Біз шыққымыз келмейтін кириллица қорасына Тәуелсіз қазақ жастары сыймайды!
Белгілі журналист, Сәкен Сыбанбайдың «ҚАЗ-АҒАМА АЙТАМЫН, «ҚАЗАҒЫМ ТЫҢДАСЫН» ДЕП…» деген парақшадағы жазбасын бүгін оқып шықтым. Қазақ тілінің қамы үшін шын шырылдағаның көрініп тұр Сәкен бауырым, рахмет! Бұған, тіліміздің ауыр халіне алаңдағаныңа қуана қосыламын.
Бірден айтайын, мына сен ұсынған Тіл институтының нұсқасын мен де бір айдай бұрын парақшамда да, топтарда да насихаттап, бөліскенмін. Себебі, біздің апострофты нұсқадан бұрынғы ұсынған жобамыз да осындай, әріптің үстіне ноқат қойылған нұсқа болатын, Оны мен Алматы телеарнасына берген сұхбатымда да айтқанмын. Тіл білімі инстутуты директоры орынбасары Анар Фазылжан ханымның сұрағына да «салыстырмалы түрде түрікше тектес осы Тіл білімі институты ұсынған нұсқаның үнайды» деп жауап бергенмін. Бірақ тіл институты ұсынған бұл нұсқа да, осыған ұқсас біздің нұсқа да комиссиядан өтпегенін мен кемінде бес-алты рет жаздым ғой деймін мақалаларымда.
Сәкен інім латын әліпбиін қабылдауға қарсы болса да, «ақыр өтетін болсақ, мына нұсқаға өтейік» деп, бір жобаға тоқталып отыр. Бұның өзі ілгерілеу. Ал Геройхан Қыстаубай ағамыз, қара аспанды төндіріп, латынға өтсек, жер бетінен жойылып кетеміз дегендей зарлағанда, Сәкен бауырыма жылап көрісесің…Мен бұл өмірімізде күрт бетбұрыс жасайтын күрделі мәселемен 2013 жылдан бері бетпе-бет келіп, өз ой-пікірімді жариялап келемін. Енді екеуі екі жағымнан сауал тастаған ағама да, ініме де, жалпы латынға қарсыларға өз көзқарасыммен жауап берейін.
АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ…
Дәл бұл жерде Сәкеннің де, Геройханның жазбасында да күдікке бой алдыру бар да, үмітке орын жоқ. Бұл бүгінгі орысшыл биліктің зиянының әсері екені анық. Дегенмен, мәселеге тереңнен қарайық. Ұлтқа жанашырлық деп, латынға қарсы шығып отырғанымыз – жаңылысуға соқтыратын қадам емес пе деп бір сәт ойланайық… Қазақ тілінің ауыр жағдайы, ұлттық мүддеміздің қорғалмауы туралы менен көп жазған, мәселе көтерген адам жоқ демей-ақ қояйын, аз шығар…
Сәкен дұрыс жазғандай, «Қазақстан үкіметі жақында қазақ тілінде сөйлейді» деген сөзді естігенімізге 20 жылдан асты. Тіпті әр министрліктің қай жылы, қай айда мемлекеттік тілге көшетініне дейін айтылды. Көшті ме? Қайдағы! Әр облыстағы іс қағаздарының қазақша жүргізіле бастау реті, тізімі жасалды. Қазақша жүргізіле ме қазір? Орысша жүргізіледі, қазақшаға қотарылады (бірлі-жарым өңірде талпыныстар бар, бірақ оның өзі табанды емес).» Осы айтылғандай, 2011 жылы мемлекеттік тіл туралы бағдарлама бойынша 2013 жылы барлық көпшілік орынды мекемелер түгел қазақ тіліне өтуі тиіс деген бабын орыстілділер интернетке салып жіберіп, біздің жалтақ билік кері шегіне қалған болатын. Сол кезде мен «Бұл не масқара» деп, мақала жазып, ақиық ақын ағамыз Мұқтар Шахановқа барып, бұның аяғы дүбірі Ресейге дейін жеткен, Конституциядан орыс тілі туралы 7- баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен әйгілі 138-дің хатына ұласқан еді.
Менің ел арасында тарап кеткен:«Біздің орысқұл биліктен айнымайтын орысқұл оппозициямыз бар» деп күйіп кеткен сөзім сол кезде айтылған болатын.
Сен келтірген қазақ тілінің ауыр халі 26 жылдан бері неге өзгермейді? Тіл туралы заңымыз да, Мемлекеттік тіл туралы бағдарлама да неге іске аспайды? Мемлекеттік тілдің мәселесін шешетін бір ғана тетік бар. Ол – Конституциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастау! Онсыз 7 -баптың 1 тармағы –«ҚР-да мемлекеттік тіл-қазақ тілі» деген бап ешуақытта орындалмайды.
Яғни, әлсіз газды басқанмен, мықты тормоз одан күшті болып тұр, ол 7-баптың 2-ші тармағы!
Рузаның жерде трамвайды астына түсердей тоқтатуы, тіпті, ұлты түрік Оғыз Доғанның аспанда ұшақ шайқалғандай қазақ тілін қорғауға мәжбүр болуының барлығана себеп – Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағы.
Сондықтан да мен сол 2011 жылы «АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ…» – деген сараптамалық мақала жазған болатынмын.
Яғни, «Бәленің бәрін ала тана бастайды» дегендей, біздің тіліміздің дамымай отырғанына кінәлі – енді әлемдік әліпбиге есік ашып жатқан қазақтың жаңа латын әліпбиі емес, тілге келгенде тіресіп, Атазаңымызды өзгертпей, қатып қалған билік.
Елді екіге бөліп, қазақ тілін тұқыртып отырған – орыс кириллицасы
Еліміз 100 пайыз қазақша сөйлегенше латыншаға өтпеймін десең, өмір бойы өтпейсің. Бұл екі жердегі екің – төрт дегендей белгілі жәйт! Орыс кириллицасының отарында жайылып жүре бересің. Ешқандай алға жылжымаудан гөрі латын әліпбиі арқылы ең болмаса орыс отары қамалынан босануға бір қадам -он қадам болса да, алға жылжу жақсы емес пе? Мемлекеттік тілді үйреніп алмай, латын тіліне өтуге болмайды деген тұжырым, қазақша қарапайым тілмен айтқанда, барар жеріңе жету үшін бір етігіңнің кемшілігі үшін екінші сыңар етігіңді де лақтырып тастап, жалаңаяқ қалып, жолға шықпау деген сөз! Бізге дәл қазір бір етіктің кемшілігін жөндеп, ол болмаса , сыңар етікпен болса да, тіпті жалаңаяқ қалсаң да, жолға шығуымыз керек болар! Ұлт мүддесі жолында ерлерімізге ескі болса да, етігімен су кешу, жалаңаяқ жар кешу керек дүр. Тілдің дамуына әліпбидің рөлі өте зор екенін тіл мамандары жақсы біледі. Яғни, аяққа қарап етік тігеді, етікке қарап аяқ жасамайды…
Қазақтың жаңа әліпбиіне қарсы шығушылар латынға өту елді екіге бөледі дейді… Мемлекеттік тілдің дамуына тосқауыл қояды дейді. Жалпы, осындай ой, тұсаулағыш тұжырым қайдан шыққан? Дәлел қайда?Ал елді екіге бөлмеу мен мемлекеттік тілді үйренуге сендер айрылмай отырған кириллицаның пайдасы тиді ме? Жоқ! Қайта елді қазақ тілді, орыстілді деп, екіге бөліп, мемлекеттік тілді білуге биліктің ықылассыздығы мен жігерсіздігі арқасында кесірін тигізіп келген тек орыс кириллицасы! Бұған ешкім таласа алмайды! Ендеше болашақ- латында. Алға қарау керек. Оу, елді осы уақытқа дейін екіге бөліп келген – кириллица ғой, латын емес. Өйткені кириллицаны орыс пен қазақ екі түрлі пайдаланады, әрқайсысы өз әріптерімен. Мысалы, ә, ү,ұ, і, ө,қ, ғ,ң, секілді қазақы әріптерді қазақтан басқа орыстілділеріңнің ұрып қойғаны бар ма? Ал біз байғұс Тәуелсіз өз елімізде отырып, орыстың ц,щ,ь,ъ,э,ч, т.б. әріптерін мұртын бұзбай қабылдауға құлдықпыз. Мысалы, қазақтар Сәкен, Қыстаубай, Қазыбек деп жазса, орысша «Сакен, Кистаубай, Казыбек» деп жазылады. Елді екіге бөлу-екі түрлі жазу деген осы. Бұл жерде қазақ тілінің жазылу жүйесі, орфографиялық заңдылығы ұлттық негізде, мемлекеттік дәрежеде бекітіліп, сақталмаған. Бұл кемшілікті енді латын алфавитін қабылдауда қайталамауға тиіспіз. Сонда қай тілде болса да, Sa’ken, Kystau’bai’ , Qazybek деп, бір тілде, тек қазақ тілінің жазылу заңдылығымен жазылуы керек. Ал латын тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлемде көбінесе бір-ақ’ әріптермен (қосымша санаулы ғана ұлттық дыбыстарды айқындайтын әріптер қосылуымен) қолданылады.
2010 жылы Ирандағы Ислам революциясының 31 жылдығына және Иран көсемі Аятолла Хомейниді ұлықтауға байланысты Қазақстаннан жалғыз мен барып едім. Сонда Әзірбайжаннан келген «Хаджы» журналының бас редакторы Әли Рзазадемен бірге болдық. Ол маған сапар барысында парсы тілінен аудармашының рөлін атқарды. Бұл сапарым туралы мен кейін «Иілмейтін Иран» атты мақаламда «Қазақ үні» газетінде жазған болатынмын. Сонда орыс тілі пәнінің мұғалімдерінің баласы, журналист Рзазаде Әзірбайжан елінің латынға өтуімен рухани Тәуелсіздік қадамын жасағанын мақтана айтып, әлі орыс кириллицасы отарында жүрген Қазақстан азаматы, өзінен едәуір үлкен маған мүсіркей қараған еді… Мүмкін, латын тіліне өткен соң, енді кездессек, мен де енді онымен терезем тең сөйлесетін шығармын. Бірақ, оның есесіне еліміздің жемқорлығы мен парақорлығы жөніндегі «жарысқа» келгенде мен одан үстемдеу болған сияқтымын… Сол кезде ол әке-шешесінің Бакудегі орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімдері болса да, барлық күн көрісі мектептегі орыс тілінің дамуына тәуелді болса да, Әзірбайжан руханиятының орыс кириллицасынан тәуелсіздігі үшін латын әліпбиіне өтуді қолдап шыққанын мақтана мәлімдеді.
Жалпы, орыс кириллицасы отарынан шығу- бейнелеп айтқанда, ресейлік рубль аймағынан шығудан да артық маңызды мәселе! Бұны түсінбейтіндердің аз еместігіне қарап, 1993 жылы «рубль аймағынан шығамыз ба?»- деп сұрамай-ақ, талқыламай-ақ, шешім қабылдағаны үшін Елбасыға рахмет айту керек шығар деп ойлаймын.. . Әйтпесе, бұлар осыдан жиырма жыл бұрын сол кезде де, 1993 жылы «ойбай рубль аймағынан (кириллица аймағынан деп қабылдаңыз-2017ж) шығуға болмайды, қараң қаламыз, күніміз қиын болады»-деп, шулап шығар еді…
Латын әліпбиі- Рухани отарсыздану қадамы
Қазақ мемлекеті Тәуелсіздік алған соң ең алдымен кез-келген азаттық алған елдер секілді рухани отарсыздану мәселесі қолға алынуы керек еді. ХХ ғасырдағы 37 жылғы қанды қырғын – саяси репрессия, 1917-20-жылдары мен әйгілі 1930-шы жылдардағы қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылықтың бағасын беріп, Украина секілді елді қырғынға ұшыратқан империялық Ресейді айыптау билік тарапынан әлі қолға алынған жоқ.
Сол секілді нағыз рухани репрессия – түркі халықтарына ортақ латын әліпбиіндегі қазақ мемлекетін 1940 жылы бір күнде империалистік мақсатпен орыстың шовинистік кириллицасына өткізіп жіберуі болатын. Енді міне, осы рухани репрессияның зардабын жоюдың алғашқы қадамдары жасалып, Қазақ мемлекеті 2025 жылы қайтадан Латын әліпбиіне өтетін болды! Ұлттық рухани отарсыздану латын әліпбиіне көшу әрекетімен басталды!
Латынға өтуді кезінде биыл 100 жылдығы болып жатқан Алаштықтар да жақтаған. Түркияның президенті Ататүріктен бастап, Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан да қатты қолдаған. Ал Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов пен Халел Досмұхамедовтың латын әліпбиіне өтуге басында қарсы болуы – бүгінгі кейбіреулердің әдейі елді шатастырып жүргеніндей, кириллицаға өтуді қолдауы емес, Ахаңның өзі жасаған төте араб әліпбиінен кетуді қаламағандық болатын. Кейін, ақыр латынға өтетіні белгілі болған соң, Ахаң да, Халел Досмұхамедов те ұлт мүддесі үшін латын әліпбиін қазақ тіліне үйлестіріп жасауға мемлекет қайраткері ретінде тікелей атсалысқандары белгілі. Ал бір ғасырдан кейін бүгінгі ғарыш пен интернет заманында біздің кейбір саясаткерлер мен қайраткерлер осындай мемлекетшілдік пен ұлтшылдық һәм ілкімділік көрсете алмай, кері тартып жатыр…
1929 -1940 жылдары латын әліпбиінде болған Қазақ Елі үшін Тәуелсіздік алған соң латын әліпбиін қайта енгізуі табиғи да, тарихи да, заңды қажеттілік. 1993 жылы рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдаудың экономикалық-саяси маңызы қандай зор болса, Латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани-саяси маңызы да болашағымыз үшін баға жетпес өте зор.
Менің өзім латын әліпбиін енгізудің маңыздылығы туралы жазып келе жатқаныма оншақты жыл болды. Оның ішінде сүйекті екі мақалам елге белгілі. Әсіресе, 2013 жылы 19 ақпанда жазылған «ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» атты мақаламды Qazaquni.kz ұлттық порталында 30 мыңға жуық адам оқып, 200-ге жуық пікір жазылғаны, басым бөлігі қолдағаны белгілі.
Бүгінде әлемнің 80 пайыздан астамы қолданылатын ғылым мен техниканың тілі – латын әліпбиіне негізделген қазақтың жаңа әліпбиінің іске қосылуға алғашқы адымы жасалды. Бұл әрине, руханиятымыздағы тарихи оқиға!
Ал енді осы талай сөз болған жаңа әліпбиіміз қалай шыққан? Елдің көңілінен шықты ма? Төл әріптеріміз қалай белгіленген? Бұл енді басқа әңгіме және басты әңгіме.
Кириллицаны латын әліпбиіне аударуы, конвертерлеуі де көңілге қонады. Кезінде менің 2013 жылы жазылған мақаламда айтылғандай, «қазақ кітаптарын аударудың қазіргі технология заманында түк қиындығы жоқ, бір сәтте аударылады» дегенім шынымен де іске асты. Парламенттік тыңдауда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының 3 секундта аударылғаны экраннан көрсетілді.
Ең алдымен, бірыңғай әліпбидің басты қағидаттарын анықтап алу қажет болды. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі дыбыстар үшін ерекше таңбалануды сақтап қалу керек: Ә; І; Ң; Ғ; Ү; Ұ; Қ; Ө.
Жазу үрдісінде бұл дыбыстардың ерекше таңбалануынан бас тарту 2-3 ұрпақтан кейін олардың толық жойылуына және басқа дыбыстармен алмасуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Нәтижесінде қазақ тілінің сәйкестілігі мен бірегейлігін сақтап қалуға, оның фонетикалық байлығына, тілдің көркемділігі мен ерекшелігіне қауіп төнуі мүмкін, біздің ойымызша, барынша күш салып, бұған жол бермеуге тиіспіз. «Бір дыбыс екі әріпке» жол жоқ! Әсіресе, қазақы төл дауысты дыбыстарда!
Өз дауысың болмаса, өз дыбысың, өз әріпің сақталмай, жойылып кетсе, Қазақ үшін жаңа қаріптер жаңа қауіп болып қалады!
Қазақ әліпбиі қазақ үшін жаңаруы керек!
Өткенде бір жазғаным бар еді:
«Біз латын әліпбиіне қарсы емеспіз. Қазақтың жаңа әліпбиіне қазақ қарсы болмауы керек! Біз тек жаңа әліпбидегі жарамсыз, жағымсыз таңбаларға, қазақ дыбыстарының жоғалып кету қаупіне қарсымыз!
Жаңа әліпби нұсқасымен Лондонда, Токиода отырып қазақша хат жазысуға болады дейді арнайы комиссиядағылар. Бірақ қазақтың ә, ү, ө, қ, ғ секілді төл дыбыстарын жоғалтып алсақ, олай хат жазғанның не керегі бар? Диакритик (қосымша таңбалар) 80 миллон түрік халқында, Еуропаның біраз халқы, неміс, польша, чех халықтарында да бар. Олар еш қиналмай-ақ дамып келе жатыр. Сондықтан жаңа әліпбиге қойылар ең басты талап – қазақтың төл дыбыстарын жоғалтып алмауымыз керек!»-деген болатынмын.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейді қазақ мақалы. Әліпбидің тек техникалық жағын ғана ойламай, тегін, терең мағынасын сақтап қалуды басты мақсат етуіміз керек. Бұл өйткені халық қалауы.
Латын әліпбиінің парламентте талқыланған алғашқы нұсқасы елдің көңілінен шықпай, жалпыхалықтық талқылаудың жалғасқаны белгілі.. Ондағы ең басты дау жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың төл дыбыстарының екі әріпті болып келуі. Бұндай көңілге қонымсыз нұсқа түсініксіздік пен қолайсыздыққа тап қылатыны анық еді. Бір қуанарлығы, Елбасы алғашқы нұсқаға қол қоймай, бүкілхалықтық талқылауды жалғастырғандықтан, ақыры міне, жаңа нұсқа дайындалды.
Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған, қос әріпті болып келген қазақтың төл дауысты – ә, ө, ү және т.б. дыбыстар жаңа нұсқада толық шешімін тауып, енді олар бір әріп болатын болды. Әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылады, яғни апострофпен белгіленеді. Қорытындысында, диграфқа қарағанда көпшілік көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы жарық көрді..
Біз ең алдымен мынаны ойлауымыз керек. Елдің бәріне бірдей ұнайтын нұсқа табамыз десек, онда латын әліпбиі 2025 жылы да қабылданбай қалар еді. Сондықтан бұл нұсқаға да көңілі толмай жатқандар болса, оған қалыпты жағдай ретінде қарау керек. Біздің айтарымыз, ең басты талап – жаңа әліпби клавиатураға негізделуі керек болды. Сондықтан да, кілең тіл мамандары мен тілші ғалымдардан құралған комиссия «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайттын», қазақы төл дауысты дыбыстарымызды екі әріппен белгіленуден құтқарып қалған осы нұсқаны қабылдады. «Қазақ әліпбиі қазақ үшін бе, әлде компьютер үшін бе?»-деп мақала жазсақ та, біз де осындай нұсқа ұсынуымызға тура келді.
Бұл нұсқаға да көңілі толмайтындар бұл нұсқа «бір дыбыс- бір әріп» талабынан шыққанмен, «бір дыбыс – бір таңба» талабына келмей тұр» деген пікірлерін айтып қалуда. Әрине, Тіл инстуты ұсынған нұсқа, яғни түрік әліпбиіне негізделген нұсқа жақсы болар еді, бірақ ондағыдай қазақы әріптердің оң жағына емес, үстіне сызықша немесе ноқат қойылған әріптер клавиатурада жоқ, өзге елде қазақша жазуда қиындыққа ұшыратады. Біз алдында солай, қазақы әріптердің үстіне ноқат та, сызықша да қойып ұсынғанбыз, ол өкінішке орай өтпеді. «Түркия секілді үстіне сызықша немесе ноқат қойылған әріптерді жасай салу қиын ба?» – дегендерді де оқып жатырмыз. Оларға айтарымыз, егер клавиатурада жоқ әріптерді жаңадан жасайтын болсақ, онда түрік нұсқасына жабысып, не басқаша жаңа әріп жасағанша, өзіміздің қазақы төл дыбыстарымызды сол күйінде қалдыра салмаймыз ба? Немесе, тіпті , ақыр жаңадан әріп жасайтын болсақ, онда мыңдаған жыл бұрынғы ирвит тілін тірілткен еврейлер секілді тарихымызды тасқа жазған ежелгі руна-бітік жазуымыз бар емес пе, соны жаңғыртайық. Тағы да қайталап айтамыз, талап – клавиатурада бар таңбалардан әріп жасау болып отыр. Сондықтан да арнайы жұмыс тобына біз осындай апострофтарға жүгінген нұсқаны ұсынуға мәжбүр болдық.
Мені Сәкен келтірген дәлел-деректердің ішіндегі мына сұрақ мазалайды. Ол жаңа нұсқаның техникалық жағынан қандай кемшіліктері барын көрсеткен Табылды Қаюповтың: «ғаламтордың іздеу алгоритмі дәйекшені (апострофты) әріп ретінде қабылдамайды (алып тастайды), яғни ғаламтордан қазақша дерек іздеу мүмкіндігі болмайды» -деген пікірі. Расында бұл ойланарлық сауал. Бұл сұрақтың жауабы жаңа әліпбиге өту үшін құрылған арнайы комиссия мүшелерінің, жұмыс тобындағы ІТ мамандарының мойнында…
Ал: «..қазақ мектебіндегі оқушылар апострофты латын қарпімен – қазақ тілін, апострофсыз латын қарпімен – ағылшын тілін, кирилл қарпімен – орыс тілін оқып, миы ашиды. Үш тілді үш түрлі қаріппен оқитын баланың миы ботқа болмай не болады?»-деген пікіріне 100 пайыз қосыламын. Бұл шешілуі қиын үлкен мәселе болып тұр. Сондықтан да үш тілділікке қарсы жиі дауысымыз шығып қалып жүргені… Ең алдымен мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттеу – мемлекеттің негізгі міндеті!
Бір қуанатынымыз, біз қазір латынға жалпы қарсылық кезеңінен өтіп кеттік. Енді ел латынға өту-өтпеуді емес, латын әліпбиі жобаларын талқылауға кірісіп кеткеніне куә болып жатырмыз. Бұл үлкен жетістік, зор белес.
Алғашқыда бәрі тосын болатыны белгілі, ешнәрсе оңай қабылданбайды. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл жаңа қазақ әліпбиіндегі 32 әріп енді 32 тістен шыққан соң, өмірде қолдану барысында сүзгіден өтетіні анық. Уақыт елегінен өтіп, өмір өз түзетулерін жасайтынын да ұмытпайық!
Қазақ руханиятының кириллица қорасынан шығып, бодандықтан бостандыққа шығуына ең алдымен Ресейдің шовинист саясаткерлері мемлекеттік думасынан бастап, талақтары тарс айырылуда. Оларға Қазақ Елінің Тәуелсіздігінің 26 жылында өз әліпбиін өзі таңдап, рухани тәуелсіздікке қадам жасағаны қатты ұнамай қалыпты…
Отарлап қалған елдің ойбайлауын қойшы, жау жағадан алғанда, өзімізде де етектен тартып жатқандар да қосылып, жаңа қазақ әліпбиі бекітіліп кетсе де, қарсылығын қояр емес. Бұл латын нұсқаларын талқылап жатқандарға емес, жалпы латынға қарсыларға айтылып отырған сөз.
