Айдос Сарым. Коммунистерге қарап құсқым келеді...
7 қараша күні қазақ коммунистері жылдағыдай жиналып, ел қалаларының қуыс-қуыстарында тұрған сүйікті көсемдері Лениннің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, Кеңес заманын аңсап, көз жастарын сықтады. «Ұлы Қазан революциясының» 83-жылдығына орай Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бюросы арнайы мәлімдеме қабылдап, жақтастарын «Правда Казахстана» газетінің беттерінен құттықтады.
Өз үндеуінде компартияның Орталық комитеті былай депті: «Мы десятый раз встречаем очередную годовщину Великой Октябрьской социалистической революции без Советского Союза. С глубоким волнением мы обращаем нашу память в тот октябрьский день 1917 года, когда партия большевиков во главе с Лениным встала у руля огромной страны. Она смогла это сделать потому, что за партией шли рабочий класс, крестьянство, трудящиеся всех наций и народностей, те массы, которые непосредственно сотворили револоюцию. Октябрьская революция коренным образом изменила ход развития человечества, открыла дорогу к справедливому, гуманному и подлинно демократическому обществу...». Қалғаны үйреншікті далбаса.
7 қараша күні қазақ коммунистері жылдағыдай жиналып, ел қалаларының қуыс-қуыстарында тұрған сүйікті көсемдері Лениннің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, Кеңес заманын аңсап, көз жастарын сықтады. «Ұлы Қазан революциясының» 83-жылдығына орай Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бюросы арнайы мәлімдеме қабылдап, жақтастарын «Правда Казахстана» газетінің беттерінен құттықтады.
Өз үндеуінде компартияның Орталық комитеті былай депті: «Мы десятый раз встречаем очередную годовщину Великой Октябрьской социалистической революции без Советского Союза. С глубоким волнением мы обращаем нашу память в тот октябрьский день 1917 года, когда партия большевиков во главе с Лениным встала у руля огромной страны. Она смогла это сделать потому, что за партией шли рабочий класс, крестьянство, трудящиеся всех наций и народностей, те массы, которые непосредственно сотворили револоюцию. Октябрьская революция коренным образом изменила ход развития человечества, открыла дорогу к справедливому, гуманному и подлинно демократическому обществу...». Қалғаны үйреншікті далбаса.
Мен біраз уақыт бойы коммунистерді аямай сынап жүрген адамдардың бірімін. Осы уақытта талай әңгіме естідім. Біреулер: «Қайтесің осыларды? Шал-шауқандар жастық шақтарын еске алып, соған бола өздерін коммунистерміз дейді. Осы буын кеткен соң бұл идеология да жойылады» деп қояды. Тағы біреулер: «Демократиялық қоғамда әртүрлі ағымдар мен партиялар болуы керек. Коммунистердің де зияны жоқ, жүре берсін. Бұларың ең болмаса авторитарлы билікке қарсы күресіп жүр» деген уәж айтады. Жуырда «Алматы» телеарнасындағы «Пікірлер пирамидасы» атты хабарда болған айтыста компартияның бүгінгі басшысы Ғазиз Алдамжаров: «Біздердің Сталиннің қылмыстарына еш қатысымыз жоқ, адамдарды атқан, қудалаған жоқпыз. Яғни бізге ешқандай айып тағуға болмайды. Біз тек аса әділетті марксистік, коммунистік идеяларды насихаттап жүрміз» деп өзіме шүйліккен болатын.
Осыған орай, Қазан төңкерісінің мерейтойына «тартуым» ретінде көптен бері айтып жүрген әңгімелерімді қайталап беруді жөн көріп отырмын.
Біріншіден. Мәселе адамның жасында емес, басында. Егер қазақ коммунистерінің шоқымдай ғана миы, титтей ұлттық намысы болса, олар өз аттарын өзгертіп, осы партияның қазақ халқына жасаған қылмыстарын әшкерелеп, лағнетін айтып, социалистік, социал-демократиялық бағдарламаны ұстанар еді. Естеріңізде болса Лениннің өзі де кезінде «социал-демократ» болған, алайда, артынан әсіре радикалды бағытты ұстанып, жақтастарымен бет жыртысып «большевик» атанды. Бүгінгі коммунистер өздерін біресе коммунистпіз, біресе қазақ ұлтшылымыз деп атауы - тап-таза шизофренияның өзі. Егер коммунистер ең болмағанда Маркс пен Ленинді дұрыстап оқыған болса, олардың «ұлтқа, ұлттық мемлекетке» қарсы шыққандарын білер еді. Осы идеологияның негізін қалаушылар «коммунизм орнаған кезде жұмыс табы диктатура құрып, қалған таптар да, ұлттар да атымен жойылады» деп армандап кеткен болатын. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі қазақ коммунистері коммунист те емес, жүрген бір дүбәрә, сайқымазақтар. Басқа жағынан қарасақ, оларды «қазақ» деп атаудың өзі қиянат. Ұлтымыздың саяси-эволюциялық дамуына балта шапқан, құрдымға кетіп бара жатқан отарлық империяны жаңғыртқан, халқымыздың алпыс пайызын қолдан жасалған геноцид нәтижесінде қырғынға ұшыратып, босытып жіберген заманды, партияны, идеологияны аңсау, оны дәріптеу - ұлтсыздықтың, ұлттық, адами азғындаудың нышаны емес пе?!
