Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5439 1 пікір 29 Маусым, 2017 сағат 14:33

Кәсіпкер: немерелерімнің несібесін банк тартып алмақшы

«Abai.kz» ақпараттық порталы өткен жолы «Қарызбен құл қылудың қазақстандық жобасы» атты мақала жариялады. Онда банкпен соттасып жүрген алматылық кәсіпкердің жанайқайы жазылған еді.

Біз «Айбол» ЖШС директоры, банкке жолаймын деп басы дауға қалған Светлана Айтбаеваны сөзге тарттық. Мәселенің мән-жайын, жай-жапсарын өз аузынан естіп білдік.


- Светлана ханым, әуелі кәсіпкер бола тұрып, сіздің саясат майданында жүргеніңізді білеміз. Саясатты тастап, кәсіпкерлікке бет бұруыңызға не себеп болды?

- Саясат дегенде, былай ғой. Адам өзінің қолынан келетін іспен айнасылуы керек. Сонда бір нәтиже шығады. Еліміз Тәуелсіздікті алған алғашқы жылдары саяси өмірге белсене араласқан едік. Алматы қалалық әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестерде, партия құрылымында біраз жыл тер төктік. Марқұм Сергей Дьяченко Парламентке сайланатын  кезде, сол кісінің сайлау алды үгіт-насихат  компаниясын басқардым. Шапқылап жүріп, Сергей мырзаны өткіздік қой, Парламентке. Ол кісі, өте қарапайым еді. Қолынан келген көмегін аямайтын.  Қазіргі «Нұр Отан» партиясы «Отан» болып тұрған кезде қалалық партия ұйымының политсовет және бюросында мүше болып біраз қоғамдық-саяси шараларды өткіздік. Отан партиясының үш съезіне делегат болдым. Оның барлығын қазір жіпке-тізіп айтып беруім артық болар. Алматының Бауыржан Байбекке дейінгі әкімдерінің барлығын көрдім. Барлығымен істес болдым. Қаланың инфрақұрылымына да демеуші болған едім, өз уағында....

- Кәсіпкерлікте жүріп қалалық іс-шаралардың демеушісі болып жүрдіңіз ғой.

- Ол кезде жеке сақтандыру компаниялары деген жоқ еді. Мен Мәскеуге барып, солардың жүйесін көріп келдім. Олар да сылап-сипап, шет жағын көрсеткенімен, оның ішкі функциялары қалай жұмыс жасайтынын айтпайды. Содан, келіп, өзіміздің Ұлттық қорлардың, банктердің жүйесіне негіздеп, сақтандыру компаниясын аштым. Қазақстанда жиырма үш және Мәскеуде бір офисіміз болды.

Сөйтіп, кәсібіміз дөңгелеп тұрған кезде қалалық әкімдіктің көптеген шараларына қолдау көрсетіп, жас мамандарды, жастарды қолдаудан аянып қалмадық. Осының барлығын Құдай тағала көріп тұр ғой.

- Алматының сырт жағындағы Құлжа күре жолының бойынан бір жоба бастаған екенсіздер...

- Иә, Алматыдан шыға берістегі Құлжа күре жолының бойынан жастар қалашығын салу жоспарымда бар еді. Ол бұрынғы «малосемейка» деген секілді ғой. Арзан бағадан, бөліп төлеуге ыңғайлы. Бір-екі бөлмелік үйлер салу үшін әкімдікке жобамды өткізіп, жер сұрадым. Кейін оны әкімдік өзі қолға алып, «біз саламыз» деді. Ақырында сол жоба аяқсыз қалды ғой.

- Мына бәлеге қалай ұрынып жүрсіздер?

- «Айбол» ЖШС деген серіктестігім бар.  Біз алғашында «Темір банк» (кейін «Forte Bank» болып ауысты ғой) пен келісім жасап Алматыдан базы аша қояйық деген ниетпен несие алдық. 2006 жыл болатын. Бізге банк 9 траншқа бөліп төлеуге келісім жасап, жалпы сомасы 240 миллионнан астам теңге берді. Біз ол ақшаға базымызды салуды бастап кеттік.  Оның үстіне біз несиені теңгемен алдық. Заңда да жазылған ғой, теңгемен алынған несие – теңгемен қайтарылады деп. 2008 жылдың мамыр айында банктің мәжбүрлеуі бойынша біз несие валютасын долларға ауыстырып, доллармен қайтаруға тура келеді. Банк валюта конвертациясын жасады. Девальвация кезіндегі тәуекел деді.

Біз 2013 жылдың қазан айына дейін банктің нұсқауы бойынша барлық несиемізді төлеп келдік.  2013 жылдың қазан айынан бастап банк  біздің өтініштерімізді ескермеуге көшті. Біз әуел баста  әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан ғимаратымызды кепілге қойғанбыз. Несиені берер кезде банк ол ғимаратты болмашы ақшаға бағалаған. Кейін оның бағасы күрт өсіп, банк бізге 500 миллионға дейін несие алуға болатынын айтты.