Фейсбук желісіндегі «Ел не дейді» тобында жарияланған «Қазақ үні» порталының «Биліктің әліпбиімізге реформа жасап жатқаны – үлкен ерлік!»-атты мақаласына Досбол Оразғалиұлы деген біреу «Қайырлы күн ағайын» деген сөйлемді төмендегі суреттегідей түгел үтірмен жыпырлатып, әдейі қате жазып, елді адастырып, арандатуда.
Біз бұл арандатушыға жаңа қазақ әліпбиін білмесең, сауатың жетпесе, елді шатастырма дейміз! «Қайырлы күн ағайын» деген олай барлық әрпі үтірмен жазылмайды: «Qai’yrly ku’n، ag’ai’yn» деп жазылады, үш сөзде үш әріпте ғана үтір бар.
Өз ойын бүкіл елдің атынан айтып، қазақ әліпбиіне қарсы болып отырғандар елдік намысты ойлауы керек алдымен. Мысалы, Астанадағы менің ұлты орыс көршім латын әліпбиін үйренуі үшін баласын қазақ мектебіне бермекші. Елге қазақтың жаңа әліпбиі туралы теріс қоғамдық пікір туғызатындар қазақтың кириллица бұғауынан шығып, латынға өтуіне қарсы Ресейдің Думасындағы шовинист саясаткерлерді, жириновский, лимоновтарды қолдаушылар.
Қазақ Елінің жаңа әліпбиге өтіп, кириллица бұғауынан шығуына кім қарсы болып жатыр? Ресейлік шовинистер қарсы болуда. Сонда латынға қарсы болсаңыз, сіз ресейлік жириновскийлерді қолдап отырсыз ба? «Шовинистер неге қарсы – ол Қазаққа жақсы» деген қағиданы ұстану керек бізге.
Енді етектен тарта бермей, Ел болып, еңсе көтеріп, Еркін рухтағы әліпбиімізді өмірге енгізуде ерен екпінмен еңбек етуіміз керек! Кертартпалықтың тигізген кесір-кесепаты аз емес!.. Бірнәрсе біліп, сынаса, мейлі ғой, жауап беріп жатырмыз, ал «Анау қарсы шыққан екен, мен де қарсы шықсам, қатардан қалмаспын» – деген тобырлық пиғыл тобықтан қаққаннан басқа толық шешімін тапқан іске тигізер пайдасы жоқ екенін түсінуіміз керек.
«Құлдық психологиялы қоғамда биліктің әліпби реформасын жасағаны – үлкен ерлік!»
Ұлт мүддесі үшін күресушілердің 77-жылдан бері армандап келе жатқан арманы орындалатын болған соң, Елбасы шешіміне ел болып қуанып жатқаны анық. Бірақ кез-келген өзгерістің кедергі-қиындықсыз, қарсылықсыз өтпейтіні белгілі. Біз ең бірінші бұл қарсылықты 26 жылда да мемлекеттік тілді меңгермеген орыстілді қоғамнан күткен едік. Өзінің империалистік мақсаттағы орыс кириллицасы қорасынан шығармауға барын салатын Ресейден күткен едік. Иә, орыстілді қоғам да, Ресейдің Жириновский секілді шовинист саясаткерлері де қарсылығын көрсетіп жатыр. Ал бірақ ең қатты қарсылық – ұлт мүддесі үшін жүрген ұлтшылдардан да шыққанда аңтарылып, түсінбей қалдық…
Әрине, пікір айырмашылығы үшін, талғам таласы секілді ешкімді айыптауға болмас
Әліпби ресми бекітіліп кетсе де, латын әліпбиі жобалары жөнінде интернет әлемінде әлі қызу айтыс-талас жүріп жатыр. Кейбірелер: анау айтты – бітті, мынау айтты-кеттік! Ойланатын не бар, латынға қарсымыз»-деп, айқайға сүрең қосуда. Енді бірі: «Бұл Ресей отаршылдығын қолдау, ұлтымыздың рухани тәуелсіздігін тәрк ету!»-деп қарсы шығуда. Бір қуанарлығы латын әліпбиін қолдаушылар – яғни Ресейдің рухани отарынан құтылуды қуана құптаушылар анағұрлым басым және дәлел-дәйектері мен дауыстары айқын. Әсіресе, жастар жағы басым болып тұр.
Иә, осы ең алдымен «латын әліпбиіне мемлекет түгел өте ме, әлде тек қазақ тілі ғана өте ме?»-деген басты сұрақ – елдің сұрағы болып тұр. Ертең бүгінгі халіміздей мемлекеттік тіл өз жайында- босағада, ресми тіл –орыс тілі төрде келе жатқанындай жағдай енді әліпби статусында да қайталанбай ма? Заң тілімен айтқанда, де-юре ойдағыдай екі тілдің де-факто әділетсіз статустары енді әліпбиде қайталанбайтынына кім кепілдік бере алады?
Ал зиялылар аяқ астынан ойлай қалған өздеріне тән емес мәселе – қаржы мәселесіне, түрлі қиындықтарға келетін болсақ, болашақ ұрпақтар үшін, ұлттың рухани тәуелсіздігі қандай қаржы шығыны болса да, (мұнайы ағып жатқан елде көлденең көл-дария шығындар болмай жатқандай), әрине, қиындықтар да болады, қандай ауыртпалық пен қателіктер болса да, құрбан етуге болады.
