Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5365 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 06:56

ҚАЙРАН, ҒАБАҢ!

 

 

Болат БОДАУБАЙ.
Жиырмасыншы ғасыр әдебиетіміз бен өнеріміз үшін алтын ғасыр болды дегенді айтқан кезде, сөз жоқ, осы салалардағы алдыңғы буын алыптар тобын алғысты сезіммен еске аламыз. Олар бүгін арамызда жоқ. Бірақ, солардың көзін көрген, мектебінен өткен, қайсыбірінің батасын алып, қайсыбірімен ұзақ жылдар бойына сырлас іні-дос болған, өрімтал жастығына қарамастан бозбала, жігіт шағының өзінде де нардың жүгін көтеруге талап қылып, алыптар тобындағы ағаларынан үлгі-өнеге алып қана қоймай, солар көтерген ауыр жүктің бір пұшпағын көтерісуге жан-тәнімен атсалысқан, өнердегі алыптар тобының ісін жалғастырып, күні бүгін ортамызда жүрген, сол алып ағалардың көзіндей, халқына сыйлаған қазынасы мен тындырған істерінің ауқымы жөнінен алғанда есімі сол тұлғалардың қатарында аталуға әбден лайықты бір адам бар. Ол – бүгінгі таңда жасы жетпістің жетеуінен асқан, халқымыздың шексіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген атақты композитор Еркеғали Рахмадиев ағамыз. Ол өзінің талантты шығармаларымен – операларымен, симфониялық күй, поэмаларымен, труба мен оркестрге, скрипка мен оркестрге жазған концерттерімен, басқа да туындыларымен қазақтың музыка өнерін жарқыратып әлем сахнасына шығаруға, өзге елдерге, дүние жүзіне танытуға құлшына атсалысып қана қоймай, әдебиеттегі, музыка саласындағы, өнердегі аттары бүгінде аңызға айналған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мұқан Төлебаев, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Шәкен Айманов сияқты талай асыл саңлақтарымызбен кезінде қоян-қолтық араласып өмір сүрген, соларға іні, дос бола білген, көкірегі алтын сандық сияқты, бүгінгі һәм келер ұрпақтар үшін інжу-маржандай сырларға толы, ұлтымыздың мақтаныш тұтар тұлғаларының бірі. Әдебиеттегі кезінде Бауыржан Момышұлының атағын алғаш әлемге танытқан Александр Бектің “Арпалыс” атты, одан беріде тағы да сол Баукең туралы жұрт қызығып оқитын роман тудырған Әзілхан Нұршайықов ағамыздың “Аңыз бен ақиқат” атты кітаптарының сұхбаттасу түріндегі үлгісімен Еркеғали Рахмадиев ағамыз жайлы “Тұлға” атты кітапты жазып бітіруге таядым. Оның алғашқы бөлімі “Жұлдыз” журналының биылғы екінші санында жарияланған еді. Сол кітаптың екінші бөлімінен Ғабаң туралы үзіндіні кезінде өзім қызмет атқарған, халқымыздың рухани өмірінің шежіресі іспетті болып кеткен “Егемен Қазақстан” арқылы көпшілікке ұсынуды жөн көрдім.
Автор.
Автор: Ераға! Ғабаңның әдебиетіміздегі орнын да, шығармаларының бағасын да әдебиет сыны әлдеқашан анықтап қойған ғой. Ол туралы оқулықтарымызда, әдебиет зерттеу саласындағы еңбектерде де аз айтылмаған. Менің сізден сұрайын дегенім Ғабаңның күнделікті өмірдегі пендешілік мінез-құлқы, нені ұнатып, нені ұнатпағаны, құмарлықтары. Ол кісімен ұзақ жылдар аралас-құралас болып жүргендегі өзіңіз байқаған, есіңізде қалған жайлар.
Еркеғали: “Құмарлықтары” дедің-ау, ә? Өзің ол кісінің қандай құмарлықтарын білесің?
Автор: Ол кісінің бильярдты өте шебер ойнағанын жазушылардың бәрі біледі. Картаны да Ғабаң кез келген адамдармен емес, тек белгілі бір адамдармен ғана ойнаған дейтін әңгімені естігенбіз. Ол кісінің аңға барғанды ұнататынын өткенде өзіңіз бір айтып бергенсіз.
Еркеғали: Ғабаңның үш түрлі құмарлығын дұрыс атадың. Сол төңіректе біраз нәрселерді айтуға болады. Жарайды. Әуелі сенің жаңағы, осының алдында қойған алғашқы сұрағыңа жауап берейін. Ғабаңды мен 60-жылдардан бастап таныдым. Сол уақытта Жазушылар одағының қаланың қақ ортасындағы үш қабатты, осы күнге дейінгі отырған көрнекті, тамаша ғимаратында бильярд ойнайтын зал бар болатын.
Автор: Кешіріңіз. Сөзіңіз аузыңызда, Ераға. Жазушылар одағының осы тамаша ғимаратын 50-жылдардың аяғы ма екен, 60-жылдардың басы ма екен, Ғабит Мүсірепов республика басшысының алдына мәселе етіп қойып, өзінің үлкен беделінің арқасында бөтен министрліктен Жазушылар одағына тартып алған деген әңгімені естіген едім.
Еркеғали: Ғабаңның сол істегендері өз табиғатына, тұлғасына лайық үлкен істер ғой. Мәселені де ірі қойып, ірі шеше білген ғой. Жалпы Ғабаң өзінің істеген үлкен істерін, біреуге істеген жақсылығын, басқаларға тигізген шапағатын айта бермейтін. Ел басына, өз басына түскен қиындықтарды айтатын кейде. Онда да елдік тұрғыдан, үлкен адамгершілік тұрғыдан айтатын.
Иә, сонымен жаңағы айтып келе жатқан сөзімді жалғайын. Жас кезіміз, әр нәрсеге құштар кезіміз. Мен де ақырындап солақай қолыммен бильярд ойнағанды ұнатушы едім. Күнде театрға, күнде концертке бара бермейсің ғой. Арасында сонда баратынмын. Ғабаң бильярд ойнауға өзінің кийін алып келеді екен, сыртында бұлдан жасалған чехолы бар. Ғабаңды шығармалары арқылы бұрыннан қатты сыйлайтын едім деп айттым ғой жаңа. Алғаш ол кісінің өзін, бильярд ойнағанын көрудің өзі мен үшін үлкен олжа, қуанышты, қызықты сәттер болып сезілетін. Ол кісі жоқта бильярд ойнаймын. Ал ол кісі келгенде бильярдын ойнап біткенше күтіп отырып, қасына еріп, кийін үйіне дейін апарысып беріп жүрдім алғашқыда. Сондағым бірер ауыз болса да сөзін тыңдау үшін ғой. Әңгімелесу үшін. Ол кісіні іштей қатты қадірлегендіктен, өнерін де, өнегесін де ұнатқандықтан ғой.
