Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6395 0 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 19:49

"Бұл мен ғой, Әштен..."

Дулат Исабеков. Бұл кісінің кітаптарымен қазақтың бірнеше буыны тәрбиеленді-ау. «Қарғын» жастардың культовый романына айналды, «Ескерткіш», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуі», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Конфронтация» сияқты усойқы әңгімелері уытты да өткір сарказмымен оқырманды қалың күлкіге қарық қылды. «Социализм зәулімі» тіпті сол сәбет өкіметі құламай жатып, оның «жаназасын шығарып» тастады. «Ертегі елінде» хикаятында да «қиялға берілген» боп отырып сәбет мемлекетін «сабап» алатын тұстар бар. Бұл кісі оқырманын күлдіріп қана қойған жоқ, жылатты да. «Сүйекшідегі», «Тіршіліктегі», «Біз соғысты көрген жоқпыздағы», «Тыныштық күзетшісіндегі» тағдырлар көзіңе жас алдырмай қоя ма... «Гауһартас» пен «Қара шаңырақ», «Шалдар» мен «Кемпірлер» қандай мөлдір, қандай шынайы!
«Дермене» ше? Өмірде де қиянат пен әділетсіздік – Омаш сияқты ожар да әлді, қуатты да күшті ғой. Ал әділдік пен мейірім – тура Тоқсанбай қарт пен оның немересіндей әлсіз де нәзік. Сосын бір ерекше риза болатыным: Омаш титтей баланы сабағанда, оған қауқарсыз қаусаған шалдың араша түсе алмауы... кейін ұйықтап жатқан баланың жаман түс көріп (Омашты ма?), «Көке!» деп дауыстап жіберетіні, сонда немересін титтейінен әкесінің жоқтығын байқатпай бағып-қағып келе жатқан қарттың: «Апырай, «көке!» деді ме? Бұ шырақ дегенде шығар жанымыз бөлек, көкесінің орнына көке боп, шыркөбелек боп келе жатқанымыз мынау, сонда да қатты қорыққанда, қиналғанда «ата!» демей, «көке» деді-ау. Адам сондай шешуші сәтте көрсін-көрмесін, білсін-білмесін, туған әкесін ойлайды екен-ау, ә? Сол кеп құтқарып, сол ғана көмектесетіндей көреді екен ғой» деп толғанатыны, қайтыс болған ұлын есіне ап, егілетін тұсы...
Драматургиядағы табыстары туралы айтсақ, ұзаққа кетеміз. Сондықтан кеше ғана 75 жылдығын Лондонда тойлап, сонда театр фестивалін өткізіп, Лордтар палатасында сөз сөйлеп қайтқанын жеткізсек те жетер. Өз ойын ашық айтатыны, қандай мәселеге байланысты болсын пікір білдіруден қашпайтыны – басқаны қайдам, бізге, журналист қауымына жағады-ақ. Сұхбатқа, сауалнамаға, қоғамда болып жатқан шұғыл оқиғаларға орай хабарлассаң, телефонын өшіріп, есігін тарс жауып алып, тырс етпей жата беретін ақын-жазушы да аз емес, өйткені...
Дулат көкеміздің басты бағы – ол өте оқылымды жазушы. Бірде Талдықорған өңіріне, Қапалдың ар жағындағы Дәурен Қуат досымның ауылына барғанымызда, тау бөктерінде қой бағып жүрген шопанның етігінің қонышынан «Тіршілік» шыға келгенде таң қалғанбыз. Меніңше, Дулат Исабеков шығармашылығы – телегей теңіз сияқты: суда балықша жүзе алатындар сонау ортасына дейін құлаштай малтып, тереңіне сүңгіп, інжуін іліп шығады, алысқа бара алмайтындар да еншісіз қалмайды, олар сол теңіздің жағалауға жақын жерлерінде шомылып жүріп-ақ оның жақсылығын ұғынып, шарапатын сезіне алады.
Жақсы оқылған жазушы екенінің бір ғана дәлелі: оның өмірден алған кейіпкерлері сол өмірге қайтып еніп кетті. Молдахан деген досымыздың шын аты жайына қалып, ақыры Молдарәсілге (Киеванға) айналды, өткенде бір тойда ауыл жақтан келген Әбдәшім деген жігітті кездестіріп, «Бонапарттың әкесін» есімізге алып, әбден күлдік. Асқар Сүлейменов те үнемі түннің бір уағында Дүкеңе звандап: «Бұл мен ғой, Әштен», – дейтін болған...
Бүгін (20 қазан) сүйікті жазушымыз 75 жасқа толды. Құдай оған ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін!

Сәкен Сыбынбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371