазыны Сыр бойынан солтүстікке қарай ығыстырып, оның орнына орыс саясатын білетін Шерғазы сұлтанды отырғызуға кірісті. Оны хандық таққа отырғызудың Хиуа үшін төмендегідей тиімді жақтары болды.
Біріншіден, Арынғазы орнына ағасы Шерғазыны сайлап, сұлтанның ел ішіндегі беделі арқылы Әбілғазыұлын Сыр бойынан біржолата ығыстыру. Сонымен бірге, ағайындылар арасына от жағу. Екіншіден, Шерғазы сұлтан арқылы Ресейдің Азия бағытындағы қадамдарын бақылауға алу, Сыр бойы қазақтарын толықтай өзіне бағындыру.
Мұхамед Рахим Шерғазы сұлтанды 1818 жылы кездесуге шақырып, Сыр бойы қазақтарының ханы ретінде бекітіп, Үргеніш қаласында таққа отырғызды. Шерғазы Қайыпұлын Әлімұлдары - шекті, төртқара, шөмекей руларының кейбір бөлімдері мойындаған. Жаңалықтан хабарланған Арынғазы тез арада Халық Кеңесін өткізіп, інісі Арду сұлтан бастауымен елшілікті Хиуаға аттандырды. Елшінің басты мақсаты қазақтың Хиуа ханымен тату тұруын қалайтынын, Сыр бойы ханы Арынғазы екендігін, ал Шерғазы Қайыпұлын хан ретінде тану мүмкін еместігін жеткізу болды. Елшілік 1818 жылы қазан айында Үргенішке келген. Қазақ-хиуа келіссөзінен соң, Мұхамед Рахим Арынғазының тәуелсіз саясатынан бас тартпайтындығын сезіп, Ардуды тұтқынға алды. Кездесуге, біздіңше, Шерғазы Қайыпұлы да қатысқан. Бірақ оның немере інісі Ардуды қолдамай, қорған бола алмауы болашақта Арынғазымен қарым-қатысының шиеленісуіне әкелді. Арынғазы інісін босатуға барын салғанымен, тіпті Ресей атынан Орынбордан елші Әбубәкіров жіберілгенімен, дегеніне жетпеді. Арду 1828 жылға дейін Үргеніште тұтқында қалды. Содан Арынғазы өзіне бағынатын қазақ руларымен Кіші Борсыққа көшуге мәжбүр болды. Ол турасында 1819 жылы 2 сәуірде конфидент Р.Мұртазин П.Эссенге хабарлады [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 2028-іс, 2-5-п.].
Шерғазы Қайыпұлы мен Арынғазының ара жігінің ашылуын әркім өзінше түсіндіреді. Мәселен, оның себебін 1820 жылы қазақ даласында болып, Арынғазымен кездескен Е.Мейендорф тоналған керуендерден іздесе, А.Негри Шерғазы Арынғазының Ордадағы беделін көре алмауынан деп түсіндіреді. Зерттеуші А.Рязанов «1818 жылы көктемде Арынғазы мен Шерғазы Қайыпұлы өзара ренжісіп, екіге бөлінді. Оның себебі Хан Кеңесіне төраға болып алған Арынғазының Шерғазы сұлтанмен билік пен байлықты бөлісе алмауынан және шексіз билікқұмарлығынан» деп түйіндейді [Рязанов Ф. Сорок лет борьбы за национальную независимость Казахского народа (1797-1838 г.). С.123; Ахметова Т. Арынғазы хан. 83-б.]. Біздіңше, басты түйін Хиуа хандығында жатыр. Арынғазы қайткен күнде де Мұхамед Рахимді жеңуді армандаса, Шерғазы Хиуамен келісімге келуді көздеген. Міне, осы көзқарас екі бауырды екі бағытқа шығарды. 1819 жылы наурыз айында Шерғазы Қайыпұлы Қарабай атты ұлының қызын Мұхамед Рахимге қалыңдыққа берді. Сол тұста Шерғазы қарамағында шамамен 2 500 түтін көшіп қонған. Дегенмен Шерғазының хандық билігі ұзаққа созылмады. 1819 жылдың күзінде Шерғазы қайтыс болды. Г.Ф.Генс өз жазбаларында «Шерғазы сұлтан Арал теңізі жағалауында қорған салуды жоспарлады. Біздің бақытымызға қарай, оны жүзеге асырғанша, Хиуа ханы оның өлуіне көмектесті» деп анықтайды [ОрОММ. 166-қ., 1-т., 4-іс, 15-п.]. Халқымыздың «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегені де осындай өмірден алынған тәжірибе болса керек.
Шерғазы Қайыпұлы Хиуа қаласындағы Палуан ата мешітіне жерленіпті. Оның артында Меңді және Қоқаш деген әйелдерінен тараған Жанғазы (Мәненбай), Есқазы, Жақыш (1820 ж. өлтірілген), Ғұмарғазы (Өмірғазы), Бөрі, Қарабас атты ұлдары қалды. Шерғазы орнына 1819 жылы 21 қарашада үлкен ұлы Жанғазы хан болып бекітілді. 1802 жылы дүниеге келген Жанғазы бұл кезеңде небәрі 17-18 жаста еді.
Шерғазы Қайыпұлының екі әйелі 1822 жылы Арынғазы ханның бәйбішесі Жақсы ханымның қамқорлығында болған. Ол турасында Жақсы ханым 1822 жылы 26 қыркүйекте Орынбор губернаторына хабарлап, «Меңді ханым өз еркімен біздің әпендінің заңды түрде әйелі болды, ал Қоқаш жасының ұлғаюына байланысты Меңдінің жанында» дегенді жеткізді. Жанғазы хан 1852 жылы қайтыс болып, Хиуа жерінде мәңгілікке қалды. Шерғазының өзге ұрпақтары араға уақыт сала Кіші жүзге оралды [РМӘТМ. 846-қ., 16-т., 19255-іс, 69-п.; ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1273-іс, 69-п.]
«Қазақ тарихы» журналынан