Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5438 1 пікір 21 Маусым, 2017 сағат 22:35

Ар анадан, өнеге әкеден жұғысты болсын!

Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір адамның қасиетті борышы.

                                                                                Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 Көңілдің алаң болып жүрген шағы еді бұл. Дүние мынау!.. Мазасы кетіп маздап жатқан сол дүниенің бүгінгі күні отқа оранып, оққа байланып бара жатқандығы алаңдатып, содан алаң көңіл шір­кіннің пәс тарта бастаған осы бір шағында Елбасы өз елі мен халқына аталы сөзін айтып, еңсемізді тағы бір тіктеп, рухымызды тағы да биіктетіп, алдымызда үмітті өмір бар екендігін ұғындырып берді.

Бұған дейін де талай да, талай бір аталы сөз айтып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ғана болып өткен «Мерейлі отбасы» Ұлттық бай­қауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзін «Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі», – деп бастауының дәмі татымды, мәні тартымды екендігін бүгінгі әлем ахуалы бізге айқын ұғындыра түскендігі бар.

Елбасының өткен жылғы Жар­лығымен қыркүйектің екін­ші жексенбісі «Отбасы күні» мерекесі болып белгіленіп, соған орай елімізде тұңғыш рет ұйымдас­ты­рылған «Мерейлі отбасы» байқауы тек қана сол байқауға қатысқан отбасыларының ғана емес, барша қалың елдің, барша қазақстандықтардың қуанышы болып отырғандығының куәсіміз осы күндері.

Елдің аузында Елбасының сөзі жүр! Түрлі тағдырлы отбасылардың өнегелері мен сауапты істері және де Елбасының сол отбасылардың әрқайсысына автокөлік сыйлап, қуантқандығына әркім сол сый-сыяпатқа тап бір өздері ие болғандай қуанғандықтарын да көрдік, соған ел ішінде жүріп куә де болдық. Осы күндері жаяу жүрген ешкім де жоқ болар. Сыйға тартылған көліктен бұрын Елбасының көңілі қымбат еді. Елбасының елге деген, әр отбасына деген ықыласы мен мейірімі, кеңпейілі мен ашық та адал жаны барша жандарды тағы бір шаттандырып жүре бергендігі де сол еді.

«Мерейлі отбасы» жалпы­ұлт­тық тұңғыш байқауының барлық қазақстандықтардың ортақ салтанатына, ортақ қуанышына айна­луының өзіндік терең сыры да бар. Бұл жайында Елбасы: – «Біздің еліміз – бәріміз бірге біртұтас отбасы ретінде құрып жатқан бейбітшілік пен келісімнің үлкен де берік үйі. Онда біздің балала­рымыз, немерелеріміз және барлық келер ұрпақ қауіпсіз, молшылықта және әл-ауқатты өмір сүруі үшін оны ғасырларға арнап тұрғыздық. Әркімнің басында баспанасы, оқуға, денсаулығын нығайтуға, лайықты жұмыс істеуге, дастарқанында ыстық нан болу мүмкіндігін қаладық. Бұл халықта болуы мүмкін ең қымбат дүниелер», деп Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен этностарды біртұтас отбасы, олардың барлығының да, яғни бәріміздің де бейбітшілік пен келісімнің үлкен де берік үйі Тәуелсіз Қазақстанда тұрып жатқандығымызды өте бейнелі етіп, санаға жеткізе айта білді. Елбасының осы бір аталы сөзі бізді, сол бәріміздің «біртұтас отбасымыз» бен «үлкен де берік үйіміздің» бірлігі мен берекесі және де тыныштығы мен татулығы үшін бәріміздің де бір ғана ортақ жауапкершілігіміз бар екендігін ұғындыра түсері бар. Осы ой сабақтастығымен тағы да бір айтарымыз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі» деген осы бір ауыз сөзі ұрпаққа ұран, санаға сабақ болуы керек.

Адамзаттың басты құндылық­­тарының бірі отбасы екендігі дау тудырмайды. Отбасы – адам баласының ұрпақ өсіріп, сол ұрпағы арқылы өз өмірін мәңгілікке ұластыратын адамзаттың қасиетті ұясы! Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта отбасы құндылықтарының аяқасты етіле бастауы етек алып бара жатқандай. Қасиетсіздік жайлап бара жатқандай. Халқымызға жат құбылыстар біздің елімізде де айқын бой көрсете бастады. Батыс елдерінің еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің мауығып, жанасуы, тіпті, бір-бірімен отбас­тарын құрулары сияқты адам баласының ақылы мен санасына сыйыспайтын бейбастақтық пен көргенсіздіктерді қалыпты жағдай есебінде қабылдап жатқандардың, енді сол бейәдепті заңдастыруды талап ете бастағандардың үндері де шығып қалып жүр.

