Ішкі көші-қон. Оңтүстіктен солтүстікке жобасына 88 млрд теңге бөлінді
Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс күші тапшы. Оның үстіне мұндағы аудан, ауылдарда еңбекке жарамды азаматтардың қатары да күн санап кеміп барады. Осы олқылықтың орнын толтыратын бір-ақ жол бар. Ол — Оңтүстік Қазақстан облысының халқы тығыз орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш аудандарындағы жұмысқа жарамды халықты көшіріп әкелу. Ел үкіметі биыл бұл мақсатқа 88 млрд теңге бөліп отыр.
Аталған қаржы халқы тығыз орналасқан өңiрден Солтүстiк аймаққа халықтың қоныс аударуын ұйымдастыру ісіне жұмсалатын болады. Яғни үкімет оңтүстік жұртының солтүстік аймаққа барып қоныстануына, онда бейімделуіне, жұмыс табуына барынша қолдау білдірмек. Бұл құптарлық-ақ іс. Ең бастысы — қаржы бар, қолдау жеткілікті. Ендігі мәселе — жүйелі жұмыс атқарып, ішкі көші-қон бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыру қажет.
Рас, соңғы жылдары оңтүстікқазақстандық бірнеше отбасы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары атанды. Орта жасы 30 бен 50-ді құрайтын оңтүстікқазақстандықтар негізінен Солтүстік Қазақстан облысының Телжан, Ащыкөл, Алқатерек және Қондыбай елді мекендеріне орналастырылды. Әлі де көшіп барғысы келетіндердің қарасы аз емес.
Таяуда ғана жұмыс күші мол өңірлерден солтүстік өңірлеріне еңбек ресурстарын қоныс аудару мақсатында облыстағы халқы тығыз орналасқан Мақтарал, Сарыағаш, Шымкентте өткізілген «Еңбек рыногының ұтқырлығын дамытудың Бизнес-Форумы» мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 60-тан астам өкілдері қатысты.
Қазір 2019 мүшесі бар 672 отбасы қоныс аударуға ниет білдіруде. Оның ішінде еңбекке қабілетті 1008 адамның 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кәсіпкерлікті дамытумен айналысуға, 794-і мемлекеттік қызметке орналасуға қауқарлы.
Қазіргі өзінде 900 отбасыдан өтініш келіп түсіпті. Жалпы халықта ұмтылыс бар, ниет бар. Бүгінгі таңда күнгейдегі барлық аудан тұрғындарына бағдарламаның мән-жайы жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетілетінін егжей-тегжейлі баяндалуда. Солтүстіктің жұмыс істеуге қолайлы аймақ екені, кәсібін ашамын деушілерге де мол мүмкіндік қарастырылғаны айтылуда.
Жалпы, ішкі көші-қон мәселесі тиімді шешім болғаны рас. Оңтүстік тұрғындары жаңа қонысқа тез бейімделіп кетеді және олар мұнда өз ісін әрі қарай да жалғастыра алатынына сенім мол. Халқы сирек солтүстік тұрғындарының санын арттыруға үлес қосатыны тағы бар. Шыны керек, әдетте, оңтүстіктің халқы солтүстіктің ызғарлы аязына бейімделе алмаймыз деп қорқа береді. Дегенмен төзімді халық мұны да еңсеретіні сөзсіз. Бұл тұрғыда қыстан аман-есен шығуына ерте көктемнен әрекет жасаған жөн.
Мемлекет тарапынан көшіп-қонуына деп берілген субсидияны ондағылардың көбісі мал алуға жұмсады. Мемлекет тарапынан әрбір отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 106 мың теңге берілсе, отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 есептік көрсеткіш есебіндегі, яғни 74 мың теңгеден төленеді. Мәселен, алғашқылардың бірі болып қоныс аударған Айбүбі апа сол қаржыға сауын сиыр мен он шақты қой алып, ауласында бағуға бел байлапты. Ол сондай-ақ ауылдық кафені де жалға алған. Алқатерек ауылына қоныстанған Алтынбек есімді азамат болса, 3 миллион теңге көлемінде несие алуға құжаттарын өткізген. Ол да мал шаруашылығымен айналыспақ ниетте екен. Оның жұбайы ауылдағы мектепке жұмысқа орналасқан. Көшіп барғандардың арасында жас жұбайлар да жоқ емес. Олар атақонысында үйлену тойын өткізіп, Солтүстік Қазақстанда жаңа өмірін бастауды ұйғарыпты.
Айта кетейік, сарыағаштықтар жылыжай кешендерін салудағы мол тәжірибесін енді солтүстікте іске асырмақ. Оған бүгінде Оңтүстіктегі жылыжай шаруашылығының басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқаны дәлел бола алады. Ресей Федерациясының Омск қаласы оңтүстікқазақстандықтар қоныс тепкен Ақжар және Уәлиханов аудандарына небәрі 70 шақырым жерде. Сондықтан жылыжай өнімін жыл он екі ай Ресейге экспорттауға мүмкіндік мол. Жалпы, бір сөзбен айтқанда жоба мен жоспар көп. Бүгінде оңтүстікқазақстандық отбасылар көші-қон бағдарламасына ерекше қызығушылық танытып отыр.
ОҚО-ның еңбекке қабілетті тұрғындарының көптігі басқа өңірлермен салыстырғанда бәсекелестік тұрғыдан артық болатыны жасырын емес. Бұл республикамыздың басқа өңірлеріндегі еңбек ресурстарының жеткіліксіздігі мәселесін шешуге ықпал етеді деген сөз. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға көңіл бөліп, жұмысшылары аз жерге ішкі көшi-қонға жағдай жасау қажеттігін айтқан болатын. Әрине, бұл — Қазақстанның шығыс және солтүстік өңірлеріне тек Мақтаарал немесе Сарыағаш ауданы тұрғындарының көшуі тиіс деген сөз емес. Еңбек көші-қонын дамыту бағдарламасының негізгі талаптарын облысымыздың басқа аудандарында да түсіндіруді жандандыру керек. Егер туған ауылында жұмыс жоқ болса қол қусырып, үйде бос отыра беруге болмайды. Еңбек етемін деген адамға қашан да жұмыс табылады. Мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Өйткені бағдарлама аясында көшіп баратын жерлерде міндетті түрде еңбекпен қамту, балаларды мектептер мен балабақшаларға орналастыру сынды шаралар қабылданып жатыр.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға жалпы 10,9 млрд. теңге бөлініп, 64 мыңнан астам адам қамту көзделуде.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz