Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 6704 2 пікір 9 Қазан, 2017 сағат 13:08

Қолды болған құжаттар

 

Тарихсыз мемлекет жоқ екендігі де ақиқат, оның бар беті құжаттық жадының алып қазынасы болып табылады. Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры мен мұрағаттар туралы» Заңында «Ұлттық мұрағат қоры Қазақстан халқының тарихи – мәдени мұрасының ажырамас бөлігі» деп көрсетілген. Мемлекеттік мұрағаттар заңнамалық тұрғыдан белгілі бір міндетті атқаратын арнайы мекеме болып табылады. Мемлекеттік мұрағаттардағы жүргізілетін жұмыстардың басты мақсаты – мұрағат қорларын сақтау, үнемі толықтырып отыру, халық игілігіне пайдалану.

Мұрағат –  өткен өмірдің ескерткіші. Қоғамның бай тарихи тәжірибесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін мұрағат және ондағы сақталған құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы ерекше.

Еліміздің аса бай рухани қазынасы болып табылатын мұрағат ісі ХVІІІ ғасырдан бастау алады. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстандағы мұрағат ісіне – 200 жыл» атты қаулысында Қазақстан тарихында мұрағат ісінің пайда болуын былайша атап көрсетеді «Алғашқы мұрағат Батыс Қазақстан аймағындағы Ішкі Ордада» қалыптасып, Бөкей хандығының мұрағаты атауымен белгілі болды» делінген.

Мұрағаттарда жинақталған қорларда төл тарихымызға  қатысты баға жетпес мол мұралар сақталған. Сондықтан да, ел аумағындағы мемлекеттік мұрағат қорларында зор жауапкершілікпен қарау – бүгінгі күннің талабы. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мұрағат істеріне байланысты қиыншылықтар болды. Мұрағат қорларындағы сақталған тарихи құжаттардың маңызы ерекше еді. Біріншіден, мұрағат қорында сақталған құжаттар бойынша елдің өткен тарихы жазылса, екіншіден, елдің экономикасына қатысты жер-су, жер бедері, қазба байлықтар туралы карталар, сызбалар, жазбалар арқылы елеулі ықпал етті. 1946 жылы мұрағат қызметкерлері Ф.Н. Киреев және Н.П. Зининнің құрастыруымен жарыққа шыққан «Центральный государственный исторический архив Казахской ССР» атты жөнсілтерде Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты қорынан 43 000 бірлік істің жеткізілгені жөнінде мәлімет бар. Құрастырушылар «1940 жылы негізінен Қазақстан мұрағаты жан-жақтағы мұрағат құжаттары мен шоғырланып болды» деп тұжырым жасайды.

Қазақстанда мұрағат қорының құрылуы 1921-1922 жылдары басталды. Орталық өлкелік мұрағат қорының бастауында Орынбор мұрағаты тұрғаны белгілі. Онда сақталған мұрағат қорының көптеген бөлігі жойылып, талан-таражға түсуі революцияға дейін орын алған. Қазан төңкерісіне дейінгі патшалық Ресей мұрағаттарында құжаттар ұқыпсыз сақталды. Бірыңғай әкімшілік-саяси орталықтардың болмауы салдарынан халқымыздың басынан өткен тарихының әр кезеңдерін қамтитын тарихи құнды құжаттар Петербург, Москва, Қазан, Уфа, Астрахан, Омбы, Орынбор, Саратов, Томск, Ташкент қалаларындағы салалық мұрағаттарда шашылып, шашырап қалды. Мысалы, Ресей империясының Археологиялық институты 1881 жылдың қыркүйек айында Орынбор мұрағатындағы сақталған қорлардың жағдайымен танысып қайту мақсатында институттың ғылыми қызметкерлері Гаврилов және тыңдаушы Львовты іс-сапарға арнайы жіберген. Олардың 1882 жылдың 10 тамызында жазған рапорттарында мұрағаттағы 100 мыңнан астам істің өте аянышты жағдайда жатқанын, бұл қорлардың алғашқы қалыптасқан кезеңінен-ақ ешуақытта тәртіпке келтірілмегенін өкінішпен баяндайды.