2013 жылы жазылған аталмыш мақаламда айтқан екенмін, тағы да қайталауға тура келіп тұр:
«Латынға өту – ең алдымен ердің атынан бұрын елдің атын таза қазақша жазуға қол жеткізер еді… Біз бұрын да, талай айтып, жазып келе жатқанымыздай, ең алдымен мемлекетіміздің атын дұрыстап алуымыз керек. Тағы да қайталаймыз, Қазақстан Республикасы емес, Қазақ Республикасы болуы тиіс. Кешегі кеңес империясы кезінің өзінде Қазақ (Советтік Социалистік) Республикасы атанғанда, Тәуелсіз кезімізде қайдағы бір «станға» жабысып қалдық… Бұдан түбі шығатынымызды 2012 жылғы Жолдауында Елбасымыз да айқын мәлімдеп, болашақта «Қазақ мемлекеті» боламыз деген еді. Сонымен бірге менің айтарым, осы шет тіліне, мысалы халықаралық ортақ тіл ағылшын тіліне біздің елдің аты неге қазақ тілінен емес, өзімізді кеше отарлап келген Ресей тілінен аударылады? Неге «Kazakhstan» деп орыстың «Казахстан» сөзінен аударылады? Неге «Қазақстан» деген өзіміздің қазақ тілінен «Qazaqstan» деп тәржімаланбайды? Міне, құлдық психологияның басы қайда жатыр? Бас атауымызда, БҰҰ-да жатыр… Сонда оны аударып, жазып беретіндер қазақ емес, Тәуелсіз Қазақстан Азаматы емес, Ресей азаматтары болғаны ма? Баяғыда Балтық елдері әр әріптерінің ұлттық,төл тұрғыға негізделуі үшін күресті. Мысалы, Эстонияның астанасы Таллин қаласының атына тағы бір «н» қосылып, Таллинн болып өзгертілді. Не деген ұлттық мінез, не деген сауатылық пен жауаптылық десеңізші…»
Менің қауіптегенім, сырттан да, іштен де латын әліпбиіне қарсылық үдей берсе, Сәкен інім айтқандай, «Мәскеу түшкірмей жатып «жәрәкімалла» дейтін, сол не айтса да «ләббай» деп, бас шұлғитын» билігіміз мақсатынан айнып қала ма деген ой болатын. Құлдайға шүкір, Президент жарлығы шықты – саяси шешім жасалды! Енді қалған кемшіліктерін алдағы уақытта түзей береміз! Біздің «Қазақ үні» сайтында жарияланған мақаласында журналист Жолымбет Мәкіш бауырымыз айтқандай: «Қайта осындай ауыр жағдайда, құлдық психологиясы асқынып тұрған қоғамда биліктің мұндай реформа жасауға талпынып жатқаны – үлкен ерлік!»
Ресейдің өзінде де латынға күрт бет бұру басталып кетті қазір. Латын әліпбиіне өтуді қолдаған Ресейдің 1919 жылдан басталған бұл қадамы Ресей оқу-ағарту халық комиссары А.Луначарскийдің айтуынша Кеңес Одағының және дүниежүзілік пролетариат көсемі В.И. Лениннің өзінің бастамасы болған. «Я не сомневаюсь, что придет время для латинизации русского шрифта, но сейчас наспех действовать будет неосмотрительно. Против академической орфографии, предлагаемой комиссией авторитетных ученых, никто не посмеет сказать ни слова, как никто не посмеет возражать против введения календаря. Поэтому вводите ее (новую орфографию) поскорее. А в будущем можно заняться, собрав для этого авторитетные силы, и разработкой вопросов латинизации. В более спокойное время, когда мы окрепнем, все это представит собой»-деген коммунистердің мәңгілік көсемі В.И.Ленин Ресейдің бүкіл аймағы болашақта латын әліпбиіне өтуге тиіс екендігін айтады.
Ал кері тартқан кейбіреулер латын әліпбиінің грек әліпбиінің бір тармағы екенін айтып, мұқатқандай болады. Иә, бұл рас. Латын түркінің де, қазақтың да әліпбиі емес. Бірақ, біріншіден грек әліпбиінің латын нұсқасы екінші нұсқа – славиандық империяшыл орыс кириллицасынан таралу аумағы мен жаңа интернеттік технология құралы ретінде айырмашылығы жер мен көктей жоғары. Ал кириллицаның империялық-шовинистік пиғылы жайлы 1935 жылы Ресейдің латын әліпбиіне өту туралы шешім шығарып, латынның орыс нұсқасын жасаған мемлекеттік комиссия төрағасы, профессор Н.Ф. Яковлев былай дейді:
«1. Всякая графика не только техника письма, но и его идеология — алфавит отражает в себе идеологию создавшего его общества и класса (греческий и латинский алфавит эпохи восточной и западной империи,кирилица, петровский гражданский шрифт).
2. Русский гражданский алфавит в его истории является алфавитом самодержавного гнета, миссионерской пропаганды, великорусского национал-шовинизма, что в особенности проявляется в руссификаторской роли этого алфавита по отношению к нац. меньшинствам бывшей Российской Империи (записка генерала Кауфмана и др. документы). В то же время этот алфавит является орудием пропаганды русского империализма за рубежом (славянофильство, борьба за проливы). Латинский алфавит в настоящее время фактически уже перерос в международную графическую основу, в особенности после того, как на советском и отчасти на зарубежном Востоке он делается одним из лозунгов культурной революции. Унификация национальных латинских алфавитов на советском Востоке (НТА, НДА, НГА), несмотря на некоторые ее недостатки, является реальным шагом вперед на пути к созданию единого международного алфавита.
6.Современный русский алфавит, как и другие национальные графики (еврейская, грузинская, армянская и пр.), затрудняют языковое и культурное общение национальностей внутри Союза, в частности, мешают пользоваться нарастающей во всех языках международной терминологией. Наоборот, введение международного алфавита на латинской основе, единого для всех национальностей Союза и предназначенного сменить национальные разновидности латинского алфавита во всем мире, явится одной из решающих предпосылок, которая в невиданной до сих пор степени облегчит языковое и культурное взаимообщение национальностей (система двуязычного обучения в нацобластях и во второй ступени, изучение языков). В этом смысле международный алфавит на латинской основе есть шаг на пути к международному языку. Наоборот, русский алфавит, как и другие национальные алфавиты, в настоящее время уже противоречит темпу развития и использования международного запаса слов.