Бірақ кийін көтерісіп үйіне дейін алып барғанмен, әр нәрсеге кірісіп, ананы-мынаны сұрап, мазасын алмайтынмын. Ақырындап өзі бірдеме айтса, соны тыңдап қана қоятын едім. Ол уақытта ол кісінің үйі Абай, Мир, Чайковский көшелерінің қиылысында болатын. Ол Орталық комитеттің салғызған үйі еді ғой. Чайковский жағында Ғабиден ақсақал тұрады. Роза Жаманова да сол жақта тұрады. Ғабең де сол үйде, Құдыс та сол үйде. Ол уақытта Ғабаңның алғашқы бәйбішесі, үш қыздың анасы, сол кісі тірі еді. Өте инабатты, жақсы адам болатын. “Аяғыңды сүртіп кір”, дейтін. Мен алғашқы кезде кірмей кетіп қала беретінмін. Ұяламын, Ғабаңның үйіне барып, тойтаңдап жүруге. Кейіннен, үйренген соң, кейде кіріп шай ішетін болдық. Солай таныса бастадық. Алғашқы кезде, көпке дейін мені преферанс ойнауға тарта қойған жоқ. Өзінің қалыптасып қалған ұжымдары бар, өздері ойнайды. Арамыздың алшақтығы 30 жас қой. Қартайғанда білінбеуі мүмкін, ал жас кезде 30 жастың талай айырмашылығы бар.
Сөйтіп жүріп Ғабаңның қатарына ілігіп кеттік. Ғабаңмен тең болдым, қатар болдым деп айта алмаймын. Дәм-тұзымыз, көңіліміз жарасып жолдас болып кеттік. Келе-келе еркін сөйлейтін болып, кейде еркелеп сөйлейтін болып жүрдік. Әңгімеге де өзі баурайтын еді.
Автор: Ераға, бильярдтан басқа жаңағы өзіңіз айтып отырған карта ойнау өнері де сол кездегі интеллигенция арасында, шенеуніктер арасында кеңінен таралған әдет еді ғой. Осының сыры неде деп ойлайсыз? Карта ойнауды өзіңіз қашан үйрендіңіз?
Еркеғали: Менің өзімнің қазіргі шамалауымша преферанс ойнауды 1951-1952 жылдары үйренсем керек. Сол кезде Сәкен Мамажанович Кенжебаев деген кісі бізде, консерваторияда кафедра меңгерушісі әрі партия ұйымының хатшысы болды. Обалы қане, сол кісі маған студент кезімнен назарын аударып, жанашырлық жасап, көп баулыды. 1952 жылы мені консерваторияның кәсіподақ комитетінің төрағасы жасады. Кейін Мәдениет министрі болған Жексембек Еркінбеков ол кезде комсомол комитетінің хатшысы, Лениндік стипендиат болатын. 1955 жылы Жексембек консерваторияны бітірді де, оның орнына мен келдім. Ол стипендияны енді мен алдым, комсомол комитетіне де хатшы болдым. Сәкен Мамажанович мені көп сүйемелдеп, көп тәрбиеледі.
Өткенде бір айттым ба, айтпадым ба, Ғабаң айтатын, 1937 жылы жапырлатып елдің барлығын ұстай бастаған кезде біз күн батпай, сағат төрт-бестен кейін, жарық кезде әдейі шығып Брусиловскийдің үйіне баратын едік дейтін. Брусиловский қанша дегенмен басқа елден көшіп келген, оған тиіспейтін шығар және қазақ емес қой деп ойлайтынбыз. Анна Дмитриевна дейтін әйелі бар еді, сол күтіп алады, түнімен карта ойнаймыз көз ілмей. Бір жағы құмарлық та бар шығар, бір жағы сол әйтеуір жеке отырсақ алып кетеді ғой деп, 4-5 адам болып ұйымдасып отыратынбыз. Таңертең күн шығып келе жатқанда, ұстап әкетіп бара жатса ел көріп қалатындай уақытта үйге қайтамыз. Сөйтіп, қыс айларын өткізіп, аман қалдық қой дейтін. Преферанс ойнаудың кезінде осындай да әртүрлі себептері болған болуы керек. Біреу тоңғаннан секіреді, біреу тойғаннан секіреді демей ме.
Автор: Ғабаң отыз жетінші жылдары ұсталып кетпей аман қалғанмен, жазасыз қалмаған, ол кісіні партиядан шығарып жіберген ғой.
Еркеғали: Ол кісіні партиядан шығарып жібергенмен, аман қалғанының өзіне де кезінде күмәнмен қарағандар болған сияқты. Ол неге ұсталмады, ол неге атылып кетпеді деген тұрғыдан. Мен министр болып жүрген кезде әдейілеп КГБ-ның архивімен біраз таныстым. Солардың ішінде Сәкен Сейфуллин туралы үш том бар. Зерттегісі, білгісі келгендерге соның екінші, үшінші томын береді, Сәкенге сұрақ беріп, жауап алғандары жөнінде. Ал бірінші томын бере бермейді. Сол бірінші томды мен алып оқығанмын. Оны бере бермейтіні онда сол кездегі жазушылардың арасындағы жағдай, кімнің үстінен кімдер арыз жазды деген тұрғыдағы тізімдер бар. Бірін бірі көрсеткендер ішінде Ғабаң жоқ. Ол тізімдердің ішіндегі адамдарды айтпаймын деген уәдем бар. Оның барлығы өліп те қалды. Білгішсініп, былықтырып қайтемін. Ол халыққа келген бір қасірет еді ғой.
Ғабең 25 жыл бойына партиядан шығып қалып жүрді ғой. Оның кейінірек партияға қайтып алынуына себепкер болған Сәлімгерей Тоқтамысов деген азамат. Ол Казсовпрофтың бастығы болып қызмет істеген кезінде Орталық партия комитеті Бюросының мүшелігіне кандидат болды. Өзінің сол мүмкіндігін пайдаланып, Ғабаңды қайтадан партияға алу жөніндегі мәселені Орталық комитеттің алдына қояды. Оның сол ұсынысы дұрыс шешімін табады. Ол оқиғалар есімде.
Мен Ғабаңның үйінде отырғанмын. Совет аудандық партия комитетінен біреу: “Ғаба, сүйінші, сізді қайтадан партияға алды”, - деп телефон соқты. Сонда Ғабаң: “Мен партиядан кеткен жоқпын, мені партиядан шығарып жіберген, мен өмір бақи партияда жүргендей сезінемін өзімді”, – деп жауап берді. Звондаған әйел пысықтау екен, жарна төлеу мәселесін айта келіп: “Сізден 25 жылға жарна алмай-ақ қояйық. Қайтесіз, көп ақша шығарып. Жаңадан кірген болып, бір айдың ғана жарнасын төлей салуыңызға болады,” – деді. Бұл сөздерге Ғабаң ренжіңкіреп: “Қарағым, сен менің қалтамды санама. Сол 25 жылыңның жалпы сомасын айт, ертең барып төлейін,” - деді. Ертеңінде барып төлеп келді. Ана кісі де өзінше бір жақсылық жасағысы келсе керек, баяғы “қайтесіз соны, қайта кірген болып, бір айға төлей салыңыз” дегені. Жалпы Ғабаң табанды, қайсар адам еді ғой. Баяғы “Бесеудің хаты” дегенді білесің ғой, халқымыз ашаршылықтан қырылып жатқанда Ғабаң бес адамның бірі болып, қол қойып, Сталинге хат жазатынын. Голощекин ол уақытта ешкімнің аузын аштырмаған, қазақтың бетке шығар азаматтарының көбін құртып жіберген, газет-журналдардың аузына, ашаршылықты айтқызбай, құм құйған, “Қазақстанда бәрі жақсы” деп Мәскеуді сендірген. Сондай кезеңде республикамыздағы шын жағдайды баяндап, Сталинге хат жазуы - ол да қайсарлық қой. Қазақша айтқанда басын бәйгеге тігіп, халқымыздың қамы үшін жазылған хат қой. Тәуекелге барған ғой. Кейін Шерхан сол туралы пьеса да жазды. Балық аулауға көлдің жағасына барғанда Ғабаң өткен жылдарды еске түсіріп, талай әңгімелер айтатын еді.