Кезінде Орынбор мұрағат бюросы 1913-1917 жылдардағы қазақ тарихына қатысты 251 пұт 20 қадақ құжаттар мен 2006 кітапты 1923 жылы макулатураға сатқан. Сонда «ол қандай құжаттар?» десек, Орынбор генерал –губернаторының 1888, 1890, 1893, 1894, 1889-1915 жылға дейінгі 20 жылдық есептері, атақты ғалым А.Е.Алекторовтың 1794-1894 жылдары қазақ арасынан жиналған шежіресі, «Қазақтардың 1865,1869 жылдары қоныстарынан жер аууы», «Торғай облысы бойынша 1871 жылғы ел саны», «1912-1915 жылдардағы Торғай облысы бойынша шолулар» т.б. құнды деректер. Бұлардың бәрі жойылды.

1926 жылдың 1 тамызында архивариус Н.Г.Новинская мен Орталық өлкелік мұрағат меңгерушісі Е.А.Чоглоковамен жасаған актіде көрсетілгендей, Қызылордаға жіберілетін мұрағат қорында барлығы 184 түк жинақталып түйілгенімен, 1927 жылға дейін жіберілмей мұрағат қоймасында жатты. Осы жіберілуге тиісті қорлардың ішінде кейбір істерді жібермеу үшін астына қызыл қарындашпен белгі соғылғандығын мұрағат деректері айғақтайды.

Қазақстан мұрағат қорының жинақталуы өте қиын да, қарама-қайшылықты жағдайларда жүргізілді. Көптеген қорларды Орынбор губерниясының орыс шовинизмімен ауыратын мұрағатшылары еліміздің тарихына қатысты қор құжаттарын Қазақстанға жібермеу мақсатында көптеген істердің мұқабасындағы тақырыптардың аттарын қасақана өзгертіп немесе ол істерді әдейі сөгіп, жаңадан басқа істер дайындаған. Сөйтіп, Қазақстаннан барған мұрағатшылардың көзін бояп, ізден адастырып, кейбір құнды құжаттарды тізімінен шығарып тастаған.

Қазақстан мен Орынбор мұрағаттары  арасындағы жинақталған мұрағат қорын бөлу күн тәртібіне жиі-жиі қойылып отырған. 1927 жылдың 27 маусымында осы мәселе бойынша Орынбор губерниялық мұрағат бюросының меңгерушісі Орынбор губерниясы атқару комитетінің Президиумында баяндама жасаған. Мұрағат қорын бөлуде қателіктер кеткендігін хабарлай отырып, 24 сәуірде Борисоглебский РКСФР Орталық мұрағаты басқармасында баяндама жасағандығын, онда жіберілген қателіктерді жөндеуге оң шешім қабылдауын сұрғандығы да айтылды. 1927 жылғы 19 мамырдағы Орталықтың қаулысымен қорларды бөлуде  жіберілген қателіктің жартысы түзелді дей келе, Шекара комиссиясы ісі қоры түктеліп, Қызылордаға жіберуге дайындалып отырғанын, қор материалдарын Қазақстанға беруге қарсылықтарын ашық білдірді.

Бұның бәрі, сайып келгенде, жинақталып жіберуге  дайындалған қорлардың Орынбордан Қызылордаға жіберу үшін поезға тиеу кезінде Орынбор мұрағатының қызметкерлері көптеген құжаттарды ұрлап алуына әкеліп соқтырды. 1927 жылдың 22 маусымында Орынбор губерниялық мұрағат меңгерушісі Васильев және іс жүргізуші Фомина Орынбор Шекара комиссиясының және бөтен діндегілер экспедициясы қоры материалдары, барлығы 11 түкте 1925 жылы-ақ жинақталғанымен, әлі де Орынборда екендігін хабарлай отырып, «бұл жинақталған түктен 7 түк материалы тікелей Орынборға қатысты» дей келіп, қалған 4 түкті комиссия арқылы тізімдімелерді қайта қарауға ұсыныс етеді. Қорды жинақтау кезінде істердің мазмұны қате болғандығын және қате жинақталғанын жазады.