9. Латинская графика в большей степени, чем русский гражданский шрифт, отвечает уровню современной полиграфической техники и физиологии чтения и письма. Это об’ясняется тем, что современная латинская графика, как и физиология глаза и руки современного человека, соответствуют современному уровню развития техники, тогда как графические формы современного русского алфавита (как и других национальных алфавитов Востока) отвечают более низкому уровню развития производительных сил, а следовательно и техники письма и чтения. Поэтому формы латинских букв по сравнению с русскими экономнее в смысле пространства, более четки и удобны для чтения и письма и более красивы и удобны для художественной стилизации. Переход на латинский алфавит с сохранением технических и графических достоинств последнего даст значительную экономию бумаги, металла и рабочей энергии (10-15%), что выразится в десятках миллионов ежегодно и облегчит процессы чтения и письма. Кроме того полиграфическая индустрия получит огромную экономию и рационализацию производства от введения единого стандартного международного алфавита (затраты на оборудование, стандартизация и рационализация производства).
Латынға өтуге бекініп, орыс әліпбиін жасап қойған (үш нұсқасының бірі түрік нұсқасына негізделген) осы мемлекеттік комиссия шешімін Сталин ғана қарсы болып, тоқтатып тастайды. Бұл жерде В.И. Лениннің орыс болуды армандаған өзге ұлт өкілінің өз ұлтына зияны орыстан да бетер қатты тиетіні жайлы сөзі еске түседі….Осы Ресейдің тіл мен әліпби жөніндегі басты идеологы, әйгілі профессор Н.Ф.Яковлев басқарған небір марғасқа ғалымдардан құралған мемлекеттік комиссияның қорытындыларына қарап-ақ, біздің кейбір зиялыларымыз табынып жүрген орыс кириллицасының орасан кемшіліктері мен империяшыл-шовинистік пиғылдарын біле беруге болады.
Ертең Ресейдің өзі латынға өтіп кетіп жүрсе, 1991 жылы бізден бұрын Ресейдің өзі КСРО-дан тәуелсіздік алып кеткені сияқты, кеңестік кирилл қорада жалғыз біз қалып кетіп жүрмейік.
Мысалы, мен өз жеке басымды ойласам, латын әліпбиінің енуіне ең біріншілердің қатарында қарсы шығуым керек еді. Өйткені, ертең латынға өткенде тиражы мен оқырманы күрт азаятын газетім мен сайттарым, баспам бар, шығаратын кітаптарым бар. Бірақ мен өзімді , қазіргі халімді емес, Рухани Тәуелсіздікті қастерлегендіктен, қазір ешқандай жарлық күтпей-ақ баяғыдан латын әліпбиінде хат алмасатын жастардың болашағын ойлағандықтан, латын әліпбиін барынша қолдап отырмын. Мысалы Геройханның баласы Мағжан баяғыдан бері кириллден гөрі латынды көп қолданатынын мен жақсы білемін. Сәкеннің үйіндегі баламыз да смс-ті латынша жазады.
Кеңестік тәуелді кезеңде туып-өскен бізге жайлы, өзіміз шыққымыз келмейтін кирил-қораға Тәуелсіз Елде өскен Қазақ жастары сыймайды!
Біз қалайық, қаламайық, латын әліпбиі баяғыдан біздің өмірімізге еніп кетті. Ішетін дәріміз, мінетін көлігіміз, киетін киімімізге дейін латын әрпінде жазылады. Латынға қарсылығын да менің бауырларым латынша ашылатын сайттар мен әлеуметтік желілерде жазып, латынша пошталарында сақтап жатыр.
Ал шындығына келгенде, мен өз басым, тоқетерін айтқанда, орыс кириллицасы қорасынан, отарлықтан шығу үшін кез-келген алфавитке болса да, өтуді қолдар едім. Ал латын алфавиті кез-келген алфавит емес, маңдайалды, осы заманның, интернет дәуірінің прогрессивті, №1 алфавиті. Интернетті қарап отырсаңыз, сауалнамалар мен пікірлердің 80 пайызы латынды қолдайды. Осы біздің кейбір зиялыларымыз бір сәт өздерінің қамынан да басқаны, болашақты, ұрпағының жайын ойласа болады ғой. Әрқайсысы өзінің жасап алған өзімпаздық өрісі тар «теорияларының» тұтқыны болмай, алға да бір қарау керек қой. Осы орыстың кириллица қорасынан шығуға қорқатындар неге негізсіз қалтырай беретініне түсінбеймін. Ресейдің анау-мынау бұлталақтап, былқылдағандарды езіп-жаншып кететін империалық керзі етігін жалау болып шығады бұл!..
Қазақтың ұлт ретінде жойылып кету қаупі латынға көшуде емес, көшпеуде, яғни кириллица отарында қала беруде күшейе береді. Қазақстан Ресей ықпалынан – кириллица аймағынан шығуға ұмтылып жатқаны үшін Ресей қарсы болуда. Сонда біз кімді қолдауымыз керек? Қазақстанды ма, Ресейді ме? Кез-келген намысы бар, сауаты бар қазақ әрине, өз елі Қазақстанды қолдайды. Мысалы, тағы да қайталаймыз, кириллица аймағынан шығу- рубль аймағынан шығумен бірдей саясат екенін кез-келген сауатты адам білуі керек қой.
Биліктің латынға өтеміз дегенін ұлтым дегендердің көбісі қуана қолдауда. Тіпті нағыз билікке – Назарбаевқа радикалдардың өзі бұл қадамды құптап отыр. Ал Мемлекеттік тіл үшін күресіп жүрген ұлтшылдар ең алдымен орыс кириллицасынан құтылуды қолдауы керек емес пе?
