Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алаң 12458 31 пікір 21 Маусым, 2017 сағат 22:32

Жердің тағдыры өз қолымызда. Заңды өзгертуге ат салысыңыздар!

Қадірлі ағайын, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы жер дауы шыққан кезде «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ бізге», - деп ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Үкіметке тапсырма берген болатын.

Соның нәтижесінде ҚР Ауылшаруашылық министрлігі жер қатынастарын реттеуге бағытталған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын дайындап, оны ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына беріпті.

ҚР Парламент Мәжілісінің Аграрлық комитетінде наурыз айында заң жобасын талқылау жөнінде жұмысшы тобы құрылған.

Сол жұмысшы тобына қоғамдық ұйымдар өкілдері және «Алаш жолы» қозғалысының мүшелері ретінде Мақсат Нұрыпбай, Уәлихан Қайсаров, Айдын Егеубаев және Қайырлы Омар маусым айында топқа мүшелікке қабылдандық және шұғыл түрде өз ұсыныстарымызды дайындадық.

Біз берген ұсыныстар 13 пункттен тұрады және ол жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге тиым салу бағытында ҚР Жер кодексіне, ҚР «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы»,  «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.

Жер мәселесі барлық халықтың жіті қадағалауында отырғанын, жұртшылықтың жер тағдырына алаңдаулы екенін ескере отырып, біз өзіміз ұсынған жобаны жұртшылықтың талқысына салуды жөн көріп отырмыз.

Ұсыныс, сын-ескертпелеріңіз болса қабылдауға, тыңдауға, талқылауға әзір екенімізді ескертеміз.

Сонымен, ҚР Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағында «4. Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн» (4. В частной собственности иностранцев, лиц без гражданства и иностранных юридических лиц (негосударственных) могут находиться земельные участки для целей, указанных пункте 3 настоящей статьи, за исключением земель, предназначенных для ведения товарного сельскохозяйственного производства и лесоразведения.),- деп көрсетілген.

Өткен жылы осы бап ең көп дау туғызған еді. Оны біз мынандай мәтінде өзгертуді ұсынып отырмыз «4. Шетелдік мемлекеттерге, шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға және шетелдік заңды тұлғаларға ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер, сонымен бірге шаруа немесе фермер қожалығын, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзуге, орман өсiруге, бағбандыққа, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысына арналған жерлерге жеке меншік құқығы берілмейді.» (4. Иностранные государства, иностранцы, лица без гражданства и иностранные юридические лица не могут обладать правом собственности на земли сельскохозяйственного назначения, а также  земель  для ведения крестьянского или фермерского хозяйства, личного подсобного хозяйства, лесоразведения, садоводства, индивидуального жилищного и дачного строительства в Республике Казахстан»).

Себебі, ҚР Конституциясының 26-бабының  1-тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады»,-деп нақты көрсетілген. Конституцияның осы бабының талабына сәйкес шетелдіктер Қазақстанда  қандай да болсын мүлікті жеке меншігіне алуына құқық берілмейді деп түсінеміз.

Осы бапты осы біз ұсынған мәтінде қабылдаған жағдайда Қазақстан жерінің, оның ішінде ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің шетелдіктердің жеке меншігіне өтіп кетуіне жол бермейді.

Бұдан бөлек Жер кодексіне және бірнеше заңның 12 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынып отырмыз.

Ол баптар туралы да толықтай осы сияқты баяндап, көпшіліктің талқылауына саламыз.

Жер тағдырына ешкім бейжай қарамауы тиіс, сондықтан осы мәселені талқылауға ыждахатты ат салысып, пікір білдіріп, ұсыныс беріңіздер. Жер тағдыры Сіз бен біздің қолымызда. Осы мүмкіндікті жіберіп алмайық.

Құрметпен, Мақсат Нұрыпбай, Уәлихан Қайсаров, Айдын Егеубаев, Қайырлы Омар

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048