Жұма, 22 Қараша 2024
Ұждан 7410 16 пікір 28 Тамыз, 2017 сағат 14:22

Қазіргі судьялардың тең жартысын қызметінен алу керек

 

Бұл - сот туралы ақпарат. Өткенде ғана Ақмола облысына қарасты Целиноград аудандық соты өзін-өзі атып өлтірген Өмірбек Жампозовты соттады. Иә, өлген адамды соттады.

Өз басындағы жағдайды жұртқа жария етіп, бейне үндеу жасап, Қазақстан сотынан әділет таппағанын айтқан Өмірбек Жампозов ақырында өзіне-өзі қол жұмсады. Оқиға Жампозовқа қатысты сот үкімі шығатын 20-шілде де болды.

Жампозов суицид жасаудан бұрын, мемлекеттік айыптаушы мен полиция өкіліне оқ атты. Марқұмның туыстары да, қоғам белсенділері де Жампозовтың бұл әрекетін амалы таусылғандықтан жасады деп ақтады.

Сонымен, Целиноградтың супер судьясы марқұм Өмірбек Жампозовты кінәлі деп тапты. Кепіл ретінде қойылған  дүние-мүлікті туыстарына қайтарып беру туралы да шешім шықты.

Өмірбек Жампозовтың қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын деген шешім тағы шықты.

Соттың шешімі солай болды.

Қоғамда резонанс тудырған Жампозов ісі туралы көп айтылды. Әсіресе, соттарға деген халықтың сенімінің азайғаны айтылып жүр. Билікке, басшылыққа тәуелді соттарға, жалпы Сот жүйесіне реформа керектігі күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Әсіресе, ұрда жық, тапсырма орындаушы «наемный судяларға» люстрация жасау керек деп жазамыз. Өйткені, тірісін қойып, өлісін соттау адамгершілік қағидасына жатпайтын, сөзбен ақтауға келмейтін, орындаушылық позицияның кульминациясына жеткендігінің көрінісі секілді.

Расында, соттың мақсаты – соттау ғана ма?  Халық сотқа сенбесе – әділетті кімнен, қайдан іздеуі тиіс?  Ақмоладағы Целиноградтың соты шығарған шешім жұрттың наразылығын тудырғаны анық. Ең қиыны «Жампозов синдромы»  жалғасып жүрмей ме? Мәми мырзаның кадрлары мен халықтың арасы күн санап алшақтай түсуінің себебі не?

Менің бүгінгі спикерлерім – саясаткер Ерлан Саиров пен Айдос Сарым және заңгер Абзал Құспан. Үш пікір. Оқи отырыңыздар. Заңымыз бар зайырлы мемлекет болсақ та, сотымыз тәуелді. Біржақты. Қаһарына мінген сотқа сенбеген жұрт жеке есеп айырысуға баруда. Өзін-өзі өртегенді де көрдік, өзін-өзі өлтіргенді де көрдік. Ең сорақысы өлген адамды соттағанды да көрдік....


Сотқа сенім девальвациясы болып тұр

Ерлан Саиров, саясаткер:

-Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Жампозов ісіне қатысты қоғамда қызу талқы болды. Енді соттың бұл үкімі адамгершілік тұрғысынан қарастырғанда мүлде дұрыс емес.

Ал сот жүйесіндегі айтылып жүрген сыни пікірлерге келер болсам, сот әділ болуы үшін айыптаушы мен қорғаушыда тең құқық болуы керек. Бізде қорғаушы екінші пландағы адам секілді, көбіне-көп басымдық прокуорға беріледі. Бізде қорғаушылардың құқығы заң жүзінде қарастырылмаған болуы да мүмкін. Тіпті, қорғаушының құқығы прокурордан да жоғары болуы тиіс. Ол прокурордың айыптауына фактілер келтіріп, сотқа шағымданып, кейбір дәлелсіз айыптауларды алып тастауға да құқылы ғой. Шын мәнінде бізде қорғаушылардан гөрі прокуордың мысы басым.

Сот пен прокурордың бірлескендегі міндеті адамды соттау ғана секілді, құдды. Сондықтан да жұрттың сотқа сенімі жоғалған. Жұрт соттан ақиқат күтпейді. Ол шындық.

Сот әділеттілік, адамгершілік деген дүниелерді ұмытпауы керек. Негізінен сотқа сенім девальвациясы болып тұр.

Соттарға люстрация жасау керек

Абзал Құспан, адвокат:

-Сотқа байланысты менің пікірім толығымен қоғамдық пікір жағында. Шын мәнінде де сотты люстрациялау қажет. Қазіргі шешім шығарып отырған судьяларды мүмкіндігінше Грузияның әдісі бойынша реформалау қажет. Грузияда Михаил Саакашвили полицияны түгелімен тазалап, орнына жап-жаңа полиция жасақтап шықты ғой. Оның міндетіне тіпті, жол көрсету, амандық-саулық сұрау да кірді. ГАИ дегенді өзгертіп, халыққа қызмет көрсету деп басталатын жаңа атау енгізді. Жұмысқа алған кезде бұрын сол салада жұмыс жасаған азаматтар мен жаңадан келген, еш тәжірбиесі жоқ азаматтардың құқықтары тең дәрежелі болды. Жұмысқа қабылдау бойынша қоғамдық комиссияның ішінде қоғам өкілдері де болды.  Сол кезде Ресейдің гәзет сайттары күлкіге айналдырып еді. Ал шынында сол реформа жемісін берді.