Автор: Ғабаң араққа қалай қараушы еді?
Еркеғали: Арақты ұнатпайтын. Шамалап коньяк ішеді. Отырыстарда бірер рөмкеден әріге бармайтын. Қазақтар, жалпы, соғысқа дейін негізінен арақ ішпеген ғой. Соғыс басталған соң біреудің баласы, күйеуі, ағасы, інісі өле бастады. Жылап-еңіреген жұрт. Сол кезде көпшілік арақ ішуді де үйреніп алды. Ал соғыс аяқталған соң, әсіресе жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарда қазақтар арақ ішуден орыстардың өзін басып озды емес пе. Арақ ішу індетке айналды. Жұрттың көбі ішті. Білетіндердің айтуынша, әр халықтың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан әлдеқандай ферменттері болатын көрінеді. Айталық, орыстың мұжығы бір литр арақ ішсе де мас болмауы мүмкін. Ал бұрын ішпеген қазаққа мас болып қалуға бір стаканның өзі жетіп жататын.
Автор: Ераға, Ғабаңмен карта ойнап жүргенде ерекше бір есте қалған жағдайлар да болған шығар? Сондай бір айрықша ойда қалғандары болса айта кетпейсіз бе?
Еркеғали: Айтайын. Ғабаңның карта ойнайтын адамдары көп болмайтын. Әдетте: Ғабиден, мен, бірде Брусиловский, бірде Әлжаппар Әбішев келеді, бірде Сәлімгерей Тоқтамысов келеді. Өзімен сол алты адам. Ойнағанда төрт қол болып ойнаймыз. Басқалар менен бұрын келіп қалса, төрт қол толық болса, Ғабаң маған:
– Сен бүгін шаруаңды шаруалай бер, – дейді. Мен оған ренжімеймін. Бір жолы маған:
– Ай, ертең біздің үйге жиналамыз, уақытты білесің ғой, ә? – деді.
– Білемін, – дедім.
Әдетте күндізгі 11-ге жиналатынбыз. Шалдың ұлғайып қалған кезі ғой. Содан сол 11-ге жарты сағат қалғанда шықтым консерваториядан. Шығып келе жатыр едім, дәлізде бір мұғалім жылап тұр екен. “Не болып қалды?” – дедім. Осындай да осындай, маған беремін деген үйін бермей, қала басшысы мені қорлады деді. Содан оны машинаға салып алдым да бардым. Енді сол барғанша, бастыққа кіргенше, оған әңгімені айтқанша, өйткенше-бүйткенше уақыт өтіп кетті. Шаруасын бітіріп тастадым да, Ғабаңдікіне келдім. 11-ден 15 минут кетіп қалыпты.
– Салаумағалейкүм! – дедім. Біреуі ләм-мим деген жоқ. Ғабаң, әлгі “түркімен төрін бермейді” дегендей, өзінің орнын өліп бара жатса да ешкімге бермейді, төрде отырады. Бір жағында Ғабиден, бір жағында не Әлжаппар отырады, не Брусиловский отырады. Не Сәлімгерей отырады. Келіп отырдым, байқаймын маған реніші бар. Біраз отырғаннан кейін айттым:
– Ғабе, осында асығып-ақ келе жатыр едім, шаруаның жағдайы солай болып қалды. Біздің қызметкер. Соның жұмысын реттегенше кешігіп қалдым, кешіріңіз, – деп, болған жайды бірер сөзбен қысқаша айтып бердім.
– О – о, – деді, – ты что, не знаешь, что делать добро - это самое большое зло, - деді.
– Астапыралла, қазақ шамаң келсе жақсылық жаса демей ме, – дедім.
Мынау 60-тан асып кеткен, 70-ке келіп қалған Ғабаңның айтып отырғаны жаңағы. Есім шығып кетті. Және ондай сөзді мен ол кісіден естимін деп ойлаған да емес едім. Үндемедім, отырдым, не деп дауласамын. Карта ойнағым да келмей қалды, көңілім бұзылып кетті. Бір уақытта Евгений Львович кекештене сөйлейтін әдетімен:
– Е-е-ерке, ты з-з-знаешь, Габе прав, – деді. Өлдім, біржолата. Ғабеңнің айтқанын мынау қоштап отыр. Ол уақытта менің жанып жүрген кезім. Апырай, мыналарға не көрінді, қазақта қолыңнан келсе өзгелерге жақсылық жаса деуші еді, мыналар жақсылық жасаған ең үлкен кінәрәт деп отыр-ау, бұлары несі деп, сол күнгі картам карта сияқты, ойнағаным ойнаған сияқты болмады. Кешкі сағат жеті-сегіздерде қайтатынбыз, соған дейін отырдым, амалым жоқ. Бірақ ұнжырғам түсіп, салым әбден суға кетіп, ренжіп қайттым. Өмір бақи шамаң келсе жұртқа жақсылық жаса деген пәлсапаға, сол қағидаға үйренген, солай тәрбиеленген халықпыз ғой. Жаңағы, бұл дүниеде Құдайдан кейін жақсы көретінім Ғабиттің айтып отырғаны анау, өліп қала жаздадым.
Енді мына қызықты қара. Кейін мен де алпысқа келдім ғой, мен де алпыстан астым. СССР-дің халық депутаты болдым, Москваға кеттім. Сонда жүрдім, қайтып келдім. Қайтып келгеннен кейін министр болдым. Онда да Нұрекең айтқан соң амалсыз келістім. Сол уақытта заманның бүлініп тұрған кезі. Одақ құлаған. Біз өз бетімізбен мемлекет боламыз деп, егемендігімізді алдық деп, қазақша айтқанда ақ түйенің қарны жарылып, мәре-сәре болып жатқан кезіміз. Экономиканың құлдыраған, тұралап, шөгіп қалған кезі. Елге беретін жалақы жоқ, жұмыс жоқ, ешкімде тәжірибе жоқ, рынок дегеннен әлі ешкімнің жөнді хабары жоқ. Рынок деп жүргендері капитализм екен ғой, оны кім білген.
Дамудың бір жаңа жолы екен, жаңа қоғам екен деп жүрсек, олай емес екен. Сол уақытта ойыма түсті, ойпырай, мен Ғабаңа іштей өкпелеп жүр едім, ол кісінің айтқаны шындық екен-ау деген ой миымда жарқ ете қалды. Неге дейсің ғой? Атақты берсе Президенттің Жарлығымен бір адамға ғана береді. Ары кетсе жалынып-жалпайып екі адамға алып береміз. Ал тізімде 10-15-20 адам тұрады. Пәтер де солай. Мәдениет саласындағылар пәтерге қай уақытта жарып еді. Өңшең жалаңаяқтар ғой. Итшілеп жүріп, ұрсысып жүріп, таласып жүріп бір 4-5 пәтер алып бересің. Ол ешқайсысына жетпейді. Мәдениеттің әрбір саласына бөлгенде бір-бір пәтерден келмейді. Содан енді бұра тартқандай боласың, опера театрына бересің. Бұра тартқандай боласың, Әуезовтің театрына, филармонияға бересің. Оның ішінде өздерінде 40 шақты адам тағы кезекте тұрады. Оны кімге береді - директордың өзі шешеді, өздерінің тәртібі бар.
