Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз
Диірменнің тасындай шыр айналған дүниеде әр ұлт тәуменділіктен, құлдықтан, мойынды қажар отаршылдық қамыттан азат болуды аңсайды. Басқаларды білмеймін, шығысында айдаһардай ысылдап, батысында аюдай ақырған алпауыт елдермен қоңсы қонған қазақ елінің жүрегіне бұл аңсардың қарлығашы ұялағалы 300 жылдан астам уақыт өтті. Сол қарлығаш үш ғасыр бойы «Алаш баласы дербес ел болса екен» деп шырылдады. Бала кезден естіп өскен бір тәмсілді есіңізге алыңызшы... Айдаһар құз басындағы қарлығаштың ұясына шабуыл жасайды. Сол кезде жұдырықтай ғана байқұс құс айдаһарға айбат шегіп, өзі тажалдың аузында кете барады. Балапандары, иә, иә балапандары батыр қарлығаштың шейіттігінің арқасында тірі қалады... «Қазақты егеменді ел етем» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей тер төккен, қан кешкен Алаштың оғландары жайлы толғансам болды, сол бір қарлығаш шырылдап, көз алдымда ұшып жүргендей болады.
Мәңгілік ұстаным: ПАРЫЗ
Адам – идеяның құлы. Адам пенде болғандықтан өледі, өшеді, қайтыс болады. Ал, ақ жолындағы, Хақ жолындағы идея ешқашан өлмек емес. Сол Ұлы ұлттық идеяның құлы болу – әр Алаш баласының арманы болуы тиіс. Қазір көптеген азаматтарымыз Әлихан, Ахмет, Міржақып іргетасын қалаған Алаш идеясы бір-ақ күнде, Патша тағынан құлағаннан кейін аяқ асты қайнар сияқты бұр-сарқ етіп шыға келген секілді елестетеді. Орыстың отаршыл жүйесін талқандамақ болған Хан Кененің азаттық күресіне, Абайдың азат ойлы пайымдарына үңілсеңіз «алаштық азат ел» идеясы сан ғасыр бұрын басталғанын байқайсыз. Алашорда зиялылары сол бір халық көкейіндегі асыл арманды тарих сахнасына алып шықты. Бұл идея 1917 жылдың 5-13 желтоқсаннан бастап, 1920 жылдың 9 наурызына дейін, бар болғаны 711 күн саяси сахнада өмір сүрді. Сол 711 күндегі ұстаным бүкіл ұлттың ғұмырлық темірқазығына айналды.
Ол қандай ұстанымдар еді?
Алашордашылардың бірінші ұстанымы – жер мәселесі...
«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп жүріп, Әлихан Бөкейхан жер үшін күресті. «Жер, жер және жер». Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» деуі бекер емес. Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Осы ұстанымның арқасында Алтай мен Атырауға, Сыр мен Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырап қазақ ұлтына тиесілі екенін ең алғаш алашордашы Әлімхан Ермеков ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. 1920 жылы 14-24 тамыз аралығында Лениннің қатысуымен өткен Халық Комиссарлар Кеңесі бүгінгі Қазақстан территориясын бекітіп, нәтижесінде автономиялы елге айналдық. Сол автономияның территориясына 1991 жылы тәуелсіздік алған кезде ие болып қалдық.
Алашорданың екінші ұстанымы «жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек» деген ұранмен астасып жатты. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» болатын.
Осы бір тұста бір қызық дерек айта кетейік. 1950 жылдарға дейін Араб әмірліктері артта қалған елдердің сапында болды. Ағылшын отарлаушыларының өзі ештеңе жоқ болғандықтан, амалсыз бұл аумақты тастап кері қайтты. Ағылшындардың кетуін күтіп тұрғандай 1950 жылы құмды сахарадан мұнай атқылады. Біріккен Араб Әмірліктері 1970 жылдарға қарай әлемдегі экономикасы бай елдердің біріне айналды. Яғни, жер астындағы байлық араб ұлтының ырызғысына айналды. Дәл сол секілді Қазақстан азат ел болғаннан кейін мұнай бағасы қымбаттап, тасымыз өрге домалай бастады емес пе?. Демек, ата-бабаларымыз, сосын Алаш зиялылары бізге аманаттап кеткен жердің игілігін қазақ көруі, мемлекетіміз Біріккен Араб Әмірліктері секілді дамудың даңғыл жолына түсуі тиіс еді.
Әңгімеміздің негізгі арқауына қайта оралайық. Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» болатын. Бұл үшінші ұстаным бойынша, алашордашылар толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылды. Ең өкініштісі сол, осы эконмикалық тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алмай келеміз. Түсіне білген адамға Абай хакімнің өзі: «Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың» демей ме? Алаштанушы Тұрсын Жұртбай ағамыз «Күйесің, жүрек... Сүйесің» деген кітабында Ұлы ақынның осы өлеңін талдап, «бұл жерде Абай экономикалық тәуелсіздікті меңзеп тұр» дейді. Арыдан Абай, беріден Әлихан аңсаған сол бір экономикалық тәуелсіздікке ертеңгі ұрпақ жетеріне сенгіміз келеді.