Дәл осы тәсіл бойынша, біздің сот жүйесіне де реформа жасау қажет-ақ. Қазіргі судьяларды түгелімен қызметінен босатып, орнына ескі судьялар мен жаңа судьялардан қайта тағайындау қажет. Қазіргі судьялардың ең кемінде тең жартысын қызметінен алу керек. Себебі, қазіргі судьялар айыптаушы позициясына қонжиып алғандар. Беріліп жатқан тапсырма, саяси шешім бөлек әңгіме.  Судьялардың сана сезімдері солай қалыптасып қалған. Кейбір сот процесстерін байқап отырсаңыз судья тергеуші секілді төніп отырады.  Ең төменгі дейгейдегі судьяның өзі адамды ақтаудан гөрі соттауға басымдық беріп тұрады.

Қылмыстық кодексте «кез келген күдік-күмән айыпталушының пайдасына шешіледі» деген бап бар. Біз осыны «кез келген күдік-күмән прокурордың пайдасына шешіледі» деп айтамыз да. Бұл күлетін дүние емес.

Тағы бір айта кетерлік мәселе – сот процессінің неғұрлым ашық әм жариялы өтуіне баса назар аударғанымыз жөн. Себебі, біздің қазіргі соттарда бұл ашықтық, жариялылық мәселесіне көп мән бермейді.

Содан кейін, шын мәнінде судьяларға тәуелсіздік беру керек. Масқара болғанда, қазіргі судьялар кеңес өкіметі кезіндегі судялардан да сорақы болды. Ол кезде аудандық соттарды аудандық әділет басқармасының бастығы тағайындай салатын. Бірақ, сол судьялардың өзі әлдеқайда тәуелсіз еді. Еркін әрі обьективті шешім шығаратын.

Әрбір аудандық соттың облыстық сотта бір-бір кураторы бар. Бұл заңға мүлде қайшы. Ол куратор тапсырма беруші де, аудандық сот облыстық соттың көмекшісі секілді ғана рөл ойнайды.

Сондықтан, менің айтпағым әуелі, судьяларды іріктеу керек. Содан кейін құқық қорғау органдарында еңбек өтілі болуы керек дегенді алып тастау керек. Себебі, қазіргі тағайындалып отырған судьялардың көбі бұрын тергеуші, прокуор болған азаматтар. Соттың біржақты, айыптаушылық позицияда өтуінің бір себебі осы болса керек.

Бізде заң жоқ, норма жоқ дейді. Олай емес. Заңды өзгертудің еш қажеттілігі жоқ. Адамды өзгерту керек. Сосын, соттарға шын мәнінде тәуелсіздік беру керек.

18 миллион азаматымыздың ішінен тағы бір 10 адамды шығара алатын потенциалымыз бар

Айдос Сарым, саясаткер:

-Соңғы кездерде еліміздің сот органдары тарапынан тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізге қауіп төндіретін керіағар, кертартпа шешімдерді көп көріп, көп байқап жүрміз. Сотымыздың қисықтығы, заңнан пана таба алмау - айналып келгенде азаматтарымызды сан қиянатқа соқтырып жатыр. Елден безіп жатқан қаншама адам бар?.. Бұл да қиянат. Заң қызметкеріне, сот қызметкеріне қару алып шығу да қиянат және өрескел қылмыс. Әділет таппай өз-өзіне қол жұмсаған адамдар бар. Ең үлкен қиянаттың бірі. Соттың ыдырауы, соттың ойыншыққа айналуы жалпы қазақ мемлекетіне деген сенімнен айырып жатыр. Ең сорақы, ең зор қиянат осы.

Қарап отырсақ, жұрт қатарлы Конституциямыз, озық заңдарымыз бар сияқты. Бірақ, тек қағаз жүзінде. Ең қорқыныштысы еліміздегі соттардың заңға емес, қалта мен телефонға бағынатынын бесіктен белі шықпаған баладан бастап барша жұрт жатқа біледі.

Менікі дұрыс, заңға сай деген кез-келген адам сотта басшымен не қалталымен кезігіп қалса, ұтылатынын, жығылатынын түсінеді. Яғни, сотқа деген сенімі мен үміті жоқ.

Ал сот дегеніміз, соттағы әділетті, заңды шешімге қол жеткізу дегеніміз мемлекетшілдік пен азаматтықтытың басты нышаны, алғышарты. Ісім, сөзім заңды деп нық сенген адамның заң алдындағы қорғансыздығы, заңға арқа сүйей алмауы, заң органдарынан опық жеуі – мемлекеттен безуге, мемлекетке деген сенімсіздікті тудырады.

Қателік орын алуы мүмкін, озбырлыққа тап болуымыз ықтимал, алайда мемлекет бар, заң бар, әділ сот бар деген үміт пен сеніміміз бар болса, барлық мәселені шешуге, барша қиындыққа төзуге болатын еді.

Осы себепті де ең бірінші болып атқарар шаруамыз – сот реформасы. Барша сот жүйесінде бүгінде әрі кеткенде 10 мың адам қызмет етеді. Қажет болса, осы 10 мың адамның орнына былыққа батпаған, заңды майшелпекке айналдырмайтын, ақты ақ, қараны қара дейтін 18 миллион азаматымыздың ішінен тағы бір 10 адамды шығара алатын потенциалымыз бар. Тіпті керек болса, Грузиядағыдай үш-төрт мәрте құрамын ауыстырсақ та мүмкіндігіміз жетеді. Осыдан кейін қолға алар шаруамыз мемлекеттік қызмет реформасы мен құқыққорғау органдарының реформасы болуы шарт. Сотты түзесек, қалғандарын да түзеуге болады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320