Қарап тұрсам Ғабеңнің айтқаны рас болып шықты. Әлгі: “делать добро – это большое зло” де­гені. Мысалға, атақты, жаңағы айтқанымдай, со­дан үміткер болып тұрған 40 адамның әрі кеткенде екеуіне ғана алып бересің ғой, қалған 38-і сенің аузы-басыңды сілеп боқтайды, “осы ит­тің баласы болмағанда мен алатын едім” дейді ғой. Пәтер де солай. Анау алмасын, мынау алмасын демейсің, бәрі жетпей жатқандықтан ғой. Соларға жақсылық жасадым деп жүргенім – біреуге ғана жасаған жақсылық, қалғаны түгел өкпе екен ғой. Талайдың ішінде саған деген реніш өкпе болып, беріш болып қатып қалады екен ғой. Кейін өзім алпыстан асып, ақылым толған кезде ойласам, Ғабеңнің айтқаны дұрыс екен. Әйтпесе, ондай сөз расында да Ғабиттей кісінің аузынан шығатын сөз емес қой.
Автор: Сіз пәтер әперген әйел қуанды, ар жағында білмейсіз, қандай адамдардың тұрғанын жылап-еңіреп.
Еркеғали: Иә, мәселе сонда екен.
Автор: Сіздер Брусиловский, Ғабеңдермен карта ойнап жүргенде кейде ұтасыздар, кейде ұтыласыздар. Сонда іштеріңіздегі көбірек ұтатын кім еді?
Еркеғали: Ә-ә-ә... Бір күні келсем Ғабаң блокнотқа жазған бірдемелерді есептеп, астына соның қорытындысын шығарып отыр екен. “Ой, көкесі, не істеп отырсың?” - деп сұрап едім: “Бір жылғы ойнаған ойынымның есебін шығарып отырмын, - деді. – Қашан, қанша ұттым, қанша ұтылдым, соны санап отырмын. Кейде ұттым деп айтқаным болмаса, түп-түбінде 3-5 рубльден артық болмайды екен ұтқаным да, ұтылғаным да. Әдейі жыл бойына осыны бір білейінші деп, қашан, қай үйде ойнадым, қанша ұттым, қанша ұтылдым, соларды жазып жүретін едім, қазір соның есебін шығардым,” - деді. Сенің сұрағыңнан есіме түсіп отыр. Картада әмісе біреу ұта бермейді ғой. Бірде қолың шығады, бірде шықпайды. “Картаның ойынындай” деген сөз сол.
Автор: Ераға, Ғабаңның екі құмарлығы – бильярд пен карта туралы біраз әңгімелер айтылды. Енді үшінші құмарлығы – аңшылық тақырыбына қарай ойыссақ.
Еркеғали: Осы жерде Ғабаңды партияға қайта алуға себепкер болған Сәлімгерей Тоқтамысов туралы тағы айтпасам болмайды. Ол Қызылорда обкомының бірінші хатшылығынан кеткен соң Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді деп осының алдында айтып кеттім ғой. Өзі Алматыға жиі қатынап тұратын. Ғабеңді өте жақсы көреді. Кейінірек Ғабең арқылы мен де ол кісімен жақындасып, жақсы араласып кеттім.
Сол Сәлімгерей облыстық атқару комитетінде істеп жүргенінде Ғабаңды Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына шақырған ғой, аң аулап, көңіл көтеріп, біраз демалып қайтуға. Сол Мойынқұмның Назарбеков Айтбай деген, бас-аяғы жиырма бес жыл аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып, сол ауданды басқарған, белгілі, белді азаматы бар екен. Ғабаң мен Айтбайды Сәлімгерей сол жолы таныстырған болса керек. Кейін Ғабаң Айтбайды да інісіндей көріп кетті. Сол үйде Айтбала дейтін жеңгеміз болды. Өзінің бір көзі кемдеу еді, бала кезінде пышақ тигізіп алыпты десетін. Ой керемет бәйбіше еді. Құрбы-құрдастары әзілдеп оны “әйелдердің Құнанбайы” дейді екен. Ғабаңның қасында жүрген соң сол кісілермен келе-келе мен де жақын танысып кеттім. Ғабаң аң аулауға шыққанда қасында менің бірге ілесіп жүргенімді жақсы көретін.
Өйткені, мылтығын арқалап жүремін, қасына серікпін, өзінің матадан тіккен көк кілеткілі, қара кілеткілі сумкасы бар, әлі күнге дейін музейінде тұр. Сөмкесіне ешқашан тамақ салмайды, ішін таза ұстайды, орамалы бар, сигарет салып тартатын фильтрі бар. Бір блок “БТ” деген сигарет салып жүреді, тіс жуатын шөткесін, пастасын алып жүреді, өте кінәз адам еді. Содан барамыз. Ар жағында Жамбыл атамның атындағы совхоз бар, сол совхоздың ар жағы саз. Гүлдеп, керемет болып құлпырады, майдың 7-9-дарында барамыз. Сол уақытта жиде, жыңғыл, шеңгел, сексеуіл төртеуі қатар гүлдейді. Ол гүлдеген уақытта олардың иістері осы күнгі әйелдер мақтайтын француздың иісмайынан кем емес. Керемет болып тұрады. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Даланың жұпар иісі аңқып, ғажап болады. Екі-үш үй тігіп қояды, бір үйде Ғабаң екеуміз жатамыз, бір үй тамақ ішетін үй, біреуі тамақ жасайтын үйі. Бізбен басқа біреулер еріп барса, сол тамақ істейтін үйде жатады олар. Ғабаң опыр-топырды жақтырмайды, мені қасына алып жатады.
Содан аң аулаймыз. Ол жақта құс көп болады. Сексеуілдің ішінде кейде елік кездесіп қалады, қырғауыл көп болады жыңғыл-жыңғылдың ішінде, жиденің ішінде. Ол уақытта ширақ кезі, алпыстан жаңа асқан кезі, қазақша айтқанда әл-қуаты әлі бойындағы кезі. Өзінің ыңғайына қарай дәрі-дәрмектерін де алып жүреді. Менің жас кезім, мықты кезім, дәрі-дәрмек дегенді білмеймін. Ғабеңде сол іштің дәрісі, бастың дәрісі, сондай бірдемелері болады. Көктемде барамыз, мамырда, содан кейін қазанда барамыз. Ол уақытта қаз келеді. Кәдімгі қараша қаз, содан екі-үш күн жатып қайтамыз. Басқа уақыттарда Іленің бойына барып жатып, балық аулаймыз. Өзіміз көп ауламаймыз. Ғабаң көлеңкеде дем алып жатқанды жақсы көреді. Бір-екі ау салатын, қармақпен балық ұстайтын жас жігіттерді ала барамыз. Бір күні Ғабаң маған:
– Әй, сен осы қой союды білесің бе? – деп сұрады.
– Е, не көрініпті білмей, ауылда өстім емес пе, – дедім.
– Әне, бір қора қой жайылып жүр, көріп отырсың ба, - деді. - Онда сен машинаға мін де бар, бірақ үлкен қой алма, бар болса бір тоқтысын, марқасын алып кел. Мына жерде бір-екі күн жататын түріміз бар ғой, - деді.
Содан барып алып келіп, сойдым. Ішек-қарын аршып көрген емес едім, бірақ аршып жатқандарын көргенім бар. Сол бір жағынан су құйып, ар жағынан ағызып, тазартып жудым. Ғабаңның бір керемет қасиеті етті жейді ғой, бірақ аздап жейді, қомағайлығы жоқ. Және бір мінезі - бас ұстағанды онша жаратпаушы еді. Енді үлкен болған соң алдына бас әкеліп береді ғой. Соның, ауылда болса, үйде болса, бір құлағын біздің үйдегі келіні Клараға береді, “традиционный” деп.
