Жұма, 18 Қазан 2024
Жөн-ақ 5035 3 пікір 15 Қыркүйек, 2017 сағат 15:58

Механикалық тәсілден лирика тумайды

Бұл біздің қоғамдағы аса өзекті тақырыпты көтерген алғашқы туынды. Оның өзінде көркем фильм. Көруге асықтық. Екі өкпемізді қолға алып, жүгіріп жеттік. Режиссер Сабит Құрманбековтың «Оралман» фильмінің тұсаукесерін айтамын да. Белгілі киношы Сламбек Тәуекел ағамыз мақтаған туынды осал болмас деп ойлағанбыз. Қателескен жоқпыз, бірақ, жартылай ғана. Дегенмен, туындыда тәуір жақтары да баршылық. Бәрінен бұрын өз басым «Қазақфильм» ұлттық кинокомпаниясының дижитал форматындағы озық технологиялық үлгідегі түсіріліміне бек разы болдым. Мұндай суретті әлемнің кез келген өркениетті еліне апарып ұялмай көрсетуге болады.

Экран ішіндегі әлемге өзің кіріп кеткендей, кейіпкерлермен бірге жүргендей сезімге болатын жайлары бар. Бұл тұрғыдан келгенде оператор Марс Умаровтың еңбегіне тәнті болып қаласың. Режиссер ретінде Сәбиттің де ұтымды шешімдері баршылық. Бас кейіпкердің әкесін арқаға салып көтеріп алып келе жатқан тұстарының өзі неге тұрады. Ауғанстанның тау шатқалында орналасқан Құндыз провинциясындағы түсірілімді көрген адам тұп-тура сонда барып, табан тіреп келгендей-ақ әсерде қаларлықтай екен. Оның үстіне бәрі пуштун-дари тілдерінде сөйлеп, орысша жүгірпе жолдарды ғана қарап отырсаң...

Ел шекарасын аттаған сәттегі оралман қарияның шекара әскерінен «Бұл қазақтың жері ме?» деп нақтылап алып, тізерлеп отыра қалып қар жамылған мұзды сүйген жеріне келгенде көрермен біз болып, сіз болып көзге жас алуымыз керек еді, көңілі бостау біреулер еңіреп тұрып жылап жіберер болса керек еді.

Бірақ, олай тебірене алмадық. Себебі, Құндыз провинциясынан шыққаннан бергі ұзақ жолда олар еш қажыған жоқ. Арып-ашымады, бас ауырып, балтыр сыздамады. Ешбір тосын оқиға да болмады. Құндыздан шығарда келіні «Атам осы ауыр жолға төтеп бере алар ма екен?» деп күмәнданған секілді еді, онысы да бекер екен.

Сценаристің сызып қойған түзу сызығымын дызылдатып отырып Қазақстанға топ ете қалды. Оның үстіне қария жерді емес, қар болып қатқан мұзды сүйгені көңілге қонбады. Қазақ үшін киелі дүние топырық еді ғой. Қарды қолымен сыпара бастағанда біз топырақ күткенбіз. Бірақ, олай болмады. Қазақ баласы «туған жердің бір уыс топырағы», «киелі топырақ тартады» деген сөздерді бекерге айтпайды. Адамның өзі әу баста топырақтан жаралып, жер қойнында топыраққа сіңбеуші ме еді.  Ал, мұзды сүю соншалықты әсерлі бола қоймады.

Еліне оралған оралман отбасын қабылдаған әкім де тым сұлесоқ. Жалпы, оралмандарға кинодағы Шыңғыс есімді бозбаладан өзге оң қабақ танытып жүрген жібі түзу бір адам жоқ. Оның өзі сол отбасының бойжеткен қызын ұнатып қалғандықтан ғана болмаса... Бәрі оралманды жауындай көреді, тіпті, түтіп жеп қоюға да бар. Ата жұрттың, дүйім елді соншама иттей етіп бейнелетіндей олардың не жазығы бар еді?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жан-жақтан ағылып келген оралмандарды иіліп жастық, жайылып төсек болып, жүрекжарды қуанышпен қарсы алған, ерулігін әкеліп, қандастарының аяқ-қолдарын жерге тигізбей бірнеше ай бойы кезектесіп, қонақ етіп төбесіне көтерген де осы жергілікті бауырларымыз еді ғой. Өнердегі көркемдік шындық тарихи ақиқаттан тым ұзақ алшақ кетіп, ауытқымауы  керек еді.

Алайда, ауытқығанда тым алысқа ұзап кетті. Әкесінің өлімін естірте келген оралман жігітке ауыл әкімінің «бүгін-ертең бізде мейрам ғой» деп тым безбүйректік танытқан жері де артықтау. Қазақ баласы топырақты өлімде ешқашан кері тартып, олай керіліп отырмайды.

Әкесінің мүрдесін ұлы жалғыз өзі жабық полигон алаңындағы қорымға апарып жерлеуге бара жатқаны – әу баста Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ бір күн» атты атақты туындысын еске түсірген. Оны сценарист өзі де аңғарған ба екен, дереу басқаша бағытқа көшіпті. Орыс әскері аяқ астынан мейрімді бола қалып, автомат мылтығын тастай салып, қатып қалған тоң жерді қазуға көмектесіп жатыр. (Шіркін-ай, орыс болмаса арам қатасың дегені шығар)

Ал, жергілікті қазақтар оралманның өлгенін жерлеспейді, дұрыстап көңіл айтпайды, ай даладағы зымыран ұшатын полигонға жалғыз үй тастап, келген бетте қаңғыртып жібереді. Онымен қоймай жылқысының етін қымбатқа сатып, оның етін өзі жеп кетеді. Әкімдері жалғыз өзі мешіт салып жатқан оралманның ғимаратына келіп арақ ішіп, төбелеседі. Екі әкім бір-бірінің шиін шығарады. Екеуі де Ауғанстанда соғыста болған екен. Үлкен әкімі оралманнан өш алмаққа ұмытылып жүр. Кейін мешітті өзі салдырған болып, жұртқа беті бүлк етпестен өтірік айтып жүр.

Зымыран ұшатын полигонды күзетіп жүрген оралманды жергілікті қазақ жігіттері соққыға жығып, темір-терсек, кабель-мәбіл үшін өлімші етіп сабап тастайды.

Қысқасы, осындай оқиғалар тізбектеліп өте береді. Кейіпкерлердің өзара диалогтары, жалпы, киноның тілі ресми газеттің қасаң аудармасы секілді тым жұтаң. Сценарист пен мәтін редакторының шалағайлығы мен жазу-сызуға төселмеген жандар екендіктері бірден көзге ұрып тұр. Сөздері құлаққа түрпідей тиеді.

Солай болатын жөні де бар екен. Себебі, сценарий авторы – Нұрлан Санжар әу баста шығарманы орысша жазған. Бала кезінде «Менің атым Қожа» фильмінде Қожаның рөлін сомдады демең Нұрекең жазушы емес, инженер адам деп естігенбіз. Оның үстіне орыстілді «сценарист». Оралмандармен орысша тіл табысып жүрмесе, шетелдегі қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігінен хабардар деп те ойламаймын. Киноның тал бойында селт еткізер шымыр оқиғаның болмауы, көңіл тебірентетін лирикалық көркемдік шешімнің кездеспеуінің сыры осында жатса керек.

Кино оқиғаларының да механикалық тәсілмен өріліп, автоматты түрде өрбіп отыруы инженер-қаламгердің ғана төл тума туындысы екендігін айғақтай түседі.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері

Abai.kz

3 пікір