Орынбор губерниялық мұрағатының ғылыми қызметкері А.Ф.Рязанов өзінің қосымша баяндамасында жоғарыда аталған қорлардың Қазақстанға берілуіне мүлдем қарсы болып, істердің араласып кеткендігін, Орынбор Шекаралық комиссиясы, Торғай, Орал облыстық басқармасы қорларының Қазақстанға өтіп кеткендігіне ренішін білдірді. Бұл жағдайлар біздің жоғарыдағы пікірімізді нақтылай түседі.

Қазақстан мұрағатшылары Орталықтың Орынбор генерал-губернеторы қорының барлық бөлімдерімен Орынборда қалдырылуына  қарсы пікірлерін білдіріп хат жазған болатын. Осыған орай 1928 жылдың 6 қаңтарында Васильев, мұрағатшы Чоглокова, хатшы Билярскаялардың атынан РКСФР Орталық мұрағатына №366 баяндау хаты жіберіліп, көшірмесі Орынбор губерниялық атқару комитетінің назарына беріледі. Баяндау хаттың негізгі мазмұны Қазақстанмен арадағы мұрағат қорының бөлу туралы болды. Орынбор генерал-губернаторы қорының түгелімен Қазақстанға кетуіне қарсы болған бұл қорды бөлуге қарсылықтарын мұрағат қорларын бөлуге болмайтын принципіне сүйене отырып білдірген. Бұл қорларға тізімдеме жасалып жатқандығын, егер қордың шекаралық бөлімінде Исатай Таймановтың жеке мұрағаты табылған жағдайда Қазақ өлкелік мұрағатына беруге қарсылықтарының жоқтығын білдіреді.

1927 жылы Ордадан (Хан ставкасы) Орталық өлкелік мұрағатқа 20 мыңнан астам іс алдырылды. Сол жылдан бастап Қазақстан тарихына қатысты материалдар Астрахан, Омбы, Орынбор, Ленинград, Ташкент қалаларындағы мұрағаттардан жинақтала бастады. Қазақстан мұрағатшыларына тек Орынбор ғана емес, Омбы, Ташкент және Астрахан мұрағатшыларымен мұрағат қорын бөлісуде қызу пікірталасқа түсуіне тура келді.

1927 жылдың қаңтарында Сібір өлкелік мұрағатының   меңгерушісі В.Д.Вегман Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласындағы Жұмысшы – шаруа инспекциясына жолдаған хатында Ақмола губерниясы мұрағат бюросының меңгерушісі Е.А.Красноперцевтің өтініші бойынша 1926 жылдың 29 қыркүйегінде мұрағат Қазақстанға қатысты 196 мұрағат ісі материалын алғанын, кейін уақытында тапсырылғанын қатерге бере отырып, материалдарды қайтаруға көмектесуді сұрайды.

Е.А.Красноперцев РКСФР Орталық мұрағаты басқармасынан барлық Қазақстанға қатысты материалдарды беруді өтініш етеді. Оның бұл өтінішін Қазақ өлкелік мұрағаты басқармасы толығымен қуаттайды. Сондықтан да, Ақмола губерниялық мұрағат бюросына материалдарды бөлу үшін комиссия құруға күш салуды және мүшелікке Ақмола мұрағат бюросынан немесе атқару комитетінен мұрағат ісін білетін белсенді де, жігерлі қызметкерді бөлуді қарастыруды тапсырады.

Сібір  өлкелік мұрағатының меңгерушісі В.Д.Вегман РКСФР Орталық мұрағат меңгерушісінің орынбасары В.В.Максаковтан Қазақ өлкелік мұрағатынан Кенесары Қасымовқа қатысты істерді қайтаруға ықпал етуді сұрады және өлке мұрағатшыларын «қасаң да, таяз патриотизммен айналысты» деп айыпталды. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Сібір өлкелік мұрағатының сұранысын қанағаттандырмаған жағдайда келісім комиссиясына қатыспайтындығын және Қазақстанға бірде-бір мұрағат қағазының берілмейтіндігін астамшылдықпен білдірді.