Ендігінің адамының ең басты қателігі және де кешірілмес кінәсі мен күнәсі де, бәлкім, дүниеге өз ұрпағын әкелуге шектеу қойып жатқандығы да болар. Түбінде қазақстандық қоғамның пікірі мен көзқарасын екі айыратын осы бір «мал құлағы саңырау» дейтіндей әдепсіздікке жол беріп алмастың амалын осы бастан ойлағанымыз да жөн. Міне, әр отбасының орны, әр отбасының өз ұрпағына тәлім мен тәрбие берудегі рөлінің тереңдей түсер тұсы да осы ара ғой деп ойлаймыз.

«Бізді халық арасында наша­қорлық пен алкоголизмнің тарау деңгейі, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны алаңдатпай қала алмайды. Бүгінде жастар бойында моральдық-өнегелілік және рухани құндылықтарды қалыптастыру көкейкесті проблема болып отыр», деген осы бір алаң сөзін Елбасы да тегін айтып отырған жоқ. Неге бұлай бола бастады? Өзіміз дүниеге әкелген өз ұрпағымызға тәрбие беру неге қиындай түсті? Адам баласының бірі-біріне деген өшпенділігі өршіп, қатыгезденіп, қаны қарайып бара жатқан жоқ па? Бұл мәселе қазір жалғыз қазақтың басындағы ғана қасірет емес, барша адамзат баласының қасіреті болып отыр. Алайда, «заман осы» деп әрекет жасамай отыра бермектік те жарамас. Отбасы құндылықтарының сабағын берер кез осы арадан қылаңдайтын сыңайлы. Бірақ кез келген отбасының отағасы мен отанасы сол сабақты беруге қабілетті ме? Өзі тәрбиелі ме? Олар өз балаларына үлгі бола ала ма? Біздің бұл сауалдарымыз намысқа да тиер болар. Соны біле тұра осылай деп сауал тастауға мәжбүрміз.

Парламентте алкогольді ішім­діктерді мектептер мен бала-бақшалардан жүз метр қашықтықта сату, сатпау мәселесі жайлы пікір­талас жүрген кезде, «жарайды, мектептердің маңында арақ-шарап сатпайық, ал сол бала мектептен үйіне келгенде үйінде мас болып, қалғып-шұлғып отырған әкесін көрсе ше?», деп айтқанымыз да есімізде. Осы жайында ойла­сайықшы. Жалпы, әр отбасында, әсіресе, біздің қазақ отбасының шаңырағында арақ ішу ендігі арада ұятты іс саналатын көзқарас қалыптастыруымыз керек. Біздің бала кезімізде үлкендердің көзінше арақ ішу, мас болу ұят іс болып саналатын. Ал бұл жат қылық қазір бой үйренген дағдылы іске айналды. Кез келген бұрыш-бұрышта тығылып та, бақтар мен демалыс алаңдарында ешкімнен де қымсынбастан темекісін құныға сорып отырған, небір қымбат кө­ліктердің рөлінде отырып та теме­кісін будақтатып бара жатқан қазақ қыздарының көбейіп бара жатқандығын да көрмей де, білмей де отырмыз ба? Сол көргенсіздіктерді көріп те жүрміз, біліп те отырмыз! Көрмегендей боламыз, үндемей өте шығамыз. Мұндайда қазақ «әй дейтін әже, қой дейтін қожа қалмаған ба?» деп налитын. Сол наламызды біз де қағаз бетінде ғана айтып отырмыз. Басқа бетке қарата айта алмасымыз да анық. Өйткені, айтсаң бетіңнен алар, тіпті, жағаңнан алар жас та бар қазір. Отбасында ұлттық құндылықтардан нәр алмаған, отбасында көргені жоқ көргенсіз ғой деп өте шығамыз.

«Көргенсіз» деген ауыр сөз. Сол көргенсіздікке өз ұрпағымыз ұрынбасын десек, ең әуелі әр ша­ңырақтың ең әуелі өз ата-анасы мен жалпы үлкендерінің өнегелі болғаны абзал. Сол істің басы ретінде Елбасы отбасылық-өнегелілік құндылықтарды нығайту үшін ең әуелі қоғамда маскүнемдік пен алкоголизм, темекі шегу мен нашақорлық, отбасылық борышқа жауапсыз қарау, үлкендерді сыйламау сияқты теріс көріністерге үнемі төзбестік ахуал тудырып отыруды маңызды деп алға тартты.