Алашордашылардың төртінші ұстанымы, «қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек» деген идеямен бекіді. Х.Досмұхамедовтің айтуы бойынша біздің елде «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын. Шындығын айтайық, қазір қазақ баласы осыдан жүз жыл бұрынғы осы ұстаным жолында күресіп келеді. Ол күрес бір сәтке болсын тоқтамақ емес.
Бесінші ұстаным: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Алаш зиялылары бұл арманға жете алмады. Әлихан Бөкейханов: «Сөзсіз, Алаш баласы бұл жолы ел болмаса да, жақын арада өз тізгінін өзі алған дербес мемлекет болады», – дегенін әр қазақ біледі. Алаш қайраткерлері ұлттық мемлекет құра алмағанымен, тәуелсіздікке төте жол салып берді. Сонда да Мұстафа Шоқайдың бір сөзін тілге тиек ете кетейік: «Ресей революциясы килікпегенде, қазір қазақ мемлекеті Түркия, Батыстағы, Шығыстағы өзге мықты елдер сияқты болар еді»... Бұл әрине, біздің бір кем дүниеміз...
Алаш зиялылары қазақ санасына осы бір бес ұстанымды шегелеу арқылы өз парыздарын өтеді деп білемін.
Сана терезесі: ҚАРЫЗ
В.О.Ключевский: «Адамның ығына жығылмайтын кісілердің екі түрі болады, біріншісі өзгенің сөзінен, өзінің пікірін табатындар, екіншісі өзінің пікірінде өзгенің пікірін қайталайтындар» депті. Осыған дейін таптаурын болып, айтыла айтыла жауыр болған пікірлерді қайталаудан аулақпыз. Бірақ, бүгінгі қазақ баласы өзгенің (өзге деп отырғаным да өз ғалымдарымыз) сөзінен өз пікірін қалыптастыратындай, сөз таластыра қалса, кез-келген адамды тұқыртатындай деңгейге жетті. Олар мынау ұлы даланың төсіндегі «Жер-Жүрек» тек қазақтың баласы үшін соғып тұрғанын жақсы біледі. Олар сонау Алтай мен Атырауға, Сыр мен Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырап өздерінің меншігі екенін түйсінеді. Олар түптің-түбінде бұ қазақтың әлемге атой салатынына сенеді. Олар сол себепті біртұтас қазақты сүйеді...
Осы бір ессіз сүйіспеншілік, ұлтқа деген ұлы махаббат қашан, қай уақыттан, қандай жағдайда пайда болды? Бұл сұрақтың жауабын беру өте қиын... Хақ Тағала қазақ деген ұлтты жаратқалы бері біз осы бір өлкені, осы бір ұлтты сүйетін секілдіміз. Бірақ, бірақ, сан ғасырлық езгіні көрген қазақ ұлтының сана-терезесін Алаш оғландары, Алаш оқығандары ашып бермегенде біз қазақты осыншалық дәрежеде сүйер ме едік?!
«Ұлтының сана-терезесін Алаш оғландары, Алаш оқығандары ашып бермегенде» дедік қой... Бұл сөз «біз хат танымайтын қараңғы ел болдық» дегенді білдірмейді.
«Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ», – дейді Әлихан Бөкейханов. Осы бір сөзден-ақ, біраз жайттың бет пердесін сыпыруға болатын секілді. Қазақ халқы бүгінге дейін «орыс қазаққа қара танытты, білім, ғылым Батыстан жетті» деген қасаң оймен өмір сүріп келді. Отаршыл Ресейдің «бұратана халыққа» жаны ашуы мүмкін бе? Жо, жоқ, айта көрмеңіз, бір ғана аштықпен қазақ халқын қырып жібермек болған жүйе Алаш баласының сауатын ашуға талпынбасы хақ.
Біріншіден, қазақ халқы үндістер секілді жер бетінен жойылып кетуі қажет еді. Ол үшін отаршыл Ресей билігі (Патша һәм Кеңестік) ең алдымен шоқындыру, аштық, сосын тың игеру саясатын жүзеге асырды. Діннен айрылған ұлт, ділден айрылады, ұлттығын жоғалтады. Патшалық Ресей шоқындыру саясаттын жүзеге асырады деген ниетпен қазақ балаларын еуропаша оқытты. Бірақ, сол «миссионер» балалары елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап кетті. Олар қазақ баласының санасын оятып, ұлттық мемлекет құруға бет алды.