Қолымен ұстамайды, шанышқымен шаншып ұстайды да, пышақпен кесіп, шанышқымен береді, – деп әңгімесін ары қарай сабақтай түсті Ерағаң. – Қолын тигізбейді. Содан кейін “Мә, Бөке, енді саған” деп, жанындағылардың біріне жылжытады, немесе ешнәрсе айтпастан ақырындап итере салады алдынан. Ар жағында отырғандар, қайсысы ұстауға тиіс болса, сонысы ұстайды. Сондай кірпияз, кінәз кісі болатын-ды.
Бір жолы Алматыдан Мойынқұмға қарай шықтық. Жаңа айттым ғой, Ғабаңның теңбіл-теңбіл сөмкесі бар болатын деп. Өзі шағындау ғана. Соны екі аяқтың ортасына қояды, әрі өзі ыңғай машинаның алдына отырады. Келе жатыр едік, “тоқта” деді. Отар станциясы бар ғой, соның өкпе тұсына келгенде тоқтадық. Түстік. Есікті ашып түсірдім.
- Ананы алып шық, - деп сөмкесін нұсқап, ишарат білдірді. Өзі көп сөйлемейтін еді. Жер шаң, көгал жоқ. Сосын:
- Көкесі, мынау айдала ғой, құмның үстіне алып келгенің не, басқа жер табылмады ма? - дедім. Ол сөзімді жауапсыз қалдырды.
- Мына жерге дастарқан жай, - деді. Кішкентай ғана құм төбешік. - Отыр. Осы араға отырып, кішкене шай ішейік, - деді.
Сөмкесінің бір басында бір бөтелке арақ, екінші басында бір бөтелке коньяк жүреді.
- Қайсысын ішесің? – деп сұрады.
- Өзіңіз ше? - дедім.
- Мен коньяк ішемін, - деді.
- Мен арақ ішемін, - дедім. Ондағым бір кішкене қырсықтық та шығар. Екеуін де аштырғым келгені. Кішкентай ғана рөмкесі бар, соған бір құяды. Ары кетсе екі рөмке құяды, содан кейін тығындарын жауып қояды. Оған қайтып ешкім тиіспейді, сөмкеге салып, аузын жауып қойған соң. Сөмкесінің екі жағына коньяк пен арағын қойып, киімін ортасына салады, үстіне бір блок темекісін қояды. Таза адам еді, сөмкесін былғағысы келмейтінін, ешқашан тамақ салмайтынын айттым ғой. Ішінде көйлегі болады, мәйкісі болады, темекісі болады. Мен үйден ыңғай тамақ алып шығамын, асқан ет, анау мынау дегендей. Содан мен ойлап отырмын, неменеге құмның ішіне келіп тоқтатты екен машинаны деп. Бір кезде:
- Анау, көріп отырсың ғой, Отар дейтін станция, - деді. - Ертеректе біз бәріміз басымыз қосылып, жақсы уақытта жүргенде, Мұхтар, не Сәбит, не біз Москваға баратын болғанда, достар машинамен осы араға, Отарға дейін келіп, Отардан мінгізіп жіберетін еді. Қайтқанда хабар берсек, осы Отардан қарсы алатын еді. Кетіп бара жатқанда шығарып салмайтын, қайтып келе жатқанда қарсы алмайтын уақыт болмайтын. Біз солай едік, – деді. Апыр-ай, деп қуанып қалдым. Мынау бір көңілде жүретін дүние екен-ау. Біздерде ғой, ондай жоқ. Біздерде үйіңе келіп арағыңды ішіп-ішіп, ләйліп-ләйліп, “ал, қош бол” деп кете береді. Шіркін-ай, мына кісілердің дәстүрі қандай, бірліктері, тірліктері заманында қалай тамаша болған, деп ойладым. Кейде осындай-осындайларды айтатын еді.
Кейінгі кезде сен де хабарласқанды қойдың, ә-ә-ә, - деп Айтбайға тиісе бастады. (Әңгіменің осы тұсында Ерағаң сол кездегі Ғабаң мен Айтбайдың сөйлескендері көз алдына елестеген болуы керек, тағы бір күліп алды.) Ол не десін, сіз қартайып қалдыңыз, ұлғайып қалдыңыз, аңға бару сізге қиын болады ғой десін бе. Ойбай, анау ғой, мынау ғой, шаруа басты болып кеттім ғой деп ақталып жатыр. Содан Мыңаралға барамыз, Тасаралға барамыз деп, пойыз жүретін жолдың бойымен, көлдің жиегімен соларға дейін келдік. Бір ауылға әкеліп, бір қазақтың үйіне түсірді. Үй иесі жалпылдап жаны қалмағандай болып жатыр. Сөз арасында:
Содан моторлы қайықпен келе жатырмыз. Мен солақай қолыммен атамын, Ғабаң оңқай атады. Соған ыңғайлап Ғабаңды қайықтың бір жағына отырғыздым да, өзім екінші жағына отырдым. Артымызда моторды ұстап бір бала келе жатыр. Көкала үйректер ұшып кеткен кез. Қасқалдақтар мен сүңгуірлер ғана қалыпты. Айналып келіп, анадай жерден сүңгіп кетеді де, екінші жерден қылт ете қалады. “Әне, Ғаба,” - деймін. “Қайда, қайда?” - дейді. Қайдаға дейін тұра ма, үйрек қайтадан сүңгіп кетеді. Қайта шыққанда атып-атып тастаймыз. Сөйтіп бес-алтауын атып тастадым. Ол уақытта жақсы ататынмын. Содан ана жігітке айттым, сен ана сүңгуірдің сүңгіген жерін айнала бер, мына кісіге жақын болсын деп. “Ғаба, сол жағыңда, әне,” - дегенімде тарс еткізіп, тигізді. Сүңгуірді алдық. Содан, ой кеп бөссін дейсің. “Сен ғой, ә-ә, мені баяғы ата алмайды деп жүрсің, ә-ә, міне көрдің бе, атып тастағанымды,” - деді. Ол кезде Ғабеңнің менің қазіргі жасыма келіп қалған кезі. Тіпті әлде сексенге келіп қалды ма екен. Көзінің де, аяғының да сыр бере бастаған кезі ғой.
Бір күні мені сондайда шошқаның жарып кете жаздағаны бар. Жер сыз, су болады деп Ғабаңды орындыққа отырғызып қойғанмын. Өзім қамыс-қамыстың ішімен, жалғыз аяқ соқпақ жол бар екен, сонымен жан-жағымдағы, көлдегі құстарды көрейін деп келе жатырмын. Бір уақытта алдыма қарасам бес-алты метр жерде қабан келеді екен. Екеуміздің жолымыз кездесіп қалыпты. Мылтықты кезесең болды, жарып жібереді. Бір шетке қарай құлай кеттім. Оған да жан керек болар, жанымнан зымырап өте шықты. Жалғыз аяқ жолды оған босатып бердім. Сөйтіп екеуміз де аман қалдық.