«Халқымыз әкені асқар тауға балаған, алдын кесіп өтпеген. «Жұмақ – ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған» деген Елбасының осы бір ауыз сөзінің түбін тарқата айтар болсақ, әр әке мен ананың өз ұрпағы алдындағы, ал әр баланың өз ата-анасының алдындағы адами ұлы жауапкершілігі бар және ол болуы да керек! Елбасы осыны айтып отыр. Ар анадан, өнеге әкеден жұғысты болуы керек. Осыны да ойлайық!

Қазіргі уақытта өз ата-анасы мен өз отбасы алдындағы ұрпақ жауапкершілігінің төмендеп бара жатқандығын да Елбасы орынды айтты. Жастарымыздың отбасын құруға асықпайтындықтары, әсіресе ер балаларымыздың салт бас­ты, сабау қамшылы, «сүр бой­дақ» болып жүріп алулары көбейіп барады. Бұл, әсіресе, ауқатты дей­тін, жағдайлары жетіп-артылатын дейтіндей отбас­тарының балаларының «дерті» болуға айналды. Керісінше, үй-күйі жоқ, әр жерден нәпақасын тауып жүрген дәулетсіздердің балалары тез үйленгіш. Балалы-шағалы болып, кім көрінгеннің пәтерлерін жалдап, сағалап жүрген соларды көріп, «сами нищие, еще низщих разводять» деп күстәналау да бар. Осы мәселені зерттеп, зерделеп көргенімізде, жаңағы «сами нищилеріңіз» нағыз еңбекқорлар екен, кез келген жұмыстан қорықпайтындар, тұрмыстың кез келген қиыншылықтарынан тайсалмай, соған қарсы тұра алатын жігерлілер екен. Елбасы: «Бүгінде бізге отбасын нығайтуда, ана мен баланы қорғауда, қарттықты лайықты қамтамасыз етуде неғұрлым тиімді мемлекеттік саясат қажет. Біз құрып жатқан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы Жалпыға Ортақ Әлеуметтік Жауапкершілік Қоғамы болуы тиіс, деп біздің осы бір байқаған жайымыздың түйінін шешіп те беріп отыр. Еңбек отбасын нығайтудың бір тетігі есебінде қарастырылуы керек. Ал бұл келіп әр отбасында баланы бала кезінен еңбек етуге үйретіп, шаруаға дағдыландыру, былайша айтқанда, «бұғанасы қатпай жатып» пісіріп тастау жауапкершілігін алға тартары бар. Алдағы уақытта әр отбасында баланы еңбекке баулу мәселесіне мемлекеттік саясат тұрғысынан қараған да абзал болар еді.

Әр адам баласы бақытты болғысы келеді! Бір-бірімізге бақыт тілеп те жатамыз. Алайда сол адам баласының ақыл-ойы шарықтап, ол өз қолымен небір ғажайыптар жасап жатса да, сол ақыл-ойлы адам баласының осы күндері бақытының баянсыз бола бастағандығы да алаңдата түскендей. Неге деген бір сауалдың көкейді тесері де бар. Сол көкейді тесер сауалдың бір жауабын Елбасының ойлы сөзінен тапқандай болдым. «Өкінішке қарай, қоғамда орын алып отырған кейбір қолайсыз фактілерді де көзден таса қылуға болмайды, – деді Елбасы. – Әңгіме жыл сайын шамамен мың жарымдай қазақстандық балалардың жетімдікке душар болатыны жөнінде болып отыр. Бүгінде Қазақстанда күтімсіз қалған 34 мыңдай жетім балалар мен басқа да балалар бар. Көбінің ата-аналары тірі. 149 мыңдай баланың даму мүмкіндіктері шектеулі, біздің қолдауымызға зәру. 7 мыңнан астам егде жастағы адамдар қарттар үйінде тұрады, ал олардың көпшілігінің дендері сау және табысты балалары бар. Туған балаларын немесе ата-аналарын тастап кету жағдайын қоғам ұятты көрініс ретінде бағалауы керек. Бұл – біздің жанымызға жат құбылыс… Біз қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ пен баласынан жеритін көкек ана бізде ешқашан болмаған. Бұл – біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет!»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың саналыны селт еткізер осы айтқандарынан адам баласының қазіргі бақытсыздығы сол адам баласының өзі шырылдатып тас­тап кетіп жатқан өз ұрпағының көз жастары мен қарттар үйінде қос жанарлары жәудіреп қалып жатқан қарттарымыздың қабағында тұрғандығын ұғынсақ етті.

Біз – өсіп те, өркендеп те жатқан елміз! «Мәңгілік Ел» болуды мұрат тұтып, мақсат етіп отырған елміз! Қазақ елінде әрбір 90 секунд сайын іңгәлап, дүние есігін ашып жатар сәбидің болашағын осы бастан тереңінен ойлап, солардың жайы мен жағдайын және де қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап жатқан елміз! Елбасының сөзімен айтқанда: «Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы», деп өнегелі де елдік тәрбие беру пейілі бар адал ниетті елміз!

