Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Тура жол 7989 7 пікір 18 Шілде, 2017 сағат 08:50

Түркия 1914 қазақтың ланкестерге қосылғанын мәлімдеді

Түркия ішкі істер министрлігі "Ислам мемлекеті" экстремистік тобымен байланысы бар деп 1914 қазақстандықты айыптады, - деп хабарлайды Abai.kz.

Түркия үкіметі өз шекарасы арқылы Сирияға өтпек болған 53781 шетелдік азаматты қара тізімге қосқан. Олардың арасында 1914 Қазақстан азаматы бар. Бұған қоса, 7523 сауд арабиялық, 4128 ресейлік, 2651 тәжікстандық, 2622 франциялық. 1677 әзербайжандық қара тізімге енген. Түркия заңы бойынша енді "қара тізімдегі" азаматтар ел территориясына кіре алмайды.

Түркия қауіптеніп отырған 1914 азамат кім? Олар қазір қайда жүр? Сирияда ма, Қазақстанда ма? Былтырғы төңкерістен кейін Ердоған билігі күллі «гүленшілерді» ланкестер деп айыптай бастаған еді. Бәлки бұ 1914 азамат Қазақстандағы гүленшілер шығар.

Біздің Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркия берген мәліметті нақтылап тексеруі тиіс. Бір емек, екі емес 1914 азаматымыз ланкес деп айыпталып отыр.

Кеше ғана ешбір дәлелсіз «Қытайдағы қазақтар Қазақстан арқылы Сирияға жиһадқа аттанып жатыр»  деген негізсіз ақпараттар тараған болатын. Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел арасында гулеген ақпараттың рас-өтіріктігіне тойтарыс берген жоқ. Енді Түркия жариялаған ақпараттың шындығын ашпаса, ақпараттық майданда тағы да жеңіліс табатыны рас.

Біз ланкестікке қарсы елміз. Қазақ көрсоқыр ағымдардың жетегінде кететін ел емес. Сонда да көп болған соң, 18 миллион халықтың ішінен 1914 адамның жат жолға түсуі мүмкін де шығар. Елді екіұдай ойда қалдырмау үшін біздің құзіретті органдар бүгіннен қалдырмай ресми мәлімдеме жасауы керек.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

7 пікір