Мысалы, Ахмет Байтұрсынов: «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп ұрандатып, қазақтың әліпбиін жазды. Сол Ахаңдар: «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» деп қазақ халқына ұл болар ұрпаққа арнап, білім реформасын жасады. Бұл шоқындыру саясатының сағын сындырды.
Екіншіден, қазақты жоюдың кезекті кезеңін Кеңес Өкіметі қолына алды. Елдің қолындағы бар байлықты тартып алып, бір ұлтты қасақана қырудың жоспарын жасады. Қазақтың 1/3-ін қырған ашаршылық кезінде Алаш зиялылары тағы да атқа қонды. «Аштарға көмек» комитетін құрып, қанатымен су сепкен қарлығаштай елге көмек қолын созды, шамасы жеткенше отарлаушы жүйеге тойтарыс бермек болды. Жер бетінен қазақты жойып жіберу мақсатында жасалған сол нәубеттен аман қалған азаматтың бәрі алашордаға рахмет жаудыруға тиісті.
1934 жылы Климент Ворошилов (КСРО-ның қорғаныс халық комиссары) ВКП(б) ХVІІ съезінде: «Нан керек болған соң біз аштықты әдейі жасадық. Нәтижесінде жұмыс істей алмайтын шаруалар мен кулактар ашаршылықтан өліп, тап ретінде жойылды» деп мәлімдеді. Осыдан-ақ, кеңестік биліктің қазаққа деген көзқарасының қандайлық дәрежеде «керемет» болғанын аңғарамыз. Осыдан-ақ, отаршыл жүйе ешқашан да «хайуандық сапарынан қайтпайтынын» байқатады.
Отарлаушы ел екі мәрте (1921-1922, 1930-1933) ашаршылық жасап, дегеніне жетіп, қазақтың даласын босатты. Енді қалған жұтқыншақтағы қазақты қылқыта салатын «Тың игеру» саясатын жүзеге асыру еді. «Тың игерудің» қарқындылығы соншалық, 1954-1962 жылдары қазақ даласына 2 млн адам көшіп келді. 1897 жылғы санақ бойынша ел халқының 85 пайызын құраған ұлт 1962 жылы 29 пайызға да жетпей қалды. Дәл осы кезде тағы да Алашорданың рухы айбат шекті. Бұл бірақ, ресми дәлелденбеген дерек. Ел ішінде Әуезов бастаған қазақ жазушылары 1953-1954 жылдары сол кездегі республика басшылығына «Тың игеру басталды. Еңбек күші қажет. Қытайдағы қазақтарды елге алдырайық» деп қол жинапты-мыс» деген әңгімені жиі естиміз. Егер де, Смағұл Сәдуақасовтың жан жолдасы болған, Алашорда үкіметін құру жолында Әлімхан Ермековтей аянбай еңбек еткен Мұхтар Әуезовтің бұл ерлігі рас болса, Алашорда идеясы «Тың игеру» кезінде де «ұлттығымыздың тыңына» түрен салған болып шығады. Себебі, 1955-1963 жылдар аралығында Қытайдан келген қазақтар бүгінгі қазақтығымыздың сақталуына ерекше үлес қосты.
Әуезов дегенде еске түседі... Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың ұлы идеясы 1938 жылдан кейін Әуезов арқылы қазақ даласына кең тарап, ұлттың көкірек сарайына ұялап қалды. Сол Әуезовтің шәкірттері исі қазақтың тәуелсіз ел болуға деген аңсарын әрдайым ұлттың есіне салып отырды. Бұл сабақтастық қазір де үзіле қойған жоқ.
Бұдан шығатын бір-ақ қорытынды бар. Қазір қара танитын әр қазақ ұлттың көзін ашқан Ахаңдарға қарыздар! Аштық нәубеттен аман қалғандардың әр ұрпағы алаш зиялыларына – борышкер. Бір сөзбен айтқанда «Абайдың жолы» деп қазақтың жолын көрсеткен Мұқаңдарға, Мағжандарға, Жүсіпбектерге – берешекпіз. Ол қарыз, ол борыш, ол берешек қайтсек қайтады? Бұл сұрақ қазір әр Алаш баласының көкейінде тұру тиіс.
Түйін орнына...
«Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» дейді Әлихан Бөкейхан. Қазақ ұлты өзіне тиесілі бәйгеге, олжаға қол жеткізу үшін сан қилы тағдырды бастан кешті. Сол кезде ұлтымыз тағы да Әлиханның: «Талас-тартыс жоқ болса, өмір абақтыға айналар еді» деген қанатты сөзінен күш алды. Жоғарыда айтқан тәмсілді қайтадан еске алыңызшы. Біз сол тәмсілдегі тірі қалған балапандар секілдіміз... Ол балапандар қазір қарлығаш емес, қыранға айналып үлгерді. Менің ойымша, ол қырандар «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан сөзінің мәнін терең түсінетініне сенгім келеді.
Abai.kz