Содан құстарды көріп үркіттім, айғайладым Ғабеңе. Көріп қалды. Бір-екеуін атып түсірді. Бұл ертеректе болғаны. Ал осы соңғы келгенімізде біздің көзімізше Айтекең анаған: “Катерді жіберіңдер, сүзекі салсын, балық ауласын, бекіре балық әкеліңдер,” - деп тапсырып айтып кеткен. Біз кешкісін көл аралап, құс атып қайтып келген соң ұйықтап қалғанбыз. Таңер­тең тұрдық. Бұл кезде Айтбай да келген. Үй иесі: “Апырай, соншама жерден келгендеріңде ештеменің болмағаны-ай. Бүгін бекіре балық та жоқ. Апыр-ау, сіздердің жолдарыңыз қиын екен-ау,” - деп өзімізді кінәлай бастады. Надан қазақ екен. Айтбай оған ренжіп қалды. Содан Ғабаң машинаның алдына барып отырып алды да, “кеттік” деді. Таңертең тамақ та ішкен жоқ болатынбыз. Ғабаң айтқан соң тұрамыз ба, жүріп кеттік.
Сөйтіп, кешегі өтіп кеткен Ақсүйекке қайтып келдік қой. Айтбай енді осы жерден еліне қарай қайтуы керек, оңтүстік батысқа қарай. Мен шығып, Айтекеңмен қоштасып, “ал енді, Айтеке, рахмет, жолың болсын” дедім. Ғабең есігін де ашқан жоқ, қош деген де жоқ, түнеріп отырып алды. Анау маған қарайды, мен айттым, мен не істеймін, ағаңның мінезі солай болса деп. Келе жатырмыз, түн болып кетті. Ұзынағаштың маңайында Жандосов атындағы ма, бір совхоз бар. Шопырыма айттым, Алик деген ұйғырдың жігіті еді. “Алик, шаршаған жоқсың ба, шаршасаң мына жерге тоқтап, кішкене дем ал. Жарты сағат, бір сағат, түн іші, жол қиын болады”, дедім. Ол “жоқ-жоқ” деді. Содан бір уақытта жол бұрыла бергенде машина бір жамбастай беріп, бұрқ ете түсіп, құлады. Сөйткенше болған жоқ, әлгі Алик деген жігітім есікті аша салып, тұра қашты. Біз қалдық жайымызға. Машина төңкеріліп қалды ғой, ол өз жағының есігін ашты да жөнелді, бізге қараған да жоқ. Өне бойы алдыңғы орында отыратын Ғабаң осы жолы артқы орында, менімен қатарласып, оң жақта отырған, мен сол жақта отырғанмын. Өзім әрең шыға салып, қарманып, Ғабең жатқан жақтағы есікті тырмалап, ашуға жанталастым. “Машина жарылып кетер ме екен, масқара болып”, деген ой зәремді алып барады. “Ғабе, қалайсыз?” - десем, “тірімін ғой” дейді. Әйтеуір бір уақытта есікті ашып, Ғабеңді шығарып алдым. Сырт киімімен сүйретіп, анадай жерге апарып тастадым. Машина жарылып кете ме деген үрей ай-шайға қаратпады. Отырмыз. Машина жатыр. Шопырымыз қайтып келді бір уақытта.
- Қорқып кеттім, аға, – деді. Енді не істейміз. Машинаны екеуміз аудара алатын емеспіз. Ғабаңнан бізге көмек жоқ. Оның үстіне үкіметтің машинасы ғой. Одақтың. Сөйтіп отырғанда бір уақытта қоңыр түсті “Волга” мінген кісілер өтіп бара жатып, анадай жерге барып тоқтап, іркіліп, қайтадан қайтып келді. “Ойпырай, құдай сақтаған екен ғой. Халқымыздың ардақтыларынан айырылып қала жаздаған екенбіз ғой”, деп. Ғабаңды танып, қайтып келіпті. Өзі қойшы екен, Жандосов совхозының. Орталыққа барыпты, енді ауылына, өзінің отарына қайтып келеді екен. Қасында әйелі мен баласы бар екен. “Ақсарбас”, деп қояды. Содан айттым, мына жақын жерде біреулер болса машинаны көтерісіп жіберсін деп. Мотордың қандай екенін де білмейміз. От алдыруға болмайды. “Ойбай, қазір барып алып келемін,” -деді де жөнелді. Бір уақытта, түннің іші, сағат екі-үштің шамасы, жарқ-жұрқ, жарқ-жұрқ етіп төрт-бес машина келе жатыр екен. Біреуі совхоздың директоры, біреуі парторгы, малшы азаматымыз қасында, тағы да біреулер бар. Келді бәрі. Пендешілік деген қызық қой, “машинаны аунатпаңдар, не болса да тік көтеріп қойыңдар” деп қоямын. Машинаны орнына қойып, совхоздың директоры біздерді үйіне алып келді. Қолма-қол қозы ма, тоқты ма, бір нәрсені сойып жатыр. Шайымызды ішіп, дем алдық.
Ғабаңмен ең соңғы аңға шыққанымыз осы болды. Сондағы айтайын деп отырғаным бәрі көңілден ғой. Көңіл деген көк дөнен, адам қартайғанын біле бермейді ғой. Білсе айтпайды ғой, мені аңға апар деп. Енді сондай жағдайдың өз басыма да түскені бар. Алматыда Александр Спиридонович дегендосым бар. Бізден қайда, көп кіші, әлі жас жігіт. Мен өткенде Алматыда жүргенімде аңға кетіп қалыпты. Әйеліне ұрыстым, неге маған айтпай кетеді деп. Сонда Ғабаң есіме түсті, е-е, бұлар мені апармайын деп жүрген жоқ, баяғы аяғымызға тұсау болады, жүре алмайды, тұра алмайды дегендері ғой деп ойландым. Сөйтсек, әр нәрсенің өзінің уақыты бар екен ғой. Өкпелеген ештеңем жоқ, еркелеген түрім ғой...
Сол кісі бір күні бізді шақырды. Мені “Еркеш” дейтін. “Еркеш, біздің үйге келе қойшы, келінді ертіп кел”, деді. Октябрь мен 8-марттың бұрышында ма, Октябрь мен Пролетарскийдің бұрышында ма, екі қабатты жеке үйі бар болатын. Соған келдік. Сәбең отыр, Ғабең отыр, Ғабиден отыр, марқұм Ілияс Омаров отыр. Екеуі құрдас екен. Бірін бірі түртпектеп, қалжыңдасып, сөзбен қажасып отырады екен. Содан кейін Қазақстанның ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бастығы болды бір азамат, аты аузыма түспей тұр, ол да құрдасы екен. Біраз адамбыз. Қымыз іштік, шай іштік, ет жедік. Жасымызға қарай стол басында отырмыз. Шалдар төрде отыр. Біз кішкене шет жағына таман отырмыз. Содан бір кезде қарасам Мәжікен Есенович, өзі жорға жүретін кісі еді, табаққа қойдың басын салып алып, маған қарай келе жатыр. “Ойбай, Мәжеке, мынауыңыз не?” – дедім. Шошып кеттім. Сонда айтқаны: “Мына Сәбит менімен құда болғалы осы үйден мың қойдың басын жеді. Ана Ғабит пен Ғабиден де осы үйден қойдың басынан кенде болған жоқ деді. Ал мына сволыштарға бұл үйден бас жоқ,” – деді өзінің құрдастарына қалжыңдап. “Ал, сен біздің үйге бірінші келіп отырсың, осы басты сен ұстайсың,” - деді.