Екіншіден. Демократиялық тұрғыдан қарасақ, коммунистер де бір партия. Олар да үгіт-насихатын жүргізіп, жақтастарын топтастырып, сайлауға түсе алады. Алайда, демократия дегеніміз бассыздық, жүрексіздік, рухсыздық деген сөз емес. Егер коммунистер біздің билік құсап, қазаққа бір әңгіме, орысқа екінші әңгіме айтып, Қазақстанда Тәуелсіздікті жақтағандай сыңай танытып, Ресейде - Кеңес одағын аңсап жүрсе, онда оларға көптеген қисынды сұрақтар туындайды. Көптеген елдерде коммунистік тоталитарлық режимдер құлағаннан соң люстрация жүрді. Яғни осы идеологияға қызмет еткендердің барлығы биліктен де, белсенді қоғамдық өмірден де аластатылды. Біздегі коммунистер билікте де, оппозицияда да тайраңдап жүре берді, әлі де билеп отыр. Бүгінгі биліктің кейбір қылықтарына қарасаң, олардың әдістері мен тәсілдері өздеріне оппозицияда жүрген коммунистердікімен бірдей екен деп қаласың.
Тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді, ұлттық санамыз бен тарихи жадымызды сақтаймыз, әрі қарай дамытамыз дейтін болсақ болашақта ең болмаса рухани люстрацияны өткізіп, саяси, рухи тұрғыдан тазаруымыз, жаңғыруымыз қажет. Яғни коммунизм идеологиясы фашизммен теңестіріліп, оларды насихаттаушы, дәріптеуші партиялар соттың шешімімен жабылуы тиіс. Оның үстіне коммунизм идеясы біздер үшін отарлық идея екенін де естен шығармайық. Осы сотта коммунистік идеологияны ұстанушылардың Қазақстандағы барлық қылмыстары мен қиянатына саяси, тарихи, заңи баға беріліп, олар қоғамдық өмірден қуылуы дұрыс болар еді. Ондай тәжірибе әлем тарихында көптеп кездеседі. Соңғы кездері Еуропа Одағы, ЕҚЫҰ деп көп айтамыз. Ең болмаса осы ұйымдардың аясында қабылданған коммунизм мен фашизмді айыптауға қатысты шешімдерін өз елдімізде жүзеге асырайықшы!
Үшіншіден. Коммунистер, дәлірек айтсақ, коммунистсымақтар: «Біз ешкімді жазалаған, атқан жоқпыз. Біз кеңес заманындағы әлеуметтік теңдікті, экономикалық тәртіпті қалаймыз. Коммунизмнің жақсы да, жаман да жақтары бар. Біз жақсылығын іске асырамыз» деп көлгірсиді. Бәрі де бос сөз! Коммунистік партияның бүгінгі басшылары өздерін Лениннің, Сталиннің ісін жалғастырушылармыз, біздің партия елді керемет дамытты деп жазып та, айтып та жүр! Яғни лениндік-сталиндік партияның Қазақстандағы мұрагеріміз дейді өздерін. Мұрагерлер тек әке-атаның мұрасын басып қалмайды, олардың жақсы-жаман істері үшін де жауап береді емес пе? Олай болса ҚКП-ның бірінші хатшысы Алдамжаров, не оның «құрметті көшбасшысы» Әбділдиндер халық алдына шығып, кешірім сұрауы тиіс. Кешіру-кешірмеу біздің шаруамыз.
Коммунистердің «экономиканы өсірдік, халықты әлеуметтік тұрғыдан толық қамтамасыз еттік» дегендері де өтірік. КСРО-ның дамуы тек адам мен табиғатты аяусыз қанау арқылы іске асқаны хақ. КСРО-да ешқандай теңдік болған емес: айналып келгенде, басшылары байып, халқы өзінің кедейлігі мен бишаралығында ғана теңесіп отырды. Феодализмнің ракетамен көмкерілген түрі ғана. Себебі біреу: коммунизм - адамзаттың, табиғаттың даму заңдарын жоққа шығарған идеология. Өздерін кереметпіз деген коммунистік мемлекет пен режим ақырында өз елін асырай алмайтындай жағдайға жетіп, небары бес жылдың ішінде қирап, мәңгілікке кетті емес пе? Яғни бұндай модель біздер үшін үлгі бола алмайды.
Айтарым осы. Абай болайық, алашшыл болайық, ағайын!
«Абай-ақпарат»