Арада дау басталғанда банк тағы бір орындалмайтын шарттар ұсынды.  Сөйтіп, арадағы келісім бұзылды. 2014 жылдың қазан айынан бастап банкпен арамызда сот процессі басталды.

Құдай-ай, осы уақытқа дейін екі бірдей сараптама жүргізілген. Алғашқы сараптама қорытындысы бойынша, Медеу аудандық соты біздің нақты берешегімізді көрсетіп, шешім шығарып берді. Біз оған да келістік, мейлі.

Сөйтіп, олар аппеляциялық шағым түсіріп, аппеляциялық сотта екінші мәрте сараптама жүргізіліп, анау Медеу аудандық сотының шешімін теріске шығарды. Содан не керек, іс Жоғарғы соттың алдынан бір-ақ шықты.

- Банкке төлеген ақшаның қағаздары бар шығар?

- Бүгінгі күнге дейін біз  240 миллион теңгенің 183 миллион теңгесін әуелгі қарыз есебінде төлеп тастадық. Чектер де бар. Жаңа айтқан 9 транштың 5 транышын жауып тастадық. Осы уақытқа дейін банкке 356 миллион теңге төленген. Оның 161 миллионы үстеме пайыздық сыйақы ретінде есепке кірді. Кейін, Ұлттық банк сарапшысы осы мәселені қарап, өз тұжырымдамасын жазып берді. Онда айдан-анық жазылған. Біз банкке 20 миллион теңге артығымен төлеп берген екенбіз. 13 миллион негізгі қарыздан артық төленсе, 7 миллион сыйақыдан асып кеткен. Сонда бұл 20 миллион кімнің қалтасына кетті?

- Ортадағы девальвация кезінде жасалған валюта конвертациясы кезінде ақша айырмашылығы болған ғой...

- Ол кезде теңгемен алған несиеміз долларға бағаланған. Сөйтіп, банк «тағы 50 миллионға жуық  қарыздарыңыз бар» деп шықты ғой.  Біз бұл 50 миллионды алған да, көрген де жоқпыз. Сосын төлемейтінімізді айттық. Енді сол ақша 120 миллионға жуықтапты. Бұл да көлденең ақша ғой. Кәсіпкерлерді осыншама қинауға бола ма? Банктер бүйте берсе, елімізде кәсіпкер қалмайды ғой.

- Енді базыңыз бен, әл-Фарабидегі ғимаратыңызды банк алып қойған жоқ па?

- Базымыз құрыды. Кетті. Бала-шағамның несібесі дегенде банкке жем болдым. Өзі бәленбай жыл осы салада істеп келіп, ақырында өзімді жем етті.

Бір рет банк шақырды. Мына Алмас (Алмас Күнгейбаев, заңгер) екеуіміз барған едік. Алмасты кіргізбей қойды. Мен жалғыз кіріп, банктің басшыларымен кездестім. Жап-жас қыз (маман) дауыс көтеріп, менің әл-Фарабидегі кеңсемді банкке беруімді талап етті. Сондағысы, мен ол кеңсені банкке берсем, барлық қарыз-құрызымнан құтылады екенмін-міс. Жоқ, көкем, олай болмайды дедім. Менің жасым 70-тен асты. Өрімдей жастар, желкемнен алғандай жекіп сөйлеп, дауыс көтергенде, әлгі жерде құлап қалсам не болады?

Сонда түсіндім, банктің тілеп отырғаны – менің әл-Фарабидегі кеңсем екен. Оның жобасын өзім сызып, өзім салған ғимарат еді.  5 қабатты кеңсе ғой. Бұл енді рейдерлік емей немене? Қасақана жасап отыр. Мақсаттары – менің дүние-мүлкімді тартып алу ғана. Басқа дәнеңе де жоқ. Міне, жағдайым осы, балам. Құжаттарымның барлығы бар. Аққа Құдай жақ деуші еді ғой.

- Енді не істемексіздер?

- Күресемін! Ақиқатына жеткенше күресемін. Менде екі бірдей ұлымнан айырылған анамын. Бар қызығым немерелерім, мен шөберелерім. Солардың несібесін құлқыны ашылған банктерге беріп қойып отырмаймын. Керек, болса Елбасының өзіне дейін шығамын.

- Рас, Елбасының өзі шағын және  орта бизнесті жан-жақты қолдауды Үкіметке тапсырғаны белгілі. Мойымаңыз!

- Рахмет алтыным, осыны жария етерсің. Жұрт оқысын, көрсін. Амалы босла, банктерге жоламасын!


Ескерту! «Abai.kz» порталы еркін ақпарат алмасу алаңы. Ой жарыстырып, пікір таластыру оқырман еншісінде. Біз өз кезегімізде «Forte Bank» тарапынан қандай да бір жауап күтеміз!

Сұхбаттасқан - Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303