Содан кейін менің де көңіліме қулық келе қалды. Пышақты алдым да, бір құлақты кесіп Сәбитке бердім. “Сәбе, талай балаларға құлақ жегізіп жүрсіз ғой, бірақ өзіңіз құлақ жеген жоқ шығарсыз, мына біp құлақты сіз жеңіз”, - дедім. Бір құлақты алып, ортасынан бөліп, бір жартысын Ғабитке, екінші жартысын Ғабиденге бердім. Содан кейін Ілекеңе басты беріп: “Ілеке, енді сіз Мәжікенмен құрдас болғанмен, маған ағасыз ғой, мына басты сіз ұстаңыз”, - дедім. Сәбең кәдімгідей қуанып қалды. “Әй, мынадан шықпаған шығады-ей, мынау қайдағы пәлені қайдан табады, жұдырықтай балаға бас бергені несі?” - деп күліп жатыр. Сондай бір мырза адам еді Сәбеңнің құдасы Мәжекең. Мен оның мырзалығын талай көрдім. Ол туралы кейін тағы айтармын, реті келгенде...
- Әйелдер залда отырғанбыз, сонымен бізге келіп, әйелдермен тағы да бір жарым сағат карта ойнады, - деп әңгімені Клара жеңгеміз жалғады. - Көңілі жақсы, көтеріңкі болатын. Сонымен үйіне қайтып кетті. Сол күні Еркеғали сағат түнгі он екі-бір кезінде шалдармен әбден қалжыңдасып үйреніп алған әдетіне басып, “сендер секілді пенсионер емеспін, менің ертең жұмысым бар, тайыңдар үйлеріңе” деген. Бұрын жасы үлкен сыйлы қонақтарымыз үндемей ғана кетіп қалатын. Сол күні Еркеғали әлгіндей қуа бастап еді, Ғабаң: “Кетсең өзің кет”, – деді. Содан бұл барды да, жатып қалды. Сағат түнгі төртте Еркеғалиға: “Қонақтар кетіп барады”, деп едім, орнынан тұрды. “Машинаң қайда?” – деді Ғабаң. Қабағы түсіңкі. “Ой, аға, сағат төртке дейін машина ұстамаймын ғой мен”, - деді бұл. “Неге ұстамайсың, - деді Ғабаң. – Помпезно шақырасың, машинаңды ұстамайсың”. “Такси шақырайын”, - деді Еркеғали. “Таксиіңнің керегі жоқ”, – деп Ғабаң ашуланып, есікті тарс еткізіп, жеңгемізді ертіп, кетіп қалды. “Осы шалдың капризінен шаршадым”, - деп Еркеғали қалды.
Демалыс күні Тереңкүрмен Айнабұлақ деген жерге дейін жаяулап баратын әдетіміз бар еді. Еркеғали бар, мен бар, Рима деген жолдас келіншек бар, сол Тереңкүрге барып, қайтып келіп, ет жеп, қарқылдап күліп отырсақ, есікті біреу қағады. Барып, есікті ашып қалсам Ғабаң, шақырмағанда келмейтін адам ғой. Ол кез сағат бірдің кезі, түскі тамақтың уақыты. “Ой, Ғаба, шақырусыз келмеуші едіңіз”, - деп жалпылдап жатырмын мен баяғы. “Еркеғали қайда?” - деді бірден. Түрі сұрланып кеткен, жеңгеміздің түрі де сұп-сұр. “Отыр ана бөлмеде”, - деп едім, аяқ киім шешетін жерге “уһ” деп отыра кетті.
Сөйтсе, біз қыдырып жүргенде ана сары Ғабаң звондапты. “Әй, осы жазушылардың ішінде алпыс жыл отасқан жеңгең екеумізден басқа ешкім жоқ қой деймін. Бізге алпыс жыл болып қалыпты. Соны атап өтсек деп едім. Бірақ соны жарияламай істесем деп едім, жұрт сыйлық іздеп әуре болады ғой. Соған жұма күні Еркеғали екеуің келіңдер, карта ойнап, осында пулька сызып, ақылдасайық депті. Ол сол демалыс күнгі сағат 11-дің кезі екен. “Ана сары ұлға звондасам, - депті, - трубкасын алмайды, құдай біледі, қонақ келіп қалады деп трубкасын алмай жатқан шығар”, - деп қалжыңдапты. Сары ұл деп Еркеғалиды айтқаны ғой. Жаңағыдай әңгіме естігеннен кейін бір сағаттан кейін Ғабаңның үйінің телефоны шылдырлайды. Көтерсе: “Мен Жанармын, папама жаман болып жатыр”, – деп жылап қоя беріпті. Біздің қыздың да, Ғабиден ағаның қызының да аты Жанар ғой. Бірақ Ғабаң ол деп ойламаған, өйткені сары Ғабаңмен жаңа ғана сөйлескен. Еркеғалиға бірдеме болып қалған екен деп сасқандары сондайлық, жеңгей үстіне көйлек те кимепті. Индиялықтар еркектерге арнап, көйлек-шалбар етіп жасаған іш киім болатын, соның үстіне пальтосын кие салыпты. Содан Ғабаң Еркеғалиға “шақыр машинаңды” деді. Машина шақырып, сонда бардық. Сөйтсек, біз барғанша ана кісі қайтыс болып кетіпті. Алдында шай ішіпті, содан соң өзінің дем алатын бөлмесіне барыпты. Бір уақытта бір нәрсе гүрс еткендей болды дейді. Жүгіріп барса, жатқанда жүрегі қысылған болуы керек, кілемді қатты ұстапты да, кілем үстіне құлап түсіпті. Сол кезде кете берген ғой. Содан қайтыс болыпты. Сол күні сол үйде кешке дейін отырдық. Сағат 10-11 кезінде қайттық. Ғабаңа айттық, біз қайтайық деп. Сөйтіп едік: “Жоқ, сендер біздікіне жүріңдер”, - деді. Содан Ғабаңның үйіне келдік. Ә-ә, айтпақшы, жолда келе жатқанбыз. Машинаның алдында Ғабаң отыр, артында жеңгей отыр, ортада Еркеғали, бір жағында мен отырмын. Бір кезде “Кларочка” деді, мен “оу, Ғаба” дедім. Саусағын артына көрсетіп: “Мынау сенің байың тасбауыр”, - деді. “Неге, Ғаба?” ­– деп едім: “Менің бір ауыз сөзімді көтере алмай, үндемей, сіресіп үш күн бойы жатып алған жоқ па”, – деді. Содан сол үйге бардық, баяғы музыкасын ойнады, өйтіп-бүйтіп біразға дейін отырып қайттық. Күнде звондайды, күнде барамыз ғой. Еркеғали жұмыстан шығады, ол барады, мен жұмыстан шығамын, мен келемін. Сөйтіп ол үйде күн сайын дерлік болатынбыз сол кезде. Үш күн қатынаспай қалғанға әлгіндей деп ренжіп жатыр. Еркеғалидың бір қасиеті жас кезінен бастап, неге екенін білмеймін, үлкен кісілермен қатты араласты. Кәдімгідей өздерінің қатарластарындай ақылдасып, санасып, Құрекең де, Ғарекең де, Жүсекең де, Ғабекең де кейде бірауыз сөзіне тоқтайтын. Еркеғали да ақылды жігіт болды ғой.
