Мырзатай Жолдасбеков. Шапан сыры
Ата мұрасының қайсыбірінің қадіріне жете бағалау үшін қадір-қасиетін жете білу парыз. Ендеше қарапайым ғана шапанның сыр-сымбатына қанығып көрелік.
«Шапан - қазақтың ең көп тараған, аса қастерлі, кәделі сырт киімінің ертеден келе жатқан түрі. Әдетте, оның тысы мен астарының ортасына қойдың жүнін салып, сыртын шұға, барқыт, кей жерлерде мақпал сияқты әдемі әрі мықты матамен қаптап, сырып тігетін болған. Ертеде сал-серілер мен ауқатты адамдарға шапанды жібек пен бархыт сияқты бағалы матадан тіккен. Тіпті тігіншінің шеберлігіне қарай, шапанның жағасы мен өңіріне, жең ұштарына әдемі ою-өрнек салып, кестелеген. Шапанға салынар ою-өрнек те шебердің ұлттық өнерді бойына қаншалықты сіңіргеніне көп байланысты. Оны айтып отырғаным, бертін келе шапанға текемет, басқа да тұрмыстық заттарға салынатын оюларды салу жиі кездесіп, шапанның қадір-қасиетін түсіру байқалады.
Әдетте шапан тізеден төмен түсіп, қол ұшын жауып тұруы қажет. Ертеде шапанды бағалағаны соншалық, оның формасына қарап, шапан иесінің әлеуметтік жағдайын аңғаруға болатын. Тізе берсек, шапанның түрлері көп. Мысалы, жергілікті тұрғындар шапанды ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп те бөліп жатады. Сондай-ақ, оны географиялық аймаққа қарай Жетісу үлгісі, Арқа үлгісі деп те атайтын болған. Шапанның тағы бір тарихы ежелгі «Жеті жарғы» заңында ұлттық салт-дәстүрді бұзған адамдарға көп жағдайда ат немесе шапан айып тарттырған. Халқымыздың сөз қолданысындағы «ат-шапан айып тарту» деген сөз, міне, осыдан қалған.
Қазір біз шапанды шетелден келген қонақтарымызға не құдаларымызға кәде-сый ретінде пайдаланатын болдық. Негізінде шапанды шеберлер, белгілі дизайнерлеріміз талғампаздықпен, бағалы маталардан, мысалы, шұғадан, көстем-шалбар тігетін матадан, бархыттан фасонын қазіргі заманға сай тіксе, кез-келген ер-азаматтарымыздың сән-салтанатын келтіретіні сөзсіз. Тіпті ұлттық брендке айналып, шетелдіктер сатып алып жатса, қандай көрім болар еді. Шапан толықша келген, иықты ер-азаматтардың ажарын ашып тұрады. Тіпті қысқы, күзгі шапан түрлері бар екенін ұмытпау керек. Сәнгерлер қашанда ерте кездегі киімдерді зерттей келе, өз идеяларын қосып, жаңа сән үлгісін шығарады емес пе. Сондықтан біздің отандық сәнгерлеріміз ойлануы қажет.
Ия, қарап отырсақ, бір ғана шапанның астарында қаншама тарих, салт-дәстүр жатыр. Барды бағалау, қадірлеу қажеттігі де осында. Қазақтың бағы замандардан бері үзілмей келе жатқан ата салты, дәстүрі бойынша шеттен келген қадірлі қонақтардың да иығына шапан жауып жатса әбден жарасады.
27 шілде, 2017 жыл
Abai.kz