Жай адам адасса – өзі ғана адасады. Ал қалам ұстап, қайрат көрсетіп жүргендер адасса, елді де адастырады. Әсіресе, латынның саяси-рухани жетістігі мен пайдасын түсіне бермейтін, өз пікірі жоқ қарапайым халық еріп кетеді.
Бұл жерде араб тіліндегі барлық мемлекеттердің, Қытай мен Жапония секілді әлем алпауыттарының қосымша әліпбиі – латын әліпбиі болған сияқты орыс кириллицасын да қосымша әліпби ретінде қалдыруды да ойластыруға болар. Бірақ бұл бүгінгі Конституциямен бекітілсе де, мемлекеттік тілді лақтырып тастаған ресми тіл – орыс тілінің басқыншылығын қайталамауы тиіс.
Баспасөз бен интернетті қарап отырсақ, латынға өтуді жастардың 80 пайызы қолдап отыр. Түрлі интернет порталдардың сауалнамалары мен пікірлеріне қарасаң да, елдің басым бөлігі латынға өтуді қолдауда. Бүгінгі технология – латын алфавитінде.
Латынға қарсы шығушыларға бір ғана формула айтайын. Билік айтты екен деп жасанды қарсы шығуға болмайды. Ал жүдә, қарсы шыққың келіп бара жатса, Ресей біздің латынға өтуімізге, яғни қораларынан шығамыз дегенге жанталаса қарсыласуда. Ендеше, сен де Ресейге қарсы шық! Латынға өтуді қолда. Ұлт мүддесі үшін күресіп келе жатқан тұлғалардың Қазақ мүддесін ойлаудың орнына орыс кириллицасының құрсауынан шықпайық дегені парадокс емес пе? Ресейге жаман болған нәрсе – Қазаққа жақсы болатынына кез-келген сауатты адам білмей ме? Отарлауда өткен 70-жылда осыны түсінбейтіндерге таңым бар…
Қорыта айтқанда, орыстың рухани отаршылдығынан құтылудың, рухани тәуелсіздіктің басты жолдарының бірі – әліппе ауыстыру. Латынға өту- Тәуелсіздікті ойлайтындар үшін баламасыз байлам болуы керек!
Құдайға шүкір, оған да жеттік. Ал Латынның үтірлі нұсқасы көзге күйік болып тұрса, ол өмірге енгенде, кемшіліетері көрінгенде, түзетіле береді. Әліпби өзгертуге болмайтын Құран емес. Өзбектер төрт рет, түрікпендер мен тәжіктер екі-үш рет қайта түзеді әліппелерін. Түзеуге жұмыс істейік! Күзеуге емес!
Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етуі керек
Ең бастысы, 2017 жылы 26 қазан күні – 1940 жылы Кеңес империясы күшпен бір күнде кіргізе салған кириллица қорасында 77 жыл қамалған әліпбиіміз бодандықтан босаған күн!
Бостан рухқа бағытталған Көшіміз қозғалды, көлікті болсын дейік! Мемлекеттік тілімізді міндеттеу туралы мақалаларымызда талай жазғандай, «ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ ҮШІН СУҒА ТҮСУ КЕРЕК!»http://www.qazaquni.kz/2011/09/14/8911.html
Сондықтан, қазақ руханиятындағы тарихи күн – 2017 жылғы 26 қазанды Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі күні деп белгілесе, артық емес.
Тәуелсіз Қазақ Елінің 2017 жылы кириллицадан Латын әліпбиіне өтуі – биылғы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған лайықты тарту деп білуге болады.
Рухани жаңғырудың басты темірқазығы –Қазақтың Латын әліпбиін біз бәріміз қолдауға тиіспіз.
Бұл мемлекеттік әліпбиді мемлекеттің барлық азаматы қолдауы және қолдануы керек!
Қазақстан орыс мәдени орталығының төрағасы Лукашев Всеволод: «Латын әліпбиіне көшуді қаламайтын адам жоқ шығар деп ойлаймын. Біріншіден – бұл тарихи кезең. Неге? Латын әліпбиіне біз қаласақ та қаламасақ та көшеміз. Бұл құбылысты тарихи кезең деп атаудың себебі – қоғам қазіргі таңда кез келген өзгеріске дайын, сол себепті де қоғам қарсымын немесе қолдаймын деген екі тарапқа бөлініп отырған жоқ. Барлығының пікірі бір – латын әліпбиіне қайткен күнде де көшу қажет және де бұл мәселеде ұлтқа бөлінуге болмайды», – дейді.
Иә, Қазақстанда тұратын өзге ұлыстарды, орыс, өзбек, ұйғыр, украин, неміс, кәріс және тағы басқаларды біз неге кемсітуіміз керек? Сонда оларды Қазақтың жаңа латын әліпбиінде оқу бақытынан айырамыз ба? Өйткені, орыс мектептерінің 70-80 пайызы қазақ балалары және аз болса да өзге түркі халықтары да бар.
Еліміздің ұстанған басты саясаты – тілдік, ұлттық кемсітушілікке жол бермеудің жарқын жетістігі – осы, мемлекет азаматтарына мемлекеттік әліпбилік теңдік болады.
Елбасымыз өз сөзінде нақтылап айтқандай, Латын әліпбиі қабылданған соң, мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болуы тиіс.
Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етуі керек.
Мемлекеттік латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына жол ашуы тиіс!
Латын әліпбиін қабылдау – Рухани Тәуелсіздік екенін жақсы түсініп, жаппай қолдаған елдің сенімі көңіл қуантады.
Жаңа рухани жетістікке жетелейтін жаңа латын әліпбиі – жалпыұлттық талқылаудың жарқын нәтижесі.
Латын қарпін талқылауда зор белсенділік көрсеткен халық енді жаңа әліпбиімізді өмірге енгізуде де қарқынды қайрат танытуы тиіс. Яғни, қолға алып қана қоймай, қолдануды да бастай беруіміз керек.
Латын әліпбиіне өту – Рухани Тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам болуы үшін қоғамның қолдауы керек! Яғни, сіз бен біздің қарекетіміз қажет!
Қазыбек ИСА
Abai.kz