Меңдолла ШАМҰРАТОВ. Мухиннің меселі қайтатын емес.
Еліміз тәуелсіздігін алғанына да жиырма жыл. Соңғы жылдары орыстанған Оралда көше аттары өзгеріп, қайсыбірі қазақыландырылып, қырда жүрген қазақ баласы қалаға қоныс аударғандықтан қазақ мектептері көбейіп, балабақшаға бала сыймай... қысқасы, ұлттық Рух оралғандай болған.
Дегенмен мұның бәрі қаракөздерге ұнағанымен, көршілер мен қоңсылардың бәріне бірдей ұнамайтын болып шықты. Содан бері күңкіл, «іс қағаздарын қазақша толтырады деген не сұмдық?», «Көше аттарын өзгертеді деген қайдан шыққан, өзіміз тұратын көшені таба алмайтын болдық», «Бізге қысым жасалып жатыр» - деген көпсіген әңгіме. Бәрін қойшы, биылғы жылдың жаз айынан бері қаладағы казак-орыстардың тарихын әспеттеуші «Старый Уральскъ» қоғамдық қоры осы көше аттарының өзгеруіне ашық қарсылығын білдіріп, Орал қалалық №2 сотына бірнеше шағым түсірді. Содан бері ономастикалық комиссияға да тыным жоқ. Осындайда өзгелердің ұлттық мүддеге келгенде соншалықты өлермендігіне еріксіз қызығасың, біз сөйте алар ма едік, әгәрки сөйте қалсақ ойлағанымыз болмай тұмсығымыз тасқа тірелсе, солар сияқты екінші мәрте, үшінші... рет сотқа жүгінер ме едік.

«Жығылған күреске тоймайды» деп Орал қалалық мәслихаты мен қалалық әкімдіктің Вальковая, Садовая, Крестьянская, Соболевская атты төрт көшенің атын заңсыз өзгертті, заңды белден басты», - деп білетін өлкетанушы Геннадий Мухиннің әзірге тоқтайтын түрі жоқ. Оның адвокаты да екінші тынысы ашылғандай тынымсыз күйде. «Дұрысында, - дейді қоғамдық қордың адвокаты Валерий Смирнов, - ономастикалық комиссия үкіметтен арнайы бекітілген концепция бойынша жұмыс істейді. Бұл құжатпен мұқият таныспыз, онда көше аттарын ауыстыру қандай ұстанымдарға, себептерге байланысты жүзеге асырылуы тиіс екендігі анық жазылған. Ал біз даулап отырған Вальковая, Садовая, Крестьянская, Соболевская деген көше аттарын өзгерту мүлдем заңға қайшы».
Ономастикалық комиссия болса, бұл көшелердің заңдық тұрғыдан маңызды атауға жатпайтынын айтып, керісінше, көше атын өзгертіп, солардың біріне бұрынғы пединститут ректоры Ақмурзиннің есімін берсе, келер ұрпақ үшін тәлімдісі сол болар еді, - деп есептейді. Осыны естігенде өлкетанушылар ызадан жарылып кете жаздады. Егер Мухиннің сөзіне сенсек, бұл көше аттары бүгінгі таңда да маңызды. «Вальковая» деп аталуының себебі мынау «бір кезде орыс-казактар кір жууға арналған тақтаймен өздерінің әйелдеріне қырындаған патша әскерлерін ұрып-соғып айдап шыққан-мыс». Мухиннің өзі әспеттеп жүрген бұл аңыздың қашан, қалай пайда болғаны, кім шығарғаны да белгісіз. Әрине, сот өлкетанушының бұл уәжіне аузын ашып, көзін жұма қалмағаны белгілі. Екі-үш рет бұл қоғамның шағымы негізсіз деген шешім шығарды. Алайда «тауым шағылды» деп салы суға кеткен Мухин жоқ, ол ҚР Жоғары Сотына да бірнеше бөлімнен тұратын шағымдарын бірінен соң бірін жөнелтті. «Енді шамалы уақыт күтемін. Жауап болмаса, халықаралық сотқа шағым жолдаймыз», - деп шіренді сабазың. Айтқандай, ҚР Жоғары Сотынан да бір ай шамасында жауап хат келіпті. Онда Орал қалалық сотының бұрынғы шешімі өзгеріссіз қалатыны, яғни көше атаулары заңды түрде өзгертілген делінген екен. Еліміздің бас заң органының жауабы да Геннадий Мухиннің меселін қайтара алмайтын болып шықты. Енді ол халықаралық сотқа шағым жолдап жіберіпті. Шамасы «өліспей, беріспейін» дейтін сияқты. «Ешбір елде тарихқа мынадай қиянат жасалмайды. Ал бізде бәрі басқаша. «Вальковая» көшесінде казак-орыстар өздерінің әйелдерін қорғап, патша әскерін валькамен сабаған. Көше содан бері бірнеше ғасырлар бойы «Вальковая» аталып келеді. Бұл сонда тарих емес пе, тарихқа бұдан артық қиянат бола ма?», - дейді Геннадий Мухин.
Осындайда ойлайсың, өзге жұрттың бәрі мәтіби, бізден өткен көнбіс жұрт жоқ. Көшені айтасыз, осы облыстың өзінде шовинистік саясаттың пәрменімен әп-әдемі аты бола тұра, айдаладағы казактың не басқаның атымен аталып кеткен ауыл-аужандар қаншама. Мысалы, Котелный, Калмыково, партсьезд сияқты елдімекендердің аттары өзгермей сол күйі тұра берсе не болар еді? Келер ұрпаққа қалай айтып түсіндірер едік...
Ал енді Орал қаласының іргесіндегі ауылдар бірі казак атаманынын есімін әлі әспеттеп отырса, қалғандары сол казак-орыстар қойған атпен мызғымай тұр. Орал қаласының іргесіндегі Серебряков (казак атаманының фамилиясы) ауылында бұрын тек казак-орыстар, нағыз орыстар тұрған еді. Қазір тұрғындардың басым бөлігін Қазталов, Ақжайық сияқты нағыз қазақы ауданнан көшіп келгендер құрайды. Бірақ ауылдың басым бөлігі қазақ бола тұра, Серебряков атауын өзгерту жөнінде әлі бастама көтерілетін емес. Бұл енжарлық дегенді қойсаңызшы. Одан бері орналасқан Круглоозерный ауылындағы жағдай да осындай. Селекционный, Плодоовощной, Шапов, Коловертное, Бударин, Янаикино. Бөрлі ауданы бағытына шықсаңыз Новенький, Трекин, Пойма, Новопавловка, Федоровка, Долинный болып кете береді. Орысша атаудан арылмаған ауылдар мұнымен бітпейді. Оның бәрін теріп шықсақ, мақаланың біраз бөлігін тек ауыл атаулары құрайтын түрі бар. Бұдан бірнеше жыл Трекинге алыс қазақы аудандардан көшіп келгендер ауылдын атын өзгертуге біраз тыраштанған. Қайда? Казак-орыстар орыстілді басылымдарға қарсы мақалалар ұйымдастырып, екі-үш белсенді ағайынның аузын жапты да тастады. Ономастикалық комиссияға да бет бақтырмай қойды. Содан бері ол жақта ауыл атын өзгерту туралы бастама қайтып көтерілген жоқ. Өзге ауылдардағы ағайындарымыз да әзірге бұл мәселені ауызға алатын емес.
Батыс Қазақстан облысы
«Жас қазақ» газеті