Бұл жағдайдан шовинистік көзқарас мұрағат ісінде де алға шыққандығын бағамдауға болады. Кенесраы Қасымов көтерілісі туралы 1835-1845 жылдар аралығын қамтитын тізімдеме Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатында сақталған. Орталық мұрағат басқармасы коллегиясы Қазақ өлкелік мұрағатының Сібір өлкелік мұрағаты арасындағы істерге байланысты ұстанған бағытын қолдамай, дөрекі, жөнсіз жолсыздық қатынас жасауда деп айыптады. Орталық, сонымен қатар, Омбы мұрағатшыларына мұрағат қорындағы Алаш Орда үкіметіне қатысты бағалы қордың қайда сақталуын шешуді және Қазақ АКСР тарапынан бұл материалдарды кеңінен пайдалануды, Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылғы 14 сәуірдегі №5 хаттамасында көрсетілгендей Омбы, Астрахан, Ташкент т.б. қалалардағы мұрағаттарда Қазақстанға қатысты материалдар болса, Қазақстан тарапынан тұрақты пайдалануға беруде аса сақ болуды ескертеді.

Осыған орай, Қазақ өлкелік мұрағаты басқармасы РКСФР Орталық мұрағат алқасының 1927 жылғы 24 наурыздағы қаулысына байланысты 6 сәуірде саяси секциясының меңгерушісі Н.Я.Болотниковты коллегия мәжілісіне шақыруын күтпегенін және оның мұрағатта қысқа мерізімді уақытта жұмыс жасап, мұрағат ісімен толық танысып болмағандығын түсінік бере алмайтындығын, керісінше мұрағатта ұзақ жұмыс жасаған Д.В.Гусевті шақырмағанын, коллегияға телефон арқылы 1-2 сағат уақыт қалғанда шақыруы және Қазақ өлкелік мұрағатының жұмысын коллегияның күн тәртібіне шығарылуы түсініксіз жағдай екендігін атап өтеді. Ал, Ташкенттегі көптеген мұрағат материалдары Қазақстанға тікелей қатысты болғанымен, өзбек жағы бұл материалдарды профессорлар мен студенттер пайдалануда деген сияқты әртүрлі сылтау себептер айтып бермеді. Қазақ АКСР-і мен Өзбек КСР арасындағы даулы мәселелерді шешу одақтас республикалар арасында мұрағат қоры және мұрағат құжаттарын бөлу туралы негізгі ереженің бекітілмеуіне орай РКФСР Орталық мұрағаты тарапынан бұл мәселе ереже бекітілген кезде КСРО Орталық Атқару Комитеті Президиумының қарауына беретіндігін РКФСР Орталық мұрағаты меңгерушісінің орынбасары В.В.Адоратский да өз кезегінде назарға берді.

Тағы бір тоқтала кететін жағдай – 1929 жылы Алматыға көшірілген уақытта мұрағат қоры пойызбен Шу бекетіне дейін жеткізіліп, одан  әрі ат арбамен тасылған. Осы сапарда Қордай асуында он жәшік іс-құжаттар ұрланып, қолды болғаны туралы да дерек сақталған. Сондықтан да, еліміздің тарихына қатысты мұрағат қорларының мұрағат ісі қалыптасу жылдарында жинақталмауының нәтижесінде төл тарихымызға қатысты «ақтаңдақ беттер» қалыптасты. Екатеринбург, Томск, Новосибирск, Самара, Қазан, Москва, Санкт -Петербург, Уфа, Ташкент т.б. мұрағаттарында Қазақстанның халық шарушылығы тарихына қатысты көптеген материалдар бар және күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ.

ТМД елдері мен шетел мұрағаттарындағы еліміздің тарихына қатысты құжаттарды, қолжазбаларды, сирек кездесетін кітаптарды алдыруды ұйымдастыру, көшірмесін жасатуды қарастыру бұрынғы олқылықтардың орнын толтырып, тарихи жадымызды қалыптастыруға игі ықпалын тигізері сөзсіз.

Аққали Ахмет,

 тарих ғылымдарының докторы,

профессор

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434