Бұған айғақ, тәуелсіздік жылдары, яғни соңғы жиырма жылдың арғы-бергі кезеңдерінде елімізде 1 мың білім ордасы мен 800 денсаулық сақтау нысаны салынса, қазір еліміздегі сол емдеу мекемелері мен клиникаларында қазақстандық дәрігерлер Қазақстан медицинасының тарихында бұрын-соңды ешқашан жасалып көрмеген күрделі операциялардың өздерін де сәтті жасай бастады. Өміріміз ұзарды! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды нығайта отырып, жасампаз елге айналдыру үшін қысқа мерзімде орасан зор жұмыстар тындырылғандығына ел куә, әлем куә! Ең бастысы – ел өзгерді, дүниеге деген көзқарастары мен болашаққа деген ұмтылыстары мүлдем жаңаша еркін ойлы, өр мақсатты жас буын қалыптасып, өсіп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар мен жаһандық дағдарыстарға қарамастан, қазақстандықтардың табысының 16 еседен астамға артуы және де білім беру мен денсау­лық сақтау салаларын қар­жыландырудың 10 есеге өскендігі өркеніміздің өсіп, көсегеміздің көгеріп, кемелдене түскендігіміздің бір тұсы.

Елбасы Қазақстанды дамы­тудың 2050 жылға дейін белгілеп берген өз Стратегиясын ел болаша­ғының да, әр отбасының да болашағы деп тұтас қарастырып отыр. Бағдарымыз және де бар. «ХХІ ғасырдың ортасында отбасыларының басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүрген елдер ең дамыған мемлекеттер болып шықпақ. Олар балаларын тәрбиелеп, оларға сапалы білім беріп, аға буынға қамқорлық танытып, саламатты өмір салтын ұстанбақ», деген Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ойы бізді тағы да бүгінгі күрделі әлемнің көп бұрышында жетіспей жатқан, алайда, Қазақстандағы бар, орныққан бейбітшілік пен келісімді, бірлік пен ынтымақты, тыныштық пен қауіпсіздікті көздің қарашығындай сақтауға үндейді. Елбасы өзінің қалың еліне тағы да осыны ұғындырды.

Халқымызда ежелден келе жатқан «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер», – деген сөз бар. Елбасы: «Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда ұрпағыңнан соны көресің. Бұл – халқымыздың өмірлік қағидасы, ғасырлар бойы мызғымаған отбасылық құндылықтарының негізі», деген ой тастау арқылы уақыттың тағы да өзге сындары мен қатерлерінің де бар екендігін өте орынды еске салып отыр. Қазіргі уақытта күмәнді жалған діни ағымдардың ықпалына түсіп кетіп жатқан балаларымыз бен жастарымызды сақтандыру және де мұндайға алдағы уақытта жол бермес үшін мемлекет пен қоғамның жүйелі шаралар қабылдауы – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Отбасы құндылықтарын сақтау және оларды байыту мен ұрпақ санасына тереңірек сіңіре түсу үшін Елбасы Қазақстан Республикасының 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани өнегелілік құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеуді де тапсырды. Бұл қажет және де өте қажет! Алдағы уақытта әзірленер бұл жалпыұлттық бағдарламаның алтын арқауы, негізгі идеясы ретінде Елбасы отбасылық-неке­лік қатынастардағы, бала құқықтарын сақтаудағы және бала тәрбиелеудегі ата-аналардың жауапкершіліктерін арттыруды басты міндет есебінде атайды. Баланың кішісін шаңырақтың иесі ретінде қолдарынан шығармай, қартайған шақтарында өз жандарында ұстап қалатын ата салтымызды да Елбасы қайта жаңғыртуды ұсынады. Сауапты істің бірі болып саналатын жетім балаларды асырап алған және тәрбиелеп отырған азаматтар үшін қолайлы құқықтық ортаны күшейтумен бірге, мұндай отбасыларға мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің жан-жақты көмек көрсетулерінің күшейтілгендігі де абзал.

«Көргенде көз сүйсінетін сүп-сүйкімді немере-шөбересінің ортасында маңайын шуаққа бөлеп отырған ата-әжелер немесе еңбегі арқылы тек үлкен жетістіктерге жетіп қана қоймай, отбасында да сыйластығы жарасқан ерлі-зайыптылар қандай бақытты!», деп Елбасы сүйсіне айтқан сол бақытты да дәулетті, тату да берекелі отбасы көп бола берсе екен әйтеуір. Өйткені, әр отбасы біздің бір тұтас Отанымыздың қасиетті шаңырағын ұстап тұрар бір-бір уығы ғой!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,  жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354