Сенбі, 23 Қараша 2024
4774 1 пікір 7 Қараша, 2017 сағат 10:02

Делдалдан қалай құтылуға болады?

Елімізде құнсыздану көрсеткіштерін төмендетуге және бақылауда ұстап отыруға бағытталған шаралар тұрақты қабылданып келеді. Үкіметтің іс-әрекеті экономикалық және азық-түліктік секторлардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталуда. Бірінші кезекте тауарлардың құнына бақылау жасауға басты назар аударылуда. Дегенмен, бірқатар өнімдердің бағасы өсіп барады. Алыпсатарлардың аранын шектеп, түтынушы мен өндірушінің арасында тікелей байланысты жолға қою үшін қандай шаралар қабылдаған жөн?

Қарапайым мысал келтірейік. Наубайханаларға бұрынғыдай мемлекеттік қордан арнайы бағамен ұн бөлінбейтініне қарамастан нан бағасының жаппай өсуі орын алған жоқ. Оны айтасыз, бірқатар кәсіпкерлер халық арасында сұранысқа ие бөлке нанның құнын нөмірі бірінші азық ретінде бұрынғы деңгейінде қалдырды. Өйткені, бұл жерде алыпсатарлар саны аз – әдетте тасымалдаушылар нанды наубайханадан немесе нан зауытынан дүкендерге тікелей жеткізеді. Сөйтіп, қосылатын үстеме аз болады.

Ал, басқа тауарларға, әсіресе көкөністер мен жемістерге келсек, жағдай мүлде басқаша. Мұнда кей жағдайларда екі есе пайда көретін делдал буындардың тұтас бір тізбегі бар. Соның салдарынан тауар бағасы бес есеге дейін өсуі мүмкін!

-Мысалға алатын болсақ, еліміздің оңтүстік аймақтарында өндірушілер қырыққабатты алқап басынан 17 теңгеден өткерді делік, – дейді «Атамекен» ҰКП департаментінің сарапшысы Дархан Қалиев. – Түптеп келгенде солтүстіктегі тұтынушы оны 71 теңгеден сатып алады. Мұның бәрі – делдалдық құрылымдар тізбегінің салдары.

Оның айтуынша, Астанада сиыр етінің әр келісінің бағасы өндірушіде 1100 теңгені құрайды. Бірақ, оның бөлшек саудадағы бағасы 1520 теңгеге дейін өсіп кетеді. Мұндай сызба еліміздің барлық қалаларында бар.

Тұрғындарға көмекке тұрақтандыру қорлары келуде. Олардың міндеті – кенеттен бағасы көтеріліп кеткен азық-түлікті саудаға арзан бағамен жаппай шығару арқылы тауарлар бағасын төмендету.Одан әрі азық-түліктер нарықтағыдан арзан бағамен арнайы дүңгіршектер арқылы тұрғындарға сатылады.

Сонымен қатар аймақтарда бағаны бақылау жөніндегі жергілікті комиссиялар дүкендер мен супермаркеттерді аралап, бағаларын бағамдайды. Бірақ, көбінесе фактінің орын алғанына көз жеткізумен ғана шектелуге тура келеді: бұл бағалар орнында, ал, аналар неге екені белгісіз жоғарыға зулап барады.

Тұрғындарға ауыл шаруашылық жәрмеңкелері де көмекке келуде. Онда көкөніс өсірушілер өз тауарларын тікелей осында алып келіп бастапқы бағасымен қоя алады. Мұндай жәрмеңкелер қарапайым тұтынушылар арасында танымал болып та үлгерді, дегенмен, оларды жиі өткізу мүмкін болмай тұр. Мұндай жәрмеңкелер ең жиі дегенде аптасына бір рет өткізілетін болса, басқа уақытта бағаның бәрін нарық реттеуде.

Түбегейлі шара

Мәселені түбегейлі шешу керек екендігі түсінікті. Бұл орайда «Атамекен»  Ұлттық кәсіпкерлік палатасының елімізде Көтерме-үйлестіру орталықтары (көтерме-үйлестіру орталықтары) құру туралы ұсынысы назар аударуға тұрарлық бастама. Олардың міндеті – басы артық делдалдық құрылымдарды жойып, сол арқылы ел ішінде азық-түлік тауарларының бағасын арзандату.

– Бүгінгі таңда заман шындығына сай болуымыз керек және ел базарларында тәртіп орнатуымыз қажет – бейберекеттікке, ластыққа, сауда жасауға лайықты жағдайдың болмауына, ең бастысы делдалдардың тұтас бір тізбегіне жол бермеу үшін жаңғырту шараларын жүргізуіміз қажет, – дейді «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі департаментінің директоры-басқарушы директор Дінмұхамед Абсаттаров. – Қыруар қаржы жұмсап, маңдай терін төгіп өнім өсірген шаруалардың түпкі есепте тиын-тебен табатыны, ал, алыпсатарлардың жан қинамай екі-үш есе пайда көретіні дұрыс па? Жағдайды күрт өзгертуіміз, бұл мәселеде тәртіп орнатуымыз керек. Сол үшін де біз бағаны айқындауда тежеуші тетікке айналатын көтерме-тарату орталықтарын құруды ұсынып отырмыз.

Дінмұхамед Абасаттаровтың түсіндіруінше,  жұмысына жобаға қызығушылық танытқан бизнесмендер тартылмақ. Бірақ, мемлекет тарапынан да қаржылық қолдау болуы мүмкін.

– Шаруалар өз тауарларын кепілді түрде өткеру, ал, супермаркеттер мен сауда желілері тауарды тиімді баға бойынша алу мүмкіндігіне ие болады, –дейді ол. – Нәтижесінде тұтынушы да, өндіруші де ұтады.

Еліміздің бірқатар құрылымдарының басшылары аталмыш жобаға қолдау білдірсе, көптеген кәсіпкер қазірдің өзінде жобаға қатысуға, тіпті инвестиция салуға ықылас танытып отыр. Мәселен, Тараздағы екі базардың басшылары өз базарларының аумағында Көтерме-үйлестіру орталықтарын құру жұмыстарын бастауға дайын. Оларда Көтерме-үйлестіру орталықтарын орналастыруға болатын өндірістік алаңдар, сонымен қатар болашақ көтерме-тарату орталықтары үшін пайдалануға болатын бос қоймалар, контейнерлер мен салқын бөлмелер бар.

Бұл орайда ҰКП қызметкерлерінің Жамбыл базарларындағы баға қалыптастыру мәселесін де зерделегенін айта кеткен жөн. Мұнда тауарлардың құнындағы алшақтықтың үлкен екендігі анықталды – тауарларды жеткізу ауқымының ала-құлалығына қарай ол алшақтық кей жағдайда 100 пайызға дейін жетеді екен. Делдалдық құрылымдарды жою бағадағы осындай секірістерді болдырмауға көмектеседі.

Қазіргі кезде Палата еліміздің барлық аймақтарынан ұсыныстар жинап жатыр. Ол ұсыныстар Көтерме-үйлестіру орталықтарын ұйымдастыру ережесін қалыптастыру барысында ескерілетін болады.

Алыпсатарлықты алшақтайтын бұл шара ел үкіметі қабылдап жатқан басқа да шаралармен бірге республика базарларындағы бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік беретін болады деп сенгіміз келеді. Сонда тұтынушы мен жеткізіп беруші тікелей байланыс орнатып, делдалдық құрылымдардың саны азаяды.

Шухрат ХАШИМОВ, Тараз

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371