- Ғабиден ақсақал ақпан айында қайтыс болды. Ал Ғабең желтоқсанның отыз бірінде қайтыс болды. Екеуі бір жылы кетті, - деп әңгімені ары қарай Ерағаңның өзі жалғады. - Қырқы өткеннен кейін алдымен Ғабең шақырды. Ғабеңдікінде болдық. Ол уақытта Ғазиза жеңгей бар кезі. Одан кейін Әлжекеңдікіне бардық. Содан кейін біздің үйге келетінбіз, содан кейін Базарбай Жұманиязовтың үйіне баратынбыз. Той болса да, жаңағыдай жағдай болса осылай айналып жүретінбіз. Әлжекеңнің үйінде отырғанымызда ол кісі:
Еркеғали: Ғабаң екеуміз бірігіп жазған “Қайран, Майра!” деген музыкалы драманы Семей театры қойды ғой. Алдында келіскен кезде екеуміз бірге барғанбыз. Содан келесі 1986 жылы көктемде премьерасы болды. Осы қазіргі Әуезов атындағы театрда бас режиссер болып жүрген Обаев Есмұхан ол уақытта Семейде болатын. Премьерасына бардым. Ғабаң жоқ ол кезде. Желтоқсанның аяғында қайтыс болып кеткен. Мен келесі 1986 жылы бардым ғой. Сонда сахнадан айттым: “Былтыр келіп осы театрмен келіскен уақытта егіз болып, екеу болып келіп едік. Енді мен бүгін бір қанатым сынып, сыңар болып келіп тұрмын”, деп. Ғабаң жоқ дегенім, премьерасын көре алмай кеткеніне өкінгенім ғой.
Тірі болғанда мүмкін сол бірлесіп, “Аппақты” да жазатын ба едік, қайтер едік?! Қазір жастарды айналдырып жүрмін. “Аппаққа” не балет, не опера жазыңдар деп. Баяғы заман жоқ, қарақтарым, барлығы кеңес заманының ғана тақырыбы болсын дейтін, біздің кезіміздегідей. Қазір не жазамын десең де еркің бар. Тек талантты жаз, халқың риза болатын болсын. Дүниедегі қорлық: үлкен бір тақырыпты алып, одан ештеңе шығара алмай, ол сахнада халыққа қуаныш әкелудің орнына көңіліне бір қаяу салып кететін жағдайлар болады. Содан сақтану керек деймін ғой жастарға.
Еркеғали: Бір күні келсем қуанып отыр екен. Өзінің жеке кабинеті болатын. Столы үлкен еді. Өзі жаратылысы шағын адам ғой, соған қарамастан, столы кең болатын. Алдында ойлап жүретінмін, осы Ғабаңа, шағындау денелі кісіге анандай үлкен стол неменеге керек екен деп. Кейін ойласам, ол кісінікі дұрыс екен. Қолжазбалары бар, анасы-мынасы бар, редакциялайтын, түзететін шығармалары бар, соларды ыңғай шетінен қарап отыратын. Өмірінде сиямен жазбайды. Кітаптың, қағаздың бетіне қарындашпен ғана жазады. Және көлденең жазады. Керек болмай қалса өшіре салады. Оқыған кітаптарына да әр тұсын белгілеп, бірнәр­селерді түртіп қойып отыратын. Классиктерден өте-мөте Драйзерді жақсы көруші еді. Соның томдарын үлкен ынтамен оқып, қарындашпен белгі салып қоятын. Қарында­шының ұшы иненің ұшындай жіңішке болады.
Димекеңе бардым деді. Жамбыл мен Карл Маркстің бұрышында бір кішкентай алаң жер бар еді, қыдырып жүргенде көріп жүруші едім, соны барып сұрадым деді. “Осы жерді маған беріңізші, мен бір-екі қабатты үй салайын, кейін музей болып қалар”, - деп айттым деді. Өзінің бұл өтінішін Димекеңнің қуана құптағанын айтты. “Ой, Ғабе, қазір мен архитектор шақыртамын, қаланың басшысын шақыртамын, ол араға сізді әуре қылмай-ақ, үйді біз өзіміз салып берейік,” - депті. Соған қуанып отырған сәті екен. “Онда жақсы болған екен. Сіздің еңбегіңіз бар ғой, екі қабатты үй деген не тәйірі. Оның үстіне өзімен өзі тұрған ашық жер болса,” - деп, мен де қуанышына ортақтасып жатырмын.
Содан мен де көп ойландым, әуелде бұл кісі маған үй салып бер деп барған жоқ. Салып береміз деп Димекеңнің өзі айтты және ол кісі сөзіне берік адам. Не болып қалды? Екеуінің ортасына қандай шайтан араласты. Соны осы уақытқа шейін білмеймін және кезінде сұрамадым. Сұрамаған себебім, ойыма ол сұрақ түспегендіктен емес, ана кісінің көңілін жасытпайын дедім. Қайтемін, онсыз да өзі ренжіп отырғанында “қалай деп ойлайсың, кім осыған сүйтті, кім осыған бүйтті” дегеннен не шығады. Жағымсыз әңгімені қозғап не қылайын. Ана кісіні қинамайын деп ойладым.
Содан жыл аяғында, мен бір алыс сапарда жүргенімде Ғабаңның дүниеден өткенін естідім. Сол сапардан оралсам, баяғы Ғабит, қайран Ғабит зираттың ішінде, асфальт жолдың шетінде, бір жарым метр төменде, көзге ілінбейтін, көңілге қораш, ойпаң жерде жатыр екен. Жылап жібердім, қайран Ғаба-ай деп. Мен ол кезде ауылда болсам өліп бара жатсам да ол араға қойғызбаймын ғой. Менің де қолымнан келер көп дүние жоқ, бірақ іштей сол кездегі басшыларға ренжідім, бұлары несі екен деп. Қанша дегенмен Ғабиттың аты Ғабит қой. Оны жолдың жағасына, елеусіздеу ойпаң жерге тастай салатындай анау-мынау адам емес еді ғой.
Еркеғали: Тыңдасаңшы енді. Сенің айтып отырғаның зираттың қазіргі қалпы ғой. Ал ол кезде жол биік, зираттың өзі одан едәуір төменде болатын. Көзге де жадағай, жүдеу көрініп, елеңсіздеу болып жататын. Содан, кейінірек, өзім министр болғаннан кейін зиратты орын-аумағымен биіктетіп, қазіргі ескерткіш тұр ғой, соны орнатып, жан жағын көтертіп жібердім. Ғабиттің мәйіті ескерткіштен екі-үш метр төменде жатыр. Өзімнің қолымнан келгені сол, тасты үйгізіп-үйгізіп көтерттім де, жан-жағын тегістетіп жібердім. Өйткені қазақта мәйітті көрден қайта суырып алмайды. Елу жылсыз сүйекті қозғауға болмайды. Ақыры, өлер адам өліп қалды, оның үстіне бір тас қоясың ба он тас қоясың ба, онда тұрған не бар деген ой келді.
Еркеғали: Ғабаң кейінгі жылдарда келген сайын менің бір-екі қорап картамды алып кететін еді. Және: “Әй, мынауыңды мен әкетіп бара жатырмын,” - деп көрсетіп алып кететін. Менің анда-мында, шет елдерге көбірек жүріп тұратын кезім. Ол кісінің отырыңқырап қалған уақыты, сонда еркелейді маған кәдімгідей. Соны ойлап өзім сол кезде де, қазір де құдайға тәубе қыламын. Тәубе қылатыным – қазақәдебиетінің, өнерінің асыл тұлғаларының көбін көріп өстім және солардың көпшілігімен дастарқандас, дәмдес болдым. Адам баласы кейде бақыттымын деп, кейде бақытсызбын деп жатады ғой. Мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Сондай азаматтармен бірге жүріп, соларды көріп, дәмдес болып, қалжыңдасып, жолға бірге шығып, бірге жасасқаннан артық бақыт бола ма?!.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371