Боқауов мемлекеттік тілді қорғамағаны үшін тарихта қалғысы келмейді
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Abai.kz ақпараттық порталының сынына жауап берді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Астанада орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер облыс әкімінен өңірдегі мемлекеттік тіл ахуалын сұрады.
«Өңірдегі тіл ахуалы қандай? Облыстағы тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері осы мәселені жиі көтеріп жүр. Тіпті «облыс басшылығы мемлекеттік тілді қорғамағаны үшін тарихта қалады» деген сын айтылды. Осыған сіз не дейсіз?», — деп сұрады Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Тіл мәселесі — өте күрделі мәселе. Сіз білесіз, Павлодар облысында өзге ұлт өкілдері халықтың елу пайызын құрайды. Біз біртіндеп осы мәселені шешіп жатырмыз. Өткен жылы мен есеп бергенде, балабақшаларды кілең қазақша жасайық деген ұсыныс енгізгенмін. Ол жұмыспен біз айналысып жүрміз. Жалпы, жұмысты қатаң бақылауға аламыз», — деп қысқа қайырды облыс басшысы.
Біз бұл бір ауыз жауаптан Боқауовтың "мемлекеттік тілді қорғамағаны үшін тарихта қалғысы келмейтінін" байқадық. Балабақшалардың бәрін қазақша ету идеясы соның айғағы.
Әкім айтқанында тұра ала ма?
Ендігі айтылар әңгіме осы болса керек...
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz