Сағынтаев: Шекарадағы ахуал қырғыз тарапына жасалып жатқан шетін шара емес
Арменияның астанасы Ереванда өтіп жатқан Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкіметаралық кеңесінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қазақ-қырғыз шекарасында болып жатқан жағдайға байланысты түсінік берді.
Қазақ үкіметінің басшысы алқалы жиында «шекарадағы ахуал қырғыз тарапына жасалып жатқан қандай да бір шетін шара емес» деп сөздің ашығын айтты.
«Қазақстан жағы салықтан түсетін түсімді кемітіп алмау мен котрабандалық әрекеттерді тиюдан өзге әрекетке барып отырған жоқ. Біз қырғыздан өзге де экономикалық одақтас елдерден де осыны талап етеміз», - деді Сағынтаев.
Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, ЕАЭО елдеріне Қытайдан тасымалданатын тауар түрлері төмендеп кеткен. Тек Қырғызстанда ғана Қытай импортының динамикасы сақталып қалған көрінеді.
« ҚХР-дың 2016 жылғы мәліметтері бойынша, Қытайдан Қырғызстанға енген импорттық тауарлар 2,6 млрд доллар, ал Қырғызстанның дерегі – 900 млн доллар. Қырғызстан қытайдың киімдері мен аяқ киімдерін Қазақстан мен Ресейден гөрі көбірек әкеледі», - деп мәлімдеді Сағынтаев аталған жиын барысында. Осылай дей келіп ол Қырғызстанның кедендік әкімшілігі нашар жұмыс істейді деген көзқарасын білдірді.
«Осыдан болып Еуразиялық экономикалық одақ елдері НДС бойынша 2,68 млрд доллар жоғалтып отыр. Қысқасы, шекарадағы қарбалас Қырғызстанға қарсы жасалып жатқан жоқ, біз тек сол жақтан келетін жүк тасушылардың заңсыз әрекеттерін анықтаудамыз», - деп жоғарыдағы сөздерін нақтылай түсті ҚР премьер-министрі.
Abai.kz